THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Вертуалды әлемдегі мемлекеттік тілді дамыту үшін әлі де қыруар шаруалар атқару керек
Авторы: MTDI
19/05/2017 12:57 0 49201 0
Жасыратыны жоқ, мемлекет интернет саласына айтарлықтай көңіл бөліп, оның дамуына барынша жағдай туғызып, біршама қаржы бөліп келеді. Мұрат Әбенов сияқты аузымен емес, ісімен орақ оратын ағаларымыз аз жылдың ішінде қазақтың интернет кеңістігін біршама кеңейтіп тастады. Бір ғана қазақтілді википедианың әлем бойынша отыздыққа кіруі осы айтып жатқандарымыздың дәлелі болары анық. Википедиа түзелгенімен, қазақ тілін қажет етпей тұрған кейбір мекемелер мен ұйымдар сайттарының қазақшасы сын көтермейтіндері де жетіп артылады. Ал, кейбіреулерінің қазақшасы баланың жаңа шыққан тілі тәрізді.
Жуырда Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиевтің мәлімдемесі шықты. Ол өз сөзінде Қазақстанда интернет қолданушылар ел халқының 62%-на жетіп отырғанын айтты. Жалпы Үкімет отырысында министр: «Ақпараттық-коммуникациялық құрылым тұрғысынан қарасақ, өткен жылы халыққа барлық байланыс операторлары арқылы телекоммуникациялық қызметтің ауқымды тізбесін ұсындық. Осы орайда интернет желісін пайдаланушылар саны 2013 жылдың 1 қаңтарында 62,8%-ға жетті. Біз 50-ден астам тұрғыны бар елді мекендерді CDMA технологиясы бойынша жылдамдығы 512кбт/с кең жолақты интернетке қол жеткізу мүмкіндігімен 100% қамтамасыз етеміз. Облыс орталықтары туралы айтсам, олар 4G технологиясын жылдың соңына дейін қолдана алады деп шамалап отырмыз», – деген болатын. Әрине, интернетті қолданушылардың көбейіп жатқаны министрдің мәлімдемесінен мәлім болды. Ендеше вертуалды әлемдегі қазақ тілін дамыту үшін әлі де қыруар шаруалар атқару керек екенін естен шығармаған жөн.
Қазақтың интернетке деген сұранысы артып келеді. Бірнеше жыл бұрын тек қалаға жақын елді мекендер ғана интернетті тұтынатын еді десек, бүгінде интернетке ел халқының 62 пайызы еркін кіре алатыны белгілі болды. Әлеуметтік желілердің тұрақты тұтынушысы атанып, күн сайын ақпаратты вертуалды әлемнен алып отырғанымызды ешкім жоққа шығара алмайды. Соңғы деректерге жүгінсек, елімізде әрбір азаматтың 4 аккаунты бар. Яғни, Қазақстан халқы бүгінде әлеуметтік желілердің шынайы пайдаланушыларына айналып отыр. Жасыратыны жоқ, теледидар, газет сынды БАҚ құралдарын да интернет басып озды.
Еліміздегі тұрғындардың басым көпшілігі теледидарға үңіліп, ақпарат іздеп, шарқ ұрмайды. Есесіне, әр секунд сайын жаңаратын ақпараттық порталдар арқылы жер-жаһандағы соңғы ақпараттардан құлағдар болып отырады. Тіпті, елімізде сексеннің сеңгіріне шықса да, жаңа технологияларды еркін меңгеретін азаматтардың саны күн сайын артып келеді. Бұл – қазақстандықтардың замана ағымынан қалмай, көшке ілесіп, жаңа медиаға қарай ойысқандығының айқын дәлелі.
Егер министрдің пайыздық көрсеткішін ескерсек, елімізде 11 миллионға жуық халық интернетті пайдаланады деген сөз. Ал, интернеттің шалғайдағы ауыл халқына жетпегенін, ол ауылдардың негізгі тұрғындары қазақ екенін есепке алсақ, аталмыш көрсеткіштің басым бөлігі орыстілді азаматтар болғандықтан, орыстілді сайттарды пайдаланатыны белгілі. Сол себепті, сайтты жасаушылар халықтың осы бөлігін ғана (орыстілділерді) негізге алып, орысша сайттарды жасайды. Соңғы көрсеткіш бойынша Қазақстандағы қазақтілді сайттар ағылшынша сайттардың санынан да төмен болғаны белгілі. Ал орыстілді сайттар 70%-дан астам. Сондықтан қазақтілді интернет қолданушылар әлі де болса орыс тілінің құрсауынан шыға алмай жүр. Халқымыздың 62%-дан астам интернет қолданушысы қазақтілді интернет жүйесін дамытуды барынша тездетуді талап етеді.
Мемлекеттік тіл мәселесінің барған сайын шиелене түсуі осындай жағдаяттардан туады. Ел тұрғындарының интернеттен ақпарат алу белсенділігі артқанын біле тұра, қазақтілді интернет жүйесіне сауысқандай сақтық танытпасақ, мемлекеттік тілімізді дамыта алмаймыз. Еліміздегі тіл саясаты өте пассивті жүзеге асып жатқаны көпшілікке мәлім. Қазақ тілі мемлекеттік тіл болғанымен, оның шынайы өмірде саяси тіл функциясын, мәселен, құжаттық-ресми тіл міндетін атқаруында бірқатар кедергілер барын есепке алып, оны ең құрығанда вертуалды әлемде дамыта алсақ, мемлекеттік тілдің мәселесін біршама жөнге келтірген болар едік.
Дінмұхамед Аязбеков
ПІКІР АЛМАСУ
01/06/2017 16:43
Орыс тілді мектептерде тіл дамыту жұмыстарының әдістемелік ерекшеліктері
|
ТЕКСТ