THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
ҚАЗАҚ ТІЛІН ҮЙРЕНУШІЛЕРГЕ АРНАЛҒАН ПОРТАЛ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
Авторы: Әйгерім ДАЛДАБАЙ
03/12/2023 00:00 0 2427 0
Қазақ тілін өзге тілді аудиторияларға оқыту, өзге ұлттың өкілдері
қазақ тілін өз бетінше үйрену мәселесі қазіргі таңда көп айтылып жүр.
Мемлекеттік тілді дамыту үшін заман талабынан қалмай, тіл үйренушілерге қолайлы
жағдай жасап беру маңызды. Сонымен қатар тіл үйретушілерге нәтижелі
әдіс-тәсілдерді пайдалану, оқу құралдары, тапсырмалар, түрлі көрнекіліктердің
қолжетімді болуы тілді үйренушілердің санын арттырары сөзсіз. Осы мақсатта Алматы
қаласы әкімдігінің тапсырысымен Мемлекеттік тілді дамыту институты әзірлеген Қазақ
тілін үйренушілерге арналған https://bilim.mtdi.kz/ порталының жобасын
таныстыру және жетілдіруге байланысты 30 қараша күні семинар-кеңес өткізілді.
Семинар барысында тіл үйренушілер мен үйретушілерге арналған
кеңестер мен ұсыныстар бөлігі таныстырылды, ақпаратты мәтін және видео түрінде
жүктеудің тиімділігі айтылды. Үздік интерактив тапсырмалар бөлігінің еліміздегі әріптестеріміз үшін ұтқырлығы,
қажеттілігі, қолжетімділігі баяндалды. Сондай-ақ алты деңгейге арнап оқу ресурсын толтырудың
мәні мен мақсаты, ортақ ресурстарды пайдаланудың тиімділігі жайлы сөз етіліп, Алматы
қаласы әкімдігі тапсырысы бойынша жасалып жатқан тыңдаушыларды бақылауға
арналған электронды базаның мақсаты түсіндірілді. Жиын соңында үш түрлі (оффлайн, онлайн, өз
бетінше) бағытта оқудың жайы баяндалып, Мемлекеттік тілді дамыту институтының
атқарушы директоры Бижомарт Қапалбек жиынға қатысушы мектептердің, арнайы оқу
орындарының және жоғарғы оқу орындарының мұғалімдеріне игілікті іске бірге
атсалысуға, Мемлекеттік тілімізді дамытуға шақырды.
Семинар-кеңеске Алматы қаласы әкімі аппаратының Тілдерді
дамыту және ономастика бөлімінің қызметкері Шәрмерденов Нұрмұқа Рысбайұлы, Алматы
қаласы жоғарғы оқу орындарының қазақ тілі
кафедрасының оқытушылары атап айтқанда, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университетінің А. Байтұрсынов атындағы қазақ тіл білімі кафедрасының аға оқытушысы Егізбаева Назыкен, С. Асфендияров
атындағы Қазақ Ұлттық медицина университеті қазақ тілі кафедрасының доценті,
филология ғылымдарының кандидаты Зайсанбаев Төлеубек Қизатұлы, Тұран
университеті тілдер кафедрасының оқытушысы Мұхамедқали Аида Аяпбергенқызы,
«IZDEN» тілдерді үйрету орталығының
негізін қалаушы, қазақ тілі пәнінің мұғалімі, тәжірибелі педагог Боранбаева
Бубайша және аталған оқу орындарының өзге де оқытушылары онлайн форматта
қатысты.
Сонымен қатар ZOOM платформасы арқылы онлайн форматта Қазақстанның
түкпір-түкпіріндегі жоғарғы оқу орындарының оқытушылары, мектептер мен
гимназиялардың, лицейлердің қазақ тілі мұғалімдері, өңірлердегі тіл
басқармаларына қарасты ересектерге мемлекеттік тілді үйрететін тіл орталықтарының
мамандары қатысты. Портал таныстырылымынан кейін қатысушылар өз пікірлері ме
идеяларын айтты. Алдағы күні аталған порталды әрі қарай жетілдіру, қолданысқа
енгізу жұмыстары жүргізіледі.
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ