THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Жарымжан жазулар жаныңды жаралайды
Авторы: Жанат ТҮГЕЛБАЙ, Целиноград ауданы.
09/06/2017 14:48 0 7628 0
Жас Елорданы алақанында аялағандай, оны айнала қоршап жатқан бір тарихи қалың ел бар. Оны көбі астаналық Целиноград ауданы дейді. Тоғыз жолдың торабында орналасқан осы жерді мекендеген халық саны қазіргі таңда 100 мыңнан әрі асқан. Астананың күре тамыры іспеттес автокөлік жолдарының өн бойында ұзын саны 50-ден асатын көптеген ірілі-ұсақты елді мекендер бар.
«Аяғына қарап асын іш, шешесіне қарап қызын ал» демеуші ме еді ұлы бабаларымыз. Қазіргі кезде әттеген-айлардың көбі өгейдің күйін кешкен ана тілімізге байланысты көп туындап жатқаны шындық. Жол бойындағы белгілер, әсіресе, елді мекендер атаулары ономастиканың тізгінін ұстағандардың, оларға жөн айтушылардың көздерінен мүлдем тысқары қалғанға ұқсайды. Әрине, бұл орайда орысша атауларға сын айтудан аулақпыз. Себебі, олар айна-қатесіз жазылған. Жалпы, қазақы мінезімізге тән жаман ғадетті айтпай кетпеске болмас. Біреуіміз ауызша, мейлі жазбаша болсын – орысшадан жаңылсақ, қалғанымыз соған мәз болып, жаппай күлетініміз шындық қой. Балтық немесе Кавказ жұрты ондайды тіпті елемейді де.
Қазақ тіліндегі оғаштықтарды, әсіресе көзге түсіп тұрған қателерді көрсек, оған үйреншікті салғырттықпен қарайтын әдет тек бізге ғана тән. Өйткені, оның жауыр болған іске айналғанына көпшілік дағдыланып алған сияқты. Серпілетін, оянатын кез келген жоқ па?!
Тоғыз жолдың үстімен ерсілі-қарсылы жүйткіген көліктің ішінде көзі ашық мұғалімдер, көкірегі ояу ауыл әкімдері, аудан мекемелерінің белді қызметкерлері, депутаттардың отыратыны шындық қой. Бірақ, солардың тым құрыса біреуі осы күнге дейін қырағылық танытпай неғып жүр екен?
Дағыстанның ұлы перзенті, айтулы ақын Расул Ғамзатовтың «Егер менің тілім ертең өледі десе, мен бүгін өлуге даярмын» деген сөзі олардың көңіліне қашан дем берер? Кеңестің шырмауында отырған кезіміздің өзінде қазақтың біртуар ақыны Әбділда Тәжібаевтың:
Өссе тілім мен де бірге өсемін,
Өшсе тілім мен де бірге өшемін, – деген жыр жолдарын ұмытуға қақымыз жоқ шығар.
Біздің ауданда сезімтал тіл жанашырлары көп. Жазатын мақалалары мен өлеңдеріне бұл мәселе өзекті тақырыпқа айналғанымен, қатқан сең жібімей жатыр. Тыңдайтын құлақ, көретін көз болмағасын, бәрі құрдымға кеткендей.
Аудандық әкімдіктің ономастика, ал, аудандық мәслихаттың тұрақты комиссиялары сонда не қарап жүр екен. Тоқсан ауыз сөздің тоқ етерін айтар болсақ, Астананың кіреберіс жолдарындағы жазуларды бір ретпен түзетудің мезгілі жетті. Бүкіл еліміз «ЭКСПО-2017»-ге әзірленіп жатыр. Біз неге сырт қалуымыз керек? Өзімізді-өзіміз мазақ қылған күйбең қарабайыр тіршілік енді бізге жараспас.
Көрген көзде жазық жоқ демекші, мына объективке шалынған шалағай жазуларды жоймасақ, ол іс басында отырғандарға үлкен мін болар.
Қазақ тілі – мемлекеттің басты құралы, ұлан даланы ежелден мекен қылған елдің бай мұрасы. Ұлы кемеңгеріміз Абай айтпап па еді тіл туралы:
Өткірдің жүзі, кестенің бізі,
Өрнегін сендей сала алмас, – деп.
Мемлекеттік қызметтің биылғы жаңа жүйесі көпке түрткі әрі сабақ болды. Себебі, «А» корпусына үміткер болғандардың біразы осы тіл туралы басты шарттан оңбай сүрінді ғой. Ана тіліне қырын қараған қазақтарға бұл жақсы сынақ, өнегелілік маңызы зор іс болғанына халық қуанып қалды.
Шет елдерден келген кәрістер, түріктер, АҚШ, мадияр (венгр) жұртының өкілдері қазақ тіліне қызығушылық танытып жатқанда, біздің самарқаулық танытқанымыздың енді жөні болмас. Тілден басқа олар домбыра тартуды үйренуді де дәстүрге айналдырған.
Целиноград ауданы мекемелерінің бірер жылдан бері толық мемлекеттік тілге көшті деген аты болмаса, біз күні бүгінге дейін бұл мәселеде қарға адым әрекет жасаған жоқпыз. Прокуратура қызметкерлерінің тексерістері бұған куә. Қарым-қатынас құжаттары мен ішкі құжаттар (сұрақ-жауап хаттары) ескіше орысша жүріп жатыр. Сол үшін қаншама ескертулер де жасалды. Көпке дейін Шалқарды – Челкар, Қосшыны - Косщи, Қозыкөшті - Қазыкөш деп жазып келдік қой. Бәрінің өзіндік терең ұлттық мән-мағынасы бар. Газет қызметкерлерінің осы олқылықтарды түзетуге қосқан үлесі аз емес. Бұл жолғы ұсынысымыздың да орны бар шығар. Мына фотосуреттердегі сауатсыз жазуларға қарап, соны бақылауға міндетті қызмет адамдары жауапкершілік салмағын сезінер деп ойлаймын. Аудандық мәслихаттың депутаттары да заман талабына сай іс-қимылдар жасап, қазақ тіліне қамқорлық танытар деген үміттеміз. Бұрмалап жүргендерге жол жарнамаларының қазақша дұрыс жазылу нұсқасы былай болатынын да ескерте кеткіміз келеді: ҚОСШЫ, ШАЛҚАР, ОРАЗАҚ, МӘНШҮК, ҚОСШОҚЫ, ӨТЕМІС, ТӨҢКЕРІС, ҚАЖЫМҰҚАН, ҚАРАӨТКЕЛ, ЖАҢАЖОЛ, ЖАҢАЖАЙНАҚ, ҚЫЗЫЛЖАР, ҚЫЗЫЛСУАТ, ТАЙТӨБЕ, МАЙБАЛЫҚ, АҚМЕШІТ, ТАЛАПКЕР, ҚОЯНДЫ, ШҰБАР, САРЫКӨЛ, ЖАЛҒЫЗҚҰДЫҚ.
Арқа ажары
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ