THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Профессор Сәрсен Аманжолов және қазақ тіл білімі
Авторы: Аққал Қалыбаева (Хасенова)
26/06/2017 12:55 0 50671 0
Сәрсен Аманжолов соңғы буынға өшпес елеулі мұра қалдырды. Сонымен бірге, ол – қазақ совет тіл білімінің іргесін қаласуға белсенді атсалысып, сол жолда айрықша еңбек сіңірген, сол білімнің қалыптасып дамуына, жалпы соаеттік түркологияға үлкен үлес қосқан ғалым.
Қазақ ССР Ғылым академиясының мүше-корреспонденті, филология ғылымдарының докторы, Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының профессоры Сәрсен Аманжолов бірталай өмір өткелдерін бастан кешірді. Ол ауыл мұғалімі, ғылыми қызметкер, Совет Армиясының саяси қызметкері болды. Содан ол қажырлы, жемісті еңбегінің нәтижесінде айтулы ұстаз, көрнекті ғалым дәрежесіне дейін көтерілді.
С.Аманжолов өзінің творчестволық іздену жолында халықтың мәдени өміріне дер кезінде шамасы келгенше үн қосып, осы салада жақсы үлгі көрсете білген адамдардың бірі болды. Ол Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарында да халық, қоғам үшін елеулі маңызы бар істерін бәсеңдетіп, тоқырауды білген емес еді.
Сәкең Ұлы Отан соғысына аттанбас бұрын, филология ғылымдарының кандидаты дәрежесін алған болатын. Соғыстан кейін ол ғылыми жұмысқа қайта оралып, диссертация қорғап, филология ғылымдарының докторы дәрежесі атағын алды.
С.Аманжолов қазақ халқының түрі ұлттық, мазмұны социалистік мәдениетін көркейту жолында, оны ұлы орыс халқының озық мәдениетімен ұштастыра ілгері бастыру жолында аянбай қызмет етіп, белсене атсалысып отырушылардың бірі болды.
Латын алфавиті негізінде жасалып, отызыншы жылдардан бастап қолданыла бастаған қазақ жазуы мен оның фонетикалық принципке негізделген орфографиялық ережелері сол кезде жедел дамып отырған өмір талабына толық жауап бере алмаған еді. Осыдан келіп тіліміздің алфавитін және кейбір орфографиялық ережелерін өзгерту қажеттілігі туды. Осы кезде С.Аманжолов орыс жазуы негізінде қазақтың жаңа алфавитінің жобасын және орфографиялық ережелер жинағының проектісін жасап, жұртшылық талқысына ұсынған болатын. Бұл проект көпшілік ауызында бірауыздан мақұлданып, 1940 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Y сессиясында қабылданды.
Күні бүгін қолданылып, қазақ тілі орфографиясында негізгі дәстүрге айналып отырған морфологиялық принцип те Сәрсен Аманжолов көтерген тың мәселелердің бірі болатын. Бұл принцип 1938 жылға дейін жазу тәжірибемізден жүйелі орын ала алмай келген еді. Мұның өзі тіліміздің дамуына едәуір зиянды әсер тигізіп келгенін де айта кеткен жөн. Мысал үшін көп уақыт орыс тілінен енген колхоз, совхоз, трактор, кооператив, коммунист деген тәрізді көптеген жаңа сөздер қазақ тілінде бұрмаланып айтылып, қалқоз, сапқоз, тірәктір, кәперетіп, кәменес түрінде қате жазылып жүрді. С.Аманжолов орфографиядағы бұл кемшілікті де орынды байқап, оны бұдан былай болдырмау туралы өз жобаларын (проектісін) ғалымдар алдына ұсынды. Кейін ол тілімізге орыс тілі арқылы енген термин сөздерді морфологиялық принцип бойынша жазу керек деген пікірді орта мектеп грамматикаларына (1938-1939 жылдардан бастап шыққан) енгізді. Бұл мектеп оқушыларының қазақ тілінен жүйелі білім алып, сауатты жаза білуіне көп жәрдем етті.
Түбір сөздерді жазудағы морфологиялық принцип сөйлеу, жазу мәдениетімізді анағұрлым жоғары сатыға көтерді. Сөйтіп, тілімізге техникаға, ғылымның түрлі салаларына байланысты орыс тілі арқылы енген термин және интерноционалдық сөздерді қатесіз, дұрыс жазуға мүмкіндік туды. Сонымен бірге, мұның өзі біріккен сөздердің құрамындағы компоненттерді де (мысалы, шекара, Аманкелді, қонақасы) түбірін сақтап, дұрыс жазуымызға жағдай жасады. Сондай-ақ, соңғы кезге дейін естілуінше жазылып, біріккен сөздер тобында қаралып келген көптеген тұрақты сөз тіркестерінің (идиома, фразалардың) құрамындағы сөздер бір-бірінен бөлініп, дұрыс жазылуына да морфологиялық принцип басты себеп болды.
1940 жылы үкімет бекіткен жаңа алфавит пен орфографиялық ережелер жинағына негіздей отырып, С.Аманжолов 1941 жылы өзінің көпшілік қолды орфографиялық сөздігін шығарды. Дер кезінде шыққан бұл сөздік орыс алфавиті негізінде қабылданған жаңа алфавитіміз бен орфографиялық ережелерді қазақ оқырмандарының жедел игеріп алуына, қазақ әдеби тіл жазу нормасының жақсарып, жетіле түсуіне айтарлықтай жәрдем етті.
С.Аманжолов Ұлы Отан соғысының кезінде, майданда жүрген шағында да қажырлы еңбек етті. Бұл кезде ол 1942 жылы жарыққа шыққан «Әскери орысша-қазақша сөздікке» редакторлық етті. Бірнеше рет «Үгітшілер блокнотында» жауынгерлер тұрмысы мен ерлігі жайында әдеби көркем очерктер жариялады. Көптеген жауынгерлік листовкалардың тексін жазды. 1945 жылы жарыққа шыққан «Советтер одағының қазақстандық батырлары» атты кітапқа қосалқы авторлық етті. Сонымен бірге, Сәкең Ұлы Отан соғысының соңғы жылдарында «Орыстан басқа ұлттардың жауынгерлері арасындағы саяси-тәрбие жұмысындағы тәжірибемізден» деген кітап (көлемі 6,5 баспа табақ шамасында, орыс тілінде) жазған еді.
Қазақ халқының тарихында тұңғыш ашылған Қазақтың педагогикалық институтында 30 жылға тарта оқытушылық қызметін атқарған және соңғы 20 жылдай қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі болған профессор Сәрсен Аманжолов бірнеше жүздеген мамандарды тәрбиелеп шығаруға айтарлықтай еңбек сіңірді, оларға ұстаздық етті. Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтында еңбек жолын бастаған алғашқы жылдардың өзінде-ақ профессор Аманжолов әрбір лекциясына жаңа, тың материалдарды, өзіндік ғылыми топшылауларын енгізіп отыратын. Және оны тәжірибе үстінде өзгертіп, бақылау-сыннан өткізіп, іріктеп, мінін жөндеп отыру әдеті де бар еді...
Аса ардақты ғалымымыз С.Аманжолов халық игілігі үшін әлі де мол әрі жемісті еңбек ететін еді. Бірақ мейірімсіз ажал оны арамыздан алып кетті.
С.Аманжолов өз өмірінің соңғы кезінде жазған тіл біліміне байланысты біраз еңбектерін баспа бетінде жариялап үлгермеді. Сондай-ақ, ол ертеректе жазылған кейбір зерттеулерін қайта қарап, бірталай өңдеу жасап, жаңадан жарияламақшы болған еді. Ардақты ғалымымыз бұл мақсатын да орындай алмай кетті. Бірақ мезгілсіз қаза Сәкеңнің қаламдастары мен шәкірттері алдында үлкен міндет жүктейді. Ол міндет – С.Аманжоловтың дайын жұмыстарын бастыртып шығарып, таяу уақыт ішінде көпшілікке ұсыну.
1959 ж.
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ