THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Елімізде тұңғыш рет облыс орталығында «Қазақстан аймақтарындағы қымыз өндіру тәжірибесі және оның даму келешегі» тақырыбында «Қымыз – ұлттық құндылығымыз» атты бірінші республикалық форум өтті.
Ағымдағы жылдың шілде айында оңтүстік өңірлердегі қымыз өндіруші шаруаларға арналған шара Тараз қаласында өткен болатын. Елімізде тұңғыш рет облыс орталығында «Қазақстан аймақтарындағы қымыз өндіру тәжірибесі және оның даму келешегі» тақырыбында «Қымыз – ұлттық құндылығымыз» атты бірінші республикалық форум өтті. Аталған шараның Тараз жерінде өтуіне Жамбыл облысы әкімдігі, Оңтүстік өңірлер жоғары оқу орындары ректорларының кеңесі, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ, «Қазақ мал шаруашылығы және азық өндіру ғылыми-зерттеу институты» және «Заң» ЖШС атсалысты. Форумға Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Түркия елдерінің өкілдері қатысты. М.Дулати атындағы ТарМУ-дің ректоры, профессор Махметқали Сарыбеков шілде айында университетте қымыз өндірісін дамыту және оның жолдары тақырыбында аймақтық ғылыми-практикалық конференция өткендігін алға тартып, бүгінгі шара соның жалғасы екендігін айтып өтті. Жалпы, ректор алдағы уақытта елімізде қымыз өндірушілердің палатасын құру жоспары бар екендігін де тілге тиек етті. Шындығында, елімізде қымыз өндіру үлесі Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстары шаруаларының еншісіне тиесілі екен. Оның қатарында Жамбыл облысында, Ресейде (Татарстан, Саха, Якутия) өндірілетін қымыз өндірілетінін екінің бірі біле бермейді. Ал Қазақстан жылқы етін өндіруде әлемде үшінші орын алады. Осы жиында қымыз өндірісін жандандыру жолдары мен жылқы малының аналық басының ауруларының алдын алу мәселелері ортаға салынды. Бүгінгі күні қымызды екі айға дейін сақтау технологиясын патенттеп алған – «Заң» ЖШС.
– Біз өз шаруашылығымызды 2000 жылы Тараз қаласында асыл тұқымды шаруашылықпен бастадық. Жылқы басы көбейе бастаған соңғы сегіз жыл ағымында қымыз өндірумен айналысып отырмыз. Ал кейінгі үш жылда жаңа технологиялар негізінде өндіріске түркиялық аппараттармен бие сауу технологиясын енгіздік. Дегенмен өндірісте заманауи технологияларды енгізу мақсатында облыс орталығындағы М.Дулати атындағы ТарМУ-дің ғалымдарымен бірлесе жұмыс жасаудамыз. Қазіргі ұстанымымыз – қымыз өндірісін жетілдіру және экологиялық таза өнімді жұртшылыққа жеткізу. Соны жетістіктеріміздің нәтижесінде қымыздың төрт түрін өндіріп отырмыз. Біріншіден, биеден сүт техникамен сауылған соң таза болады. Екіншіден, сауындық сүт екі есе көбейеді. Және бұл жұмыстармен тек бір ғана адам айналысады. Бұған дейін қымызды немістер патенттеп алыпты деген дақпырт жүрген-ді. Бұл біздің де намысымызды қайраған соң бел шеше қолға алдық бұл шаруаны. Сондықтан алғышартты жұмысымыз соңғы бір жарым жылдың ішінде ғалымдармен бірлесе отырып, қымыздың сақталу мерзімін екі айға дейін жеткізіп, патенттеп алдық. Бұл жұмыстар ешқандай консервантсыз, қоспасыз жүзеге асты. Міне, он күн болды патентімізді қолымызға алдық. Ел Үкіметі бұл шараға да қолдау көрсетіп отыр. Өзге ел қымыздың патентін аламыз деп бізге мүдделес бола алмайды енді. Қазір жүргізіліп жатқан тәжірибелер барысында қымызды сақтау мерзімін алты айға жеткізуге қол жеткізбекпіз. Бастаған жұмысымызда жүйелі нәтижеге қол жеткізу барысында халықаралық ұйымдарға патенттеу шараларын қолға алдық. Қымыздар қазір ветшыны ыдыстарға құйылып, оларға тауарлық белгілер таңбаланған. Яғни, біздің тауарлық белгіміз – «Хан қымыз» деп аталады. Қымызды өндіруде өзіміздің аталарымыздан келе жатқан технологиялар қолданылуда. Қымыздың ашуының негізгі тетігі – ол қымыз жоғарыдан төменге қарай пісу керек. Бұл ерте заманда көшпенділердің кең қолданған әдісі. Күбілерді киікотына ұстаймыз. Біздің қолданып отырған жүйеміз толығымен кластерлік жүйеге негізделген. Биелер өзіміздікі, олардың жем-суын өзіміз дайындаймыз. Қазір немістер бізден ұнтақ сұрауда, жапондықтар «таблетка» түріне сұраныс түсіруде. Сондай-ақ Израиль мемлекеті бізден таза табиғи қымызды сұрап отыр. Олардың өтініші, өнімдер шыны ыдысқа құйылса деген тілек. Бұл мәселелерді өткен жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескенімде көтерген едім. Өйткені Елбасы «қымыз өнімі экспортқа шығады ма?» деген сауал қойған болатын. Иә, біз келешекте экспортқа шығамыз. Енді Елбасы алдында экспорт мәселесі көтерілген соң оны соңына жеткізуді межелеп отырмыз. Өйткені қымыз сусынын өндіру мен тұтыну әлемнің Қытай, Моңғолия, Ресей, Франция, Германия, Араб Әмірліктері сияқты елдерде кең тараған. Қазір қаржы және өзге де ұйымдастыру мәселелері қаралып жатыр. Мемлекеттен субсидия бөлініп отыр. Бір литр қымызға 60 теңге белгіленген. Бұл әрине, төмен. Келешекте қымыз өндіретін зауыт салатын болсақ, шаруалардан сүт қабылдауды белгілі бір жүйемен жүзеге асырмақ ойымыз бар. Сүт өңделеді және өнім өзіміздің әдісімізбен дайындалады. Осылайша қымыз өндірісін өркендетіп, оның түрін көбейтпекпіз. Бұл әрине, уақыт еншісіндегі дүние болғанымен, бүгінгі шара барысында ойда жүрген нәрселерге қозғау салар пікірлер мен түйіндер болады деген сенімдемін. Қалай дегенде де, ұлттық құндылықтарымызды бағалау, оны әлемдік дәрежеде көрсету үшін барымызды көрсете білуіміз керек. Отандық өнімді қолдаудың жолы осылайша бастау алмақ, – дейді «Заң» ЖШС-ның директоры, ғалым Дүйсенбек Ибінәлиев.
Айқын
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ