THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Қазақстаннан тыс жерде 6 321 564 қазақ бар
Авторы: Мұхамбеткәрім Қожырбайұлы, Маңғыстау
23/01/2018 11:12 0 49341 1
Қазақстан халқының саны 2017 жылғы 1
қыркүйектегі көрсеткіш бойынша 18 074,1 мың адамға жетті, деп хабарлайды Baq.kz
ақпарат агенттігі. 2009
жылғы санақ бойынша қазақтар ел тұрғындарының 63%-ын құраған. Одан бергі 8,5 жыл ішінде қазақтың
санын 70%-ға жетті деп бағамдасақ, қазақ саны 12 500 000-ның үстіне шықты деп,
бағамдауға әбден болар.
Шетелдердегі
қазақтардың санын 2014 жылы Түркия үкіметі жариялапты:
Өзбекстанда
ресми деректер бойынша 2 миллион 500 мың;
Қытайда
2 миллион 250 мың;
Ресейде
1 миллион 310 мың;
Моңғолияда
120 мың;
Түркіменсанда
125 мың;
Ауғанстанда
45 мың;
Түркияда
30 мың;
Германияда
17 мың;
Тәжікстанда
16 мың;
Иранда
53 мың 700;
Украинада 15 мың;
Францияда 15мың;
АҚШ-та 10 мың;
Беларуссияда 5 мың;
Канадада 5 мың;
Әзірбайжанда 3 мың;
Грузияда 3мың;
Пәкістанда 5 мың;
Молдвада 3 мың;
Англияда 2 мың;
Литвада 3 мың;
Швецияда 1 мың;
Эстонияда 1 мың;
Арменияда
1 мың;
Австралияда
1 мың;
Аргентинада 700;
Иорданияда 300;
Израильде 200;
Финляндияда 64;
Белгияда 2 мың;
Аустрияда 900 деп көрсеткен.
Бұл есепке сүйенсек, бұдан 4 жыл бұрын жер бетінде Қазақстаннан
тыс жерде 6 321 564 қазақ бар екен. Демек, қазіргі есеп бойынша жер жүзіндегі
қазақтардың санын 20 миллионға жетіп қалды деуге негізіміз бар.
Алайда, ресми дерекпен шынайы дерек сай
келе бермейді. Оған себеп те жоқ емес. Шын мәнінде әлемде қанша қазақ барын
ешкім білмейді. Кеңес өкіметі құрылар кезде қаншама бауырымыз қуғынға ұшырап
шекара асып кетті. ХХ ғасырдың басына дейін Қазақ жері болып келген біраз аймағымыз
көршілес мемлекеттерге өтіп кетті. Мәселен, Ресейге алғашқы астанамыз болған
Орынбор, Өзбекстанға Ташкент, ал, Қытайға бүтін бір Шығыс Түркістанның көлемді
бөлігі берілді. Ол жерлерде өмір сүріп жатқан қазақтар байырғы атамекендерінде
қалды. Сондықтан осындай тұтас алып аймақтардың байырға халқының саны бұдан
әлдеқайда көп болуы әбден мүмкін. Мысалы, Өзбекстанда төлқұжаты бойынша өзбек
болып жүрген қандастарымыздың да бар екені белгілі. Осындай жағдайлар Қытай,
Моңғолия, Қырғызстан секілді қазақтар көп шоғырланған аймақтарда да болмауына
кім кепіл. Оның үстіне Түркия жүргізген есепте Қырғызстандағы қазақтар
көрсетілмеген. Қырғызстандағы қазақтардың саны
2004 жылғы есеп бойынша 65 мың шамасында делінеді. Бейресми мәліметтерге сүйенсек, қазір
әлемдегі қазақтардың саны 50 миллионға жуық көрінеді.
«Өткен жылы елімізге арнайы іс-сапармен
келген Түркияның сол кездегі премьер-министрі Ахмет Дәуітоғлы түрік пен қазақты
туыс, қаны да, жаны да бір ұлыстар ретінде бейнелеп «Түркияда мені қосқанда 78
миллион 600 мың қазақ бар» – деп ағынан жарылған еді. Осымен қосқанда
әлемдегі қазақтардың саны 130 миллионға
жуықтап қалады.
Біз күшті болуымыз керек, күшті болу үшін
көп болуымыз қажет. «Көп қорқытады, терең батырады», – деген сөзді
ұмытпағанымыз жөн. Уа, Аллам, қазақтардың санын қытайлардан кем қылма» (Азиз
ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ «ӘЛЕМДЕ 130 МЛН. ҚАЗАҚ БАР ЕКЕН.
http://osken-onir.kz/lemde-130-million-aza-bar-eken/).
Алайда шетелдердегі бауырларымыздың
жағдайы соңғы жылдары күннен-күнге күрделеніп барады. Мысалы, Ресей бірде-бір
қазақ мектебін қалдырған жоқ, бәрін жапқан. Бұндай жағдай тек қана Ресейде
емес, өзге елдерде солай болып жатыр. Бұған Қазақстан билігі де ештеңе істей
алмайды. Себебі, олар сол тұрған елдерінің азаматы. Сол елдің заңына бағынады.
Ал, анау Қытай қазақтарының адам айтса нанғысыз, жан түршігерлік жағдайларын
теледидар мен интернеттен күнде естіп, көріп отырмыз. Демек, қазір
қимылдамасақ, келешекте бәрі кеш болады. Тілі мен жазуынан айрылғасын-ақ «Елу
жылда, ел жаңа» деп қазақ мақалында айтылғандай, олар сол тұрған елдеріне сіңіп
кетеді.
Мысалы, жақында мен мұны өз көзіммен
көрдім. Жолым түсіп кезінде Әз Жәнібек хан салдырған Астрахан қаласына барғанымда, сондағы қазақ
диаспорасы мәдени орталығының басшыларының бірімен кездестім. Қоғамның
есебінде, «Астрахан облысында 300 000 қазақ тұрады екен. Облыста бірде-бір
қазақ мектебі жоқ. Балаларының бәрі орысша оқиды. Жастар жағы қазақша
сөйлемейді деседе болады. Қазақша сөйлейтіндер күннен-күнге азайып барады»
дейді. Оны өзімде көрдім, қалада қай жерге: вокзал, сауда орындары, мешіт т.т. барсаңда түрі қазақ, бірақ қазақша
білмейтін адамдарды жиі кездестірдім.
Қозғаушы күші жебрейлер болған Кеңестік
Қызыл үкімет соңғы ғасырда қазаққа бұрын-соңды болып көрмеген «геноцид» жасап,
ауыр қасырет әкелді. Қазақ халқы 3/2 бөлігінен айрылды. Біз мұның зардабын
түбіміз туыс Түрік елімен салыстырсақ айқын көреміз. ХХ- ғасырдың басында саны жағынан шамамен
бірдей (7-8 млн.) болған қазақ пен түрік халқының саны 2006 жылғы есеп бойынша төмендегідей:
-
қазақтар - 12 млн.
-
түріктер - 72 млн.
Міне осындай бір кеңістікте, бір заманда
өмір сүрген тамыры бір туысқан екі халықтың бірінің 60 млн. жуығы жоқ болып
кетуінің себебін ешқашан жадымыздан шығаруға болмайды. Мұндай жағдайдың
келешекте тағы қайталанбауы үшін барлық шараны алуымыз қажет. Бастысы
бағдарымыз ұлттық демографиялық көрсеткіш пен оның сапасы болуға тиіс.
Соңғы 26 жыл. Әлі сол баяғы тәуелсіздік
алған жылдардағы 18 млн-ның айналасынан шыға алмай жүрміз. Ал, Біздің билік
«Қазақстан халқының саны 18 млн адамнан асты, деп бөріктерін аспанға атып
жүргенде, қасымыздағы өзбек ағайындар 25 жылда 20 млн-нан 32 млн-ға бірақ
қарғыды. Бізге не болды? Орыс тілді биліктің 2020 жылға дейін Қазақстан халқын
20 млн-ға жеткізуге тиіспіз деп, Елбасымыз межелеген бұл мәселені шеше
алмайтыны айқын болды.
«Өзбекстан халқының саны 2017 жылдың 1
шілдеге дейінгі есеп бойынша 32 миллион 345 мың адамға жетті». (Gazeta.uz
http://ult.kz/post/ozbekstan-khalkynyn-sany-32-million-adamnan-asty).
«2014 жылдың 1 қарашасындағы көрсеткіш бойынша еліміздегі халық саны 17 млн. 377 мың адамды құрайды. Өзге елдермен салыстырғанда бұл көрсеткіштің «қарқыны қатты» деп айтуға келмейді. Десе де, халық санының жылдық өсімі жаман көрсеткіш көрсетіп отырмағандығын Елбасымыз тележурналистермен кездесу барысында айтып өтті. «Таиланд елі алғаш тәуелсіздік алған
кезде халқы 16 млн. болса, қазір 65 млн-ға жеткен. Бар болғаны 40-50 жылдың ішінде халық санының өсімі айтарлықтай өскен. Біздің елдегі 2050 жылға жоспарлаған бағдарламада 2020 жылға қарай халқымыздың саны – 20 млн.-ға жетсе екен деп ойлағанмын. Кезінде тәуелсіздік алған тұста 1991-1995 жылдар аралығында Қазақстаннан 3,5 млн. халық көшіп кетті. Сол көрсеткіш бойынша халық саны 14 млн.-ға дейін түскен. Қазіргі уақытта, енді қайта қалпымызға келіп жатырмыз. Оның ішінде 1 млн.-нан астам қандастарымыз сырттан келіп жатыр. Алдағы уақытта да осы қарқыннан таймай, халыққа жағдай жасау арқылы халық өсімін арттыру, оның ішінде балаларға жағдай жасау толығымен дұрыс жолға қойылды», ̶ деді Елбасы (Еркежан ЖҰМАТАЙ
http://www.qamshy.kz/article/qazaqtinh-sani-qansha.html).
Соңғы жылдары Қазақстанның орыс тілді билігі
Елбасымыздың осы бағдарламасын іске асырудың орнына алыс-жақын шетелдердегі қандастарымыздың
елге оралуына барынша кедергі болып бақты. Мысалы, Жаңаөзен көтерілісіне оралмандарды кіналады. Оралмандардан еш негізсіз сотталмағандықтары жайлы анықтама талап етілді. Азаматтық беруді бес жылға созды. Шетелден келген қандастарымыздың орыс тілін білмеуі олардың елге тез сіңісіп кетуіне көп қиындық келтірді. Қысқасы, шетелдердегі орыс тілін білмейтін қазақтарды Қазақстанға кіргізбеудің барлық айла-амалдарын жасап бақты. Міне осындай қитұрқы саясаттың салдарынан, басында Елбасымыздың өзі аса зор ынтамен басталған «Ұлы көштің» аяғына тұсау салынды. Елбасымыздың «2020 жылға дейін еліміздің халқын 20 миллионға жеткізу керек» деген тапсырмасына ашықтан-ашық қарсы шықты.
Нақты статистикалық мәліметтерге сүйенсек,
1991 жылдан бастап 2011 жылдың 1 қаңтарына дейінгі кезеңде елімізге алыс және жақын
шетелдерден 210 225 отбасы немесе 824 170 этникалық қазақ көшіп келген. Оның ішінде Өзбекстаннан – 126 790 отбасы (494 565 адам), Қытай Халық Республикасынан – 25 764 отбасы (85 487 адам), Моңғолиядан – 22 124 отбасы (110 856 адам). 2012 жылдан бастап Елбасымыздың өзі негізін қалаған Ұлы көш тоқтаған.
2012 жылы – 39 401 адам келген;
2013 жылдың тоғыз айында – 21 949 адам;
2014
жылы 8247 адам;
2015
жылы небәрі 5 000 адам;
2016
жылы 33 754 адам;
2017
жылғы дерек табылмады.
Халық
санының табиғи жолмен өсу жағдайы төмендегіше:
2010
жылы Қазақстанда 366 мың сәби өмірге келген;
2011
жылы 372 801 сәби;
2012
жылы 381 мың сәби;
2013
жылы 350 мыннан астам;
2014
жылы елімізде 368 мың сәби;
2015
жылы 400 мыңдай сәби дүние есігін ашыпты;
Демек, табиғи өсім орта есеппен жылына 350
мың мен 400 мыңның арасында болып тұр. «Тумақ болғанда,
өлмек те бар». «2012 жылы елімізде 140 000 адам бақилық болыпты. 2013 жылы да
сол мөлшерде болған шығар деп, жазыпты «Жебе» газеті.
(http://zhebe.com/index.php/saiasat/item/1266-kimge-sert-20-mln-bolamyz-degen-khalykka-ma-zhok-alde-boldyrmajmyn-degen-kimetke-me.html).
Орта
есеппен өлім саны жылына 150 000 адамды құрайды деп, бағамдауға әбден болар.
Қазақстанда тәулігіне орташа есеппен 766,
яғни бір жылда 280 мыңдай сәби дүниеге келеді
және 432, яғни жылына 160 мыңдай адам қайтыс болады деп, болжам
жасайды https://kaz.tengrinews.kz/kazakhstan_news/kazakstandagyi-tuu-jane-olm-jtm-korsetksh-sekundpen-esepteld-259201/
Осы екі деректен шығатын ортақ тұжырым
елімізде жылына 300-350 мың сәби дүниеге келіп, 150 мыңдай адам бақилық болады.
Демек,
Қазақстан халқының табиғи өсімі жылына 200 мыңның шамасында болып тұр.
Ақиқатын айтқанда, табиғи өсімде жыл сайын
төмендеп келеді. Осыдан 30 жыл бұрын 5 баламыз бар десе ел күлетін. Ал, қазір
бұл сан мақтанға айналды. Көптеген отбасылар 2-3 баламен шектелетін болып жүр.
Осының себебі неде?
25 жыл «экономикамен» айналыстық. Енді
үкімет ұлттық идеологияны қолға алулары керек. Ұлтшыл, рушыл деген сөздерден еш
қорқудың қажеті жоқ. «Қызға қырық үйден тыйым» дегендей ұрпақ тәрбиесін көп
болып қолға алу қажет. Одан ары
демограф-ғалым, марқұм Мақаш Тәтімов ағамыз айтқандай, «Үкімет халықты
ынталандыруы керек. Арнайы демографиялық бағдарлама қабылдау қажет. Жас
отбасыларға жағдай жасауды жалғастыра беру керек. Одан кейін, 7 бала тапқанға –
«Алтын алқа», 6 бала тапқанға «Күміс алқа» бергеніміз секілді, төрт және бес
бала тапқан аналарға қола медаль беруіміз керек. Спортта да алтын, күміс, одан
кейінгіге қола беріледі» деген ұсынысын іске асыру қажет.
Мұндай өсіммен алдағы 2 жылда 20 миллионға
табиғи өсіммен жету еш мүмкін емес. Ең төте жолы – шетелдегі 6 миллион қазақтың
ең кемінде үштен бірін елге шақырып, орналастыру керек. Егер Көші қон комитеті
осы бағытта жұмысын жандандырса, 2020 жылға Елбасы межелеген 20 миллионға
жетуге толық мүмкіншілігіміз бар.
Еліміз бен жеріміздің, тіліміз бен
дініміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, өзгелермен терезесі тең қабырғалы ел
боламыз десек, осы мәселе жайлы Елбасының алға қойған айқын міндеттерін
межелеген мерзімге дейін іске асыру жолында үкімет пен парламенттің, әрбір Қазақ баласының мықтап ойланатын кезі
әбден келді. Осы мәселеге байланысты бүкіл Қазақ болып төмендегі мәселелерді
шешуді ұсынамын:
Біріншіден, шетелде жүрген қандастардың
бәрін елге әкелу керек. Олардың көпшілігіне ең басты керегі келген бойда азаматтығын
беріп тіркеуге алу, қызметпен қамтамасыз ету, тұрғын үй салатын жер беру. Ал,
жағдайы келмейтіндеріне көмек көрсету қажет. Оларды анау солтүстіктегі көрші ел
даулап жүрген аймақтарға көптеп орналастырсақ, тіпті тиімді болмақ.
Екіншіден, қазақтың ұлы да, қызы да тек
қана өзім білемін деген "өзімшілдік" пен қарабастарының қамын
ойлаудан арылулары қажет. Себебі,
а.
Сүр бойдақ пен кәрі қыз Ата мен Ананың, бүкіл туыстарының жан азабы, әсіресе
Ананың (Кез келген Ата-Ана балаларын үйлендіріп, балалары алдындағы борыштарын
атқаруды армандайды);
ә.
Атасы мен Анасын немере сүю деген ең бір тәтті арманынан айырады;
б.
Өзінің келешегіне балта шауып, артына ұрпақ қалмау қауібін күшейтеді (әйел
баласының ұрпақ әкелу ғұмыры шектеулі, 35-40 қа жетткесін әйел баласының
мүмкіншілігі аз болады, тіпті көп жағдайлар да әкеле де алмайды);
г.
Отбасының балалы болмауы көп жағдайдайларда жұбайлардың ажырасуларына да себеп
болып жатады.
Дүниеде артыңа із (шаңырағыңа, барлық
жиған тергеніңе ие болып қалатын ұл) қалдырмай ұрпақсыз өмірден өту «қурап
қалған қу ағашпен» тең. Қазақ үшін бұдан асқан қасірет болуы еш мүмкін емес.
Бұл Сенің өміріңнің соңын қарттар үйінде өткізуге душар етеді.
Демек, ұл да, қыз да тек қана
қарабастарының қамы (жан тыныштығы) үшін емес, өздерінің Аталары мен Аналары,
әкелері мен шешелерінің, барлық туыстардың қамын көбірек ойлап, тезірек отбасын
құрып, дүниеге ұрпақ әкелулері керек. Бұл Сенің еліңе қосқан қомақты үлесің
болмақ.
Бұл мәселені тиімді шешу ежелгі Ата
салтымыз бен дәстүрімізге сай, текті отбасымен "құда түсу",
"жеңгетайлық" т.б. институттарын қалпына келтіруге жұмыстансақ дұрысы
осы болар.
Дүниеде екі нәрседен еш қателесуге
болмайды. Біріншісі, өмірлік жар таңдау, екіншісі мамандық (қызмет) таңдау.
Әрбір
қазақ жігітінің санасына "Қазақтың бір қара қызын бақытты ете алмаған
жігіт, жігіт емес», қыздарымыздың санасына "Қазақтың бір жігітін бақытты
ете алмаған қыз, қазақтың қызы деген ардақты атқа ылайық емес» деген ұлттық
идеологиямыздың басты қағидаларының бірін құлақтарына бала жастан құя беруіміз
керек. Біздің кезімізде ажырасу деген жаман әдет мүлдем болмайтын. Жұбайларды
тек қана өлім ажырататын.
Қазіргі жастар үйленбей тұрып бар жағдайды
(үй, көлік, мол қаражат т.т.) жасап алғылары келеді. Соның соңында жүргенде
алтын уақыт босқа өтіп, көбі «анда да жоқ, мында да жоқ» болып қала береді.
Аталарымыздың «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» деген өсиетін еш ұмытуға
болмайды. Бұл
жөнінде Атамыз Қазақтың «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деген мақалын басшылыққа алғанымыз жөн.
Үшіншіден, мемлекет тарапынан да шара
алынуы қажет. Мысалы, бойдақтардың жанына бататындай етіп «бойдақ салығын»
салып, отбасы жоқ, немесе отбасынан ажыраған жандарды биліктің ешбір сатысына
жолатпау керек. Бұл мәселемен қазақтың саны да көбейеді, ажырасуда азаяды және
сонымен қатар мемлекет қазынасына қомақты қаржы да түсетін болады. Тіпті сол
бойдақ салықтан түскен қаражатқа жас отбасыларға арнап арзанға үй салып беруге
де болады. Мүмкін
менің бұл ұсыныстарым, біреулерге ұнамас. Бірақ өзгелермен терезесі тең ел болу
үшін, басқа амал қалмай бара жатырған сыңайлы.
Осы жерде, яғни сөзімнің соңында арнайы
тоқтала кететін жағдай, соңғы 100 жылда, Орыс патшалығы империясының аумағында
тілі-де, жері-де, діні-де жоқ болып кеткен 90-нан аса ұлттардың кебін киіп, қазақтың
жер бетінен құрып кетпеуіне негізгі себеп болған нәрсе — ол біздің қазақ
ұлтының руға (атаға) топтасып, өмірдің
талай қиыншылықтарына «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» төзе
білгендігі. Ақиқатында да, кеңестік зұлматтан басқа елдерге бас сауғалап, жер
ауған қазақтардың тілін, дінін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін сақтап қалуына –
олардың атаға (руға) топтасуы ғана себеп болды.
Ерте кезде жастарға, жалпы ҚАЗАҚҚА,
толыққанды, жан-жақты тәрбиені отбасы (түтін) емес, ата-ру қауымының тәрбиелік
ортасы ғана берген.
Ол кездегі ата-ру қауымы – нағыз зиялы
(табиғи зиялы), адамның жан дүниесін ашуға бағыттайтын, орта болған және де
рулар (аталастар) арасында өте
өркениетті бәсекелік кеңістік қалыптасқан еді.
Өздеріңіз көріп отырғандай, Қазақстанның
бүгінгі орыс тілді билігі мұндай кеңістікті қалыптастыра алмайтыны айдан да
анық болды.
Демек, Біз Елбасымыздың «Рухани Жаңғыру»
бағдарламасына сай сол ежелгі тәрбиелік жүйеге қайта оралуымыз керек.
Мәселенің өзекті екені дауға жатпаса
керек. Себебі, еліміздің, жеріміздің, ұлтымыздың болашағы әрбір қазақ баласының
қолында. Сондықтан ой бөлісейік, ағайын!
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ