КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Жалпыға белгілі, тілге қатысты проблемалар негізінен Қазақстанның солтүстік облыстарында шоғырланған. Кеңес уақытында да солай болатын, қазір де сол қалпы. Бірақ бір қызығы, тіл мәселесіне қатысты пікірлерді көбінесе солтүстік аймақтарда тұрып көрмеген, оның жалпы жағдайынан хабары шамалы адамдар білдіріп жатады. Тіпті жыл сайын Алматыда осы тіл мәселесіне байланысты жиындар мен басқосулар өтіп жататынын білеміз. Осының бәрі кейде басы ауырған адамның аяғын емдеген секілді болып көрінеді. Себебі ол жиындардан қазақ тіліне келетін титтей де пайда жоғына көзіміз жетті. Солтүстік өңір сол шалақазақ күйінде тұр. Ал шындығында ұлттық тілге қатысты кез келген қозғалыстар, жиын-басқосулар солтүстіктегі облыстарда өтуі керек еді. Бірақ тіл тағдырын сөз еткендер Алматыдан бері шыққысы келмейді.
Енді Д.Көшімнің ұсыныстары жөнінде өз пікірімізді білдірсек. «Тілге деген қажеттілік екі жолмен ғана жасалады: Біріншісі-құқықтық, заңдық жолмен тілге деген қажеттілік жасалуы»-дейді автор. Яғни, мемлекеттік тілді білмеген адамды қызметке қабылдамау, қате жазылған жарнама, билбордар үшін үлкен мөлшерде айыппұл тарттыру т.с.с.
Бұл – бұған дейін де талай мәрте айтылған ұсыныстар. Және бәріміз де екі қолымызды бірдей көтеріп қолдаймыз. Бірақ…
Ең бірінші мұндай ұсынысты Ақорда қолдамайтыны анық. Президенттің өзі ара-тұра «тілді саясатқа айналдырмаңдар, қазақ тілін орынды-орынсыз тықпалай бермеңдер, орыс тілін білуге міндеттіміз» деп ескертеді. Және Қазақстанда барлық мәселені (оның ішінде тіл тағдырын ) тек Президент қана шешетінін білеміз. Егер ол кісі тіл мәселесін дұрыстап қолға алыңдар десе, шекесінен қарап жүрген шенеуніктер сол күні-ақ қазақша сайрап кетер еді.
Мысалы, 2006-жылы Н.Назарбаев Қазақстан халықтары ассамблеясының басқосуында мемлекеттік тіл мәселесіне біраз тоқталып, жағымды пікірлер айтып еді, жайшылықта тілді қажет етпейтін шенеуніктер осыдан кейін кәдімгідей дүбірлесіп қалды. Тіпті таңертеңгілік лездемені қазақ тілінде өткізем деп әрекет еткен әкімдер де бар біздің жақта. Бірақ бәрібір сосын арты сұйылып кетті.
Ал 2013-жылы Президент тағы бір сөзінде «орыс тілін шетке қақпау керек, барлығы қазақша болып кетті, оны тоқтатыңдар, емханалардағы маңдайша жазулардың бәрі қазақ тілінде, орыстілді зейнеткерлер кабинеттерді таба алмай сандалып жүреді» деп еді, бұл жақтағы орыстілділер мен шалақазақтар жерден жеті қоян тапқандай қуанды. Осыдан соң мен өзім әдейі барып, бірнеше емханаларды аралап көрдім. Кабинеттердің маңдайшаларының барлығы орысша жазылған. Ал жаңағыдай сөзді президенттің аузына бер жақтағы тілге жаны ашымастар салып отырғаны белгілі.
Жоғарыда Д.Көшім айтқандай, арнайы заң қабылданып, қазақша білмейтіндер қызметке алынбайтын болса, солтүстік облыстардағы мемлекеттік қызмет пен бюджет саласы қазметкерлерін 60-70 пайызға қысқартуға тура келеді. Себебі, орыстілділерді айтпағанда, қазақша «әліпті таяқ деп білмейтін» қандастарымыздың қаншамасы қызметте жүр. Сондықтан жоғарғы жақ бұл секілді қадамға бармайтыны белгілі.
Ал енді жарнама, билбордтардағы қателер үшін айыппұл салу деген өте дұрыс ұсыныс. Қате жазу-ашықтан-ашық тілімізді мазақ ету деген сөз. Бұл жөнінде Павлодар облыстық тілдер басқармасына сауал жолдағанымызда: «Бәрін де көріп отырмыз, бірақ бізде айыппұл салатын пәрмен жоқ. Барлығы жоғарғы жақтың билігінде»-деген. Сондықтан бұл секілді мәселелерді қайтсе де іске асырған жөн.
Енді Д.Көшімнің «прибалтика тәсілі» егер іске асып кетсе, сөз жоқ, бұл да керемет болар еді. Бірақ… тағы да «бірақ» дейміз.
Өкінішке орай, автор «ұлттық сана», «ұлттық намыс», «демографиялық басымдылық» секілді бірнеше факторларды ескермеген сыңайлы. Ол. Анығырақ айтсақ, былай: Прибалтика елдері кеңес одағының құрамында жүргенде-ақ орыстарға биіктен қарап, өздерін «еуропалықтармыз» деп санаған. Біздер орыстарға бодан ел ретінде төменнен жасқаншақтап қарап келсек, олар қашанда жоғарыдан менсінбей қараған халық. Ресейдің билігі мен тілін амалсыздан мойындаған елдер екені әркімге аян. Сондықтан оларда «ұлттық сана», «ұлттық намыс» деген түсініктер қазақтарға қарағанда әлдеқайда биік болғанын несіне жасырамыз. Және Қазақстандағыдай емес, оларда жергілікті халықтың саны басым. Сол себептен автор айтқан әдіс ол елдерде оп-оңай іске асқан.
Ал енді бізде осындай әдісті қолданып, қазақ тілін білмейтін адамдарға қоғамдық орындарда қызмет көрсетпей көріңізші, не болар екен. Біздің билік «адам құқығын аяққа таптадың» деп, ең әуелі қазақтарды жазалар еді. Тіпті бұның аяғы жанжалға, қантөгіске дейін алып баруы мүмкін. Өйткені солтүстік өңірлерде орыстілділердің саны әлі де басым, қатары көп (40-50 пайыз). Оларға өз тілін тіл деп санамайтын шала қазақтарды қосыңыз. Сонда қазақша түсінбейтіндердің қатары 70-80 пайызды құрайды екен. Сондықтан бұл секілді шаруаға бару әлі ертерек секілді.
Тіл проблемасы қоғамдағы барлық маңызды салалармен тығыз байланысты. Атап айтсақ: демографиялық, көші-қон, әлеуметтік-экономикалық, білім беру, құқық қорғау, ішкі саясат, мәдениет, ақпарат тарату, ұлттық компаниялардың жұмысы, банк саясаты т.б. Осылардың барлығынан қазақ тіліне деген қолдау болуы керек. Ал бүгінде бұл аталған салалардың қайсыбірі қолдамақ түгілі, тіл деп мойындағысы келмейді.

Демографиялық сала

Қазақстанда қазақ тілінде сөйлейтін, оны туған тілім деп мойындайтындардың саны 60 пайызға жетсе, ешқандай заң қабылдамай-ақ, тіліміз тұғырына мініп кетер еді. Өкінішке қарай, олай болмай тұр.
Бір мысал. ХІХ ғасырдың ортасынан бастап Ресей қазақ жерін сыртқы округтерге бөліп, ашықтан-ашық отарлай бастады. Сол кезде орыс отарлаушылары қазақтарды адам ретінде санамағанын тарихтан білеміз. Бірақ сөйте тұра, көбі қазақ тілін үйренуге мәжбүр болған екен. Сонда оларды қазақша сөйлеуге мәжбүрлеген не? Бірінші себебі, келімсектерден жергілікті қазақтардың саны әлдеқайда көп болған. Екінші себебі, қазақтар өз тілдерінен басқа тіл білмеген. Сөйлессең қазақша сөйлес, сөйлеспесең қой деген секілді. Ал келімсектерге жергілікті тұрғындармен сөйлесіп, алыс-беріс жасау керек. Сосын олар амалсыздан қазақша үйренуге мәжбүр болған. Ал қазір тәуелсіз ел болып отырған Қазақстанда барлығы керісінше, орысша білуге бәріміз мәжбүрміз, ал қазақшаны білсең біл, білмесең онда тұрған ештеңе жоқ дейміз.
Енді осы көп жеңеді дегенге тағы бір мысал айтайық. Біздің жақта кезінде неміс совхоздары көп болды. Арасында ара-тұра орыс, қазақ отбасылар да тұрды. Немістер өзара тек қана өз тілдерінде сөйлеседі. Бір таңқалғаным, сол ауалдардағы қазақтың кемпірлері орысша білмесе де, немісшеге судай еді. Бұл жерде тағы да көп көптігін істеп отыр. Әлгі кемпірлердің азаннан кешке дейін еститіндері неміс тілі, көршілері немістер, сосын үйренбегенде қайда барады. Бұдан шығатын қорытынды-қазақша сөйлейтіндердің қатары көбейсе, тіліміз де түзеледі екен. Ол үшін біздің демографиялық деңгейіміз биік болуы керек. Бірақ…

Әлеуметтік-экономикалық сала

Кезінде Қазақстанның солтүстік облыстарында орыс экспансиясының аса күшті болғанын білесіздер. Сол кезде шағын бөлімшелер болмаса, совхоз орталықтарындағы қазақ мектептері түгелге жуық жабылды. Қазір ойлаймын, апыр-ай, сол уақытта тіліміз қалай құрып кетпеді екен деп. Байқасақ, оған себеп болған қазақ ауылдары екен. Анығырақ айтсақ, сол ауылдардағы қазақ отбасылары. Ол кезде әр ауданда жоқ дегенде жеті-сегізден қазақ ауылдары болатын. Әрине, бәрі шалғайда орналасқан, совхоздың бөлімшелері. Сол ауылдардағы әрбір отбасында жоқ дегенде бес баладан, әйтпесе 10-12 баладан өсіп шықты. Осы балалар сосын сол ауылдардағы қазақ мектептерінде оқып, кейін қоғамның әр саласында қызмет жасап, жұмыс істеді. Сөйтіп, солтүстік өңірлерде қазақ тілінің біржола жоғалып кетпеуіне барынша себеп болды.
Сол ауылдардың қазір бірі болса, бірі жоқ. Қазақ жалпы бала туғыш халық. Қалған ауылдардағы қазақ отбасылары әлі де бала туғысы бар. Бірақ бізде оған әлеуметтік жағдай жасалмаған. Ол балаларды сосын қалай өсірем, қалай оқытам деген мәселе тұр. Мемлекет бұған қолұшын бергісі келмейді. Жоқтан өзгеге миллиардтап шашылып жатқан қаржыдан ана мен балаға ештеңе қарастырылмай тұр. Ал егер туылған балаға дұрыс жәрдемақы төленсе, ол баланың болашағы мемлекеттік деңгейде ойластырылса, мыңдаған сәби дүниеге келер еді. Санымыз көбейер еді. Жоғарыда қазақ тілінің мәселесі әлеуметтік-экономикалық саламен байланысты дегеніміз осы.

Көші-қон саласы

Бүгінгі айтылып жүрген «оңтүстіктегі ағайынды солтүстік өңірлерге көшіру, оралмандарды солтүстік облыстарға молынан қоныстандыру» дегенді біз сонау жылдары айтып едік, егер шет жақтан келген оралмандарды солтүстік облыстарға қоныстандырып, оларға мол етіп демеуқаржы төлеп, 15 жылға дейін ешқайда көшпейсіңдер деген шарт жасаса. Туылған балаларына жоғары деңгейде жәрдемақы тағайындалса, топырлап бала туып, осы жақтағы қазақтардың қатары 15 жылдың ішінде біраз көбейіп қалар едік. Өкінішке орай, бұл да тек арман күйінде қалып отыр. Үкімет оларға жағдай жасамақ түгілі, Қазақстанға келтірмеудің амалын жасауда. Қазір осы жаққа аз-аздан келіп қоныстанып жатқан ағайындар теңізге тамған тамшы секілді, орыстілді қазақтармен араласып, бар-жоғы білінбей кетеді. Бізге олар қазақша үйретпек түгілі, өздерінің балалары жергілікті жастарға еліктеп, орысша сөйлеп жүр. Ол үшін кінәлауға болмайды, себебі бұл жақтағы орта солай болып тұр. Мысалы, Омбы жерінен қоныс аударып келген бір апай айтады: «1997 жылы Павлодарға көшіп келгенде немелерімнің барлығы қазақша сөйлеуші еді, қазір біреуі де сөйлемейді. Қазақстанға келіп қазақтығымызды сақтаймыз ба деп едік, бәрі керісінше болып шықты». Міне, бұл жақтағы ұлттық тіліміздің қандай күйде екенін осыған қарап біле беріңіздер.

Білім беру саласы

Қазақша білім беретін пәленбай мектеп бар деп, бөркімізді аспанға атамыз.
Қазақ мектептерінде қазақ тіліне тіпті мән берілмейді. Ана жылы «Алтын белгімен» бітірген бір баламен сөйлестім. Қазақшасы тым жұтаң. Апырмай, мына балаға жоғары баға қалай берілген деп ойладым. Сөйтсек, көптеген қазақ мектептерінде қазақ тілі сабағын еңбек, ән-күй, денешынықтыру секілді пәндердің қатарына қойып қойған. Оқушы бала «негізгі» деп саналатын-математика, орыс тілі, химия, физика, геометрия, тарих т.б. пәндерді білсе болды, ал қазақ тілінен автоматты түрде «үздік» деген баға қойыла салады екен. Сөйтіп мектеп қабырғасынан қазақ тіліне деген осындай немқұрайлылықты көрген бала, қалған ғұмырында оны ешқашан тіл деп құрметтемейді. Соны істетіп отырған қазақ мектептерінің тірлігі.
Осыдан оншақты жыл бұрын мектепте оқып жүрген қызым үйге келіп: «Папа, Шыңғыс Айтматовтың ұлты кім?»-деп сұрайды. «Ойбай-ау, Шыңғыс-тың ұлтын білмейсің бе, қырғыз емес пе!»-деймін. «Мен солай дегем, бірақ мұғалім апай: «Ол қате, үйлеріңнен біліп келіңдер деді»-деп тұр қызым. Ызы болып, ертеңінде мектеп директорына бардым. Ол жуып-шайып шығарып салды. Сол мұғалім әлі сабақ беріп жүр. Ал бүкіл ел бойынша бұл секілді «ұстаздар» қаншама.
Бұдан шығатын қорытынды: баланың жүрегінде сәби шағынан туған тілге деген құрмет қалыптассын, оқушылар толыққанды білім алып шықсын десек, қазақ метептерінің тірлігін түзеуіміз керек.

Құқық қорғау саласы

Қазақстандағы сот пен прокуратура, полиция, бұрынғы қаржы полициясы қазақ тілін тіл деп есептемейді. Бұларға барғанда орыс тілін білмесең, күнің қараң. Жуырда ғана Павлодар қаласында өткен сот процесіне қатыстым. Сотқа жүгінуші екі жақ та ауылдың қазақтары. Судья мен оның хатшысының да ұлттары қазақ. Бірақ, сот орыс тілінде жүрді. Оған аудармашы қажет болып, оны тосып, екі сағаттай отырдық. Қарап отырсаңыз, сот процесі емес, кәдімгі мазақ.
Сот отырыстары аудармашысыз қазақша өтетін болса, тілді менсінбейтін судьялар амалсыз үйренер еді.
Жоғарыда аталған салалардың баспасөз қызметі қазақтілді ақпарат құралдарына мәлімет беруге келгенде аса құлықсыз. Ал орыстілділер бара қалса, ләппәйлап қарсы алады. Осының салдарынан орыс тіліндегі ақпарат қашанда тартымды, ал қазақшасы сүреңсіз болып шығады. Бұған тосқауыл қоятын сол мекемелердің басшылары десек, олар оны ешқашан жасамайды.

Ішкі саясат

Былтырғы жылы Павлодар облыстық әкімдігінің құзырындағы «Звезда Приитрышья» газеті ұлт араздығын тудыратын мақала жариялады. Дереу облыстық ішкі саясат бөліміне хабарластым. «Біз ондай мақаланы оқыған жоқпыз»,-дейді өзі қазақшаны шала білетін қыз бала. Сонда бұлар мемлекеттің ақшасын алып, ол жерде түк бітірмей не істеп отыр деп ойлайсың. Мұндай орындарда екі тілді де жетік білетін, сана-сезімі жоғары адамдар отырса ғой дейсің. Бірақ олай емес. Ішкі саясат қызметінің қалай жұмыс істеуі аймақтың немесе қаланың, ауданның әкімдеріне байланысты. Бірақ олар керек қылмайды. Әйтеуір сол жерде біреу отырса болды дейтін сыңайлы. Ал шындығында қазақтілді БАҚ-тардың абырой деңгейінің биік болып, олардың жан-жақты ақпарат алуына жағдай жасайтын осы ішкі саясат қызметі. 

Ақпарат тарату

Егемендікке қол жеткізгесін, журналистердің жасына шектеу қойылып, бұрынғы тәжірибелі қызметкерлер кетіп, кілең жастар келді. Әсіресе теледидарда. Көгілдір экранға қарап отырып, қазіргі журналистер мен дикторлардың тіл бұзушылығын көргенде, жағаңды ұстамасқа амалың жоқ. Жарайды, олар жас шығар, тәжірибесіз шығар, ал хабардың редакторы қайда қарайды деп ойлайсың. Радио мен теледидар тілді насихаттау құралдарының бірі десек, жаңағы тілбұзарларды тыңдаған кейінгі жастар не болады? Бұларға бақылау жасайды деген мәдениет және ақпарат министрлігі немесе медиаорталықтар керек етпейді. Д.Көшім айтқандай, тілбұзар тілшілер мен дикторларды да жауапқа тартып, айыппұл салуға қол жеткізсе дұрыс болар еді.

Ұлттық компаниялар немесе ірі кәсіпорындар

Қазақ тілді БАҚ-тарда экономикалық сараптау, ірі кәсіпорындардың кіріс-шығысы, банктердің саясаты жайлы мақалалар болмайды. Оны журналистер жазғысы келмейді емес, расын айтсақ, дұрыс ақпарат ала алмайды. Айталық, Қазақстан темір жолы, Самұрық-қазына, КЕГОК, ГРЭС-тер мен кен өндіруші кәсіпорындарға ақпарат алмаққа хабарлассаң, сенің қазақшаңды тыңдағысы да келмейді. «Орыс тілінде хат жазыңыз»-деп бір-ақ қайырады. Әйтпесе барлығы сайтымызда тұр, содан қарап ал деп құтыла салады. Соның салдарынан, экономикалық саладан бірдеңе оқығысы келген адам міндетті түрде орыстілді БАҚ-тарға жүгінеді. Осының барлығы қазақтілді БАҚ-тарды тұқыртып ұстау үшін көрер көзге қолдан жасалып отырған қиянат. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ. Жоғарыда Д.Көшім айтқандай, аранайы заң қабылданып, ірі мөлшерде айыппұл салынып отырса, олар да айылдарын жияр еді.


Түйін
Бейнелей айтсақ, қара жерде тұрғызылған ғимарат секілді, кез келген нәрсенің іретасы, тұғыры болады. Сол секілді туған тіліміздің өз тұғырында нық тұруы үшін, ең әуелі іргетасы қалануы керек. Ол іргетас-балабақшалар. Баланың сәби шағынан санасына сіңген сөз бен тәрбие ғұмыр бойы жадынан өшпейді. Балабақша қабырғасынан сәбиге «түбің-түркі, тегің-қазақ, дінің-ислам» деп үйретсе, ол оның қалған ғұмырына жол сілтер бағдаршам болары сөзсіз. Өкінішке орай, қазақша тәрбиелейтін балабақшаларды ашу тәуелсіздіктен соң дереу қолға алына қоймады. Солай болғанда, қазір солтүстік өңірлерде талай азаматтар қазақша сөйлеп жүрер еді. Тек 2005 жылдардан былай қарай ғана бұл шаруа шамалап іске аса бастады. Енді ештен кеш жақсы дегендей, бұның нәтижесі қандай болатынын алдағы уақыт көрсетер деп жүрміз.

Сайлау Байбосын
Қазақия

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


28/04/2017 12:30

Біз іздеген ертегі
0 208531 0


02/05/2017 12:29

Қостілділік мәселесі
0 195618 0


26/06/2017 12:02

Жалындаған жастық шақ
0 153716 0












ТЕКСТ

Яндекс.Метрика