THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі
Авторы: Сәрсен Аманжолов
26/06/2017 12:54 0 63143 7
Қазақ тілі – қазақ халқының ана тілі. Ол өзінің сан ғасырлық дамуы барысында рулық тіл дәуірін де, тайпалық тіл дәуірін де, халықтық тіл дәуірін де басынан кешті. Осы замандар бойында қазақ халқының күнделікті пікір алысу қажеттігін өтеп отырғанымен қатар, рухани байлығы – ауыз әдебиетін атадан балаға мұра етіп сақтап келеді.
Жазуға байланысты қазақ тілі сұрыпталып, жалпыға ортақ әдеби тілдің қалыптасыуы қазіргі қазақ тілінің – өркендеген мәдениеттің тілі, ғылым тілі, публицистика, ресми іс қағаздарының тілі болып, стиль жағынан жан-жақты сараланды. Қазіргі қазақ тілі – сөздік жағынан мейлінше байыған, грамматикалық құрылымы барынша дамыған оралымды тіл.
Қазақстан Республикасы Тіл туралы заңы бойынша (1989 ж) қазақ тілі республикадағы негізгі тіл, мемлекеттік тіл қызметін атқарды.
Бұл (қазақ тілі – ред.) – бай тіл. Оралымды, ырғақты, теңеу-бейнелеулері ерте туған тіл. Поэзияда Абай, Ілияс сияқты, прозада Мұхтар сияқты алыптар туғызған тіл. Мен осдай тілімізді таза ұстайық деймін. (Ғ.Мүсірепов.)
Біз тілімізді байтуымыз керек. Байыту үшін... ішінде әр аймақта айтылып жүрген сөздерді қопарып алып, әдебиет жүзіне шығаруымыз керек. Әдебиетімізге, елге сіңірген сөз үйреншікті болып алынып кетеді. (С.Сейфуллин.)
Халық тілінің мол байлығын жазба әдебиетімізде бірінші рет мазмұнын байыта отырып, молынан пайдаланған адам – Абай Құнанбаев. Абай қазақ тілін мәдениеттің биік сатысына шығарып кеткен. (С.Мұқанов.)
Қазақтың әдеби тілі жасалу жағынан да, қалыптасу жағынан да көп кезеңді басынан өткізді. Әдеби тіл – бүкіл қазақ халқының мәдени мұрасы. Әдеби тілді жасауға бүкіл қазақ халқы, оның алдыңғы қатарлы мәдениет қайраткерлері ат салысты. Әдеби тіл – қазақ мәдениетінің өсіп, дамуына жетекші болған, жоғары өнерге ұмтылуына қажет болған құралдың бірі...
Әрине, әдеби тіл көктен түскен нәрсе емес, белгілі тарихи жағдайларға байланысты, түрлі кезеңдерге байланысты жасалған. Нақтылы әдеби тіл дегеніміз көркем әдебиеттің ғана тілі емес, ол – ғылымның барлық саласын қамтитын, халыққа өнер-білім беретін, тәлім-тәрбие үйрететін баспасөздің тілі. Көркем әдебиеттің тілі – сол кезең мағынадағы әдеби тілдің саласы ғана. Ал әдеби тілдің негізі болатын нәрсе – халық тілі – фольклор тілі екенінде дау жоқ. Дегенмен де, әдеби тілдің жасалу процесінде халық тілінің барлық тараулары ешбір талғаусыз негіз бола бермейді.
Біз қазақтың әдеби тілінің негізін Ыбырай, Абай салды дегенде, әрине, олар өз қолдарымен, өз бастарынан шығарып, әдеби тілді халық тілінен мүлде бөлек бір нәрсе етіп жасады деп қарамаймыз. Біздің әдеби тіл деп отырғанымыз – халық тілінің жаңа сатыға, жаңа сапаға көшуі. Солай болса, Абай мен Ыбырай халық тілін пайдалана отырып, қазақ тілін жаңа сапаға жеткізуге әрекет істеді деп қараймыз...
Біз қазақтың әдеби тілі, басқа халықтардың да әдеби тілі сияқты, мәдениетті ілгері бастаушы қуатты құрал. Ана тілін ардақтап, мәпелеп, тәрбиелеп өсіру – ананың баланы мәпелеп, тәрбиелеп өсіруі сияқты; ана тіліне ұқыпсыз, көңілсіз, қалай болса солай қараушылық – барып тұрған мәдениетсіздіктің белгісі.
Қазақтың әдеби тілі
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ