КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Тіл – ең ұлы қару. Қай уақытта болмасын ұлттық идеяның басты діңгегі мен мемлекеттік саяси идеологияның негізгі іргетасы «тіл» болып саналады. Әлемдегі кез келген елдің бірлігін сақтап, халықты ұйыстырып отыратын да «тіл». Көптеген дамыған елдер саясатта «тілдің» бұл басымдығын ескеріп, барынша тіл мәселесін шешіп алуға тырысады. Қазақстандағы саяси партиялар да тілдің бұл құдіретін өздеріне пайдаланып, қолдарынан келгенше тіл саясатынан ұпай жинауға тырысып бағуда. Партиялардың барлығында да мемлекеттік тілді дамытуға, оны қолдауға арналған бағдарламалар бар. Ал, іске келгенде қалай?..

«НұрОтан» мемлекеттік тілді нұрландыра ала ма?

Тәуелсіздік алғаннан бері мемлекеттік тілге деген сұраныстың артып отырғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Мемлекеттік тілді білетін, бірақ оны қолдануға деген қажеттіліктің болмауы – тіл мәселесін шиеленістіріп жіберді. Америка саясаттанушысы Д.Истонның саяси жүйе теориясында «Сұраныс пен ұсыныс арасында тепе-теңдік орнамаса, онда жүйе бұзылады, дисбаланс орнайды» деп айтыпты. Міне, халықтың сұранысын мемлекет өтей алмағандықтан, дәл осы «дисбаланс» мемлекеттік тілдің басына қауіп төндіріп, кері кетірудің қадамдарын жасауда.Мемлекеттік тіл мәселесінде «дисбаланстың» бар екенін жақсы білген еліміздегі партиялар «мемлекеттік тілді» саяси ойынға айналдырып үлгерді. Егер, бақылап қарайтын болсақ, барлық партиялардың бағдарламаларында мемлекеттік тілге басымдық беріліп, оның дамыту жолдары қарастырылған.
Еліміздің бас партиясы «Нұр Отан» 2017 жылға дейінгі іс-қимыл жоспарында қазақ тіліне «Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің факторы» деген арнайы бөлім арнаған. Онда: «Қазақстан халқы бірігуінің факторы ретінде мемлекеттік тілді одан әрі дамыту: мемлекеттік тілді дамытудың нормативтік құқықтық базасын жетілдіру, оның мемлекеттік басқару органдарында және басқа салаларда толыққанды қызмет етуін қамтамасыз ету, қазақ тілінде шығатын бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, қоғамдық жобаларды іске асыру арқылы мемлекеттік тілді үйрену бойынша азаматтық белсенділікті ынталандыру; Мемлекеттік тілді үйренудің тиімді жүйесін қалыптастыру: білім беру процесінің барлық кезеңдерінде мақсатты, қарқынды қолдау көрсету; оқыту мен үйренудің қазіргі заманғы әдістемелерін дамыту; іскерлік, ғылыми, көркем әдебиет және басқа да әдебиетті қазақ тіліне аудару жөніндегі жұмысты күшейту; мемлекеттік тілдегі интернет-ресурстарды дамыту; қазақ тілінің терминологиялық базасын, сондай-ақ ономастикалық атауларды ретке келтіру; Қазақстанда тұратын барлық этностық топтардың тілдерін дамыту үшін жағдай жасау, мемлекеттік тілге сүйене отырып «Үштұғырлы тіл» мәдени жобасын іске асыру; мемлекеттік тіл саясатын тиімді жүзеге асыруға бағытталған сындарлы, байыпты шаралар қабылдау», – деген сынды мемлекеттік тілді дамытудың барлық бағыттарын қарастыра отырып, Ұлтаралық және конфессияаралық келісім, мәдени сан алуандық пен өзара бірін-бірі байыту, мемлекеттік тілдің топтастырушылық рөлі қағидаттарын ұстанып, Қазақстан қоғамының дамуы елдің ұлттық бірлігінің одан әрі нығаюына негіз болатынын тайға таңба басқандай атап көрсетеді. Бағдарламаны жақсылап қарап шыққан адам мемлекеттік тілді дамыту үшін көптеген шаралар атқарылуы керек екені ескеріледі. Алайда, бір бағдарламаны орындап болмай жатып, басқа бір бағдарламаларды қабылдауды бас партиямыз жиі әдетке айналдырды.
«Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының XV съезінде «Нұр Отан. Нұрлы болашақ жолында» деп аталатын партияның жаңа саяси Доктринасы қабылданып еді. Аймақтарда өткен талқылаулардан кейін келіп түскен ұсыныстар ескеріліп, Доктрина жобасының түзетілген нұсқасы дәл сол кезде талқыланған болатын. Келіп түскен барлық ұсыныстар негізгі бес бағыт бойынша топтастырылып, сол санаулы ғана бағыттың ішінде «мемлекеттік тілді дамыту» мәселесі де қаралыпты. Доктрина туралы қоғам қайраткері, тіл жанашыры Асылы Осман: «Нұр Отан» ХДП-ның «Нұр Отан. Нұрлы болашақ жолында» атты Доктринасының қазіргі қоғам үшін рөлі зор екенін айта аламын. Доктрина 2050 жылға дейінгі стратегияны іске асырудағы партия рөлін айқындап отыр. Маған партия төрағасының орынбасары Б.Байбектің өз сөзінде «бұрын біз экономика, саясат десек, қазір тіл, руханият, мәдениет мәселелеріне көңіл бөлу қажеттігін түсініп отырмыз» дейді журналистерге берген сұхбатында. Расында, доктринаның қоғамда алатын орны ерекше. Әсіресе, мемлекеттік тіл – қазақ тілінің рухани және ел бірлігінің негізгі факторы болу керек дегені бәріміздің көңілімізден шықты. Алайда, неге сол доктринадағы «мемлекеттік тілді дамыту» бағыты бойынша әлі күнге дейін жұмыс жасалмай жатыр? Әлде, бас партия «мемлекеттік тілді дамытудың» жаңа жобасын қолға алмақшы боп, саяси ұпай жинайын деді ме?.. Онсыз да мемлекеттік тілді дамытуға байланысты бағдарламалар мен жобалар, доктриналар бастан асады. Оны тек іс жүзінде орындай білу керек екенін бас партиямыз неге түсінбейді?..

«Әділет» әділдікті әділетсіз жолда пайдалануда 

«Әділет» партиясының бағдарламасында: «Біз елдегі мемлекетті құрушы этнос қазақ халқы болып табылады деп, ал мемлекеттік тіл «қазақ тілі» деп санаймыз. Барлық басқа этнос бұл шындықты мойындайды, ал барлық азаматтың этникалық тегіне байланыссыз құқықтары бірдей... Қазақ тілі қоғамды біріктіруші фактор болуы тиіс. Демек, оның функцияларын және қолданылу аясын кеңейту керек», – деп жазылған. Сонымен қатар, бұл партия да мемлекеттік тіл мәселесінде әртүрлі ұсыныстар мен пікірлерін білдірумен әлек. Бір кездері «Қазақстанда орыс мектептеріндегі пәндердің үштен бірін мемлекеттік тілде оқыту керек» деп елді шулатқаны бар. Онда: «Орыс мектептерінде пәндердің 30 пайызға жуығын қазақ тілінде оқыту керек», – деп «Әділет» партиясының төрағасы Мақсұт Нәрікбаев мәлім етеді. «Біз орыс мектептеріндегі сабақтың кем дегенде 30 пайызын қазақ тілінде оқытуды ұсынамыз. Сонда кез келген ұлт өкілі орта мектепті бітірген кезде қазақ тілін де біліп шығады», – дейді ол мәлімдемесінде. Әділет әділдігін жасады деп жүргенімізде, партия лидері Мақсұт Нәрікбаев кейбір қоғам қайраткерлерінің Конституциядан «орыс тілі қазақ тілімен теңдей қолданылады» деген тармақты алып тастау туралы талабымен келіспейтінін айтып қалғаны бар. Сол бір түсініксіздеу кезеңде: «Мен тіл жанашырларының алаңдаушылығын толық түсінемін. Бірақ бұл мәселені елдегі ұлтаралық татулықтың іргесін шайқалтпай шешудің бірден-бір жолы – «Мемлекеттік тіл туралы» заң қабылдау қажет. «Тілдер туралы» заңға да, Конституцияға да тиісуге болмайды», – деп көсемсиді партияның төрағасы. Оның пікірінше, «Мемлекеттік тіл туралы» заң қазақтардың өздерін толық ана тілінде сөйлеуге мәжбүрлеуі керек. «Барлық іс-шаралар орыс тілінде өтеді, заңдар орысша жазылады. Сондықтан мемлекеттік тіл аударма тілі болып қалып отыр. Сол себепті, қазақтар Қазақстандағы негізгі ұлт бола тұра өздерін жайсыз сезінеді», – деп атап өтеді. Сонда дейміз, «Тіл» туралы заңдағы «орыс тілі мемлекеттік тілмен тең дәрежеде қолданылады» деген тармақты алып тастай алмау қолдан келмейді екен, «мемлекеттік тіл» туралы жеке заңды қалай қабылдатпақшы?!.. Тіл арқылы саяси ұпай жинаудың жөні осы екен деп еліміздің партия жетекшілері аузына келгенді айтуды қашан доғарады? Мақсұт Нәрікбаевтің көкірек соққанына қарап, «Әділет» әділдікті әділетсіз жолда пайдаланып жатқанын ұқтық. 

«Руханияттың» рухы басым, ал «Патриоттар» шынымен де патриот па? 

«Руханият» партиясының бағдарламасында: «Мемлекеттік тіл туралы заң мен бағдарламаны қабылдау; Қазақстан – көпұлтты мемлекет, оның мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Қазақ тілі әлемдегі өте бай тілдердің бірі. Елдегі барша азаматтар мемлекеттік тілді білуге міндетті. Мемлекеттік тіл бірінші кезекте барлық деңгейдегі мемлекеттік органдарда, одан кейін білім және ғылым саласында енгізілуі қажет. Жақын болашақта сот және өнеркәсіпте де қолданылуы тиіс. Ал, орыс тілі ұлтаралық қатынас тілі боп қала береді.Қазақстан халқының барлық әлемдегідей мемлекет құраушы ұлт – қазақ ұлтының маңына ұйысуын, сол арқылы елдің қауіпсіздігі мен территориялық тұтастығын қамтамасыз ету үшін, Мемлекеттік тіл туралы заңды және оны іске асырудың нақты тетіктері көрсетілген жаңа бағдарламаны қабылдау кезек күттірмейді», – деп жазылған.
2012 жылы болған депутаттар сайлауына қатысу үшін М.Шаханов бастаған тіркелмеген «Халық рухы» партиясы «Руханият» партиясының құрамына кіреді. Сол кезеңдерде бұл партиядан халық үлкен үміттер күтіп, мемлекеттік тілдің дамуына барынша септігін тигізеді деп ойлаған еді. Алайда, белгілі бір саяси себептермен билік «Руханият» партиясын сайлауға қатыстырмай қояды. Содан бері мемлекеттік тілді дамытуға байланысты бұл партияның үндеулерін байқай алмай келеміз.
Патриоттар партиясының жетекшісі, президенттікке үміткер болған Ғани Қасымов: «Тіл мәселесі – менің басты назарымда болатын басымдық. Бұл мәселе бойынша, мемлекет тарапынан түбегейлі жаңа көзқарас болуы керек деп есептеймін. Еліміздің әрбір тұрғыны үшін қазақ тілін білу қажеттілік болатындығына барлық жағдай жасалады. Еліміздің барлық азаматы үшін мемлекеттік тілді білгені үшін төлемнің үш деңгейлік жүйесін енгіземін», – дей келіп, ауызекі тілді білгендердің жалақысына – 10 пайыз, сөйлеп, жазып, оқып, іс жүргізіп, іскери хат алмаса алатындарға – 20 пайыз, тілді терең кәсіби түрде білетіндерге, сабақ бере алатындарға, дәріс оқитындарға, ғылыми мақалаларды аударатындарға 30 пайыз төлем жасайтынын айтқан. Сонымен қатар, ол өз жарлығымен Қазақ тілінің мемлекеттік академиясының құрамын, сонымен бірге Ана тілі атты мемлекеттік мереке белгілейтінін айтып уәде еткен. Өкінішке қарай, Қазақстан коммунистік халықтық партиясының бағдарламасынан мемлекеттік тілге қатысты өз ұсыныстарын кездестіре алмадық? Әйтеуір, баспасөз конференцияларда, журналистерге берген сұхбаттарында «тілді дамытамыз, тілді дамытамыз» деген құр ұрандарды ғана естисің. Іс былай тұрсын, бағдарламасында «мемлекеттік тілді дамытуды» көрсете алмаған партияға еш сенудің қажеті жоқ. Тіл жанашырлары дәл осы партияның билік басына келмегенін тілегендері жөн.

«Ақ жол» мемлекеттік тілді дамытуда ақ жолдан жүр

«Ақ жол» партиясы «қазақ тiлiн сақтау мен дамытудың, оны қоғамдық өмiрдiң барлық саласында қолданудың тиiмдi және көңiлге қонымды саясатын жүргiзеді» деген өз бағдарламасында. Әрине, сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де партия мемлекеттік тілді дамытуда белсенді рөл атқарып жатыр. Мойындау керек, «Ақ жол» партиясы «Алаш аманатын» арқалап жүрген партиялардың бірегейі. Өткен жолы сайлау додасының алдында «Біз – «Алаш» партиясының мұрагері, рухани ізбасарымыз» деп, дүркіретіп жаһанға жар салған «Ақ жол» партиясы ұлттық құндылықтарды дәріптеуді өзінің басым бағыты ретінде жариялағаны бәріміздің есімізде. Оның ішінде «ұлттық кәсіпкерліктің» өрісін қолдай отырып, «ұлтшылдықтың» туын көтеруді, мемлекеттік тілді дамытуды міндетке алған еді.
Мемлекеттік тілді дамытуға байланысты сайлау алды сол бір тұғырнамсында «Ақ Жол» партиясы: «Парламентке өтіп, алдағы 5 жылда біз 10 басым міндетті шешу үшін жұмыс істейтін боламыз», – деп атап көрсетеді. Соның ең бірінші басым міндеті: «Қазақстанның басқа этностарының тілдік және этномәдени өзіндік ерекшеліктерін құрмет тұтып, қазақ тілінің мәртебесін және қолданылу аясын ұлғайта отырып, Қазақстан халқының бірлігін қамтамасыз ету; Мемлекеттік тілді дамытуға арнап бөлінген мемлекеттік қаражаттың тиімді пайдаланылуына және іс жүзіндегі нәтижелілігіне кепілдік беру; 2020 жылға қарай қазақстандықтардың 90%-ының мемлекеттік тілді меңгеруіне қол жеткізу; Жас ұрпақты тәрбиелеу ісін Қазақстанның ұлттық тарихына, қазақ тіліне және қазақ мәдениетіне, сол сияқты басқа этностардың тарихына, мәдениеті мен тіліне құрметпен қарау рухында жүргізу; Қазақстан Республикасының азаматтығын қазақ тілі, ҚР Конституциясы және Қазақстан тарихы бойынша емтихан тапсырғаннан кейін беруді заңнамалық тұрғыдан бекіту». Әрине, «Ақ Жол» партиясы бұл айтқандарын естен шығарып жатқан жоқ. Бүгінде мемлекеттік тілді дамыту үшін ауыз толтырып, айтарлықтай шаруалар атқарып жатыр.
«Ақ жол» қазақтілді түлектер құқығын қорғайды... Дәл осы ұранмен партия басшысы Азат Перуашев мәжілісте бұрынғы Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловқа бірнеше рет депутаттық сауал жолдап үлгерген. Мәселен, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясына Астана қаласындағы № 48 мектеп-лицейінің түлегі, «Алтын белгі» иегері Ж.Т.Үрбісіновадан арыз түседі. Қазақ-Британ Техникалық университетінде геология және пайдалы қазбаларды барлау мамандығы бойынша білім алмақ болған талапкер құжаттарын сонда тапсырған. Аталған ЖОО-да бұл мамандық бойынша оқу тек орыс тілінде жүретіндіктен, ол мектепте қазақ тілінде оқығанына қарамастан білім алуды орыс тілінде жалғастыруға келісімін берген. Алайда ҚБТУ-нің қабылдау комиссиясы талапкердің мектепте мемлекеттік тілде оқып және ҰБТ-ді мемлекеттік тілде тапсыруына байланысты мұндай шешімнің мүмкін еместігіне меңзеген. Сондай-ақ, Азат Перуашев министрдің назарын «Ақ жол» ҚДП-ның парламенттік фракциясы мүшелерінің 2012 жылғы 19 маусымдағы депутаттық сауалына аударды. Онда оқыту тілі бойынша мемлекеттік гранттарды үлестірудегі теңгерілмеген жағдай туралы мәселе көтерілген болатын. Сол кезде ақжолдық депутаттар қазақ мектептерінің түлектеріне қатысты үйлесімсіздікке нақты мысалдар келтіре отырып, талапкерлердің мектепті бітіру тіліне қарамастан, тек қана көрсетілген білімдерінің нәтижелері бойынша гранттарды үлестіруге көшуді ұсынған. Қазақ мектептері түлектерінің заңды мүдделерін көздейтін ережелерді жедел әзірлеп, қабылдау қажеттігін айтқан. Мұның өзі «Ақ жол» мемлекеттік тіл саясатын басты назарда ұстап отырғандығын көрсетеді.
«Кейбіреулер «ойбай, тілден айырылдық» деп шырылдаса, басқа бір топ бұл төңіректе еш қиындықты байқамай, оны құр байбалам деп бағалайды. Ендеше, бұл да баршаға ортақ әңгіме. Ал менің өз пікірім: ана тілімізге жоқтау айтуға болмайды. Тіл – дұрыс жолмен дамып келеді. Біз тек ел азаматтары ретінде өз үлесімізді қосуымыз керек. Сосын сөзден іске көшпекшіміз», – дейді «Ақ жол» басшысы А.Перуашев. Расында, сөзден іске көшкен партия мүшелері болып табылатын мәжіліс депутаттары парламентте ұлттық мәселе төңірегінде, мемлекеттік тілді дамыту төңірегінде бірқатар ұсыныс-пікірлерді ортаға салып, бірнеше рет депутаттық сауалдар жолдап үлгереді. Ең бастысы, қазақтың ұлттық мәселесін маңызды санап, құндылықтарымызды ұлықтап жүрген көптеген азаматтар, ұлтжандылығымен белгілі бірқатар тұлғалар «Ақ жол» партиясының мемлекеттік тілді дамыту бастамаларына қолдау білдіруде. 
Саяси партиялардың орталық пен филиалдарында мемлекеттік тілді білетіндердің үлес салмағын арттыруға өз үлестерін қоспайтындығы баяғыда-ақ анықталып қойған. Тіпті, «Нұр Отан» партиясының өзі кешенді түрде мемлекеттік тілді оқыту үрдісін жүргізбейді екен. Қазақ тілін оқуға ниет білдірген барша азаматтарға тегін оқытуды Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы ғана жүзеге асырып жатыр. Айта кету керек, қазіргі таңда аталмыш курстар партияның кейбір аймақтық бөлімшелерінде ұйымдастырылды. Дегенмен де, басқа партияларға қарағанда, осыны үлкен жетістік ретінде қарастыруға болады. Басқа партиялардан ҚКХП-сы тегін түрде мемлекеттік тілге өз мүшелерін ғана оқытады, алайда «Ақ жол» сияқты кең ауқымда емес.

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 290 0








27/02/2024 11:57

ХАБАРЛАНДЫРУ
0 577 0








ТЕКСТ

Яндекс.Метрика