THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Жазылуында мін көп, мағынасында дым жоқ...
Авторы: Дарын Нұрсапаров, Раушан Нұғманбекова
07/06/2017 09:47 0 7008 0
22 жылдан бері жөнге келмеген қазақ тіліндегі жарнамалар, әлі де сол қалпында. Төсек-орын сататын дүкендегі «спать можно со вкусом» деп ұрандаған жарнаманы, «ұйықтасын дәммен мүмкін» деп аударатын Өскемен қаласының қазақшасы түзеліп келе ме, әлде, керісінше ме?
Күлкілі етіп аудару сәнге айналғандай
Түзеліп келе жатқан түгі де жоқ. Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма қызметкерлері жуықта осы мәселеге орай Семей және Өскемен қалаларында «Сауатты жарнама – сауатты тіл» атты акция өткізген болатын. Облыс орталығындағы орталық көшелердің біріне түсіп алып, жан-жағыңызға байыппен көз салсаңыз, қазақ тіліндегі сауатсыз жарнамалардан көзіңіз сүрінері анық. Кейде қате жарнама емес, қатесіз жарнама таба алмай қалуыңыз да әбден мүмкін.
«Ивушка» дүкені маңында «мыломоющие товары» деген жарнама «жуу-жуықу құралдары» деп аударылыпты. Сіз бұл ұғымды әрине, орысшасына қарап түсінесіз. Ал сонда аударма не үшін, оның нақтысы кім үшін қажет? Ең қауіптісі, бұған елдің көзі әбден үйреніп алған, «е-е-е, сорлы қазақ тілі» дейді де қояды. Ал жарнама агенттіктері «бізге қандай мәтін берілсе, соны жаздық» дейді, дүкен иелері тағы біреуге жабады немесе «қазақ тілін үйрене алмай жатырмыз ғой» – деп өп-өтірік «күрсіне» салады. Егер мәтін ағылшын тіліне аударыла қалатындай жағдай туса, «тіл білмейміз» деп төмен қарап отырғандар оны тастай қылар еді. Ағылшын тілін қате аударса ұят қой, ал сонда қазақ тілі ше? Қазақ тіліндегі аударманы аздап «күлкілі» қылып қою қазір модаға айналып келе ме, қалай?
«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, қызықтың, қызықтың емес-ау, сорақының көкесін тіл оқыту орталығынан көрдік. Қазақстан көшесінде орналасқан «Oxford team» атты лингвистикалық орталық кіреберісіне үлкен әріптермен айқайлатып тұрып: «Шетел тілдерін үйретудегі көшбасшы!» деп жазып қойыпты. Орысша мәтін, әдеттегідей, қатесіз. Тіл үйрететін, жай ғана шетел тілдерін емес, қазақ тілін де үйрететін орталық осындай олқылыққа жол берсе, басқа мекемелерге не жорық? Бұл жерге мемлекеттік тілімізді меңгеру үшін келген жұрт ертең нені меңгеріп шығады? Сұрақ көп, жауап жоқ.
Артық әріп қаптап жүр
Қазір жарнамалардың көбінде артық әріптер жүреді. Бұл жерде жоғарыда айтып өткен «үйретудегін» деген сөзді айтып отырмыз. «Н» әрпі неғылып жүр бұл жерде? Мәтінді аударатын адамдар неге міндетті түрде қазақ тіліндегі жарнаманы сүмірейтіп, әріптерін кем не артық қылып жазады? Бұл жерде қазақ тіліне деген немқұрайдылық былай тұрсын, қазақ тіліне деген ашық қиянат жатқан болуы керек.
Ал Қабанбай көшесінің бойындағы «Клиника профессора Мусина» деген емдеу орны мемлекеттік тілді мүлдем менсінбейтін болып шықты. Ондағылар еліміздегі Тіл туралы Заңның 21-бабын белден басып отыр. Тілдерді дамыту жөніндегі облыстық басқарманың мамандары қанша ескерткенмен, клиника қожайыны олардың айтқанын «қыстырып та» отырған жоқ.
– Иелеріне ескерткенбіз. Біз арнайы барған кезде «Не істесеңдер, оны істеңдер. Біз ештеңені де өзгерте алмаймыз» деп, өзімізге тап берді, – дейді аталған басқарманың мамандары.
Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ономастикалық жұмыс және талдау бөлімінің басшысы Роза Төлемісованың айтуынша, бұл тарапта тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Содан бір байқағанымыз, мәселенің бәрі тек заңға келіп тірелетін сияқты. Мемлекеттік тілге мұрнын шүйіре қарайтын жарнама берушілер құр ескертуді шыбын шаққан құрлы көрмейтіндей. Қолда нақты билігі жоқ басқарманы кім тыңдасын? Олар қандай шара қолданады? Қате жарнаманы көреді, барады, айтады, ескертеді. Ал оны біреу құлаққа іледі, біреу өзіңді жағадан алады. Сондықтан басқарма мамандары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биыл 21 қаңтарда қол қойған «Ономас-тика мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының кейбір Заң актілеріне түзетулер мен толық¬тырулар енгізу туралы» заң жобасынан үлкен үміт күтіп отыр.
***
Семей қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мамандары республикалық «Сауатты Қазақстан» акциясы аясында «Тіл бұзарға – тосқауыл» атты кезекті рейд ұйымдастырды.
«Хош келдиниздер» мен «сау болыныздар»...
– Қала бойынша 200-ден астам нысан тексеріліп, олардан біршама қате табылды. Қателер негізінен билбордтар мен жарнамалардан кетеді. Біз қате жібергендерге өз тарапымыздан ескерту жасап жатырмыз. Егер де олар ескертулерден қорытынды шығармаса, тиісті шара қолданамыз. Бұл акцияның негізгі мақсаты – мемлекеттік тілдің маңыздылығын арттыру, – дейді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Гаухария Хамитова.
Оның айтуынша, заң талабына сәйкес барлық бланкілер, маңдайшалар, баға көрсеткіштері мен прейскуранттар мемлекеттік және орыс тілінде жазылуы керек. Мәселен, көрнекі ақпарат мемлекеттік тілде сол немесе жоғарғы жағына, ал орыс тілінде оң немесе төменгі жағына орналасуы қажет.
Акция аясындағы тексерулерден белгілі болғандай, бұлардың басым көпшілігі орындалмайтын сынды. Мәселен, қаланың сол жағалауында «Семей» атты сауда үйі бар, сондағы үй сөзінің «ү» әрпі түсіп қалған. Ал «Ертіс» ӘКК-і өз жарнамасын «Тұрақтандыру қорынын өнімдері» деп жазып, «ң» әрпін мүлде ұмытқан. «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» демекші, алдағы уақытта ол қателер дұрысталар деген ойдамыз. Жалпы, қазақша дұрыс жазылу көшін түзейтін де, сүрлейтін де өзіміз ғой.
Қалай десек те, шаһарда әлі де тіл мәселесі ақсап тұр. Атқарылып жатқан шаралар бар, бірақ соның нәтижесі болмай жатыр ма деген ойға қаласың. «Бүгінгі жаһандану заманында жас ұрпаққа тіл арқылы ұлттық сананы мықтап сіңірмесек, олар тобырға айналып кете ме» деп те алаңдайсың...
Рейд барысында қаланың қайсыбір жерлерінде «Хош келдиниздер», «Сау болыныздар» деп жазылғаны да көзге айпарадай болып көрінгені бар. Сонда дейміз-ау, қазақ тілінің төл дыбыстары қайда қалды? Әсіресе, «Көше Ибраева» деп ілініп тұрғанын қайтерсің. Жалпы, қалада мұндай қателерді санап біту мүмкін емес. Бұл қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі қызметкерлерінің акция барысында тапқан қателерінің бір парасы ғана. Бұл тұрғыда әсіресе, қаладағы кәсіпкерлер тіл тазалығын сақтауға ерекше ден қойып, өз жарнамаларын ілгенде оның берілу мазмұнына, тілдік ұсынылымына көбірек көңіл бөлсе дұрыс болар еді деп ойлаймыз.
Аltaynews.kz
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ