КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауда өткен Ұлттық Құрылтайдың бірінші отырысында қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру керектігін айтқан болса, биыл Атырауда өткен III Құрылтайда сөйлеген сөзінде: “Тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала береді. Бұл – біз үшін мызғымас ұстаным. Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық” деген еді.

Президент тапсырмаларын жүзеге асыруда МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ атқарған іс-шаралар ауқымды екенін айтуымыз керек. Мекеметтік мекемелер атқарар шаруаны жеке меншік формасындағы ұйым болса да, мемлекеттік бюджеттен тікелей қаржыландырылмаса да, институт қызметкерлері ұтып алған гранттық жобалар арқылы мемлекеттік маңызы мол мәселелерді шешуге атсалысып келе жатқанын айтқанымыз абзал.

Қазақ тілінің ғылым тілі ретінде әлем тілдерінің ішінде орын алу қажеттілігін қамтамасыз ету мен мемлекеттік тілді оқыту жүйесін жетілдіру бойынша Мемлекеттік тілді дамыту институтының ұжымы ғылыми-зерттеу институттары мен жетекші жоғары оқу орындарынан қалыспай келе жатқанын институт таратқан ақпараттан анық байқаймыз.

“Мемлекеттік тілді дамыту институты 2023-2025 жылдар аралығында «Қазақстанда мемлекеттік тілді оқытудың жүйесі» атты гранттық зерттеу аясында балабақша мен бастауыш мектептен бастап жоғары мектептен кейінгі ересектерге арналған курстарда жүргізілетін практикалық қазақ тілінің жайын бірнеше рет талқылады:

1. 03.11.2023 ж. «Мемлекеттік қызметкерлерге қазақ тілін оқыту: тәжірибе мен өзекті мәселелер»

2. 26.03.2024 ж. «Мектепке дейінгі мекемелер мен бастауыш мектептегі мемлекеттік тіл»

3. 14.05.2024 ж. «Қазақ мектептері мен педагогикалық колледждерде мемлекеттік тілді оқыту мәселесі»

4. 21.05.2024 ж. «Орыс мектептері мен педагогикалық емес колледждерде мемлекеттік тілді оқыту мәселесі»

Онда оқыту бағдарламасы, бөлінген сағат саны, оқулықтары, оқудың ұйымдастырылуы және т.б. мәселелер талданды” делінген аралық есептерінің өзі көңіл қуантады.

Жақсы істің жалғасындай, көтеріліп жүрген көкейтесті мәселелерді одан әрі індете зерттеу мақсатында Мемлекеттік тілді дамыту институты белгілі тілші-ғалымдар мен әдіскер- ғалымдарды жинап, Алматыда жоғары оқу орындарының филологиялық емес мамандықтарының қазақ бөлімдеріне «Қазақ тілін оқытудың өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми-практикалық дөңгелек үстел отырысын өткізді.

Offline және online форматында өткен ғылым жиында күн тәртібіндегі мәселе бойынша елімізге танымал ғалымдардың баяндамалары тыңдалды.

Алқалы жиынның тізгінін ұстаған, белгілі тілші-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Тыныштық Ермекова өзінің кіріспе сөзінде мемлекеттік тілді оқытудың жүйесін жетілдіру бағытында қолға алынатын басым бағыттарды бағамдап, бұл мәселелерді әрбір баяндамашы әр қырынан талдайтынын тілге тиек етті.

Айтса айтқандай, бас баяндама жасаған профессор Аман Абасиловтың жоғары оқу орындарындарының тілдік және тілдік емес мамандықтарындағы қазақ тілін оқыту мәселесі қатысушылардың қызығушылығын тудырса, одан кейін академиялық жазылым, ғылыми стильдің қалыптасу кезеңі, салалық ғылымдарды қазақ тілінде дамыту, оқулықтардағы олқылықтар туралы баяндамалар бойынша келелі ойлар ортаға тасталды.

Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы, белгілі ғалым Ербол Тілешев көтерілген мәселелерді әлі де зерделей түсу керектігіне екпін түсіре сөйлеп, мүмкін нақты тақырыптар төңірегінде тағы бір басқосу ұйымдастыру қажет болса, комитет үйлестіретінін жеткізді.

Мемлекеттік тілді дамыту институтының атқарушы директоры, тілші-ғалым Бижомарт Қапалбек “ Қазақ тілін, мемлекеттік тілді, жалпы тілді дамытушылар кімдер?” деген риторикалық сұраққа негізделген баяндамасында: “ ЖОО-ның орыс тобындағы студенттер қазақ тілін қанша оқыса да, жай қазақ тілінің қолданушысы болып қалады, олар тілді дамыта алмайды, жүйеден асып кете алмайды. Біз назарды қазақ аудиториясына салуымыз керек”деген пікірі - дөңгелек үстел отырысына қатысқан ғалымдардың ортақ ойындай көрінді маған.

Мемлекет және қоғам қайраткері, тіл жанашыры Оразгүл Асанғазы бүгінгі жиында көтерілген мәселені аяқсыз қалдырмай, билік басындағыларға жеткізудің мәні зор екенін айтып, жақында Парламент депутаттары өңірлерге барып, сайлаушылармен кездесетінін тілге тиек етіп, сол уақытта мемлекеттік тілді дамыту мәселесін әркім өз депуттатарына жеткізгені өте маңызды екендігіне тоқталды.

Біз де өз кезегінде сөз алып, қазақ тілінде оқулықтар жазу олқылықтарына себеп нәрселерді көрсетіп, ол проблемалық мәселелердің түйінін шешу жолдарын ұсындық. Атап айтсақ, жоғары оқу орындарының (ЖОО) оқулықтарын басып шығару шығыны Республикалық бюджеттен қарастырылуы керек. Еліміздегі ЖОО-лар бөлген азын-аулақ қаражат студенттерді оқулықтармен толық қамтамасыз етуге жетпейді. Академиялық атақ-дәрежелер алу үшін оқытушылардың аз тиражбен шығаратын оқу-әдістемелік құралдары проблеманы шешпейді. Мен бұл мәселені Ұлттық құрылтай отырысында көтеріп, орта білім беру ұйымдарының оқулықтарына қаржы Республикалық бюджеттен бөлінетінін еске салып, сондай тетікпен ЖОО-ларды оқулықпен қамту керетігін ұсындым. Сонда ғана, кәсіби оқулық авторларының ұжымын қалыптастырып, білікті эксперттерді жұмысқа тартуға мүмкіндік болатынын, ол өз кезегінде - қазақ тілінде сапалы оқулықтар дайындау проблемаларын толық шешетінін нақты дәлелдермен дәйектедім. Ұсыныс Ұлттық құрылтай хатшылығының хаттамасына енгізілгенін жеткізгім келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасы жүзеге асып, еліміздегі барлық ЖОО-лардың оқытушы-профессор құрамының атынан жасалған ұсынысымыз өз шешімін табатынына бек сенімдіміз.

Мемлекеттік тілді дамытуға үлес қосар ғылыми жиыннан көтеріңкі көңілмен тарқастық. Көпшілік қабылдаған Карар мүдделі мемлекеттік органдарға жөнелтілетін болады.


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика