THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Телеарналардағы мемлекеттік тіл және оның саяси-қоғамдық маңызы
Авторы: Дінмұхамед АЯЗБЕКОВ
04/05/2017 16:29 0 197685 2
Тәуелсіздік
алғалы бері Қазақстан қоғамында болып жатқан қарқынды өзгерістерді халыққа
жеткізу мен нарықтық қарым-қатынастарды дамыту, мемлекеттің оң саясатын насихаттау
– ұлттық, мемлекеттік және жекеменшік телеарналар арқылы жүзеге асты. Халық пен
биліктің саяси қарым-қатынас жүйесіндегі телеарналардың рөлі сонау ХХ ғасырдың
ортасынан бастап ғылыми маңызға ие бола бастағаны белгілі. Осынау уақыт
аралығында телеарналардың мазмұны, пішіні, техникасы, форматы т.б. өзгеріп
жетіле түсті. Телеарналар саяси құрылымдар мен күштердің бір бөлшегіне айналып
үлгергені де мәлім. Телеарналардың басты міндеті қоғамдағы болып жатқан
қуанышты және келеңсіз жағдайларды әділ және жан-жақты қамти отырып ақпарат
тарату, сайлау науқаны кезінде кандидаттар мен сайлаушылардың арасындағы
шынайы байланысты көрсету, партиялар мен ұлттық қозғалыстар туралы ең толық
және объективті ақпарат тарату болып саналады. Сонымен қатар, соңғы 10 жылдықта
саяси трансформацияның орын алуы еліміздің саяси өмірінде телеарналардың сапасы
арта түскенін байқаймыз. Дегенмен, еліміздегі 40-қа жуық телеарналардың әлі де
болса мемлекеттік тілде хабар таратып, бағдарламалар беруінің сапасы сын
көтермейді.
Бұқаралық
ақпарат құралдарында, әсіресе телеарналарда мемлекеттік тілді насихаттау
мәселесі көптен бері шешімін таппай жатқаны бәрімізге белгілі. Мемлекеттік,
ұлттық деңгейдегі маңызы бар осы тақырыпты қайта көтеруіміздің себебі де оның
шешімін таппауына барып тіреледі. Осы уақытқа дейін еліміздегі телеарналардың
барлығы дерлік практикалық тұрғыдан мемлекеттік тілді қорғап, қазақша сөйлеуді
насихаттамады. Алғашқы кезде игерілмеген, заңмен бақыланбаған тәуелсіз
телеарналар өзгесін айтпағанда, тәулік бойы орыс тілінде хабар тарату арқылы
өздерінің ұпайын түгендеп, рейтингін көтеріп, мемлекеттік құраушы ұлттың
ұстанымдарына қайшы келетін әрекеттер жасады. Мұны біреу білсе, біреу білмес.
Соңғы жылдарда ғана заң тарапынан 50/50 нормасы белгіленіп, мемлекеттік тіл
ресми тілмен теңесіп, қазақша хабарлар мен бағдарламалардың саны көбейе түсті.
Оның өзінде қазақша хабарлар мен бағдарламаларды көрермен саны аз уақытқа
ығыстырып, қитұрқы әрекеттермен заңның белшесінен басып келеді. Телеарналарға
қатысты соңғы 4 жылдық қуанышымыз – «Қазақстан» ұлттық телеарнасының толықтай
қазақ тіліне көшіп, қазақша хабарлар мен бағдарламалар көрсетуі еді.
«Бүгінгі қазақ
теледидары күндіз-түні не мәні-мағынасы жоқ, өте арзан, өте дөрекі де
тұрпайы ойын-күлкіге, бет-аузын қисалаңдатқан қылжақбастыққа, әуейі-әулекі
күлкіге, көк тиын құны жоқ әзіл-қалжыңға белшесінен батқан мазақханаға айналды.
Бұл қазақ деген тұтас бір ұлтты ішкен-жегеніне ғана мәз санасыз, ойсыз, ұлттық
намысы жоқ үлкен бір дүбәра тобырға айналдырудың ең оңай жолы ма деп қорқамыз.
Баяғыда Рим билеушілері «Халықты басқарудың ең оңай жолы қолына нан беріп,
сосын әртүрлі көрсетілімдер қойып отыру» дейді екен. Біз телеарналарымыз-ды бұлай
бұйдасыз жібере берсек, бүкіл ұрпағымыз көп ұзамай ешнәрсе ойламайтын жәй бір
тірі жан боларына күмән жоқ» - дейді тіл жанашыры, ақын Мырзан Кенжебай
телеарналарды сынға алған мақаласында. Естеріңізде болса, бұған дейін
«Демократиялық үрдістерді мұрат тұтқан шақта эфирді жайлаған көрерменді рухани
аздыратын, зиянкес мазмұнмен ұлттық болмысымызға қауіп төндіріп тұрған «КТК»,
«НТК», «31-арна» т.б. орыстілді телеарналар тілді келеке қыла бастады» деп
тілшілер тарапынан талай дабыл қағылған болатын. Дегенмен, бұл дабылдан
даурығып, қорытынды шығарған ешкім жоқ. Заң жүзінде көптеген телеарналардың
әрекеті қылмыс болып саналғанымен, қылмысқа жаза берілмей келеді. 50/50
заңдылығын біле тұра 80/20 нормасында хабар тарататын көптеген
телеарналарымыздың әрекеті заңды белшесінен басып жатқанын тағы бір рет
қайталаймыз. Олай дейтініміз, барлық дерлік тәуелсіз арналар қазақ тілінде жаңа
бағдарламалар дайындаудың орнына, мұрағатта сақталған концерттер мен
бразилиялық ескі сериалдарды көрсету арқылы жаңа нормаға бағынғандай сыңай
танытты. Түн ортасы ауғанда эфирге шығатын қазақ тіліндегі жоғарыдағы айтылған
өнімдер талай тіл жанашырларының наразылығын тудырып, қанын қарайтқан еді.
Otau.tv-дің
базалық топтамасында елімізде 37 телеарна бар екені айқындалады. «Қазақстан»,
«Балапан», «Kazsport», «Хабар», «Kazakh TV», «Білім және Мәдениет», «24 kz»,
«Астана», «КТК», «МИР», «31», «НТК», «СТВ», «Таң», «Алматы», «Асыл арна»,
«Жетісу», «MuzZone», «Hit TV», «ТДК-42», «Алау ТВ», сонымен қатар «Қазақстан»
ұлттық арнасының аймақтық филиалдары («Қазақстан-Шымкент», «Қазақстан-Ақтөбе»,
«Қазақстан-Қызылорда» т.б.). Ендеше, 17 миллион халық үшін қызмет етіп, елдің
айнасы болып жатқан осы телеарналардың мемлекеттік тілі мен мемлекеттік тілдегі
хабарлардың сапасы мен санын сарапқа салып көрейікші.
«Қазақстан» -
қазақ мемлекетінің ақпараттық саясатын жүзеге асыратын еліміздегі тек қана
мемлекеттік тілде ақпарат тарататын бірден бір телеарна. Қазақ тіліне толықтай
көшкелі тұрғындарды қамту жағынан алдыңғы орынды бермей келеді. Қазақстан
халқының 98,63 пайызы ұлттық арнаның хабарларын көріп, бағдарламаларын
тамашалап келеді. Сонымен қатар, тек қана мемлекеттік тілде ақпарат тарататын
«Қазақстан» ұлттық арнасының 14 облыста филиалдары бар. Бұл телеарнаның хабар
тарату саясаты ақпараттық, ағартушылық, ойын-сауықтық бағытта жүзеге асумен
қатар, ұлттық және әлемдік мәдениеттің құндылықтарын, гуманизм идеяларын және
Қазақстан халықтары арасындағы достықтың даңқын арттырумен және насихаттаумен
сипатталады. Ел азаматтарының мемлекет жетістігін мақтан тұтуына, туған жерге
деген сүйіспеншіліктерінің артуына, жалпы патриотизмге де аса мән беріп келеді.
Бүгінгі таңда Ұлттық арна эфирінде әртүрлі жастағы көрермендерге арналған
жаңалықтар мен ерекше ток-шоу жанры («Айтуға оңай», «Алаң», «Арнайы репортаж»,
«Жаңалықтар», «Апта.кз», т.б.), ойын-сауық және танымдық бағдарламалары
(«Жайдарман», «Қазақстан дауысы», «Таңшолпан» т.б.), қоғамдық-саяси және
экономикалық хабарлар («Заң және біз», «Парламент», «Қылмыс пен жаза»,
«Агробизнес», «Ұлттық өнім» т.б.), сондай-ақ, мемлекеттік тілді дамытуға
арналған хабарлар көп. Жалпы, TNS Гэллап Медиа Азия зерттеу компаниясының 2013
жылдың 1 қаңтары мен 10 ақпаны аралығында жүргізген зерттеуінің нәтижесінде
«Қазақстан» ұлттық телеарнасы тұрғындары 100 мыңнан аспайтын елді мекендер
(шағын қалалар, аудандар мен ауыл тұрғындары) арасында 23,3 пайыз орташа
тәуліктік үлес көрсеткішімен бірінші орынға шықты. Осылайша, алты жастан жоғары
қазақ және орыстілді көрермендер арасында Ұлттық арна қазақтілді аудиторияда
ғана емес, барлық телевизиялық аудитория бойынша да үздік. Сонымен қатар,
зерттеу басталғалы (2012 жылдың сәуір айынан бері) алты жастан жоғары тек
қазақтілді көрермендер саны бойынша, «Қазақстан» ұлттық телеарнасы 30,6
пайыздық орташа тәуліктік үлес көрсеткішімен бірінші орынды бермей келеді. Айта
кетерлігі, 100 мыңнан төмен тұрғындары бар елді мекендердегі алты жастан жоғары
қазақ және орыстілді көрермендер арасында да 23,2 пайызбен 2014 жылдың басынан
«Қазақстан» ұлттық арнасы өзге хабар таратушылардың алдына шығып, жетекші
орынға тұрақтады. Аталмыш зерттеу компаниясының мәліметтері 100 пайыз
мемлекеттік тілде хабар тарататын «Қазақстан» телеарнасының өзге ұлттар
арасында да үлкен сұранысқа ие екенін айқын дәлелдеп бере алды. Жалпы, Ұлттық
арнаның өнімдеріне ешкім сын айта алмасы анық және мұндағы әрбір бағдарламаның
көрермендері көп, рейтингі жоғары.
«Қазақстан»
ұлттық арнасының құрамына кіретін «Балапан» телеарнасының рейтингі де
айтарлықтай жоғары. Өйткені, үйде мультик көргісі келген балалар кез келген
уақытта осы арнаны тауып алу арқылы рухани сұранысын қанағаттандыра алады.
«Балапан» телеарнасының негізгі мақсаты да сол – келешек ұрпағымыздың тамырына
рухани нәр беріп, «интеллект» иесі, білім мен ғылымның шыңына шығар азамат
болып ер жетуіне ықпал жасау және дені сау, рухани ойлау дәрежесі биік,
мәдениетті, парасатты, ар-ожданы мол, еңбексүйгіш, іскер, бойында басқа да игі қасиеттер
қалыптасқан ұрпақ тәрбиелеу. 100 пайыз қазақша өнім беретін бұл арнадан да
балаларға арналған көптеген сапалы бағдарламалар таба аласыз. Атап айтқанда,
«Баламен бетпе-бет», «Ғажайыпстанға саяхат», «Он саусақ», «Сен білесің бе?»,
«Айгөлек» балалар байқауы, «Дәмді», «Балапаннан базарлық», «Қолөнер»,
«Балапанның қонағы» т.б. Сонымен қатар, көптеген қазақша мультиктерді тек қана
осы арнадан табуға болады.
«Қазақстанның»
тағы бір қамқорлығындағы Kazsport телеарнасы ашылғанда спортсүйер
жанкүйерлердің көңілі көтерілгені анық. 2013 жылдың 1 шілдесінен бастап хабар
тарата бастаған арна жалпы таралатын хабарлардың 70 пайызын тікелей және
түпнұсқа трансляциялау арқылы жүзеге асырады. «Спорт әліппесі», «Тоғызқұмалақ»,
«Сіз қайда жүрсіз?», «Шахмат әлемі», «Деректі фильм» т.б. сапалы бағдарламалар
жасай алған бұл арнаның рейтингтік дәрежесі күннен күнге өсіп келеді.
Қазақстанда ашылған тұңғыш мемлекеттік спорт телеарнасының эфирге шығып,
спорттық трансляция тарата бастағанына 1 жылдан асып кетті және осы қысқа уақыт
аралығында телеарна спортсүйер қауымға ел аумағындағы жарыстарды ғана емес,
әлемдік дүбірлі додалар көрсетілімін тікелей эфирде және мемлекеттік тілде
сапалы ұсына алды. Атап айтқанда, Қазан қаласында өткен «Жазғы Универсиада»,
теннистен әлемнің хас шеберлері жиналатын «Australian Open», «Roland Garros»
турнирлері, дзюдодан өткен әлемдік Гран-при турниерлері, Бразилияда өткен
футболдан әлем чемпионаты, Сочиде өткен қысқы олимпиада, Алматыда өткен бокстан
әлем чемпионаты т.б. тікелей эфирлер соның дәлелі. Бұған дейін талай сынға
ұшырап жүрген спорт коментаторлары дәл осы телеарна ашылғалы мемлекеттік тілде
сапалы хабар жүргізе бастады. Былайша айтқанда, бұл телеарна көрермендерге
сапалы өнім берумен қатар, спорт журналистерінің шеберліктерін арттыруда.
Бүгінгі таңда ең
ірі арналардың бірі «Хабар» Агенттігі» АҚ екенін ешкім жоққа шығара алмайды.
Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде хабар тарататын төрт телеарнаның («Хабар»,
«24 кz», «Kazakh TV», «Білім және Мәдениет») тоғысқан орталығы болып отырған
агенттік Қазақстан бойынша 99% телекөрермендер аудиториясын қамтиды. Жер
шарының бұрыш-бұрышында агенттіктің тілшілер қосыны жұмыс істейді. Эфирдің 75
пайызы телеарнаның төл туындыларынан құралады (Телеарна тарапынан түсірілген
бағдарламалар, деректі фильмдер, фильмдер мен телехикаялар). Көрсетілімдегі
бағдарламалардың 90 пайызы әлеуметтік маңызды тақырыпты қамтиды және
орысша-қазақша араласқан (55% мемлекеттік тілде). «Хабар» Агенттігі» 19
жыл ішінде әртүрлі жетістіктерге жетіп үлгерген. Қызметкерлері мен телебағдарламалары
ұлттық және халықаралық деңгейдегі түрлі марапаттарға ие болған. Ақпараттық
бағдарламалар дирекциясы тілшілерінің жұмыстары EMMY телевизиялық сыйлығының
номинанты атанса, сондай-ақ Ресейде өткен «Золотой глагол» сайысының бас
жүлдесін иеленген. «Город будущего» жастар бағдарламасы Жапонияда өткен
халықаралық фестивальде әлемнің үздік ондығына енді (2-еуі де орыстілді
бағдарлама). Ал, жақында Севастополь қаласында өткен халықаралық байқауда
«Хабар» Агенттігінің» бастамасымен түсірілген қазақтілді «Бауыржан Момышұлы»
фильмі тарихи туындылардың ішінде лауреат атанды. «Хабар» Агенттігі» Азия-Тынық
мұхиты хабар тарату одағына (ABU), Азия және Тынық мұхиты жаңалықтар агенттігі
ұйымына (OANA), Азия және Тынық мұхиты Хабар таратуды дамыту институтына (AIBD),
Телевизия мен радионың Еуразиялық академиясына (ЕАТР) мүше.
«Kazakh TV» -
Қазақстан Республикасындағы тұңғыш жерсерік телевизиялық телеарнасы екені және
«Хабар» Агенттігі» АҚ медиа-холдингі құрамына кіретіні бізге мәлім. «Kazakh TV»
арнасы алғаш рет 2002 жылы 25 қазанда «Caspionet» атауымен хабар таратуды
бастаған еді. Ал, бүгінде «Kazakh TV» атауымен тәулік бойы қазақ, орыс, ағылшын
тілдерінде хабар тарататын ақпараттық-танымдық арна болып отыр. Eutelsat және
GlobeCast ірі спутниктік операторларымен әріптестік келісімге отырған арна
жаһанның 93 елінде көрсетіледі (Солтүстік және Орталық Американы, Батыс және
Шығыс Еуропаны, Солтүстік Африка, Таяу Шығыс, Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ
елдері). Телеарнаның әлеуетті аудиториясы – 253 миллион үй. «Kazakh TV» –
Қазақстан туралы жаңалықтар мен ақпаратты ұсына отырып, әлемде орын алған
оқиғаларға ел көрермендерінің көзқарасын көрсетеді. Арна эфирінде отандық
деректі фильм жауһарлары, классикалық және заманауи көркем фильмдердің, балалар
киносы мен тарихи-этнографиялық бағыттағы бағдарламалар, театрлық қойылымдар
мен көрсетілімдер көрермендер назарына ұсынылып келеді. Телеарнаның басты
міндеті – шетел аудиториясына ел өмірінде болып жатқан оқиғалар туралы,
сондай-ақ әлем саясатындағы маңызды мәселелерге қазақстандықтардың көзқарасы
жөнінде жедел және әділ ақпарат тарату. Хабарлар мен бағдарламалардың басым бөлігі ағылшын тілінде таралып, көрермен қызығушылығын тудырған «National Cuisine», «Steppe Tales», «The real
economy», «Kazakhstan: a recipe for friendship», «Persona Grata»,сондай-ақ,«Reflections on
history», «Faces», «East or west home is best», «Accent», «Spirit of the wild»,
«Aghain», «The color of the day», «Business solutions», «Connecting cultures КаzАрт», «Sounds of
the great steppe», «Bolashak», «ModerпNomads», «Infinite science», «Within the process», «The Central», «Asian
Report», «Atameken», «Self-made», «Discovering», «Kazakhstan Art Focus»,
«Sports report» секілді бағдарламалары мен әлем халқына Қазақстанды таныстыруда.
«Білім және мәдениет». Мәдени-ағартушылық бағытта өз жұмысын бастаған телеарнаның мақсаты – қоғамдағы мәдениеттің алар орнын айқындау, білім мен ғылым жетістіктерін насихаттау арқылы еліміздегі адам капиталының сапалы дамуына үлес қосу. Бірегей мәдени-ағартушылық ақпарат кеңістігін құру, қоғамдағы адами құндылықтарды насихаттау, эстетикалық талғам мен зияткерлік қабілеттері арқылы адамдардың жалпы мәдени деңгейін көтеру, отандық мәдениеттің рухани-адамгершілік дәстүрлерін дамыту арқылы жаһандану үрдісінде халықтың өзіндік бет-бейнесін сақтау, ғылыми-танымдық ақпаратты ұсыну арқылы білімді игерудің жаңа формаларын ұсыну «Білім және мәдениет» телеарнасының басты міндеті болып табылады. Арна туындылары Қазақстанның тарихи және мәдени мұрасын сақтау, тілдік ортаны дамыту, рухани құндылықтарды насихаттау, көрерменнің талғамын тереңдету, білімі мен дүниетанымын арттыру мақсаттарын негізге ала отырып, ұлттық құндылықтарды насихаттауды басты назарда ұстайды. Сонымен қатар, арна таным көкжиегін кеңейту мақсатына әзірленген отандық және шетелдік үздік телехабарлар мен деректі фильмдерді халыққа ұсынуда. Арна тәулігіне 18 сағат хабар таратады және мемлекеттік тілге айтарлықтай басымдық берілген.
Елімізде тұңғыш рет тәулік бойына ақпарат тарататын «24 kz» арнасы 2012 жылдың 1 қыркүйегінен бері ақпарат таратып келеді. Бастапқы сәттен-ақ, сандық және спутниктік «Otau TV» ұлттық желілері арқылы хабар тарата бастаған жаңа арна өз өнімімен Қазақстан Республикасының барлық аумағын қамтып үлгерді. Алғашқы рет қазақ топырағында тәулік бойына жаңалықтар тарата бастаған «24 kz» арнасы отандық телеарналар тарихында осылайша ерекшеленді. Көрермен жаңа арна арқылы мемлекеттік және ресми тілде елімізде және әлемде болып жатқан жайттармен танысуға толық мүмкіндік алды. Арнада әрбір 30 минут сайын жаңалықтар легі мемлекеттік және ресми тілде (50/50) эфирге жіберіліп отырады. Сонымен қатар, телекөрермендер үшін еліміздің ақпараттық-саяси, экономикалық және мәдени, рухани тыныс-тіршілігінен толық хабардар ететін түрлі бағдарламалар бар. Аз уақыт ішінде ақпараттық кеңістіктің көзайымына айналып, өзіндік салмақты аудитория қалыптастырған «24 kz» арнасының басты мақсаты ақпараттық нарықта нақты әрі шынайы ақпарат тарату.
«Астана» телеарнасы - Қазақстан Республикасының астанасынан хабар тарататын және «Нұр-Медиа» ақпараттық холдингіне кіретін республикалық телеарна. Астана телеарнасы алғаш рет «Цесна» арнасы деген атпен
1993 жылы эфирге шықты. Арнаның атауы 2000 жылдың қарашасында
«Астана қаласы телевидениесі» (қысқартып айтқанда «АсТВ») деп өзгертілді. Телеарнаның эфирлік таралымы ел аумағының 52 пайызын қамтиды. Сондай-ақ, «ASTANA TV» телеарнасы Қазақстанның барлық қалаларына кабельдік желілерде хабар таратады. Телеарна эфирінің 60 пайызы мемлекеттік тілден және 40 пайызы ресми тілден тұрады. Ақпарат тарату саясаты, өзінің қызықты жобаларын жасап шығару және сапалы шетелдік теле-өнімдерді сатып алу негізінде құрылған. «АSTANA ТV» телеарнасының негізгі тақырыптық бағыты - ақпараттық-сараптамалық, танымдық және ойын-сауық бағдарламаларды дайындау арқылы Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық және мәдени тұрмысын баяндау болып табылады. Телеарнаның негізгі өнімдері «Жаңалықтар»,
«20:30. Новости», «Біздің уақыт», «Избранное за неделю», «Арнайы репортаж», «Кеш емес», «Открытая студия», «Репортер представляет», «Громкое дело», «Біз біргеміз», «Мы вместе», «Бірегей», «Мемуары», «Сырласу», «Sky-студия», «Ел аузында», «Супер папа», «Такси», «KazNet», «Астана кеші көңілді» концерттік шоуы, «Тамаша», «Национальная лига КВН» және т.б. ақпараттық-сараптамалық, танымдық және ойын-сауық бағдарламаларынан құралады. Телеарна киносүйер қауымға да, түрлі жастағы көрермендердің ықыласын ескере отырып, отандық классикалық кинодан бастап, танымал дүниежүзілік бестселлерлерге дейін әртүрлі жанрдағы фильмдерді көрсетуде. Сондай-ақ, Ресейдің, түрік пен корейдің және американың телехикаялары үзбей беріліп келеді. Әрине, кейбір бағдарламалары сынға алынып жатқан бұл телеарнаның мемлекеттік тіліне тіл жанашырларының көбісінің көңілі тола бермейді. Дегенмен, мұнда мемлекеттік тілдегі бағдарламалар қарқынды дамуда.
«Жетісу» телеарнасы. Алғашында «Жерұйық» атымен жұмыс бастаған телеарна бүгінде қарқынды дамып келеді. 2003 жылдан бастап эфирде өз өнімдерін қалың телекөрермендерге ұсына білді. Өзіндік спутниктік стансасы бар арнаның Қазақстанмен қатар шетелдерде де көрермендері баршылық. Ресей, Иран, Түркия, Пәкістан, Моңғолия, Қытайдағы қандастарға бұл телеарнаның қолы жетімді. 20-дан астам бағдарламасы бар телеарнаның басымдығы мемлекеттік тілге берілген. 4-5 бағдарламасы ғана ресми тілде жүрсе, қалған 15-і тек қана мемлекеттік тілде хабар таратады. Ең қызығы дәл осы телеарнада «Тіл сақшысы» бағдарламасы қызмет етеді. Бұл дегеніміз, телеарнаның тілге деген айрықша құрметі тәрізді.
«КТК» коммерциялық арналардың ішіндегі көшбасшылардың бірі саналғанымен, тұңғыш қазақ тіліндегі ақпараттық бағдарламасы «Бір күн» деген атпен 1998 жылдың тамыз айында ғана шыға бастағаны белгілі. Бір айдан кейін бұл бағдарлама «Күндерек» деп аталды. 2000 жылдан бастап «Күндеректің» сапасы арта түсіп, телекеңістікке жаңадан «Шарайна» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасы келіп қосылды. Бұл хабардың сол кезде жаппай шығып жатқан апталық-сараптамалық телебағдарламалар арасында өзіндік ерекшелігі болды. 2002 жылы тамыз айында апталық-сараптамалық «Ел-жұрт» бағдарламасы шыға бастады. Ерекшелігі - халық өз жағдайын өз аузымен еш боямасыз айтып беруге мүмкіндік алды. Ал 2003 жылдың наурыз айынан «Ел-жұртты» Оразәлі Баймұрат жүргізе бастады. Қазақ тілді бұл бағдарлама 2006 жылы «Алтын жұлдыз» сыйлығын иеленді. Қазақ тіліндегі «Қоғамдық қабылдау», «Қылмыс-ақпарат», «Алақан» бағдарламалары да көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. «Миллион кімге бұйырады?» хабары арқылы танымал болған Ескендір Сергебаев түнгі «Шамшырақ» бағдарламасын қазақша жүргізгені бәріміздің есімізде. Қазіргі тележұлдыз Нұрлан Қоянбаевтың қатысуымен «Қызық радио» әзіл-сықақ хабары да шығып тұрды. Одан кейін Қазақстан КВН одағының президенті Есен Елеукен «J-club», «Анда-санда» әзіл-сықақ бағдарламаларын шығарып, қазақтілді ойын-сауық бағдарламаларының сапасын арттырды. 2007 жылғы жаңа телемаусымда Срайыл Смайылдың жетекшілігімен жаңа бағдарламалар: «Алаң-жұрт» ақпараттық-сараптамалық, «Өз сөзім» авторлық хабары шықты. Бірегей жоба – «Репортер» 2008 жылдың наурыз айында жарық көрді. Бағдарлама жүргізушілері – Гүлмира Әбіқай және Асқар Махмұтұлы 2008 жылы қазақтілді бағдарламасы үшін Қазақстан Журналистер одағының сыйлығына ие болды. КТК-ның бірнеше жыл қатарынан «Жыл телеарнасы» атануына қазақтілді бағдарламалардың қосқан үлесі зор. «Күндерек» ақпараттық бағдарламасы 2009 жылдың басынан «Жаңалықтар» деп аталды. Ал, дәл «КТК» телеарнасында қазақтілді «Жүрекжарды», «Қыз қылығы», «Мәссаған», «Қазақстан барысы», «Жаңалықтар: Астарлы ақиқат», «Қаражорға», «Япырай» бағдарламалары көрермендердің көңіліне жол табуда. Шын мәнінде, жыл өткен сайын бұл арнада да қазақтілді бағдарламалардың саны мен сапасы артып келеді. Өйткені, қазақ тілінің даму үдерісі қарқындай түсті.
«31» телеарнадағы бағдарламалардың беті де қазақ тілі – мемлекеттік тілге бұрылып келе жатқан сыңайлы. Бұған дейін Берік Уәли көрігін қыздырған «Дода», ақпаратты шынайы әрі өткір жеткізетіндігімен көрермен ықыласына бөленген «Информбюро» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасы сынды көрсетілімдерімен саяси-қоғамдық мазмұнда қалыптасып келе жатқан бұл арнаны 2008 жылдың наурыз айында Ресейдің СТС телекомпаниясы сатып алған болатын. Сол жылдан бері арна бастапқы қалпын өзгертіп, СТС-тің ойын-сауықтық форматына көшкені мәлім. Алайда, көптеген қазақтілді көрермендерінің тарапынан айтылған сын-пікірлер мен наразылықтар өз діттеген мақсатына жетіп, қазақтілді бағдарламалар да эфирден өз орнын тауып жатыр. Жылдық бюджеті 68 миллион теңгені құрайтын, жаңарған «Информбюро» бағдарламасының эфирдегі орны ерекше. Арна жаңалықтарын қарайтын көрермендердің қатары күн санап көбейіп келеді. Қазақ тіліне қатысты үлес салмағын арна жоғарыда аталған ойын-сауықтық бағдарламалармен қатар, СТС-тің дайын өнімдерін, балаларға арналған түрлі мультфильмдерді, телехикаяларды аударып беріп, қазақ тілінің эфирдегі үлесін біршама арттыруға өз үлесін қосуда. Жалпы, «31» арнада әзіл-сықақ театрларынан құралған («Шаншар», «Нысана», «Шымкент шоу», «Алдараспан» т.б. күнделігі) бағдарламалар да арнаның рейтингін көтеру. Сол арқылы ғана рейтингте 3-орынды ұстап тұр.
«НТК», «СТВ», «ТДК-42» сияқты телеарналар әлі де болса ресми тілдің үстемдігінен шыға алмауда. Дегенмен, бұл арналардың көрермені, рейтингі айтарлықтай емес. Былайша айтқанда, тілге тигізер оң және теріс ықпалы мүлде жоқ. «Hit TV» мен «MuzZone» телеарналарына айтылар сын, тағылар мін көп. Шетелдік жұлдыздарды эфирден түсірмейтін, жалаңаштанған, қазақтың ұлттық болмысына сай емес бейнелер осы 2 арнада өріп жүр. Ал, ұлттық болмысымыздың нағыз көрінісін «Таң», «Алматы», «Асыл арна» телеарналарынан тамашалауға болады және бұл телеарналардағы қазақша бағдарламалардың сапасы айтарлықтай жоғары, сонымен қатар мемлекеттік тілге басымдық берілген. Міне, біздегі телеарналардың мемлекеттік тілі және олардың қоғамдық-саяси маңызы, дамуы осындай деңгейде.
ПІКІР АЛМАСУ
08/06/2017 10:21
Балықтың басынан шіруі: Құраннан кейінгі кітабымыз конституциямыздан қате табылып отыр
|
ТЕКСТ