КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Тіл – тірі тарих. Онда халықтың ғасырлар бойы жинақтаған іс-тәжірибесі, қоршаған орта жайындағы түсінігі, қоғам мен адамзат туралы тұжырымы мен өмір жайында даналығы бар. Санының аздығы мен көптігіне қарамастан әрбір халық өз тілінде асыл армандары мен күрделі жан дүниесін, барша жақсылық атаулыға құрметін, адамзат бақытына кесапаты мен кесірін тигізетіндерге лағынетін бейнелеген.
Мағжан Жұмабаев тілдің осы бір қасиеттері жайында: «Қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түнде тымық, біресе құйынды екпінді тарихы, сар далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі – бәрі көрініп тұр», – дейді. Мұнан шығатын қорытынды, тіл – адам қоғамының рухани өмірінде объективті тіршілік ететін, қарым-қатынас қызметін атқаратын, ой қаруы саналатын аса құнды құбылыс. «Тіл – адамның белгісі, жұмсайтын қаруының бірі». (А.Байтұрсынов.)
Ана тілі, сонымен бірге, бүкіл ақыл-ой дамуының негізі және бүкіл білімдердің іргетасы. Әрбір ой халық тілінен сұрыпталып алынған сөздер арқылы жүзеге асады. Тіл ойды ғана білдірмейді, сонымен бірге сезім мен ерікті білдіру үшін де жұмсалады.
Тіл – ұлт ерекшеліктерінің бірі, ұлт мәдениетінің бір формасы. Сондықтан онда әрбір халықтың ұлттық сана-сезімінің, ойлау тәсілінің, мінез- құлқының нысаналары сақталады. Халықтың сондай ерекшеліктері, мәдениеті, әдет-ғұрпы, әдеби мұралары, оның психикалық қалпы тіл арқылы ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отырады. Тіл байлығы, тіл тазалығы – ұлт қасиетінің, салт-санасының негізгі өзегі мен белгісі екені дау туғызбайтын ақиқат.
Белгілі бір себептермен ана тілінен көз жазып қалған ұлттар мен ұлыстардың «азғын ел» атанып, бара-бара аты өшіп, ұрпақтары тарыдай бытырап, бөгде жұртқа дерексіз сіңіп кеткеніне кәрі тарих куә. Мұндай үдеріс бұрын да болған, өкінішке қарай, бүгінгі таңда да жалғасын табуда.
Қазақ тілі қазан төңкерісіне дейін түркі тілдерінің ішіндегі ең таза, ең бай тіл болғандығын түркітанушы ғалымдар айтып та, жазып та кеткен.
Түркітанушы И.Бенинг «Ғылыми, әдеби, тілдік және тарихи тұрғыдан қарағанда қазақ тілі – түркі тілдерінің ішіндегі ең әсем, ең бай тілдің бірі» десе, А.Саади «Қазіргі ең таза, ең бай, ең табиғи және бұзылмай, бұрынғы қалпында сақталып қалған бір тіл болса, ол – қазақ тілі» деп көрсеткен. Атақты түрколог П.М.Мелиоранский «Қазақ тілін зерттеушілердің бәрі де бір ауыздан қазақ тілі түркілердің ішіндегі ең таза, әрі бай тіл деп куәлендіріп отыр» деп жазады. Бұл пікірге түрколог В.В.Радлов та қосылады.
Бір сөзбен айтқанда, қазақ тілі көршілес халықтардың қай-қайсысыларының да тілдерінен сорлы болмағанын, қатардан қалып өмір сүрмегендігін байқауға болады.
Кеңес өкіметі қалай орнады, солай қазақ халқының басына әңгіртаяқ ойнатумен болды. Тап күресі дегенді ойлап тауып, бір халықты бай, кедей деп екіге бөліп, бір-бірімен қырқыстырып қойды. Ел бастар, ақыл айтар азаматтарын ебін тауып асты, атты, тірі қалғандарын итжеккенге айдады. Сөйтіп момын халықты басшы-ақылшыларынан айырды. Қолдан ашаршылық ұйымдастырып, халықтың жартысына жуығын қырып салды. Қалған айтқанға көніп, айдауға жүретін тобына «Сендердің жазба тілдерің жоқ, сауатсыз-надансыңдар, өткен тарихтарың жоқ, о сайдан бұ сайға көшіп-қонған тобырсындар, тілдерің кедей, өз ойларыңды дұрыстап та жеткізе алмайсыңдар» деп кемсітумен болды. Отырса опақ, тұрса сопақ етті. Сөзіміз дәлелді болуы үшін батыр аға Бауыржан Момышұлының естелігінен мысал келтірейік.
«Ақпанның он бесі күні, кеселханаға түсе салысымен, көңілімді сұрағалы көптен көріспеген бір таныс орыс әйелі Сахарова дейтін келіп отырып, қазақша жазылған бір парақ қағазыма көзі түсіп:
– Бауыржан, почему, вы пишите по-казахски? – деп таң қала сұрақ қойды.
– Вы меня удивляете, Нина Александровна, почему я не должен писать по-казахски, на родном языке? – дедім мен.
– Ведь многие казахи не пишут и не разговоривают, потому что не выразишь свои мысли – то, что хочешь сказать не скажешь... До того, говорят, Ваш язык бедный..., – деп түйеден түскендей ұялмай-қызармай айтып отыр...
Не дерсің, сөзі өңменімнен өтіп кетті. Ол кісіге, әлімнің келгенінше теріс ұғымын дұрыстап түсіндірдім. Кейіннен білдім, Сахарова осындағы бір халық комиссарының бірінші орынбасары екен.
Қазақстанның нанына семіргеннен басқадан хабарсыз ел басқарушылардың қатарына кіріп қалған, «замнаркомша» елдің сорына біткен кейбіреулердің уәкілі болған соң, оларға ондай ұғым тудыруға алдымен өзіміз жазықты екенімізді мойынға ала отырып, бүгіп қалуды қажетсіз деп тауып, мысалға келтіріп отырмын» деп жазады.
«Қазақ тілі кедей, дөрекі, икемсіз, топас тіл... Онымен айтайын деген ойыңды, пікіріңді дұрыс жеткізе алмайсың, орыс тілін білмеген адам мәдениетсіз, надан» деп күндіз-түні еттен өткізіп, сүйекке жеткізе сарнау нәтижесінде қазақ бағытын жүз сексен градусқа бұрып, өз тілінен жери бастады. Міне, осылайша қазақты ұлттық мақтаныш сезімінен, ұлт намысынан мақрұм етті. Сол үрдіс күні бүгінге дейін жалғасуда. Ел тізгінін ұстап отырған көптеген шенеуніктер Қазақ елінің келешегіне күмәнмен қарайды-ау деймін. Олай ойлауымның себебі, олар бала-шағасын орыс тілді мектептерде білім алуын қалайды. Өзге тілде білім алған адам сол тілдің көсегесі көгергенін тілейді. Қазақ тілінің қанат жаюына ашық қарсы шықпаса да кедергі жасауға тырысып бағады.
Дәлел керек пе? Өзге тілде «жетілген» Владимир Нүсіпханов деген өз қандасымыз «Известия-Қазақстан» газетінде былай деп жазды:
«Казахский язык – это язык застолья, песен и айтысов.
Он был у нас на кухне, там и останется. Так зачем надевать на высохшее дерево праздничные букеты, там должен висеть венок....»
Бұл сорақы пікірді жазып отырған бөгде жұрттың азаматы емес, «өзіміздің» қара көзіміз-ақ. Тіл жойылса, артынша қазақтың өзі де жерленетінін білмейді-ау ергежейлі саналылар. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дегендейін, тілді ірітіп, шірітіп жүргендер де сол «шірік жетілгендер» екендігі айдан анық.
Шешенстанның бір азаматы өз ана тіліне В.Нүсіпханов сияқты біреуі тасадан тас атып жатса, рухы биік, намысы берік шешен халқы оның басынан сипай қоюы екіталай. Оңай құтылса, масқарасын шығарып елден қарасын батырғызар еді. Жаманшылығына салса ше?..
Мына көрші, ала топпылы өзбектер де ондай шіріген жұмыртқасын есекке теріс мінгізіп, ел алдында қарабет етері анық.
Біз, қазақтар, тіліміз түгілі бетімізге қара күйе жағып жатса да, заһар тілін еттен өткізіп, сүйекке жеткізіп отырса да «мыңқ» етпейміз-ау, мыңқ етпейміз. Жуас түйе жүндемекке жақсы. Жүндей берсін! «Ит үреді, керуен жүреді» деп мән бермегенсиміз. Сөйткен сайын нүсіпхановтардың тобыры молая түсетінін сезбейміз. Сырт көзге осы қасиетіміз түсініксіздеу көрінетіні анық.
Итальяндық «Ренно» президенті Реналдо Гаспариннің «Мен әлемнің 141 елін аралаған жанмын. Солардың ішінде өз мемлекетінде өз тілінде өмір сүре алмай отырған бейшара халықты көрдім, ол – қазақ халқы екен» дегені өңменіңнен өтетін, сүйекке таңба салатын қаһарлы сөз. Жалған дей алмайсың. Шындық. «Тамағымыз тоқ, көйлегіміз көк», «көк байрағымыз көкте желбіреді» деп желпініп жүргенімізбен, былайғы жұрт сыртымыздан «бейшара халық» санайтыны жанға батады. Жабырқатады. Күйзелтеді. Өзегіңді өртейді.Ащы шындықты айтқан Гаспаринге несін ренжисің, ренжісең өзіңе ренжі, қазақ!
Тіліміз от басы, ошақ-қасынан ұзай қойған жоқ десем қателесетін шығармын. Даму бар. Бірақ ауыз толтырып айтарлықтай емес. Мимырт. Тасбақаша ілбу ғана. Әлі де төрден орын тимей, жетім баладай «аға» тілдерге жалтақтаумен жүргені ақиқат.
«Дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған, өмірдің кез-келген орайында әрі қару, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы – Ана тілімізді» (Н.Ә.Назарбаев) төрге оздыру үшін не істеуіміз керек? Шынында не істейміз...?!
Хан айтқан сөзді құл да айтады, бірақ аузының дуасы жоқ. Бір ғана сөздің тыңдаушыға әсері әртүрлі болатыны содан. Сондықтан айтпақ ойымды өз сөзіммен емес, данышпанның лебізімен сабақтайын.
Қытайдың атақты философы Конфуций «Егер де маған ел басқару мүмкіндігі туса, ең алдымен сол елдің тіл мәселесін қолға алар едім. Себебі тіл бірлігі болмаса пікір бірлігі болмайды және идеология дұрыс жүргізілмесе, ортақ түсіністік таппаған елде бірлік болмайды. Сондықтан бәрінен де бұрын адамдар арасындағы бірлікті ұстап тұрған тіл мәселесі маңызды» деген екен.
Тіл мен қоғам өзара тығыз байланысты, біріншіден, тілсіз ешбір қоғам өмір сүре алмайды. Тіл – адамзат қоғамының өмір сүруінің қажетті шарты. Екіншіден, тіл - қоғам бар жерде ғана өмір сүреді. Қоғам – тілдің өмір сүру шарты. Бізде, қазақ елінде, қазақи қоғам қалыптастырғымыз келсе, ата-баба өсиетін, салт-дәстүрін сақтағымыз келсе, қазақ тілін көздің қарашығындай, ең асыл мүкәммалымыздай аялауымыз қажет. Өйткені қазақ тілінде қазақтың тарихы, шежіресі, бүкіл өмірінің жаңғырығы мен ізі, арманы мен қиялы, алдағы үміті, қайғысы мен қуанышы, салт-дәстүрі мен дүние жайында пәлсапасы, бүкіл өмірінің үні естіліп тұрады. Тілімізді сақтай алмасақ, ұлт та болмайды. Қазақ бүтіндей жойылған, жоғалған ұлттың кебін киеді. «Тіл жоқ екен – ой жоқ, ой жоқ екен – адам жоқ» (Абай). Бізге сыбаға сол ма?! Жоқ болу ма?! Жер бетінен жойылып кету ме?! Тілді қорғау шекараны, Отанды қорғаумен пара-пар екенін түсінетін мезгіл жетті ғой. Жетті...!
Тілдің ұлтты ұйыстырушы, мәдени тұтастығына ұйтқы болатынын терең түсінген Түркия республикасының тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүрік «Түрік ұлты деген сөз – түрік тіл деген сөз. Түрік тілі – түрік ұлтының ең қасиетті, ең киелі, ең иелі қазынасы. Түрік тілі – түрік халқының жүрегі, ақылы Һәм ойы» деген тұжырымына таңқалмасқа амалың жоқ. Түрік халқының көсемі құр сөздің ғана адамы емес, істің де азаматы екенін дәлелдеді. Түрік тілін мемлекеттің қамқорлығына алып, азғана жылдың өзінде ғасырлар бойы араласқан қоқыстан тазартып, көсегесін көгертті.
Тәуелсіздік алғанымызға жиырма жылдан асса да, қазағымыздың өзі жібі түзу қазақ бола алмай келеді. Құдайым-ау, біз қандай халықпыз осы? «Төзімділік жақсы нәрсе, бірақ ұзақ төзуге өмір қысқа» деген ұлы Мұхтар аға Әуезовтің дана сөзі осындайда еске түседі.
Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» деп аталатын биылғы Жолдауында «Қазақ тілі бүгінде ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналды. .. Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар – Ана тіліміз Мәңгілік елімізбен бірге Мәңгілік тіл болады! Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйтқысы ете білгеніміз жөн... Мемлекеттік тіл енді саясаттың діңгегі болуы тиіс» деген ақжарма сөзі көңілге үміт отын жағады. Тіліміздің енді саясат діңгегіне айналатыны жүректерде қуаныш сезімін ұялатады.
Таяуда газеттен мынадай бір оқиғаны оқып, жағамды ұстағаным бар.
Еуропаның атақты зообағының бірінде қанжыр (арыстанның ұрғашысы) үш бірдей сүп-сүйкімді абадан күшіктейді. Алғашқы күндері ана арыстан қатты ауырып қалады. Зообақ қызметкерлері жарық дүние есігін енді ғана ашқан «нәрестелерді» аман сақтап қалу мақсатында оларды доңыздың бауырына салады. Бірнеше күннен кейін аналары аяғынан тік тұрып кеткендіктен абадандар «туған ұясына» қайтарылады.
Сонда зообақ қызметкерлерінің көз алдында жан түршігерлік оқиға болады. Абадандарын көре сала ана арыстан ызғар шаша, қаһарын төге өз күшіктерін әп-сәтте борша-боршасын шығарып тастайды. Көпке дейін ашу-ызасы басылмай, аласұрумен болады.
Қайран ана өзінің қанынан жаралған «ұл-қызын» қалай ғана жамандыққа қиды екен? Қалай ғана...? Өз өзегінен өрбіген бейкүнә «еркелерінің» арыстан ананың қаһарына ұшырауына не түрткі болды екен? Шынында да кәрін төгуінің себебі не?
Жер бетіндегі әрбір жан-жануар қалай ма, қаламай ма, ұнай ма, ұнамай ма, табиғат сыбаға етіп берген қасиеттерімен тіршілік етеді. Бұл олар үшін сан ғасырлар бойы өзгермеген, өзгермейтін тұрақты қағида. Сәл өзгеріске ұшыраса, ол ұрпақ дүниеден біржола жойылады. Берілген қасиет ұрпақтан-ұрпаққа ырықсыз түйсік (инстинкт) арқылы жалғасып жатады. Ал, тұқым қуалау үдерісі ана сүтінің құрамына байланысты екені дәлелдеуді қажет етпейді.
Ал, тегі мүлде бөлек ана сүті жаңа дүниеге келген абаданды «ата-бабасының» аң патшалық айбаты мен тегеурінді қайратына нұқсан келтіретіндігін табиғи тіршілігіне тән сезіммен түйсінген арыстан ана лажсыздан осынау қасиетті де қайғылы шешімге барса керек.
Жабайы тіршілікте өзінен өрбіген ұрпақ өмірінен Жаратқан Иенің еншілеп берген тектік қасиетті жоғары қоятынына таңданбасқа, таңдай қақпасқа амалың жоқ. Бұл сайып келгенде, шыққан негізі мен нәсілін сақтаудың бұлтартпас заңы болса керек.
«Қазақстан» телеарнасында аналы-балалы цирк әртістері сұхбат беруде. Сөз аң патшасы арыстандарды цирк аренасына шығаруға дейінгі күтімі, тамақтандыруы, жаттықтыруы, тағы басқа тіршіліктер жайлы өрбіді. Бір өкініштісі, жыртқыштарды аренада ұршықша үйіріп, дегеніне көндіретін ер жүрек жандардың екі тілде сөйлеуі. Анасы – қазақ тілінде, баласы – орыс тілінде.
Бойға сіңген бөгде тілдің әсері болса керек, жігітте қазақы жайдарылық, жұмсақтық байқалмайды. Тәні қазақ болғанымен, жаны – жат. Басқаға қайдам, маған солай көрінді. Отбасының қатынас құралы – бөгде тіл екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан бұл үйде қазақ тілінің шырағы сөнді дей беріңіз. Қазақ Елінде мемлекет тілінің бағы ашылмаған мұндай шаңырақ миллиондап болмаса да, сан мыңдап саналатынына күмән келтіруге болмайды. Бұл үдеріс азаюдың орнына, молая түсуде.
Кінәлі кім деген заңды сұрақ туындайды. Әрине, аналар. Иә, аналар екенін дәлелдеудің қажеті жоқ. Онсыз да түсінікті. Олай дейтініміз, ұл-қызын құнарлы да жұғымды «сүтімен» қоректендірудің орнына, өз ықтиярымен бөгденің «бауырына» салған аналар кінәлі болмағанда, кім кінәлі болмақ?
1890 жылы Ресейдің Киелі Синоды «Бұратана халықтардың ұлдарын оқытқаннан, қыздарын оқытқан пайдалырақ. Әйелдер отбасында өз балаларына орыстың рухын себеді» деген шешім қабылдайды. Қандай кемеңгерлік! Жаға жыртпай, қан төкпей, бейбіт жолмен басқаны бағындырудың, табындырудың таптырмайтын айла-тәсілі. Бүгінгі таңда да сол саясаттың зардабын көріп отырған жоқпыз ба? Етек-жеңімізді тез жинамасақ, көретініміз әлі алда.
Күллі қазақ аналарының есінде сақтайтын басты қағида ана сүтімен сіңбеген, бесік жырынан нәр алмаған ұлттық қасиет бөгде «сүтпен» кірмейді. Тілі мен ділінен айрылған ондай жан ұлттық табиғатын жоғалтып, рухани кемтарлығын, адамдық болмысын түсінбей, көлденең көк аттының артына міңгесіп, бөтеннің сөзін сөйлеп, соның кетпенін шабады.
«Ұлттық табиғатын жоғалтқан ел роботтар мекеніне айналады да, ұлт ретінде жер бетінен жойылады» (Ф.Оңғарсынова). Ендігі бізге, қазақтарға, жетпегені сол еді. Ұрпағымызды бүгінгідей шүлдірете берсек, құрдым құзға саналы түрде жақындай түскеніміз. Осыны түсінетін уақыт жетті, ардақты ақ жаулықты аналар!
Мынау «білгіш» басқа тілді меңгеруге, сөйлеуге мүлдем қарсы екен деген ой тумаса керек, керісінше, білсін, сөйлесін. Бірнеше тілде сөйлесе де құптағаннан басқа айтарымыз жоқ. Бірақ Халел Досмұхамедовтің «Ана тілін білмей тұрып, бөтенше жақсы сөйлеу, бұл – күйініш. Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлеу – сүйініш» дегенін де ұмытпаған абзал.
Ақыл-ойы шарықтап дамыған бүгінгі адамзат қоғамында адами тектілікті сақтау...
Хан айтқан сөзді құл да айтады, бірақ аузының дуасы жоқ. Бір ғана сөздің тыңдаушыға әсері әртүрлі болатыны содан. Сондықтан айтпақ ойымызды өз сөзіммен емес, данышпан лебізімен сабақтайын.
Хаким Абай : «Осы мен өзім – қазақпын. Қазақты жақсы көремін бе, жек көрем бе? Егер жақсы көрсем, қылықтарын қоштасам керек еді. Ондайым жоқ. Егер жек көрсем, сөйлеспес едім, мәжілістес, сырлас, кеңестес болмасам керек еді, тобына бармай, «не қылды, не болды?» демей жата беру керек еді... бұлардың бәрі де жоқ», – деп жүрегіндегі бар ақиқатты жайып салады.
Ол кезде, ақын Абай өмір сүрген заманда, қазағымның қаймағы бұзылмай, салт-дәстүріне, ділі мен дініне берік, ұлттық табиғатын жоғалтпаған, әсіресе «өнер алды – қызыл тіл» деген ұстанымды берік ұстаған халық санатында болатын. Соның өзінде о заманда философ Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Ибраһим (Абай) мырзаның тұрағы қазақ іші болғандықтан, қадірі азырақ білінді. Олай болмағанда данышпан, хаким, философ кісі еді. Қор елде тұрды да, қорлықпен өтті», – деп жазған еді-ау.
Хаким Абай жаратқанның жарлығымен бір сәтке көзін ашса, кіндік қаны тамған Шыңғыстауын уландырғанын көріп, қазағын жек көруі заңды. Ал, өзінің «орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста. Барыңды салсаң да, балаңа орыстың ғылымын үйрет» деген өсиетін асыра орындап, өз ана тілінен жери бастаған қазағына «разы» бола ма? Кім білсін?
Әзілхан Нұршайықов «Ұлтымыздың болашақта өмір сүруі, сүрмеуі ана тіліне байланысты. Ана тілінен айрылған халық ұлт ретінде өшеді, жоғалып жойылады. Ұлт жойылғаннан кейін ол ел, Отан да, мемлекет те болмайды. Жер-су, табиғат байлығының бәрінен айырылады. Отансыз қалғаннан кейін осы күнгі күрд халқы сияқты қаңғыма күйге түседі» деп ұлтқа, қазаққа тілінен қымбат еш нәрсе болмайтынын, онсыз бүтіндей өлген, жоғалған, бәрінен айрылған ұлт болатынын ескеретеді.
«Мемлекеттік тілді қорғай алмау – мемлекеттік шекараны қорғай алмаумен тең... Шекараның ең сенімді сақшысы – Отаншылдық. Мемлекеттік тілге құрмет – Отаншылдықтың ең басты қасиеті» деп «Отан» деген ұғым мен «мемлекеттік тіл» деген ұғымдардың тең дәрежеде екенін, тілден айрылу Отаныңның көз жазып қалу екенін есітер құлаққа заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев құюдай-ақ құяды.
Ана тілінің қадір-қасиетін енді қалай түсіндіруге болады, бауырларым-ау? Қалай? Шегіне жеткізіп айтқан ғой сабаздарың? Шегіне жеткізе...
Сен қазақсың. Қазақ едің туғанда!
Онда, дүние тағылымынан үлгі ал да,
Ата жұрттан, Ана тілден айрылма,
Төбеде күн, төменде жер тұрғанда».
Күләш ақын Ахметова «Шын қазақ болсаң, Отаның мен Ана тіліңді көздің қарашығындай сақтап, қадіріне жете біліңдер» деп ұлттық намыстың алмас қылышын қайрай түседі. Тыңдар құлақ, пайымды сана, ұшқыр қиял, рухты жүрек бұдан қорытынды шығарса игі еді.
Хан айтқан сөзді құл да айтады, бірақ оқырманға екеуінің парқы екі бөлек екенін білемін, білгенде қандай! Дегенде, «құлдың да» айтар бір ауыз сөзі бар, бір ауыз сөз ғана:
Түзу шықса көк түтіні елімнің,
Шаттанамын су ішсем де қатықсыз.
Шын бақытты бола алмаймын, алайда,
Ана тілім болса егер бақытсыз.
Бауырларым, ауылды, қазақтың көркем де, шешен тілін бақытсыз етпейік! Ауыл – қазақтың алтын бесігі ғой. Алтын бесіктің, ата-бабаның қарғысына ұшырамайық.
Салт-дәстүрін, ділін, тілін сақтап қалу – тек рухы биік, намысты, текті халықтардың ғана маңдайына жазылған бақыт. Сан ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан тілін жоғалту халық үшін үлкен қасірет, орны толмас өкініш... Өкініш өзегімізді өртеп жүрмесін.

Бегман ЫСҚАҚ,
педагогика ғылымының кандидаты.
skifnews.kz

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


28/04/2017 12:30

Біз іздеген ертегі
0 208340 0


02/05/2017 12:29

Қостілділік мәселесі
0 195136 0


26/06/2017 12:02

Жалындаған жастық шақ
0 150889 0












ТЕКСТ

Яндекс.Метрика