THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Абайдың маржандай ойлары, гауһардай теңеуі бүгінде эстрада саласында быт-шыты шығып жатыр. Әрі тартса әріге, бері тартса беріге келмейтін ән сөздерінде не мағына, не мән қалмағаны сонша қара сөз етіп оқи да алмайсың. Құдды үйіліп жатқан сөздердің ішінен уыстап алып, қатар-қатар өлең етіп жая салған секілді бір сөзі, бір сөзін танымайды.
«Өлең сөздің патшасы сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы,
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Жұп-жұмыр тегіс болсын айналасы», – деп жырлаған Абайдың маржандай ойлары, гауһардай теңеуі бүгінде эстрада саласында быт-шыты шығып жатыр. Әрі тартса әріге, бері тартса беріге келмейтін ән сөздерінде не мағына, не мән қалмағаны сонша қара сөз етіп оқи да алмайсың. Құдды үйіліп жатқан сөздердің ішінен уыстап алып, қатар-қатар өлең етіп жая салған секілді бір сөзі, бір сөзін танымайды.
Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,
Ол – ақынның білімсіз бишарасы, – деп ұлы ақынның айтқанындай әннің сөздері бишараның күйін кешіп тұр. Оны мынауың жөн емес ғой деп жатқан адамдар да аз. Соған қарағанда Абайдың:
– Айтушы мен тыңдаушы көбі надан,
Бұл жұрттың сөз танымас бір парасы, – деп ашынғаны өте орынды-ау дейсің. Тіпті, «Бір парасы» емес, «басым көбі» деп айтуға болады-ау. Олай дейтінім қазіргі әндердің біреуін, нақтылап айтқанда Диана Шарапованың орындауындағы «Айтарым жоқ» әнін назарларыңызға ұсынайыншы. Сөзін А.Дүйсенов жазған.
Көз ілместен жылдар бойы,
Сені ойлаумен жүрген едім
Әркез махаббатым,
Бір өзіңді балап арманға.
Бағалай алмадың махаббатым.
Бара алмадық бірге арманға.
Қайтемін төзем дертіме,
Тек енді, жаным, мені іздеме.
Қайырмасы:
Айтарым жоқ,
Айтарым жоқ енді саған.
Сен мені іздеме,
Енді өкпелеме, жаным,
Шыдайтын қалмады төзім.
Бар еркің өзіңде,
Тек мені іздеме, жаным.
Қайғырады, зарығады, қиналады,
Жүрегім неліктен, махаббатым.
Жібермейді мені қияға,
Қаймығамын, торығамын, сағынамын.
Жіберсеңші мені, махаббатым
Қайтейін сағым боп далаға.
Қайтемін төзем дертіме,
Тек енді, жаным, мені іздеме
Қайырмасы:
Бірдеңе түсіндіңіз бе? Әйтеуір өз басым ештеңе түсінгенім жоқ, тіпті мына сөзің, ана сөзің деп сынауға да, жөндеуге де келмейді. Күйе түсіп күл еткен киізден айырмашылығы жоқ. Дәл осы өлеңді Абай тірі кезінде оқыса не болар екен?
Өлең деген тумайды жайшылықты,
Өлең деген тулайды қайшылықта.
Ақын болсаң жарқыным алысқа аттан,
Күнделікті тірлікке бой суытпа, – деп жырлаған Мұқағали көрсе ше?
Ашыл, көңілім, хош ұрып,
Сөйле, тілім, жосылып.
Тереңнен барып тер гауһар,
Ақыл мен білім қосылып, – деп жырлаған шайырлардың бірі Шораяқтың Омарының қолына түссе не етер екен? Әй, бірақ бұларда қысылатын ұят, қызаратын бет жоқ-ау. Болмаса «жүрегім», «тастап кеттің» дегеннен өзге ауыздарына сөз түспей ыңырси беретін бұларды қанша адам сынады. Тасқа айтқан сөзің даңғырлап өзіңе қайтып келеді демекші бұл айтып отырғаным да кереңге сыбырлағандай ғой. Сондықтан, әй, менің де айтарым жоқ.
Алайда осы эстрада жұлдыздарына сөз жазатын ақындар кішкене ойланып, жан жағына қараса деймін. Ата-бабамызда ғашықтық әндер болған жоқ емес, болды, солардан неге үлгі алмайды. Бір ғана Абайдың ғашықтық әндерін неге үлгі етпейді. Ол түгілі қоғам зарын, заман уын ішіп өткен Тұрмағанбет Ізтелеуов ақынның өзі:
Жарқын жүз, түлкі тұмақ, құралай көз,
Маржандай тізіліп тұр отыз тісің.
Наз бенен қылығыңды көрген кезде,
Елжіреп қорғасындай кетту-ау ішім, – деп Ақжібек қызға сезім отын арнады емес пе? Осындай кестелі сөзден неге нұсқа алмас. Сабан санды салмақсыз сөзбен сахнаға шығу елді сыйламау, халықты құрметтемеу емес пе? Мүмкін бұған мемлекет тарапынан тиым салынып, көркемдік кеңес құрылар дейін десем, бұл ұсыныста сан мәрте жасалып, ақпақұлақтан ағып кетіп жатыр. Ия, айтатыны жоқ, бұл бір үлкен дауылға айналып, «Өлең» деген патшалықты қиратып жатыр.
"Kazaitys.kz"
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ