THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Бейбіт шеру...
Толқу...
Оқиға...
Көтеріліс...
Біріншіден, Желтоқсан оқиғасы 70 жыл
бойы өз үстемдігін жүргізген Кеңестер Одағының құлауына себепші болды. Осы
көтерілістен кейін Балтық жағалауы елдерінде, Грузия, Әзірбайжан, Ресей т.б
республикаларда саяси толқулар орын алды.
Екіншіден, ресми деректерге сүйенсек,
Желтоқсан көтерілісіне қатысқан 9 мыңға жуық азаматымыз зорлық-зомбылықтың,
қинау мен жазықсыз жазаланудың құрбаны болды. Мысалы, сол қаһарлы күндері
2500-ге жуық адам тұтқындалыпты (ІІМ дерегі бойынша – 2336 адам, ҰҚК дерегі
бойынша – 2212, Прокуратураның дерегі бойынша – 2401 адам). Күшпен ұсталған және
уақытша қамау изоляторларына қамалған 8,5 мың желтоқсаншы қақаған қыста жалаңаш
қала сыртына шығарылып тасталған. Ал ресми деректерде жарақат алғандардың саны
763-тен 1137 адамға дейін деп көрсетілсе, Мұхтар Шаханов басқарған комиссия
олардың саны 1,7 мың адам болғанын айтады. Осы бір сандардан-ақ бұл жай ғана
оқиға немесе толқу еді деп баға беруге болмайтынын аңғарасыз.
Үшіншіден, Желтоқсан көтерілісін ұйымдастырды
деген айыппен 758 студент оқудан шығарылып, 1164-і жазаланған. 319 азамат
жұмыстан босатылған, 100-ден астам адам сотталған. 700-ге жуық адам ішкі істер
орындарының арнайы бақылауына алынған. Мысалы, Т.Бейісқұловтың деректері 110
адам сотталғанын айтады. Ал Американың Хельсинки азаматтық құқық қорғау тобының
зерттеулеріне қарағанда 99 адам түрмеге тоғытылып, 631 азамат арнайы есепке
алынған. Бүкіләлемдік тарихта жай ғана толқу үшін осыншама адамның бас
бостандығынан айырылуы – болмаған жағдай.
Төртіншіден, көтеріліс құрбандықсыз
болмайды. Мысалы, Қайрат Рысқұлбеков пен Мырзағұл Әбдіқұлов бірден
ату жазасына кесілді. Бірақ кейіннен Қайрат Рысқұлбеков түсініксіз жағдайда
өлтіріліп, Мырзағұл Әбдіқұлов бостандыққа шықты. Десе де осы
қырғынның салдарынан Е.Сыпатаев, Л.Асанова, С.Мұхамеджанова, Қ.Молданазарова,
С.Қашағанов, Т.Дәуренбеков сынды батыр оғландарымыз қыршынынан қиылғанын
ескеруіміз керек. Қақтығыс кезінде жарақат алып, мүгедек болып қалғандар, өмір
бойы балалы бола алмай зар еңіреп жүргендер қаншама? Желтоқсанның желінде таяқ
жеп, денсаулықтан айырылған саңлақтарымыздың көбі айналдырған 28 жыл ішінде о
дүниеге аттанып кетті.
Бесіншіден, көтерілісті басып-жаншу үшін
әрқайсысында 2928 сарбазы бар арнаулы құрамдағы үш отряд, 5700 әскері бар Алматы
гарнизоны күштері мен құралдары, 7000 мыңға жуық КСРО ІІМ-нің арнайы әскері
жұмылдырылды. Мұның сыртында Алматы облысынан – 5450, Фрунзеден (Бішкек) –
5445, Ташкенттен – 5452, Шелябіден – 5427, Новосибирскіден – 5427, Уфадан –
5424, Свердловскіден – 5425, Тбилисиден 2169 әскер әкелінген. Бұлардың
барлығының саны 60 мыңға жуықтайды. Яғни ешбір мемлекет жай ғана саяси
қозғалысты басу үшін осыншама күш жұмсамайтыны белгілі. Осы көтерілісті жаншуда
ерен еңбек сіңірген Қазақ КСР ІІМ-нің 1586 қызметкері Құрмет грамоталарымен,
«Үздік қызметі үшін» және «Милиция үздігі» белгілерімен марапатталып, ақшалай
сыйлық алған. Қазақ КСР Жоғарғы Советінің Президиумының медалімен 250 әскери
шендегі азамат, сондай-ақ тағы да 250 азамат сол Президиумның Құрмет
грамоталарымен наградталған.
Алтыншыдан, шеру құралды қақтығысқа
ұласқанда ғана көтерілістік сипатқа ие болады. Басында бейбіт шеру сипатында
басталғанымен, жастардың талап-тілегі орындалмады. Керісінше, оларға күш көрсетілді.
Осының себебінен қақтығыс нақты көтерілістік сипатқа ие болып, 11 транспорт
өртелді, 24-і зақымданды. 39 автобус пен 33 жеңіл көлік істен шыққан. Яғни
шарасыз жастар қолдарына ілінген таспен, таяқпен қарулануға мәжбүр болды деген
сөз.
Жетіншіден, көтеріліс 19 желтоқсан күні
Алматыда тоқтағанымен, дәл осы толқулар 19-25 желтоқсан аралығында Жезқазған,
Қарағанды, Павлодар, Жамбыл, Шымкент, Талдықорған, Көкшетау, Арқалық қалаларында,
Шамалған, Сарыөзек, Шелек елді мекендерінде жалғасын тапты.
Қош, осы жеті мысалдың өзі желтоқсан дүрбелеңінің
ұлт-азаттық көтеріліске айналғанын көрсетеді.
Сіз не дейсіз?
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ