THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Алматыдағы Ғалымдар үйінде ғылыми жұртшылық көрнекті ғалым, Қазақстан ғылымына
еңбегі сіңген қайраткер, ұстаз, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының
және Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері, ҚР ҰҒА-ның академигі, филология
ғылымдарының докторы, профессор Рәбиға Сәтіғалиқызы Сыздықтың 85
жылдық мерейтойын атап өтті. Салтанатты мәжіліс ана тіліміздің өткені мен
бүгінін және болашағын сан қырынан сөз ететін ғылыми-практикалық конференцияға
ұласты. Іргетасын ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы берік қалаған қазақ тіл
білімі ғылымы бүгінде өзінше бір әлем. Оның көгіндегі ірілі-ұсақты жұлдыздар
шоғыры әрқайсысы өзінің нұрлы сәулесімен көз қарықтырады. Олардың ісін
жалғастырмақ болып бірі білім ордасында, енді бірі ғылым соңында жүрген кейінгі
толқын осынау алқаракөк аспандағы Темірқазыққа қарап бойын түзеп, білім-білігін
екшейді. Ұзақ-сонар ғылым көшінен қашанда түсіп қалмайтын қасиетті қара
шаңырақтай ойып алар орны бар кітаптары, шыңыраудан шым-шымдап жеткен тұщы судай
тұшымды тұжырымдары хатқа түсіп, көпке жеткендіктен де олардың арамызда жоғы
бізге абыздың аңызындай, ал орта толтырып жүргендері қол жетпес Хантәңіріндей
көрінетін… Біздің патша көңіліміз өз жүрек-қалауымызбен, ақ
тілек-ниетімізбен сол алыптар шоғырының сарқыты, түр-тұлғасы да, талант-талғамы
да, таным-түсінігі де ерекше жаратылған, қаламы ұшқыр, ғылымдағы адымы
қарымды академик Рәбиға апай Ғалиқызы Сыздықованы алыстан көріп, көзіміз
тоятын. «Рәбиғадай болу қайда-а-а?» деген талай замандастырының лебізін
де, жастардың тамсанысын да аз естімедік. Жалғанның жазғанына мың шүкір, біз де
осы бір ұлы соқпақты жолға түстік, тіл білімі тарландарының таңдамалысын талдап
ғана қоймай, олармен тағдырлас, сапарлас болдық. Тау төбесі жақындаған сайын
биіктей түседі. Шынында да, бүгінде ана тіліміздің Абыз-Анасына айналып отырған
зерделі зерттеуші аттан түскен жоқ: жыл сайын жаңа бір еңбегін халқына ұсынады,
тіл тірлігіне тынымсыз араласады, жиі-жиі толғақты-толымды мақалалар жазады,
радио-теледидардан сөйлейді, ең бастысы – тілді, тіл білімін тағдырым деп
білген жас ғалымдарды іздеп тауып, баулиды, қанаттандырады. Өз сұлулығына
сөз сұлулығы жарасқан, көкейдегі сара ойына айтары сай Рәбиға апамыз қалың қол
шәкіртіне, кейінгі буын ізбасарларына ғылым жолындағы шамшырақ – академик-ғалым
ғана емес, заманауи дүниедегі де эталон – академик-тұлға десек артық айтқанымыз
емес…
Өмір жолын
ұстаздықтан бастаған балғын зерттеуші бағыт-бағдарын өзгертіп, ғылым жолын
таңдаған тұста түренді тыңға, тереңге салды: ұлы Абайдың тілін талдамаққа
ұмтылды. Абай шығармашылығының тылсым-жұмбағын ақынның тіл байлығын
саралап, сөзін тірілту арқылы ашуды көздеді, әуелі өзі қанығып, сонан соң
өзгені қандыруды көздеді. Қазақ атты ұлттың тілінің көркемдігі ұлы Мұхтар
айтқандай «алгүл қағатынын» екінің бірі тамсанып айтқанмен, осы
гүл-гүл бедерлі әлемдегі Абай қолданған амал-тәсілдердің ерекше
эстетикалық астарын, түрленіп, құбылуын ғылым тілімен жеткізіп, әр сөздің ішкі
бояуын жарқырата ашып түсіндіру оңай емес-ті. Абайды ұғыну, жаңа қырынан тану
үшін оған дейінгі сан ғасыр халық кәдесіне жараған көркем әдеби дәстүрді игеру,
барды бағамдау, сонан соң таразының екінші басына ұлы ақынның тапқаны мен
ашқанын тартып, безбендеу қажет болды.
Осы іске бел
буған ғалым ұзақ жыл тынымсыз тер төгіп, кандидаттық және докторлық диссертация
қорғады, «Абай шығармаларының тілі» (Алматы, Ғылым, 1968), «Абай өлеңдерінің
синтаксисі» (1970), «Абайдың сөз өрнегі» (1995) атты іргелі еңбектерін жарыққа
шығарды. Абайтанушы тілші-ғалым ретінде зерттеуші мерзімді баспасөз бетінде
ұлы ақынның шығармашылығына арнап ондаған проблемалық мақалалар
жариялады. Ақынның ғасырлық тойы мерекеленген тұста «Абай»
энциклопедиясын шығаруға атсалысты. Осы жылы Рәбиға Ғалиқызының абайтануға
қосқан еңбегі еленіп, оған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы
берілді.
Қазіргі өскелең
ғылымдағы жаңа бағыт, сәнді сөзге айналған «тілдік тұлға» мәселесін Рабиға апай
осыдан 40 жыл бұрын көтеріп, ұлы Абайдың тілдік тұлғасы осы ғылыми еңбектердегі
талдаулар негізінде жан-жақты ашылған-ды.
Академик Р.Сыздықтың
«бәрін мен тындырдым, мен істедім» дегенін көрген емеспіз. Кітаптан кітап
тудырып, басты-басты, өзекті-өзекті мәселелерді өзі айтса да, өкшесін басқан
ізбасарларға Абай туралы айтылар сөз, жазылар ой ешқашан сарқылмайды деуден
жалыққан емес. Салиқалы ғалымның пікірін айтады, ұлы ақынның
шығармашылық құдіретіне ғашық көзбен айтады. «…Суреткер тілін танудың біз
бармаған қырлары әлі де аз емес екенін айтамыз, ол қырлар (зерттеу аспектілері)
жеке танымдық ізденістермен қатар, көркем тілдің жалпы теориялық мәселелеріне
де қатысты болатынын және айтамыз. Бұл – алдағы шаруалар, бізден кейінгі
зерттеушілердің, әсіресе жас талаптардың қолына алатын игілікті ісі деп
білеміз», – дейді.
Ғылыми еңбек
қашанда ғылыми ортаға арналып, көбінше қасаңдау зерттеу тілімен жазылады. Нақты
бір ғылым саласы бойынша аз таралыммен шыққан кейбір еңбектерді әріптестері шам
алып іздеп жүрсе, оны былайғы жұрт түсініп, бағалай бермейді. Ал Рәбиға апайдың
кітаптарының, ғылыми еңбектерінің тағдыр-талайы ерекше, олардың қай-қайсысын да
қаншама таралыммен шықса да оқырман пышақ үстінен үлестіріп алады,
маманфилологтардың өзі оны көркем шығарма оқығандай құмарлана оқиды.
Болашақта қазақ тіліндегі ғылыми кітаптардың таралым саны есептеліп, рейтінгісі
қойылса, сөз жоқ, алдыңғы лектен озып келер кітаптар қатарында ғалымның ғылыми
және ғылыми-танымдық еңбектері аталар еді. Өйткені ғылыми тілдің қасаңдығын,
стандарттар мен шаблондардың сеңін бұзып, ғылыми тілді ана тіліміздің бар
бояуымен сөйлетуде, ауыр ойды жеңіл тілмен көп көкейіне жеткізе білуде ғалым
ұстанған, тұтынған, дүниеге әкелген амал-тәсілдер келер күндерде арнайы сөз
болып, сараланары сөзсіз…
Жоғарыда
айтылғандай, жылда бір жаңа еңбек жариялап, ондағы зерделенген мәселелер бірі
екіншісінен туындап жатқандықтан, бір-бірімен берік байланысып жататын ой
желісі мен қорытынды тұжырымдарындағы концептуалдық ой мен тезистік
пайымдаулар, түйінді түйіткілдер мен болашақ бағыттар түдек-түйдек ақтарылып
келеді. Бүгінде олар Абай тілі әлемінен асып-төгіліп, жалпы қазақ әдеби тілінің
тарихы мен қазіргі жай-күйінің айналасына тоқайласып отыр.
Қазақ әдеби
тілі… Осы бір ұғымға анықтама беруден бастап, оның тарихи дәуірлері, негіз
болған аймағы, ауқымы мен терең тамыры туралы қаншама айтыс-тартыс,
дау-дамайлар бастан өтті. Ауыздан ауызға жеткен мол мұра мен кейінірек қанат
қаққан жазба әдебиеттің ара жігін ашып, арасына қытай қорғанын тұрғызбақшы
болған ағаларымыз да болды. Осы тұста осы майданда жүрген ғалым апамыз біздіңше
бірден-бір дұрыс жолды таңдады. Ол ешкіммен дауласып жатпады, бар мұраны, бар нұсқа-үлгіні
көз майын сарп етіп үңіле зерттеді. Зерттеуші мынау ана дәуір, мынау мына кезең
демеді, әрбір мәтінді, әрбір сөзді жеке адамнан кәрі, халықпен замандас,
тағдырлас деп қарады. Әрбір сөздің астарынан асыл іздеп, құм басқан Отырарды
қайта тірілткен археологтарша әр лексеманың әуелі бір көне мағынасын, онан соң
тағы бір ауыспалы мағынасын, ұмыт болған қыры мен сырын … осылайша әр сөздің
тарихи тағдырын тұтастандыруға ұмтылды. Жеке-дара сөзбен сөз тіркесінің бүгінгі
бізге жетпеген қаншама құпия сыры барын (қазір мәнмәтіндік деп жүрген),
оларды ашуға қаншама білім мен білік, уақыт пен жігер керектігін тарихи
және салыстырмалы ізденістермен айналысып жүрген жан ғана білсе керек. Мәселен,
зерттеуші Р. Сыздық былай деп жазады: «Кісі өлтірген айыпкерлерге берілетін
жазаның бірі – «жанға жан, қанға қан» принципіндегі қан жуар Абай
тұсынан көп бұрын-ақ, тіпті Тәуке заманының кезінде-ақ қазақ қоғамында
қолданылудан қалып, оның орнын басқа актілер басқандықтан, бұл сөздің өзі де
тіл нормасынан шығып қалғанға ұқсайды. Өйткені Абай, Ыбырайлардан да, өткен
ғасырдың ІІ жартысындағы қазақ көркем әдебиетінің өзге уәкілдері
тілдерінен қан жуар терминін кездестірмейміз. …Жоғарыда
көрсетілгендерден басқа өткен ғасырдағы халық тілінде қазақтың әдет-ғұрпына қатысты құн,
дау, даугер, жүгініс, теңдік, бітім, төре (беру), жаза, салауат,
шағым сөздері мен кереге таңу, сойыл айыбанасы т.б. тәрізді
тіркестер қолданылған. Бұлардың көпшілігі Абай шығармалары тілінде жиі
қолданылған. Дау сөзінің сол кездегі мағынасын тяжба, иск деп
Н.Ильминский дәл көрсеткен, ал даугер– истец, Абай мен оның
тұстастарында дау сөзінің даушар, дау-жанжал,
жанжал-дау тәрізді қос сөз компоненті болып келген түрі мен дау
даулау, дау ұру, дау сабау (Абайда ғана) тіркестерін құраған түрлері бар:
Жап-жай отырып, дауын сабап отырады (Абай). Біту, бітім,
бітімші терминдері де юристік терминдердің көнелері».
Енді бірде:
«Тегінде Абай уайымшыл емес, өмірді сүйген, тамашалай білген, әр нәрсеге
үмітпен қарай білген суреткер. Мүмкін, сондықтан да Абайда жақсы сөзі
130 рет,жаман сөзі 46 рет, жақсылық сөзі
33, жаманшылық сөзі 18 рет, дос сөзі 60, достық 28 рет
қолданылса, дұшпан 18-ақ рет, өмір 113 рет, өлім 26 рет аузына
үйірілген болар», – деп көрсетті ғалым ақын тіліндегі позитивті мағыналы
сөздердің қолданыс жиілігін Абай оптимизмімен байланыстыра келіп. Бұл мәлімет
Абай кезіндегі тілдік норма мен әдеби тілдің нормалануын жеткізген хабаршысы
еді.
Әдеби тіл
нормаларының ұзақ ғасырлық даму үдерісінің жемісі екенін түсінген ғалым қазақ
әдеби тілінің Абайға дейінгі терең тарихына баруды көздейді. «Бұған дейін де
қазақ тілі тарихының жеке проблемалары,белгілі бір кезең
дәуірдегі күй-қалпы, Абай мен Ыбырай сияқты қалам иелерінің әдеби тілді
дамытудағы қызметі мен орны тәрізді мәселелер ғылыми ізденістердің, нақты талдаудардың
объектісі болып келді. Сан ғасырлық тарихы бар, миллиондаған адамдарға қызмет
етіп отырған, мемлекеттік тіл статусына ие болған қазақ тілі сияқты ірі тілдің
тұтас тарихын таныту үшін, оның белгілі кезеңдердегі күй-қалпын сипаттау, жеке
ескерткіштердің тілін талдау, функционалдық стильдерінің пайда болып, әрі қарай
қалыптасуын зерттеу, жеке қаламгерлердің үлесі мен ролін көрсету сияқты
жұмыстардан бастап, әдеби тілдің өзінің статусын айқындау, даму кезеңдерін
дәуірілерге бөлу, әр кезеңдегі даму принциптері мен бағыттарын дұрыс табу
тәрізді қыруар мәселелерді шешіп алу керек болады», – деп шешкен ғалым ХV-ХІХ
ғасырлардағы қазақ әдеби тілінің тарихын бір бағытпен жүйелі зерттей келе,
«Қазақ әдеби тілінің тарихы» атты қорытынды монографиясын дүниеге әкелді. Ондағы
тұжырымдарды көпшілік мойындап, қазіргі жоғары оқу орындары филология
факультеттерінің «Қазақ әдеби тілі тарихы» курсында ұзақ жылдардан бері осы
оқулық басты құрал болып келеді.
Әдеби тіл –
өркениетті заман тудырған феномен құбылыс. Әдеби тілдің теориясының
іргетасы қазақ тілі диалектологиясы мен тарихи грамматикасындағы қол жеткен
нәтижелердің негізінде, тілдік материалды басқаша тану мен саралауды мұрат
тұтудан барып қаланады. Осы қажеттіліктерді терең меңгеру үстіне ұлттық
тілдің табиғатын тап басатын әрі әрбір сөздің төркінін тауып, ешкімнің
көзіне түспеген нәзік мағыналық қырларын анықтай алатын зерттеуші ғана осындай
бірегей құбылыстың сырын аша алса керек, әріден қозғауы, сөз сырын танитын да,
таныта да алатын қарымы болуы керек.
Рәбиға Ғалиқызының
тынымсыз зерттеулері арқасында қазақ әдеби тілінің тарихы сан ғасырға тереңдеп,
тамырын әріден алатынын көрсетіп берді. Асанқайғыдан бастап, Махамбетке,
Бұқарға, Дулатқа дейінгі бес ғасыр өкілдерінің бізге жеткен сөз үлгілерін әдеби
мұра деп қарастырып, оларды әдеби тілдің аспектісі ретінде зерттеді. Бұл дәуір
мұраларының фольклордан бөлек, әдебиеттік шығармалар екенін дәлелдей келіп:
«Қысқасы, қазақта халық әдебиетінен өзге, бірақ оған едәуір ұқсас
келетін профессионал әдебиет өмір сүріп келді, оның тілі әдеби тіл
санатына кіреді», – деп, бұл дәуірлерге тиесілі мұраларды ауызша әдеби
тіл терминімен атауды ұсынды. Сөйтіп, Р.Сыздық ауызша әдеби
тіл ұғымы мен терминін ғылыми айналысқа енгізді, уақыт өте келе
мұндай таным-түсінік қазақ әдеби тілі теориясының негізгі постулаттарының
біріне айналды; көпке дейін әдеби тіл деген ұғымға тиянақты анықтама берілмей
келсе, енді қазақ жазба әдеби тілі,қазақ ауыз әдебиеті тілі, қазақтың
жалпыхалықтық тілі деген категориялар бір-бірінен ажыратылып, әрқайсысы өз
алдына саралана бастады. Осылайша ғалымның әдеби тіл туралы ойлары кең
арналанып, қазақ әдеби тілі белгілі бір зерттеу нысаны бар, онысы көпаспектілі,
әрқайсысы дербес, бірақ бір-бірімен сабақтасып жатқан бағыт-бағдары бар ғылым
саласы ретінде нақтылана түсті. Қазақ әдеби тілі әр қырын функционалдық
тұрғыдан тануға болатын іргелі ғылым саласы аталып, жоғары оқу орындарындағы
басты пән санатына енді, бір сөзбен түйіндей айтқанда, қазақ әдеби тілі
біртұтас филологиялық проблематика деңгейіне көтерілді. Сондықтан біз академик
Р.Сыздықты әдеби тілдің тарихи аспектісін айқындаған, қазақтың ұлттық
тілдік тұлғалар ұғымын әдебиетте де, тілде де қалыптастырып, тұрақтандырған,
ауызекі сөйлеу (халықтық) тілі мен әдеби тілдің айырмашылығын ашып-ажыратқан,
қазақ әдеби тілінің тарихи дамуының күре жолдарын хронологиялық тәртіппен түзіп
бергенғалым ретінде ерекше бағалаймыз.
Осылайша зерттеу
баспалдақтарын Абай тілінен бастап, бірте-бірте «қазақ әдеби тілі» атты үлкен
ғылыми мектепті қалыптастырған ғалым әдебиет пен әдеби тілдің тарихын
тереңдетудің жолын көрсеткендей мақсатпен, жастарға үлгі болсын деген ниетпен
халық тарихы мен тағдырына қатысты қос ескерткішті көз майын тауысып, араб
қарпінен қайта-қайта көшіріп, қазақ топырағы мен түркітануда алғаш рет
жариялап, бес ғасырлық тарихы бар делінген тіліміздің өткенін одан әрі тереңнен
суырпақтады. Осылайша тек қазақ тіл білімінің абыройы ғана емес, барша
түркітанушы ғалымдардан жоғары бағасын алған монографияларын жариялады. Олар:
«Язык Жамиғ ат-тауарих Жалаири» (1989) және «Қожа Ахмет Ясауи хикметтерінің
тілі» (2004) кітаптары.
Ал бірнеше рет
басылым көрген «Сөздер сөйлейді» кітабына келсек, бұл да әдеби тіл
тарихындағы сүбелі еңбек. Қалың жұртшылыққа батырлар жырларындағы,
лиро-эпостардағы, ХҮ-ХІХ ғасырда өмір сүрген қазақ ақын-жырауларының тіліндегі,
бағзы мақал-мәтелдердегі мағынасы күңгірт, түсініксіз сөздер мен сөз
тіркестерінің мәнін ашып берген бұл зерттеу тәжірибелерін «Қазақ тілінің тарихи
сөздігі» десек те болғандай. Осы еңбектен екінің бірі бір кездері жаушы
сөзінің бір мағынасы «құда түсетін адам» болғанын, жер
қылудағы жердің «ұят» екенін, жетімнің «құл» мағынасын бергенін,
«шашын дынданмен таранған» дегендегі дындан-ның «піл сүйегінен
жасалған қымбат, әсем тарақ екенін», «Еділді көріп емсеген»
дегендегі емсеудің «қатты аңсау, тілеу» мағынасын
бергенін,жемсеу-дің «жем жегісі келу» мағынасында тұрғанын,
сондай-ақ керік деп жылқының моңғолдық тұқымын атайтынын, «дүние
салудағы» салудың «тастау, қалдыруды» білдіретіні сияқты аса қызық тілдік
фактілер топтастырылған.
Әдетте шынайы
ғалымдар өзінің ізденіс бағытын сирек ауыстырады. Жоғарыда біз академик
Р.Сыздықтың қазақ әдеби тілі саласын жан-жақты зерттеп, өзінше мектеп
қалыптастырғанын айтып өттік. Десек те бұл ғалымның зерттеулері арасындағы
жалғыздара бағыт емес. Сірә, ұлттық атаулыға тұсау салған кешегі заман аға
ғалымымыздың тарихи зерттеулеріне аса қолдау көрсетіп, құлық танытпаса керек.
Барша саналы ғұмырын бір-ақ мекемеде, қазіргі А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл
білімі институты қабырғасында өткізген зерттеуші осы қара шаңырақта тіл
білімінің тағы бір өзекті саласы – тіл мәдениетімен жоспарлы жұмыс ретінде
ұзақ жылдар жан-жақты айналысты: орфография мен орфоэпия, нормалану мен
варианттылық, тіл тазалығы мен стилистика… міне, осы саладағы ғалым
қаламынан дүниеге келген кітап пен сөздіктердің өзі отыздан (!) асып жығылады.
«Қазақ орфографиясы мен пунктуациясы жөнінде анықтағыш» (1960, 1974, 1994,
2000), «Сөз сазы» (1983, 1995, 2000), «Тілдік норма және оның қалыптануы»
(2001) және басқа кітаптары мен сөздік-анықтамалықтары қазақ топырағындағы
тұңғыш та әрі әлі қолданыстағы бірден-бір қажетті еңбектер.
Қалыптану, яғни
кодификациялану, норма мәселесі, кеңірек алсақ, жазу мен емле қашанда бүгінгі
күннің, қазіргі заманның қабырғалы проблемалары. Мәселен, бір
еңбегінде профессор Р.Сыздық былай деп жазған болатын: «Тіл мәдениеті деп
нені танимыз? Тіл мәдениеті дегеніміз – тілдік нормаларды, оның ішінде әдеби
тіл нормаларын дұрыс сақтау әрекеті болып табылады. Тіл мәдениеті дегеніміз –
сөздерді дұрыс, орнымен қолдану(лексикалық), дұрыс
құрастыру (синтаксистік), дұрыс қиюластыру (морфологиялық),дұрыс
дыбыстау (орфоэпиялық), сауатты жазу (орфографиялық), тілді
әсерлі етіп жұмсау (лингвостилистикалық) нормаларын ұстану, орнықтыру,
жетілдіру». Өзі санамалағандай, осы саланың бәрінде ғалым апамыз білек сыбана
еңбек етіп келеді.
Қажырлы
еңбегімен уақыт тезіне төтеп беріп, аузынан уәлі сөзі, қолынан құнарлы қаламы
түспеген Рабиға апай кеңес кезінің жақсылығын да, жаманшылығын да бір адамдай
көрді. Әкесі сонау 1937-нің қанды жылдарының құрбаны болды. Сол себеп
пе, ғалым аға ұрпақ алдындағы парызын да адал атқарып келеді.. Оның Ахмет
Байтұрсынұлы мен Құдайберген Жұбанов туралы кітаптары, Х.Досмұхамедов
еңбегін құрастыруы, олардың мұрасын әрдайым насихаттап жүруге уақыт табуы да
біз үшін үлкен өнеге.
Әрине, өзіңе
ұстаз тұтқан әзіз жан туралы жақсы тілек, жылы сөзді айтудай-ақ айтуға болады.
Бір шағын мақалада академик Рәбиға апайдың бар еңбегі емес, бір кітабын талдап
шығудың өзі оңай емес. Ең бастысы – қазақ ғылымы мен мәдениетіне өлшеусіз үлес
қосып, ұлттық руханият сахнасында өз орны бар Рәкең: «Жақында жыл ортасында
бітірген «Қазақ тіліндегі ескіліктер мен жаңалықтар» деген кітабым шығады.
Өзіме ұнайды. Сірә, жаман кітап болмас!» – деп бір желпініп алып, тағы бір жаңа
еңбегін жазу үстінде… Академиктің қаламынан шыққан ол кітаптың жолы да жарқын
боларына сенім мол. Жазар көбейсін!..
Сөзіміздің соңында, қазақ тілінің көшбасшыларының бірі, ана тілінің айбары мен қорғаны болып отырған Абыз-Ана Рәбиға Ғалиқызын мерейтойымен құттықтап, бар жақсылықты тілейміз! Азғантай сөзімізді әйгілі Қасым ақынның Өзіңізге арнайы арнаған тілегімен аяқтағымыз келеді: «Болса екен Сіздей қазақтың әр қызы!..»
Ана тілі
әл-Фараби ат.
ҚазҰУ профессоры,
филология
ғылымдарының докторы
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ