THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Қазақ тілі мәселесімен балаларым балабақшаға бара бастағаннан айналыстым
Авторы: Әділбаева Балғын
03/05/2017 17:22 0 46300 0
(Өмірзақ Айтбайұлымен сұхбат!)
- Сіздің қазіргі әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университетін тәмамдағаныңызды білеміз. Талай ғылым тарландарын
қанаттандырған қарашаңырақ сіздің тілші ғалым атануыңызға қаншалықты ықпал
етті?
- Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университетіне түсіп, филолог мамандығына ие болғанымды мақтан тұтамын. Мені
мұндай сезімге жетелеген аяулы ұстаздарым. Олар өз ісінің профессорлары –
М.Әуезов, І.Кеңесбаев, М.Балақаев, Б.Кенжебаев, Ы.Маманов, Т.Нұртазин,
З.Қабдолов, К.Аханов, О.Төлегенов т.б. еді. 1954-1959 жылдар аралығында
тыңдалған дәрістер мен ұлы ұстаздарымның кескін-келбеті әлі күнге есімнен
кетпейді. Тіл мен әдебиет мамандығының қасиетті мамандық екенін бойыма дарытқан
солар. Содан әдебиетті ардақ тұтамын, тілді – ана тілімді бар болмысыммен
сүйемін. Тілші ғалым болуыма әсер еткен М.Балақаев пен Ы.Маманов. Ұстаздар
рухына тағзым!
- Тіл білімінің аударма саласының мәселелерімен
шұғылдануыңызға кімдер мұрындық болды?
- 1959-1962 жылдары «Социалисттік
Қазақстан» газетінің әдеби қызметкері болып қызмет еттім. Қазақ сөзінің
қасиетін асқақтатқан Ә.Жұмабаев, Б.Қадырбекұлы, А.Бейсенбаев, Ұ.Бағаев,
Ж.Жұмақанов, Б.Абдуллин тәрізді қаламгерлерден тәлім алдым. Неше алуан
жазушы, ақындар жиі келетін, тамаша мақал-материалдарын газет бетінде
жариялатып жататын. Осының бәрі менің тілге, аудармаға деген ынта-ықыласымды
ұштай берді. 1962 жылы армандап жүрген ғылым ордасы Тіл білімі институтына кіші
ғылыми қызметкер болып қабылдандым. Әйгілі ұстазым Мәулен Балақайұлы басқаратын
бөлім мүшесі болдым. Институтта белгілі аудармашы ғалымдар С.О. Талжанов,
Ә.Сатыбалдиев ағалар еңбек етеді екен. Аударма ғылымының қиын да қызықты
мәселелеріне жетелеген, соны зерттеуге мұрындық болған осы ағаларым еді.
- Тіл білімінің кешегісі туралы
айтыңызшы және бүгінгісіне көңіліңіз толады ма?
- Тіл білімінің кешегісін әуелі
А.Байтұрсынұлы мен Қ.Жұбановсыз, сосын І.Кеңесбаев, Н.Сауранбаев, С.Аманжолов,
М.Балақаев, Ғ.Мұсабаев, А.Ысқақов, Ы.Маманов, Т.Қордабаев, С.Талжанов
еңбектерінсіз танып-білу мүмкін емес. Ал қазіргі халі дегенде жоғарыдағы
ғұламалар негізін салған тіл білімінің сан-саласын тарата талдап, кешегі
кеңестік деңгейге жеткізген К.Мұсаев, Ә.Қайдар, Р.Сыздық, Ш.Сарыбаев,
А.Қалыбаева, Н.Оралбаева, Ә.Құрышжанов, А.Аманжолов, Т.Жанұзақ, С.Омарбеков,
Т.Қоңыров, Е.Жанпейісов, Ғ.Қалиев, Ә.Жүнісбек, Р.Әмір, М.Серғалиев,
Т.Сайранбаев, Ә.Сатыбалдиев, Қ.Өмірәлиев, Л.Рүстемов, С.Исаев, Б.Сағындық,
Б.Хасанов сынды тілшілерді атар едім. Тіл білімінің бүгінгі зерттелуіне көңіл
толады.
- Қазіргі тіл білімінің қай саласы
зерттелмей жатыр? Неге көңіл аудару қажет?
- Қазақ тіл білімінің зерттелмей жатқан
салалары біраз бар. Солардың бірсыпырасы ретінде тіл білімінің қалыптасу
тарихы, аударма теориясы және этимологиялық, лексикографиялық әлеуметтік
лингвистикасындағы ізденістерге көңіл бөлу керек пе деймін.
- Өз қатарыңыздан мықты лингвист маман
деп кімді атар едіңіз? Сондай-ақ, жастардың ішінде қай ғалым мықты?Осы салаға
адасып келгендер бар ма?
- Өз замандастарымнан дүниеден ерте
кеткен С.Исаев, М.Серғалиев, Т.Сайранбаев, М.Оразовты, ал көзі тірілерден
Т.Жанұзақ, Ә.Жүнісбек, Ф.Оразбаева, Н.Уәлиев, М.Малбақ, А.Алдашева, Ж.Манкеева,
Б.Шалабай, З.Базарбаева, қазіргі жас ғалымдар арасынан Қ.Айдарбек, А.Жаңабек,
О.Жұбаева, Ғ.Әнес зерттеулері үміт күттіреді.
- Ескі жүйе бойынша ғылыми дәрежені
қорғауды тоқтатқаны қаншалықты дұрыс деп ойлайсыз?
- Ғалымдар даярлауда қалыптасқан ескі
жүйені тоқтатқаннан гөрі, оны жаңа дәуір талабына орай жүйелеп, қайта жасақтау
керек еді. Нағыз ғылым адамын бұрынғы ұлттық ғылым академиясының ғылыми зерттеу
институттары даярлайтын. Қазір солардағы ғылыми қорғау кеңестері жұмысын
тоқтатқан соң, ендігі жерде нағыз маманды дайындау мүмкіндігінен айрылып отыр.
Елбасының кейінгі кезде ғылымға қатты көңіл аударуына қарағанда болашақта
қорғау кеңестері жаңаша түрде жұмыс істейтін болар деген үміттемін.
- Бүгінде көп айтылып жүрген іргелі
зерттеулердің өндіріспен байланысы, сабақтастығы жөнінде не айтар едіңіз?
- Өндіріспен байланыс дегенде тіл,
әдебиет және тарих институттары ғалымдары ғылыми зерттеулерінің барар жері
мектеп, жоғары оқу орындары және білім, ғылымға жаны құмар ғылыми көпшілік қой.
Бұл ретте аталған салалар бойынша жазылған еңбектердің кітап дүкендерінде көп
тұра бермейтіндігі сұраныстың барлығын дәлелдесе керек. Мәселен, сәл ертерек
жарық көрген еңбектерді қазір табу қиын.
Сондай-ақ ғылыми зерттеу институттарында
қызмет ететін ғалымдар ЖОО-нда студенттер, магистранттар жұмыстарына жетекшілік
жасау, дәріс оқу арқылы да өндіріспен байланысын жандандырып отыр. Соның
нәтижесінде қазіргі кезде ғылымға деген ынтасы бар жастардың біразы осы Тіл
білімі институтында жұмыс жасап жүр.
- Тағдыр сыйы да. Екі ұл, бір қызым бар.
Үлкен ұлым Біржан қазіргі заман қайраткерлерінің біріне айналып, енді жетіліп келе
жатқан тұсында 35 жасында кенет келмеске кетті. Жақсы көретін едік, бұл қайғыны
көтеру, әсіресе анасына қиын болды. Ол содан ауру тауып, жүрек талмасына
шалдықты. Банкі саласының білікті маманы, үздігі еді. Көп ұзамай ұлының артынан
ол да о дүниеге аттанды. Екінші ұлым Ерлан да өте зерек болып өсті. Металлург
еді. Нарық заманының кәсібімен айналысып, әуреленіп көріп еді, жолы бола
қоймады. Жүрегі ауыратын. Мән бермеді. 49 жасында ол да кетті дүниеден. Ләзиза
атты қызым бар. Енді соның амандығын тілеудемін.
Ұлдарымның екеуі де орыс мектебінде
оқыды. Ол кезде қазақ мектебі біреу-ақ, оның өзі Алматының тау жақ түкпіріне
ығыстырылып тасталған. Оған баланы жеткізіп оқыту тауқыметтің үлкені болатын.
Сондықтан қазақтардың көбі балаларын орыс мектебіне беруге мәжбүр болатын. Біз
де солай еттік. Бұл 60 жылдары еді ғой.
Соған қарамастан балаларымның тілін
қазақша ашудың әртүрлі амалдарын істеп бақтық. Қазақша тақпақ, өлең, жұмбақ,
мақал жаттатқызу, өлең айтқызу тәрізді түрлі әрекет арқасында ана тілінде
сөйлейтін, оқитын болып шықты. Қызым туғанынан зерделі болды. Әнге, музыкаға
құмар еді. А.Жұбанов атындағы музыка мектебіне түсуге талаптанып еді. Солардың
музыкалық сүзгісінен өзі өтіп, қабылданды. Соны бітірді. Қазақшасының ешқандай
кемдігі болмады.
Үлкен ұлымнан бір қыз немерем бар. Оның
аты Индира. «Болашақ» бағдарламасының грантымен шетелде (Англия) жоғары оқу
орнын бітірді. Қазір қызметкер. Қазақ, орыс, түрік, ағылшын тілдерін тең
сөйлейді, жазады.
Екінші ұлымнан Шыңғыс атты бір ұл,
Айзере атты бір қыз немерем бар. Шыңғысым онжылдық қазақ мектебін бітіріп,
«Болашақ» бағдарламасымен Санкт-Петербург университетін бітіріп келіп, Астанада
қызмет етіп жүр. Оның қазақшасы толық, орыс, ағылшын тілін жақсы меңгерген.
Айзере қазақ балабақшасында.
Қызым Ләзизадан үш немере бар. Үлкені
Әйгерім мектепті, жоғары оқу орнын қазақша бітіріп, еңбек етіп жүр. Жәңгірхан
№159 қазақ орта мектебінің 5-сыныбында оқиды. Кенесары қазақ балабақшасында.
Бұлардың да қазақшасы ешкімнен кем емес.
- Өзіңіз де қазақ тілі мәселесімен
айналысып, «Қазақ тілі» қоғамының дамуына белсене атсалысудасыз. Мемлекеттік
тіл толыққанды жұмыс жасап жатыр деп айта аласыз ба?
- Қазақ тілі мәселесімен балаларым
балабақшаға бара бастағаннан айналыстым. Мамандығым тілші болғандықтан да, бұл
менің өмірлік ісіме айналды. Қазақ балабақшалары мен қазақ мектебінің тағдырына
байланысты 60-жылдар басында қазақ зиялыларының ұлттық санасының ояна бастаған
тұсы еді. Сол лектің ортасында болдым. «Қазақ тілі» қоғамының қажеттігі жайында
сөз қозғаған академик Ә.Қайдар бастамасын бірден қолдай кеткенімнің негізгі
себебі осы болатын. Қоғам үлкен істер атқарды. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл
болуына себепкер болды. Тіл туралы заңның, мемлекеттік бағдарламаның дүниеге
келуіне тікелей араласты. Бүкіл қазақ санасын оятуға себеп болған
республикалық, кейін халықаралық бұқаралық ұйым құрылды.
Мемлекеттік тіл жөнінде неше алуан
шаралар жасалып, қазақша балабақшалар, мектептер іске қосылғанмен, әлі күнге
өзінің өрелі биігіне көтеріле алмай келеді. Парламент бірде бір мәжілісін
мемлекеттік тілде өткізе алмай келеді. Көпшілік жиын, бас қосулар негізінен
орысша өтеді. Министрліктер мен әкімшіліктердің көбінде ісқағаздары сол баяғы
қалпынан айныр емес. Сондықтан қанша әрекеттенсек те мемлекеттік тіл толыққанды
жұмыс жасап жатыр деп айта алмаймын.
- Тілге жауап беретін ресми мекемелер өз
міндеттерін толық атқарып отыр ма? (Тіл комитеті, Тіл басқармасы, Тіл білімі
институты)
- Тіл комитеті әу баста Халықаралық
«Қазақ тілі» қоғамының қолдауымен дүниеге келген мемлекеттік мекеме болатын.
Ондағы көзделген мақсат мемлекеттік мекемелердегі мемлекеттік тілдің жағдайын
қадағалап, өрісін кеңейту еді. Ал «Қазақ тілі» қоғамы бұқаралық ұйым
болғандықтан мемлекеттік мекемелерге талап қоярлық құзыреті жоқ. Тіл
комитетінен күткен мақсат әлі күнге түбегейлі орындалмай келеді. Меніңше,
біріншіден бұл комитет әлі күнге жеке министрлік дәрежесіндегі құқыққа ие
болған жоқ. Екіншіден, тіл комитеті мемлекеттік тілдің тарихы мен тағдырын
терең түсінетін, мәселені шеше алатын, сауатты, патриот адамның қолына тимей
келеді. Сондықтан Тіл комитеті өз дәрежесінде қызмет атқара алмай отыр.
Ал Тіл білімі институтының жөні бір
басқа. Институт өзінің жоспарлы жұмысына сай ана тіліміздің сан алуан ғылыми
мәселелерімен түбегейлі айналысып отыр. Яғни мемлекеттік тіліміздің ғылыми негіздері
жасалуда.
- Мемлекеттік тілге жауап беретін
мекемелерді басқарған азаматтардың қайсысы іскерлігімен көзге түсіп жүр?
- Мемлекеттік тілге жауапты адамдар
дегенде қарапайым қазақтан Елбасыға дейінгі азаматтардың бірде бірі бұл
міндетті парыздан қашып құтыла алмайды. Сол міндетті атқара алмай жүргендер
тіпті көп. Мемлекеттік тілге жаны ауырып адалынан қызмет ететіндер сирек те
болса бар. Бұл тізімнің басына Н.Ә. Назарбаевты қояр едім. Сосын С.Үмбетов,
И.Тасмағамбетов, М.Құл-Мұхамед, Б.Сапарбаев, Б.Тұрсынбаев, М.Қасымбеков,
Ө.Шүкеевтерден күтер үміт әлі де көп.
- Ғылым жолына қатысты бір есте қалатын
жайтты (қызықты оқиға) тарих үшін айта кетсеңіз?
- Ғылымға келген соң аңдитынымыз
кітапхана және айтулы ғалымдардың сөздерін естіп, өзара әзіл-қалжыңдарын тыңдау
болатын. Бұл ретте М.Балақаев пен І.Кеңесбаевтың арасында болатын достық
әзілдің жөні бөлек. Ара-арасында Ғ.Мұсабаев та қосылып кетеді.
Бірде Секең (І.Кеңесбаев) қатты ауырып,
жан сақтау бөлімінен әрең дегенде палатаға көтерілгенін есітіп құрдасы Мәкең
(М.Балақаев) көңілін сұрайды.
- Әй, сабаз ана жақтың да тілін тауып,
аман оралғансың ба?– депті Мәкең. Сонда Секең:
- «Құлағыңды жақындат... Кетіп-ақ
қалатын рет болып еді. Бірақ о жақта да адамды алфавит тәртібімен шақырады
екен. Бізге сен керек емессің Б керек деп, мені саған шақыртқыға жіберді» –
депті әрең жымиып.
Сайділ Омарұлы Талжанов өмір көрген
білікті адам еді. Әбен Сатыбалдиев екеуі мені аударма мәселесіне тарта берді.
Сөйтіп ақыры ғылым кандидаты болса да менің жұмысыма ғылыми жетекші болып алды.
Сол екі ортада үлкендер арасында қисынсыз кикілжің басталды. Институт директоры
І.Кеңесбаев бір жолы ғылыми кеңесте жоғары аттестациялық кеңестің талабымен
таныстырды да ғылым кандидаты С.Талжановтың Ө.Айтбаевтың жұмысына жетекшілік
жасауға қақысы жоқ екенін мәлімдеді. Үлкендердің мінезі қызық қой. Әсіресе
Сайділ Омарұлы өте қызба адам еді. Содан кейін әлгі мәселеге
кінәлі мендей-ақ, маған теріс қарап, тиісетінді шығарды. Тіпті «мен сені
қорғатпаймын» дегенге шықты. Мұнысы несі деп қорқып жүрдім. Дайындала бердім.
Секең қай тұстан қандай сұрақ берер екен деген мәселелерді қадағаладым. Қатты
дайындалдым. Үрейленіп те жүрдім.
Қорғау күні де келіп жетті. Ғылыми кеңес
жүріп жатыр. Алаңдаулымын. Күткен Сайділ Омарұлы жоқ. Қорғау жақсы өтті,
сұрақтар көп болды. Ал Сакең жоқ. Содан ба білмеймін. Әлгі кісі жоқ болған соң
қорғауым мүлде қызықсыз өткендей болды.
Соңынан білсем, таңертең қорғауға
қатысам деп Сайділ Омарұлы асығып келе жатып құрдасы Ғ.Мұсабаев екеуі бас
қақпада түйісіп қалады.
Ғайнекең:
- Қайда барасың? – дейді.
- Өмірзақтың қорғауына.
Ол Сайділ Омарұлы нақақ күйініп жүргенін
білсе керек.
- Әй, Сайділ, сен тентек болсаң да
ақылды тентек едің. Ол баланың жұмысы тәп-тәуір екенін мамандар айтып жүр.
Сен бар абыройыңнан айрылғалы бара жатырсың. Тілімді алсаң, қайт та қайт! – деп
тұрып алады. Сөйтіп ол кісі амал жоқ үйіне қайтып кеткен екен. Кейін ол кісі
екеуміз өте жақын болып кеттік. Көп кеңес алып жүрдім. Докторлық қорғауына
қолқабыс тигіздім.
- Латынға көшуге деген көзқарасыңыз?
- Латын жазуына көшу мәселесі кезеңі келіп туындаған мәселе. Мұны қазір қолға алмасақ кешігеміз. Бұл әсіресе болашақ, жастар үшін керек. Бұл жазудың ұлт мәдениеті үшін пайдасының мол екенін қайта-қайта айтып жату артық деп білемін.
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ