THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Соңғы жылдарда
елімізде кітап шығару жеке өндіріс саласы ретінде дамып келеді. Жылдан-жылға
баспа және баспа ісімен айналысатын ұйымдар қатары көбеюде. Қазақстандық
баспагерлер өз өнімдерін отандық қана емес, шетелдердің көрмелерінде мақтан ете
алатын дәрежеге жетті. Дегенмен де, еліміздің баспа ісі саласында әлі де
шешімін таппаған мәселелер жеткілікті. Осы орайда мамандар баспа саласын
нарыққа икемдеу жағы әлі кенже қалып келетіндігін баса айтып жүр. Бұл тұста
атап өтетін мәселелер өз алдына бір бөлек.
Бүгінде кітап
шығару, кітап тарату, шыққан өнімдерді жарнамалау, кітап сапасын арттыру,
авторға қаламақы төлеу, сонымен бірге баспа мен автор арасында тығыз әрі кәсіби
байланыс орнату өз деңгейінде мейлінше шешілмеген мәселелер қатарында қалып
қоюда. Еліміздің баспа жүйесіндегі мәселелерге назар аудара отырып, бүгінде
автормен баспа арасындағы байланыстың орнығуы көп жағдайда тиісті министрлік
тарапынан жүзеге асып отырған жобаларға байланыстылығын көреміз.
Баспа
саласындағы қазіргі жағдайға назар аударатын болсақ, елімізде кітап шығару ісі
мемлекеттік бюджеттік бағдарламалар аясында жүзеге асып келеді. Соңғы жылдарда
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан баспа
бағдарламаларын жетілдіруге зор маңыз берілуде. Мысалы, «Әдебиеттің әлеуметтік
маңызды түрлерін шығару» республикалық бюджеттік бағдарламасын жүзеге асырудың
нәтижесінде, әдебиет саласында жас қаламгерлер еңбектері жариялана бастады.
Мемлекеттік тапсырыс бойынша республиканың белгілі публицистерінің еңбектері
«Тәуелсіздік толғауы» сериясымен жарыққа шықты. «Жаңа заман әдебиеті», «Жас
толқын» сериясымен Қазақстанның белгілі жазушылары мен ақындарының еңбектері де
оқырмандарымен қауышты.
Осы орайда кітапқа
жанашыр азаматтардың бірі, бүгінде ҚР Ұлттық мұражайының директоры Дархан
Мыңбайдың бастамашылығымен енген «Жас толқын» сериясын ерекше атап кетуге
болады. Осы сериямен жас қаламгерлердің, оның ішінде Б.Сарыбай, А.Әлменбет,
Ә.Уәлиханұлы, А.Мырзахмет, С.Закерұлы, Ж.Көкенов, т.б. басқа жас қаламгерлердің
туындылары өз оқырманына жол тартты. «Жас толқын» жас оқырмандар арасында ғана
серпіліс туғызып қойған жоқ, әдебиеттің биігінде жүрген аға буын қаламгерлердің
кейінге көз жүгіртіп, әдебиеттің соқпағында жаңа қатардың сап түзеп келе
жатқандығына көздерін жеткізе түскендей болды. Мұның өзі әдебиетте аға буын мен
жас толқын арасындағы алтын көпір салып бергенмен пара-пар деуге негіз бар.
Ғаламтор сайттарының бірінде: «Жалын» баспасынан жарық көрген «Жас толқын»
сериясы бойынша шыққан кітап авторларының атынан Дархан Мыңбай мырзаға шексіз
алғысымды білдіремін! Ол кісінің әдебиеттегі жас буын өкілдері үшін
жасаған игілікті ісі туған ұлтының дамуына қосқан елеулі бір үлесі
деп білемін» деген жолдар жазылыпты. Д.Мыңбай шығармашылыққа деген құлшыныс жас
авторлардың да бойында әрдайым болатындығын, «Жас толқын» сынды жобалардың жас
әдебиетшілер шабытын, құлшынысын оятуға мүмкіндік беретін үлкен қолдау
екендігін назарға салады.
Дәл осы тұста ҚР
Мәдениет және ақпарат министрлігінің тұтқасын ұстаған жылдарда Д.Мыңбайдың
шығармашыл одақтарды біріктіру туралы ұсынысы еске түседі. 2012 жылы Алматыда
өткен алқалы жиындардың бірінде кітап жанашыры аға қаламгерлердің ұсыныстарын
тыңдай келе, жақсы кітап шығару үшін қаламгерге жақсы қаламақы төленуі тиіс,
шығармашылық одақтардың басын қосатын бір орталық қажеттілігіне назар аударған
болатын. Бүгінде осы одақтың қажеттілігі басым болып отыр. Себебі шығармашыл
ортаның тығыз байланысы әдебиетімізге ауадай қажет. Шығармашылық одақтардың
патриоттық тәрбие жұмыстарын, рухани және мәдени тәрбиелеу саласын
дамытуға бағытталған жобаларды жүзеге асырудағы рөлі зор.
Республиканың
басылымдарында жарық көрген «Кітапқа көзқарас – мәдениеттілік өлшемі» атты
мақаласында Д.Мыңбай «Жалпы, автор табу, кітап әзірлеу, оны жүйелі басып
шығару, адресті оқырманға жеткізу – ұлт мәдениетінің құрамдас бөлігіне айналуы
тиіс. Бүгінде «Бір жылда бес кітап шығардым» деп мақтанып, күпінетіндер
ақын-жазушы деген тұлғаның пародиясы ретінде ұғынылатын кезге келдік. Қанша
дарынды, алғыр болса да ешбір жазушының бір жылда бес, тіпті үш кітап жазуға
адами, рухани, тіпті кәсіби мүмкіндігі жетпейтінін естен шығармайық. Егер,
кітап сауатты, маңызды, аса құнды болса, оқырман бір-бірінен естіп, оны
іздейді, қалай да оқығанша асығады. Демек, ең әуелі жақсы жарнама да, мүшелін
молынан қайыратын жылнама да – жақсы кітаптың өзі. Бүгінгі қазақ қағазы мен
кітабы ұяттан беті қызарып тұр. Баспагерлер қаржы-қаражат жолында мораль, этика
(әдеп) дегенді жинап қойып, кез келген тапсырысты қомағайланып ала береді.
Үйдегі отбасылық альбомда жиналатын суреттерді жалпы оқырманға ұсынудың
қаншалықты қажеті барын автор да, баспагер де білетін уақыт жетті деп ойлаймыз.
Кітап – бір ғана адамның қолынан шығатын дүние емес» деп атап өткені белгілі.
Осы тұста назар
салатын мәселе кітап сапасын жақсарту министрлік қана емес, салаға жанашыр кез
келген азаматтың борышы болып қала бермек. Олай деп отырғанымыз, жастар
ортасының шығармашылық белсенділігін арттыратын «Дарабоз», «Жауқазын»
республикалық, облыстық деңгейде өтетін әдеби оқулардың, оқырманның кітапқа
деген құлшынысын оятатын «Бір ел – бір кітап», «Жаңа заман ағымындағы әдебиет»,
Махамбет, Абай, Шәкәрім, Мұқағали, «Жазушы ұлағаты», «Ақсу-Жабағылы»,т.б. әдеби
оқулар, әдеби байқаулардың жергілікті әкімшіліктер, қоғамдық ұйымдар тарапынан
қолдау тауып отыруы бүгінгі күннің сұранысынан туындап отырған мәселе.
Жақында
Қазақстан Жазушылар одағы, Қазақстан баспагерлері мен кітап таратушылар,
кітапханалар, полиграфистер қауымдастығы өкілдерінен құралған комиссия
шешімімен еліміздің бірқатар баспагерлері, қаламгерлер қауымының ұсынуымен
«Кітап мәртебесін арттыруға қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталған кітапқа
жанашыр азаматтардың қатарында еліміздің көрнекті қайраткері О.Сүлейменов,
«Жер-су» корпорациясы басқармасының бастығы Б.Оспанов, баспагер-ғалым
Р.Маженқызымен қатар Д.Мыңбайдың да еңбектері ерекше аталды. Бұл ретте, оның
Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болған кезінде Алаш көсемдерін
ұлықтайтын жобаларға бастамашы болғаны, 1930-1950 жылдары түрлі қуғын-сүргінге
ұшырап, жазықсыз атылып кеткен Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары туралы
«Азалы кітаптың» жарыққа шығуына жетекшілік еткені, оқырман мен кітапты,
қаламгер мен оқырманды қауыштырған «Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік» атты
іс-шараның жүзеге асуына ұйытқы болуы, «Оңтүстік Қазақстан: «Шығармашыл
зиялылар», «Нұрлы әлем», «Нұрын шашқан Оңтүстік» («Земля Южного Казахстана»),
«Эффект», «Өнерлі өлке суретшілері» («Художники Южного Казахстана»), т.б.
кітаптардың жарыққа шығуы, жалғасын таба беретін игі істері басшылыққа алынды.
Бүгінде киелі қара шаңырақ – Ұлттық мұражайды басқарып отырған ардақты азамат еліміздің мәдениеті мен әдебиеті, руханиятын дамытатын тың жобаларды қатарға қоса береді деген сенім мол.
АНА ТІЛІ
Қазақстан баспагерлері мен кітап таратушылар қауымдастығы
Баспа бағдарламаларының жетекшісі
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ