КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қазіргі Қазақстанның тілдік жағдайы, тілдік мәселесінде тікелей қазақ тіліне қатысты басты назар аудара бермейтін нәрсе – қазақ тілінің дамуындағы бәсекелестіктің болуы. Бәсекелестік бар жерде даму мен өркендеу бар екені белгілі. Әлемдегі тілдердің барлығы бір-біріне жау немесе дұшпан емес, өзара бәсекелестік қатынаста. Ал бәсеке жоқ жерде кері кету бар. Мәселен, өзіміз де көп талдап жүрген Ресейдегі орыс тілінің қазіргі таңдағы көптеген проблемалары дәл осы бәсекелестіктің жоқтығынан пайда болып отыр. Ресейде орыс тілі негізгі, басым, доминантты тіл, алайда бұл орыс тілінің бағы да, соры да болып отыр. Мемлекеттік бағдарламаларда орыс тілінің бәсекеге қабілеттілігі немесе бәсекеге түсуі жайында сөз қозғалмайды, мемлекет шенеуніктері де көңіл бөлмейді, себебі Ресейде орыс тілі жалғыз, негізгі, оның белгілі бір даму вектор-бағыты жоқ. Ал Қазақстанда қазақ тілі өзінен, өкінішке орай (әлде бағымызға орай ма), жоғары тұрған орыс тілінің деңгейіне жетуге деген талпынысы, яғни, бәсекесі бар. Есесіне, Ресейде татар тілінің дамуы қатты байқалады, орыс тілінен технология үрдісін «үйреніп алған» татар тілі қазіргі таңда IT-тілге айналып үлгерді.
Мойындайық: қазақ тілін дамытуға үлес қосып отырған орыс тілі ғой. Қазақ ұлттық оппозиционерлері де (Шаханов бастаған топ) қазақ тілінің мәселесін мемлекеттік деңгейде көп көтерсе де, орыс тіліне қарсы болмаған, тек қазақ тілінің жоғары деңгейде, яғни, орыс тілінен жоғары тұруын ғана қалады. «Біз орыс тіліне қарсы емеспіз, бірақ қазақ тілін қолдаймыз» деген ұранның шеңберінде үн қосты. Сонда елімізді орыс тілі мен қазақ тілін қарама-қарсы қойып жүрген, бір-біріне дұшпан етіп көрсетіп жүрген кімдер? Қанша дегенмен мұндай нигилистік көзқарастарды біз жай ғана пафос деп санаймыз, оның барлығы уақытша ғана. Ал қазіргі уақытта бос ұран мен эмоциядан гөрі қазақ тілін дамытуға деген шынайы істердің бастамасы байқалады. Себебі қазақ тілінің дамуына үлес қосып отырған орыс тілі екеніне күмән туғызбаймыз.
Демек, Ньютонның ІІІ-заңы бойынша, әрекет етуші күшке әрқашан да тең дәрежелі қарама-қарсы әсер етуші күш болады. Қазақстандағы үштілді тілдік саясаттың негізгі астары да дәл осы бәсекелестікте жатыр: үш тілді қолдау арқылы қазақ тілінің мәртебесін жоғарылату болатын. Бәрімізге белгілі, орыс тілі де, ағылшын тілі де қазақ тіліне қарағанда әлдеқайда қуатты даму өлшемі бар тілдер, ал үштұғырлы тілдік триада барлық тілдердің тең болуын насихаттайды, бұл үдеріс қазақ тілінің жылжу инерциясын туғызары шүбәсіз. Үштілділік концепциясының базалық құрылымы – қазақ тілін орыс тілінің деңгейіне жеткізу.
Әрине, тарихта тілдердің өзара әрекеттесуі көп болғанын жақсы білеміз, бұл әрекеттесулер тек қана бір тілдің жойылуымен ғана өлшеніп отырмағаны да белгілі, керісінше, бір-біріне әсер ете отырып дамушылық жолға түсті. Аядай ғана аралдың халқының тілі болған ағылшын тілі әлемдік деңгейге көтерілуіне латын тілімен байланысының басым болуымен түсіндіруге болады: ағылшын тілінің болсын, әлем тілдерінің болсын негізгі терминдік қоры – латын лексикасы, ал дәл осы латын лексикасының ағылшын тіліне молынан енуі Англияның индустриалды, ғылыми революция жасауына негіз болды. Яғни, латын тілінен енген ғылым ағылшын тілін өркендете отырып , Британия экономикасын төңкеріс тұғырына жеткізді. Сол тәрізді, XV-XVI ғ.ғ. түркі әскери басқыншылығынан біртұтас мемлекет болып қалыптасқан, кейін үлкен империя-державаға айналған Ресейдің орыс тілінің дамуына түркі тілі қатты әсер етті, кейін келе француз тілі мен орыс тілінің қапталдасуы тағы да орыс тілінің пайдасына шешілді. Қазір орыс тілінің сөздігінен түбірі орыс тіліне ғана қатысты төл сөздерін табу қиын, не грек, не латын, не түрік, не француз тілінен енген болып шығады. Орыс тілінің ғылыми негізін салған М.Ломоносовтың өзі кірме сөздерге қатты қарсы болса да, грек, латын тілінен енген терминдер мен кірме сөздерге қарсы болмаған. Туысқан тілдер украин тілі мен орыс тілінің бір-біріне тигізген әсері де соншалықты мол: Пушкин мен Гогольдың достығы бұл ағайынды тілдердің әдеби үдерісін үдемелі ете түсті.
Малайзияда ағылшын тілі мен малай тілі, Үндістанда хинди тілі мен ағылшын тілі, Сингапурда қытай тілі мен ағылшын тілінің бәсекелестік қатынасы орнаған, әсер ету-дамыту делдалдығы бар. Ағылшын тілінен енген IT-технологияны дамыту арқылы малай тілінің даму деңгейі өскен болатын, ал Сингапур ағылшын-қытай тілдерінің өзара дискурсының арқасында ірі экономикалық кеңістікке айналды. Әлемде болып жатқан метрополия-тілдерді қайтадан қабылдау тәрізді әлемдік тілдік тенденциялар дәл осы бәсекелестікті орнату процесіне негізделгені түсінікті: Африка мемлекеттерінің француз, ағылшын тілдерін, Оңтүстік Америка мен Орталық Американың испан, португаль тілдерін, ТМД мемлекеттері орыс тілін, Орталық Азия араб тілін, Шығыс Азия мемлекеттерінің ағылшын тіліне орала бастауы осыны білдіреді.
КСРО кезінде ұлттық тілдерді шеттету орын алып отырса да, оларды дамытуға кеңінен көңіл бөлінгенін көреміз. Бүкіл одақта әдебиеттің өркені өсіп тұрған дәуірде Одақ тілдерінде мол тиражбен кітаптар шығару, олардың орыс тіліне, одан қалса, шет тілдеріне аудару, өнер мен мәдениетті дамыту жолында отандық, ұлттық театрлар мен өнер мектептерін көбейтуі, олардың өнерін шет елдерге, Мәскеуде насихаттау жұмыстары кең етек алғанын білеміз. Үлкен кеңістік пен географиялық-менталдық аймақты резиденциясына алып жатқан, әлемнің 3/1 бөлігін иеленіп отырған «отағасы мемлекеттің» біртұтас экономикасын қалыптастыру үшін біртекті тілдік саясат керек екені белгілі, сондықтан да өзге тілдерге қоғамдық-мемлекеттік мәртебе берілмеді, тек одақ көлеміне орыс тілінің ғана дәурені жүрді. Тіпті, орыс тілі КСРО Конституциясында одақтың мемлекеттік не ресми тілі деп белгіленбеген де, алайда одақ мүшелері интуициялы түрде орыс тілін ортақ қатынас құралына айналдырды. Сол уақытта БҰҰ әлемдегі ең альтернативті, әлдеқайда дұрыс тілдік саясат ретінде КСРО тілдік саясатын бағалаған екен. Дәл осы орыс тілі біраз тілдердің техникалық-индустриалды жобасының, үлгісінің қалыптасуына мүмкіндік берді, нақтырақ айтсақ, өзге тілдер орыс тілінің кеңістігіне ұмтылу арқылы өз-өзін қамтамасыз ете алды. Сол тілдердің бірі – қазақ тілі. Қазақ тілі орыс тілінің әсерінен ғылыми-техникалық революцияны бастан кешті, ғылыми негізі қалыптасты, әлі де қалыптасу үстінде.
Оның үстіне орыс тілі интернет кеңістігін жаулауы жағынан ағылшын тілінен кейін екінші орында тұр, ал әлемдегі әдебиеттер мен шығармаларды аудару жағынан 7-орында тұрған тіл. Н.Назарбаев жолдауында: «егер технология Қытайдан келсе, онда қытай тілінде сөйлеуге ұмтылатынымыз хақ, ал дәл қазіргі уақытта технология Ресейден келеді, сондықтан орыс тілінде сөйлеуге мәжбүрміз» деген еді. Орыс тілінің әлемдік деңгейдегі осындай жетістіктері оның басымдығын онсыз да арттыра түспек. Орыс тілі жетіп отырған Қазақстандағы ресми-қоғамдық қызметі мен мәртебесі қазақ тілінің алға жылжуын қамтамасыз етпек. Мәселен, Елбасы әлемдік классикалық шығарма үлгілерін қазақ тіліне аударуды қазақ тілін дамыту саясаты ретінде ұсынды, ал ол әдебиеттерді аудару үшін орыс тілінің делдалдық қызметі қажет екені белгілі. Қазақ тіліндегі әдебиеттер де әлемдік тілдің бірі ретінде саналатын орыс тіліне ғана аударылады, кейін келе орыс тілінен өзге тілдерге тәржімаланады.
Ал бәсекелестік жоқ жерде не болады. Ресейдегі орыс тілінің дамуы туралы сыни көзқарастар көп. Халықтың сауаттылығы мен шенеуніктердің сауаттылығы кеміген, орыс тілінің ластануы, бөлшектенуі, будандалуы байқалады. Мектеп пен ЖОО-да орыс тілін оқыту қысқартылған, мектеп оқулықтарында оқып жүрген орыс тілінің түсініксіздігі жайлы көп айтылады (бұл тіл ХІХ ғасырдағы орыс әдеби тілі еді), педагогикалық білім беру төмендеген, БМЕ (единый государственный экзамен) жүйесінде орыс тілінен нәтиже қанағаттандырарлықсыз, бір сөзбен айтқанда, білім беру реформалары орыс тілінің ыңғайына шешілмей отыр. Ал сөйлеу тілінде американдық элементтердің, жаргонданудың кең етек алуы, интернет тілінің бұзылуы тәрізді жағымсыз жайттар жайлаған. Мемлекет орыс тілінің бұлай кеміп бара жатқанына аса көңіл бөліп отырған жоқ, себебі олар үшін Ресейде бір тіл ғана бар ол – орыс тілі және оның қуаты мықты деген түсінік қана. Алайда Ресейден тыс кеңістікте орыс тіліне деген бәсекелестік бар, бұл жай ғана бәсеке емес, нағыз агрессияға толы процесс орын алған. Балқан елдерінде, Украина, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдерінде орыс тіліне қарсы қатаң шаралар қолданылып отыр. Есесіне бұл елдердіегі орыс тілінің жағдайы Ресейдегі орыс тіліне қарағанда жақсы десек болады, Ресейде табиғаты бұзылып жатқан орыс тілінің Қазақстанда, Беларусь елдерінде нағыз тарихи үлгісі сақтала білген және мұндағы орыс тілінің «тасымалдаушылары» Ресейдегі орыс тілі өкілдеріне қарағанда әлдеқайда сауатты. Орыс тілін үйреніп келген шетел азаматы бірде-бір кірме элементі жоқ орыс тілінің нағыз табиғи үлгісінде сөйлейді, себебі шет елдегі орыс тілінің табиғаты мүлдем бөлек. Сондықтан да Ресей ғалымдары дәл осы шет елдегі орыс тілін сақтап қалуды ойлап отыр. Ресей саясаты орыс тілін Ресейдің имидж қалыптастырушы құралы ретінде әлемде барынша насихаттап отыр, тек Ресейдің өзінде емес.
Орыс тілінің қазақ тіліне кері әсері бар дегеннің өзінде қазақ тілі құртылып кетпейді ғой. Әлемдік державалардың, империялардың өздері тілдерді құрта алмағанын байқаймыз. Британия өз қол астындағы айриш (ирланд тілі), валий тілдеріне, Испаниядағы каталон (балеар, валенсия), баск, галисия, аран тілдеріне, Франция баск тіліне қатысты қанша жойқын тілдік басқыншылық жасағанымен, аталған тілдер әлі күнге дейін бар және мемлекетте белгілі бір деңгейде өз орны айқындалған. Сол тәрізді қазақ тілінің де құртылуы мүмкін емес. Оның үстіне қазіргі экономикалық дағдарысты орын алған уақытта көптеген мемлекеттерде тілдік қолдаулар (институт, академиялар қысқарып жатса Ресейде РАН реформасы, Түркияда Түрік Лингвистикалық қоғам қызметің тоқтатуы) кеміп жатса да, Қазақстан қазақ тілін дамытуды барынша қолға алып отыр. Қазақ тілі мемлекеттің біріктіруші идеологиясына айналды. Мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар іске асырылып отыр.
Әрине, Қазақстан бүтіндей екітілді не үштілді болғанда, қазіргідей тілдік мәселелердің болмау мүмкіндігі ғажап еді. Финляндияда фин тілі мен швед тілі, Канадада француз тілі мен ағылшын тілі, Швейцарияда француз, неміс, итальян, ретороман тілдері, Үндістанда ағылшын тілі мен хинди тілдері, Бельгияда француз, фламенд, ағылшын тілдері, Беларусьте орыс тілі мен беларусь тілі, Сингапурде қытай тілі мен ағылшын тілі, Пәкістанда урду тілі мен ағылшын тілі тәрізді тілдік диалогтерді мысалға келтірсек болар еді. Алайда қазіргі қазақстандық тілдік саясат тікелей осы бағытқа қатысты координация сызғанын аңғаруға болады.
Қазақстаннан тыс аймақтарда өмір сүретін қазақ диаспораларының қазақ тіліне деген ықыласы да жоғары. Геральд Бельгер «Мен Германияда, Францияда, Данияда тұратын қазақтармен кездескем, олар өздерінің ана тілдерінде тамаша сөйлейді» дейді. Расымен де, Түркиядағы, Ирандағы, Қытайдағы қандастарымыз өздерінің ана тілдерін ғажап түрде сақтай білген. Себебі бұл қазақтарда бәсеке бар еді, өзге тілдер қаншалықты әсер еткен сайын өз тіліңе деген сүйіспеншілігің, қадірің арта түсері хақ.

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 291 0








27/02/2024 11:57

ХАБАРЛАНДЫРУ
0 578 0








ТЕКСТ

Яндекс.Метрика