THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Ұлт мәдениеті институты ашылғалы екі жылға айналды
Авторы: Сәрсен Аманжолов
24/04/2017 17:14 0 6733 0
Сталин жолдастың
XV партия сьезінде «пролетариатдиктатурасы тұсында... жалпы ортақ бір тілге,
бір мәдениетке қосылуына жағдай жасау үшін, ұлт мәдениеттерінің барлық ішкі
байлықтарын сыртқа шығара отырып, оларды өсіру, жандандыру керек» дегенін құр
сөз емес, іс жүзінде Мирзоян бастаған Қазақстан елі орындай бастады.
Ұлт мәдениетінің
барлық саласы Мирзоян келген соң ғана дұрыс қарқын алды. Кейбір ұмытылған, сәті
түспей жүрген мәселелер де оның келуімен байланысты шешілді.
Сол сәті
түскеннің бірі – Қазақстанда Ұлт мәдениеті институты ұйымдасуы.
Институт 1934
жылы январь айында ашылды. Әрине бұл сияқты мәдениет ошағының Қазақстан үшін
керектігіне, оны нығайтып, көркейтіп, оған жәрдемдесіп отырудың қажеттігіне
ешкім де таласпас.
Институтты ал
деп ашқанда 5 сектор (бөлім) етіп ашқан: 1) театр, музыка, би; 2) тарих,
археология; 3) тіл құрылысы; 4) әдебиет, фольклор; 5) сурет өнері.
Алғашқы жыл тек
қана ұйымдастыру, материал құрастыру жылы болды деу керек. Өйткені ал дегеннен
институтқа керекті маман табу қиын болды. Екінші, лайықты қызметкерлер істеп
отыратын үй болмады. Кез келген жерден қолымызға ілінген кісілермен жұмыс
жүргізе бердік.
ӘДЕБИЕТ,
ФОЛЬКЛОР МӘСЕЛЕСІ
Қазақтың зор байлығының
бірі – ауыз әдебиеті. Институт осы байлықты жинауға, екінші, оларды зерттеп,
дұрыстап пайдалануға кірісті.
Аз уақыттың
ішінде институт бұрынғы Диваев, Радлов сияқты оқымыстылар жиғаннан басқа, 400
баспа табақтай ауыз әдебиетін жинады.
Бұл байлықтарды
институт елге экспедиция шығарып жинаған жоқ, тек Алматыда отырып-ақ белгілі
адамдар арқылы, өзінің тілшілері арқылы жинады.
Осыған қарағанда
елдегі байлықтың әлде де төрттен бірін жинап болмаған шығармыз дейміз. Келесі
жылы экспедиция шығару, халық ауызындағы ескі, жаңа әдебиетті бір рет осылай
жинау керек екендігін жоғары орындарда отырған басшыларымыз да қолдап отыр.
Жалғыз
экспедиция емес, Ораз Исаұлы жолдастың алдында болған бір кеңесте: «Ел-елдегі
атақты сөз білетін ақын, жыршы, ертекшілердің Бүкіл қазақстандық слетін шақырып
алып та бір шара жасау керек» дегенді айтты. Бұл әңгімені Ұзақбай Құлымбетұлы
жолдас та мақұлдады.
Қазір институт
пен кеңес жазушылары ұйымы ел-елдегі ақын-жазушылардың көзі тірісінің есебін
алып жатыр. Түгел есебін алып болғаннан кейін оларды Алматыға шақыруға жабдық
жасалды. Қазірдің өзінде елдегі ақын-жыраудың саны 60-қа таман барып қалады. Ең
кемі 150-200 адам табылады деген ойымыз бар. Бұлар Қазақстанның Стальскийлері.
Әзірдің
өзінде-ақ Стальскийлердің бірсыпырасы бізге мәлім. Қазанғап (Сайрам ауданының
қазағы), Жамбыл (Көстек ауданынікі), Құсайын (Ұлан ауданынікі) – шын
Стальскийлер.
Институт қолда
бар материалдарының шетінен аздап қана баспаға бере бастады. Өткен жылы август
айында Қазиздат баспасына 5 баспа табақ ертегі жинағын бергеміз (Соларымыз әлі
күнге шыққан жоқ. Қазиздат инстиитуттың ісіне деген нендей болса да сылтау
тауып, көмектеспей келеді).
Биылғы жылы
институт ауыз әдебиеттен үш жинақты баспаға дайындады. Өтебай жинаған 4000
мақал мен кеңес фольклорының жинағын Қазақстан көркемсөз баспасы басып жатыр.
Ертегілердің екінші жинағын Ғылым академиясының Ленинградтағы бөлімі баспақшы.
Ол кезде Абайдың
толық академиялық шығарма жинағын баспаға дайындап жатыр. Ол 1936 жылы басылып
шықпақ.
ТІЛ МӘСЕЛЕСІ
Тіл мәселесі
төңкерістен бермен қарай ең көп таласқа, жат адамдардың бұрмалануына түскен
мәселе еді. Әлі осы күнге дейін бұл майдан ең қызулы болып келеді. Міне, соның
үшін институт тіл мәселесіне көңіл болмей отыра алмақ емес. Бұл жөнінде
институт алдында таудай-таудай жұмыстар тұр. Сол жұмыстардың ішінен қазіргі
таңда институттың өліп-талып істеп жатқандары мыналар:
1) Емле, әліппе,
тыныс белгілерін дұрыстап шығу;
2)
Қазақша-орысша толық сөздік жасау;
3)
Орысша-қазақша толық сөздік жасау;
4) Термин
мәселесіне керекті материалдарды жинаап, қорытынды шығарып отыру;
5) Емле сөздігін
жасап бастыру;
6) Қазақ
тіліндегі диалектизмдерді зерттеу (ел-елдің тіл алалығын тексеру);
7) Ғылыми
грамматикаға материал жинау, зерттеу;
8) Аударма
тілін, әсіресе марксизм классиктерінен аударылғандарды зерттеп, ғылыми анализ
жасау;
9) Стенография,
телеграмм знактарын дұрыстап жасау;
10) Қазақ
тілінің академиялық (барлық сөздің барлық мәнін көрсетіп беретін) сөздігін
жасау, т.т
Қазір бұл
істердің ішінен ерекше бөлек істеліп жатқаны – академиялық сөздік. Бұл сөздік
үшін 350 мыңдай қазақ сөзі жиналды. Сөздіктің қалай жасалатынына арналып нұсқау
жасалады.
Бұл сөздік кемі
10 жыл бойы жасалуы тиіс. Барлығы 25-30 томдық болады. Орыстың академиялық
сөздігі төңкерістен бұрын жасала бастаған, қазір 40 жылдай болды, бірақ әлі
біте алған жоқ. Бұл үлкен іс екенін осыдан байқауға болады.
Тіл мәселесінен жазылған бірсыпыра ғылыми мақалалар институттың орыс тілінде басылып жатқан жинағына кірді. Олардың басқалары жуықта өзалды жинақ болып та шықпақ. Емле, әліппе, аударма тілі мәселесі де жазылып жатыр. Орысша-қазақша, қазақша-орысша сөздіктер мен емле сөздіктері биыл декабрь айында баспаға берілмек.
Қазақ әдебиеті, 1935 жыл, 9 қараша
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ