THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Адамзат
баласының ғасырлар бойы қалыптасқан өзіндік төл мәдениетімен ұштасып, ұлт
болмысының тікелей көрінісі болып табылатын қымбат дүниесі – оның тілі. Әрбір
тіл адам баласының қатынас құралы болуымен қатар, сол халықтың мәдениетін,
өркениетін, әлеуметтік күйін, дүниетанымын бейнелеуде маңызды және шешуші рөл
атқарады.Әр тілдің сөз байлығы халықтың рухани өмірін, тарихын, ұлттық нақышты,
дүниенің тілдік бейнесін сипаттау құралы болып табылады. Бұл туралы В.И.Даль
былай дейді: «Язык – совокупность всех слов народа и вернее их сочетанье, для
передачи мыслей своих»[1].
Тіл – халықтың
ғасырлар бойы қалыптасқан асыл қазынасы, рухани құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа
сақтап жеткізуші формасы десек, белгілі бір тілдің тарихын сол тілді жасаушы,
қолданушы және оның иесі – халықтың тарихынан алшақ қарауға болмайды. «Язык –
стихийно возникшая в человеческом обществе и развивающаяся система дискретных
(членораздельных) звуковых знаков, служащая для целей коммуникации и способная
выразить всю совокупность знаний и представлений человека о мире» [2, c.
410].Сондықтан да тіл тарихы мен этнос тарихының байланысы – екі жақты
байланыс. Тіл – халықтың, ұлттың, қоғамның байлығы, ал адам белгілі бір
ұлттың, халықтың, қоғамның мүшесі. Сондықтан да тіл адамнан тыс және
адамның ішінде, яғни санасында өмір сүреді – ол біздің психикамыздың
негізі болып табылады. Ғалым И.А.Бодуэн де Куртэненің түсіндіруі бойынша,
«тіл сол тілді тұтынатын қоғамдағы жекелеген индивидтердің психикасында, жан
дүниесінде, миында өмір сүреді» [3, 11 б.]. Мәселен, белгілі бір халықтың ерте
кездегі әдет-ғұрпы, тұрмысы жайындағы этнографиялық ұғымдарының атаулары
сөздіктер мен тарихи шығармаларда сақталып, олар жайында мағлұмат береді.
Сондықтан қоғамда қарым-қатынас жасау құралы болып табылатын тіл арқылы ұлттық
менталитеттің, ұлттық мәдениеттің және рухани құндылықтар көрініс табады.
Халықтық
эпостарда, аңыз-жырларда, өткен ғасырлардағы ақын-жыраулардың шығармаларында
және басқа да дереккөздерде сақталған этноатаулар сияқты басқа да бірқатар
тілдік бірліктерде ұлттық мәдениеттен ақпарат беретін нышан болады. Мұндай
нышан тілдік бірліктің бірінде имплицитті түрде (жасырын, байқалмайтын);
екіншісінде эксплицитті түрде (анық, айқын) көрініп, танылып тұруы мүмкін.
Басқаша айтқанда, тілдегі кейбір тұлғалардың сыртқы нысанының өзі ұлттық
бітімді байқатып тұрады, ал кейбір жекелеген сөздердің, тіркестің, фразаның
нақты бір ұлтқа, мәдениетке тән белгісі қолданысқа түскенде ғана айқындалады.
Тілді сол тіл
қызмет ететін қоғаммен, тіл иесі – адаммен және тілді қолданушы халықтың сан
ғасырлық тарихымен, этностық танымы, рухани және ұлттық
болмысымен байланыстыра қарау нәтижесінде тіл мен мәдениет, тіл мен халық, тіл
мен таным арасындағы тығыз байланыс, айқындала түседі. Тілдің қазақ халқы үшін
мәнінің тереңдігін, мәңгілік екенін «тіл – адам жанының тілмәші. Тілсіз ұлт,
тілінен айрылған ұлт болып жасай алмақ емес, ондай ұлт құрымақ. Ұлттың ұлт
болуы үшін бірінші шарт – тіл болуы. Ұлттың тілі кеми бастауы ұлттың құри
бастағанын көрсетеді. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың жері, тарихы, тұрмыс мінезі
айнадай анық көрініп тұрады. Қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы біресе
желсіз түндей тынық, біресе құйындай екпінді тарихы, сары дала үдере көшкен
тұрмысы, асықпайтын, саспайтын, сабырлы мінезі – бәрі көрініп тұрады. Осы күнгі
Түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, оралымды, терең тіл жоқ» – деп
Мағжан Жұмабаев та дәл жеткізген.
Әр халықтың
танымдық ерекшелігі оның тілінде көрініс табады. Сонымен қатар, әрбір ұлттың
мінез-құлқы ғасырлар бойы өзінің өмір сүру салтына, географиялық ортасына,
әлеуметтік-саяси жағдайына байланысты болып келгендіктен сол ұлттың тілінде,
сөздік қорында оның мәдениетіне тән ерекшеліктер сақталаған. Тілдің белгілі бір
уақыт пен кеңістік аясында үнемі жаңарып, толығып отыруына байланысты тіл
иесінің де рухани дүниесін танытып, оның мәдениетінен де көрініс береді. «Тіл –
сана-сезімнің, ойдың тәжірибеде көрінетін заттық сәулесі» болып табылатындықтан
адам баласының ғасырлар бойғы жинақтаған білімі мен тәжірибесі, таным-түсінігі
оның тілінен көрініс табады [4, 68 б.]. Әсіресе, тұрақты сөз тіркестерінде,
мақал-мәтелдерінде, ауыз әдебиет үлгілерінде, қанатты сөздерде. Қазақ халқының
ғасырлар бойы санасында қорытылып, шыңдалған, елегінен өтіп сұрыпталған асыл
ұғымдар мен образдар, қазақтың шаруашылық тұрмысына байланысты болып келеді.
Мәселен, малмен байланысты ұғымдарға сай алынған төмендегі: «Аспанның төсін
арда еміп», «Жынды толқын сүзісті», «Қозыдай қауын қарбыз көгендегі», «Айырплан
аспанда бұлт қайырып құрайлап», «Түйелердей тіркелер», «Үйірін көрген
күш-қара ақырар да кіснер», «Жорға еді маймаңдаған бақайшағы», – деген ақын
І.Жансүгіровтың өлең жолдары осыны дәлелдейді. Әрбір тіл иесінің өзіндік
парасат-пайымын, таным-түсінігін, сана-сезімін, жалпы айтқанда, бүкіл мәдени
болмыс-бітімін оның туындысының тілі танытады. Белгілі бір суреткер тілі оның
өмірлік тәжірибесі мен дүниетанымының, яғни «тіл – дүние – мәдениет» үштігінің
негізінде қаланады, солардың барлығы тілдік бірліктер арқылы көрініс табады.
Сондай-ақ, қазақ ұлты үшін ең асыл қасиет – туған жерге деген құрмет,
ұлтарақтай жер үшін жанын беру: туған жердің торғайы да сүйкімді. Отанын сүйген
отқа түспейді. Үлкенді сыйлау, құрметтеу. Ана алдында – құрмет, ата алдында –
қызмет. Ағадан – ақыл, ініден – ізет. Демек, тіл мен мәдениет арасындағы
байланыстылық, сабақтастық тұтас бір жүйе түрінде қалыптасқан. Қазіргі таңда
бұл байланыс тіл білімінің саласы – лингвомәдениеттің зерттеу нысанасына
айналды. Тіл білімінің бұл саласы тілдің философиясын лингвистикамен байланысты
қарастырады. Лигвомәдениеттің мазмұны ұлттық болмысты, қоғамдық өзгерістерді
қабылдауы, түсінігі тілдік қатысымда көрініс табуы болып саналады. Ұлттық тіл –
әр халықтың өзіндік ерекшеліктерін танытатын, болмыс тіршілігін, өмір сүру
салтын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін құрал. Мысалы, «көш» сөзінің мағынасында
бірнеше ұғым жатқанын байқауға болады:
1. Бір
жерден екінші жерге ауысу, қоныс аудару. Кедей болсаң көшіп көр.
2. Қоныс
аударушыларға амандық тілеу: Көш аман болсын!; Көш көлікті болсын!
3. Фразеологиялық
байлаулы мағынада: Көш ілгері болу; Көштен қалу.
Сонымен, нақты
мәдени сананың мән-мағынасы, ұлттың болмысты қабылдауы тұтас түсінігі
тілдік жүйеде, құрылымдарда қалыптасып, ұлттың тілдік сұлбасын құрайды. Бұл
әрбір ұлттың қоғамдық-тарихи тәжибесінің нәтижесінде заттарға, құбылыстарға,
әрекеттерге өзіндік қарым-қатынасын танытатын ғажайып тілдегі өзіндік
ерекшеліктері болып саналады.
Қорыта айтқанда,
тіл – ұлт өкілдері арасындағы қарым-қатынасты жүзеге асыратын, ойды құрастырушы
құрал болумен бірге мәдениет көрсеткіші. Өйткені, ұлттың тіл
жүйесінде этностың өзіндік мәдени әлемі – ғаламның тілдік бейнесі
қалыптасқан.
Әдебиеттер
тізімі:
1. Даль
В.И.Толковый словарь живого великорусского языка. Т. 1-4. Москва, 1978.
2. Арутюнова
Н.Д., Степанов Г.В. Русский язык. -Москва, 1979.
3. Маслова
В.А. Лингвокультурология.-М., 2001.
4. Аманжолов С. Қазақ тілі теориясының негіздері. – Алматы: Научно-издательский центр «Ғылым», 2002. – 368 б.
Абай атындағы
Қазақ ұлттық педагогикалық
университетінің
аға оқытушысы,
филология
ғылымдарының кандидаты
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ