КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

    Сіздің құныңыз қанша? Адам ретінде бағаңыз немен өлшенеді? Адам үшін ең қымбатты не нәрсе? 
Кез келген адам үшін ең бірінші – оның аты қымбат. Әкесінің аты қымбат. Атасының аты қымбат. Тегі қымбат, тұқымы қымбат.
    Аты-жөніңізде қате жоқ болса, сіз өз құныңызды, өз бағаңызды білесіз.
    Аты-жөніңізде қаптаған қате болса ше? Онда өз құныңызды өзіңіз шығарарсыз.
   Қазақтың құны қанша деуімізде мән бар. Жақында «Егемен» мен «Казправдаға» биылғы Бірыңғай ұлттық тестілеудiң қорытындысы шығады. Мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына түсуші түлектердің аты-жөніндегі қатеден аяқ алып жүре алмайсыз. Қазақта қанша құнсыз қазақтың бар екенін сол тізімге қарап-ақ жобалай беруге болады.
    Аты-жөнді қате жазу жағынан алдымызға қара салмай келеміз. Бір қызығы, соған еш қорланбаймыз да, намыстанбаймыз да! Қатені түзеткісі келген адам мың есікті ашуына тура келеді. Табанынан тозады. Шаршайды. Шалдығады. Ақыр соңында бәріне қолын бір сілтеп, қоя салады.
Осы күні атына «мягкий знак» қосылып жазылмаған қазақтың қызы аз. Гульмира, Гульжан, Гульнар, Гульжанар, Гульжамал, Гульсим деп аты гүлге біткен қыздың бәрі дерлік қате атты көтеріп жүр. Анар – Анара, Манар – Манара, Жанар – Жанара деген орыс тілінің ыңғайымен жатып тұратын аттарды есепке алсаңыз, еріксіз тіліңізді тістейсіз.
Мұндай өрескелдік қайдан кетіп отыр?
    Бірінші кезекте, адамның жеке бас куәлігі мен шетелдік паспорты екі тілде, оның ішінде басым жағдайда орыс тілінде толтырылғаннан кейін туындап отыр. Қазақтағы құлдық психология қанша жерден Тәуелсіздік алса да кетпей тұр. Соның салдарынан аты-жөніндегі қатеге көптеген қазақ бүгінде соншалықты проблема деп те қарамайды. Әбден еті өлген. Намысы боқтыққа көмілген. 
«Официальный» тіл озбырлығын жасап тұр.
    Бұрын не жамандық болса да, сәбет өкіметінен көре салатын едік. Тәуелсіздік алғанымызға жиырма жылдың жүзінен асты. Әлі баяғы қате балалап жатыр. Енді мұны кімнен көреміз?
    Өз аты-жөнін қате жазғызған бір ағылшынды, не бір французды, не бір немісті, жоқ болмаса бір жапонды немесе бір кәрісті көрдіңіз бе? Тіпті орыс екеш орыстың өзі Иван дегенін Диван деп жазбайды ғой. 
    Орыс тіліне орыстан бетер жүйрік, орыстың өзін жолда қалдырып, сайрап тұрған біз, қара орыстар, неге өз аты-жөнімізді толтыруға келгенде сондай салақпыз және сауатсызбыз? Қазір біреуге «сен сауатсызсың» деп көріңізші, мұрныңыздың қай жерінен мұржа шығарғанын білмей қаласыз. Ал қалың қазаққа, тұтас бір ұлтқа соншалықты сауатсыз болудың соры қайдан жұқты?
    Жамбылды – Джамбул, Жолдасбекті – Джолдасбек еткен кеңестік жүйе келмеске кетті деп жүргеніміз бекер ме деймін кейде. Біз сол сәбеттер елінің ең соңында қалған, басқалардың бәрі тарқап кеткенде, егемендігін амалсыз алған, сайып келгенде, қара шаңырақ – КСРО болса, соның ең соңында қатардан қалмайық деп, көк туын амалсыз көтеріп отырған, шын мәнінде, қара шалдың кенже баласындай, шаңыраққа мұрагерлік жағынан таза сәбеттің өзіміз бе деген ой келеді. Өйткені бізден басқаның бәрі өз алдына ел болудың қамында жүр де, біз ғана салпақтап, алақтап, жалақтап, қорқасоқтап, қазақ дей алмай, қазақ қамын жей алмай, басқа ұлт пен ұлыстың тыныштығын тілеп, өзімізді ішімізден іреп, жаппай рухани жадап-жүдеп, болмастың жолымен, берместің қолымен нұрлы болашаққа қадам басып келе жатырмыз. Құдай қайырын берсін!..
    Сонымен, қазақтың құнын анықтаудан шықты ғой әңгіме. Осы жағдай осылай кете бере ме? Мұны түзетудің жолы бар ма, жоқ па?
Біздің ойымыз айтады: мұны түзетудің, аты-жөнді сауатты толтырудың жолы бар деп. Ол үшін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Қазақстан азаматтарының аты-жөн сөздігін жасауды қолға алуы тиіс. Миграциялық полиция деректерін ала отырып, Қазақстанда тұратын, ресми тіркелген 17 миллион адамның аты-жөнін тегіс сүзіп өтіп, әр адамның аты-жөнін сауатты толтырудың үлгісін жасау керек. Бұл сөздік толық нұсқасында Үкіметтің қаулысымен немесе басқа да заңдық актілерімен тастай бекітіліп, электронды нұсқасы кез келген азаматтың қолдануына оңай қалыпқа түсірілуі қажет. Кез келген АХАЖ ұйымдары мен бөлімдері бірінші кезекте осы Қазақстан азаматтарының аты-жөн сөздігіне сай жаңадан туған баланың Туу туралы куәлігін рәсімдегені абзал. Сонда ғана біз қаптаған қатеден құтылуға нақты қадам жасаймыз.
    Ал осыған дейін қате ататекті арқалап келе жатқан азаматтар не істейді? Оларға да осы Қазақстан азаматтарының аты-жөн сөздігі көмекке келуі тиіс. Егер кімде-кімнің аты-жөнінде қате кеткен болса, ол азамат Үкімет бекіткен ресми сөздікке өз аты-жөнін сәйкестендіре алатындай жағдайда болуы керек. Мәселен, Чинарбаев Джексенбай Интимакович деген азамат – Шынарбай Жексенбай Ынтымақұлы деген сауатты үлгіде өз төлқұжаттарын жөндетіп алуына еш кедергі болмауы тиіс.
    Бізде тағы бір «ішінде ит өліп жатқан» жер бар. Ол – мынау СИК, РНН, қазіргі ИИН дегендер. Осының бәрінде қазақ тілінің сфецификалық тоғыз әрпінің компьютерлік бағдарламаға енгізілмеуіне байланысты, көптеген Қазақстан азаматының аты-жөні негізінен, орыс тіліндегі үлгіде толтырылады. Сондай-ақ 1С бухгалтерия, зейнетақы қорларының есептеу бағдарламаларында қазақ әріптерінің болмауы, болса да орыс тіліне басымдық берілуі ең үлкен мәселені алдан шығарады. Мәселен, мен – ЖҮСІП Нұртөре Байтілесұлымын. Орысша негіздегі бағдарламаға мені ЖУСИП, кейде ЖУСУП түрінде, атымды бірде Нурторе, бірде Нуртуре деп енгізеді. «Бір әріпте тұрған не бар?» деуі мүмкін кейбіреулердің.
    Бір әріпте үлкен мәселе бар. Жүсіпті – Жусуп, Жусип, Тусуп, Иосиф, Осип деп кете беруге болады. Бәрі түп негізінде Жүсіп пайғамбардың есімі ғой, бірақ әр халықта әртүрлі транскрипцияда. 
    Айтайын дегеніміз, күні ертең зейнетақы алғанда немесе басқа да мүліктік операцияларды жасағанда сіздің – сіз болмай шығуыңыз мүмкін... Дәлелдеп көріңіз сосын...
    Ең басты мәселе – біздің бүгінгі қазақтың құны: аты-жөнін ардақтап, құжаттарын мемлекеттік тілде рәсімдегендер үшін мұндай азаматтардың атасына рақмет! Өз дәргейінде бағасын жоғарылатады. Ал аты-жөні қате-қате қазақтардың құны көк тиын, қанша асыл туса да!

Нұртөре ЖҮСІП
АЙҚЫН

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


28/04/2017 12:30

Біз іздеген ертегі
0 208537 0


02/05/2017 12:29

Қостілділік мәселесі
0 195641 0


26/06/2017 12:02

Жалындаған жастық шақ
0 153741 0












ТЕКСТ

Яндекс.Метрика