КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

 

АтаТүрік былай дейді: "Мен үшін ең ұлы қорғаныс ұясы, ең ұлы көмек көзі - ұлтымның кеудесі. Сондықтан да мен ұлтымның кеудесін ешкімге бастырмау үшін барымды саламын!". Ол бұл айтқанын орындады. АтаТүрік түрік ұлтын өз кезінде ешқандай ұлтқа басындырған жоқ. Осымен қатар, АтаТүрік өз ұлтына қатысты мынадай ойлар айтады: "Мен қажет болса, ұлтым үшін өз өмірімді де қиямын!". Қандай ержүректік!.. Ал, біз тәуелсіздік алғалы бері елімізді басқарып жатқан ағаларымыздың аузынан мұндай сөзді әлі күнге дейін естіген емеспіз. Есту былай тұрсын, көрінген ел кеудемізді басып, ұлттығымызды таптап кетіп жатқан жоқ па?! Тіпті, АтаТүрік айтқан әлгі сөздерді сағынып та қалғандаймыз...

"Ұлтқа қожалық жасауға, қоқаңдауға болмайды! Ұлтқа тек қызмет ету керек! Ұлтқа қызмет еткен адам ғана ұлтқа басие бола алады!" деген сөзі Түркияның ұлттық демократиясының негізін қалаған-ды. Бүгінде Түркия әлемнің ең алдыңғы дамыған елдерінің қатарында. Олардың басшылары мен бастықтары ұлтына, халқына қоқаңдауды білмейді... АтаТүрік ана тіліне қатысты мынадай ұлы сөз айтады: "Түрік ұлты деген сөз - түрік тілі деген сөз. Түрік тілі - түрік ұлтының ең қасиетті, ең киелі, ең иелі қазынасы. Түрік тілі - түрік халқының жүрегі, ақылы һәм ойы!". Оның бұл айтқан сөздерін әлемнің көптеген елдері басшылыққа алды. Расымен де, түріктер үшін түрік тілінен басқа, француздар үшін француз тілінен басқа, өзбектер үшін өзбек тілінен басқа қымбат қазына жоқ. Бұл аталмыш мемлекеттер өз ана тілінде ғылыммен айналысады, ойлайды, сөйлеседі, ақпарат алмасады. Егер, бұл елдер ана тілдерінен айырылып қалатын болса, ақылдары тоқтап, жүрегі соқпай қалады... Бұған ана тілінен айырылайын деп жатқан қазақ ұлты мысал бола алады. Расымен, бізде көптеген адамдардың ақылы істемейді. Өздерінің ұлттық ойлары жоқ...

 

АтаТүрік тек өз халқының, өз елінің ғана емес, бүкіл түркі әлемінің ұлы перзенттерінің бірі. Ол өзінің бүкіл саналы өмірін туған халқының жарқын болашағына, туған елінің тәуелсіздігіне, тұтастығына, бірлігіне, ана тілі мен ұлттық мәдениетінің дамуына, өркендеуіне арнады. АтаТүрік қиын-қыстау кезеңде ұлт-азаттық күресін басқарып, туған елін ғасырлар бойына созылған сұлтандар әулетінің өзара қырқысынан, империалистік мемлекеттердің Түркияны бөлшектеп, әлем картасынан сызып тастау жөніндегі арам пиғылынан құтқарды. Сөйтіп, Батыс үлгісіндегі, еуропалық сипаттағы жаңа түрік мемлекетін - бүгінгі Түркия Республикасын құрды. Осы айдың 29 күні Түркияның бас мейрамы - Республика күні болып белгіленді.

АтаТүрік КСРО-ның құлайтынын сонау 30-жылдарда-ақ (яғни, 60 жылдай бұрын) көрегендікпен болжай білген, сондықтан сол кезден-ақ Түркияның бұған дайын болуы керектігін айтқан. Мысалы, АтаТүрік Түркия Республикасының 10 жылдығына орай 1933 жылы өткен салтанатты жиында сөйлеген тарихи сөзінде былай деген: "Бүгін Кеңестік Ресей – көршіміз, одақтасымыз. Бұған біз бүгін мұқтажбыз. Бірақ, ертең не боларын ешкім кесіп айта алмайды. Дәл Осман империясы сияқты, дәл Австрия-Венгрия сияқты оның да ыдырауы мүмкін, бөлшектенуі мүмкін. Бүгін қолында мықтап ұстап отырған халықтары уысынан шығып кетуі мүмкін. Әлемде сонда жаңа тепе-теңдік орнайды. Міне, сонда Түркия не істейтінін білуге тиіс. Біздің бұл "досымыздың" билігінде тілі бір, наным-сенімі бір, өзегі бір бауырларымыз бар. Соларға қол ұшын беруге дайын болуымыз керек. Дайын болу деген сөз - сол күнді күтіп отыру деген сөз емес. Әсіресе, рухани көпірлерге мән беруіміз керек. Тіл - бір көпір, наным-сенім - бір көпір, тарих - бір көпір... Бүгін біз олардан тіл тұрғысынан да, салт-дәстүр жөнінен де, тарихи байланыстардан да ажырап, өте алыста қалып қойдық. Біз тұрған белес дұрыс па, олар тұрған деңгей дұрыс па, мұны есептеп жатудың пайдасы жоқ. Олардың бізге жақындасуын күте алмаймыз. Біз оларға жақындасуымыз қажет. Тарихи байланыстарымызды жаңғыртуымыз керек. Бұларды кім істейді? Әрине, біз. Өздеріңіз көріп отырсыздар, Тіл қоғамын, Тарих қоғамын ұйымдастырдық. Тілімізді солардың тіліне жақындатуға, сөйтіп бір-бірімізді оңайырақ түсінетін жағдайға жетуге тырысудамыз. Тарихымызды да соларға жақындатуға тырысып жатырмыз. Ортақ тарих жасаудың соңындамыз. Бұл оңай жасалына салмайды... Естуімше, шолақ ойлы кейбіреулер "АтаТүріктің басқа жұмысы жоқ па, тілмен, тарихпен айналыса бастағаны несі?" дейтін көрінеді. Сөз жоқ, жұмысым бастан асады. Мен бүгін озық Түркияны құруға қалай тырысып жатсам, ертеңгі Түркияның негізін қалауға да соншалықты мән беріп жатырмын. Осы жасап жатқандарымның бәрі ешбір басқа халыққа дұшпандық емес. Бейбітшілікті жақтаймыз. Бейбітшілікті жақтап қала береміз. Бірақ, тоқтаусыз өзгеріп жатқан бұл әлемде ертеңнің ықтимал өзгерістеріне де дайын болуымыз керек".

АтаТүріктің бүкіл әлем сыйып кететіндей бауырмалдығына көп адамдар әлі күнге дейін таңдайын қағады. Ол туыстас халықтарға көмек қолын соза алған жоқ. Көмек қолын созатын жағдай да болған жоқ. Алайда, кейінгі ұрпақтары мұны істейтіндей етіп ұлы сөздер қалдырып кетті. Бұған мысал, бүгінгі Түркия мен Қазақстанның дипломатиялық һәм рухани-мәдени қарым-қатынасы. Әрине, бұл қатынастардың күшеюінде Түрік мемлекетінің ықыласы зор. Түркия тек Қазақстанмен ғана емес, сонымен қатар түркі тектес барлық елдермен дәл осылай байланыста. Ал, біздің Қазақстан ше? Бауырлас елдердің қайсысына қамқорлық жасап жатыр? Әрине, қазақ үшін дәл қазір өзбек пен қырғыздан гөрі орыс жақын болып отыр. Орыстар бауырымыздай болып кеткен сияқты...

Тағы бір жиында АтаТүрік былай деген екен: "Мен ең алдымен біртұтас түрік ұлтшылымын! ("Күллі түркі халықтарына ортақ ұлтшылмын!" дегені - Ф.Ә.) Солай тудым, солай өлемін. Түрік бірлігінің күндердің күнінде шындыққа айналатынына сенемін. Түркі халықтарының бірлігіне сенемін. Ертеңнің әлем тарихы өзінің жаңа кезеңдерін түркі халықтарының жаңа бірлігімен бастайтын болады. Әлем бейбітшілік пен тыныштықты сол кезеңдерден табады". Алайда, өзіндік бір жолдау, өзіндік бір өсиет іспетті болған АтаТүріктің бұл сөздерінен Түркияның кейінгі басшылары тиісті қорытынды жасай алмады ма, әйтеуір, 1990 жылдардың басында Түркия АтаТүріктің бұл айтқандарына дайын болмай шықты деп атап көрсетті сол тұста кейбір түрік газеттері. КСРО-ның құлауына байланысты пайда болған идеологиялық вакуумды толтыруға Түркия құлшыныс білдірмеді. Бұл әлі де жалғасып келеді. Оның арты не боларын, әрине, болашақ көрсетеді. Тек қызыл идеологияның қайтадан үстемдік құруынан Тәңірім түрік дүниесін сақтағай!.. АтаТүрік айтқан әлемнің жаңа тарихы бастала алмай жатыр. Қазақпен өзбек, өзбекпен қырғыз қырғи-қабақ. Түркі тектес елдердің арасындағы бүгінгі байланыс мүлде нашар халде.

Өзі көптеген әскери жорықтарда болып көргендіктен, одан қалса әскери тәрбие көргендіктен АтаТүрік ұлтшылдық жалыны лапылдаған Түрік армиясын құра білді. Ол өз сөзінде «Әскеріміз - түрік тірлігінің, түрік құдіреті мен талантының, түрік отаншылдығының құрыштанған көрінісі. Әскеріміз - түрік жерлерінің және Түркия мемлекеті мұратын шындыққа айналдыру жолында біздің сарп еткен жүйелі еңбегіміздің жеңілмейтіндігінің сенімді кепілі. Мен әскери қызметтің өнер сипатында болуын көбірек ұнатамын» деген. Ал қазақ елінің бүгінгі әскерлерінен ұлтшылдықтың элементтері мүлде кездеспейді. Егер, әскерлеріміз ұлтшыл болғанда Жаңаөзенде қарусыз қазаққа оқ атылмас еді. Былтырғы террористік және экстремистік фактілер елімізде тіркелмес еді. Айналдырған төрт ағайынды террорист бүкіл «Арлан», «Қыран» топтарын қырып салмас еді. Тараздағы бір ғана қару ұстаған есуас біреу жеті адамды жер жастандырмас еді. Арқанкергендегі т.б. тәуелсіздігімізге қауіп төндіретін оқиғалар болмас еді. Егер, әскерлеріміз ұлтшылдықпен құрыштанғанында...

Бүгін еліміздегі көп басшылар ұлтшыл болудан қорқады. Оның не себепті қорқатындығын өздері де білмейді. Алайда АтаТүрік өз кезінде: «Біздерді «ұлтшылдар» дейді. Бірақ, біз ұлтшыл болғанда да өзімізбен ынтымақтастық жасайтын барлық ұлттарды құрметтейтін, олардың ойынан шығатындай ұлтшылдармыз» - деген екен. Оның бұл айтқандары біздің бүгінгі қоғамға керек-ақ. Себебі, 130 ұлттан тұратын мемлекет екеніміз рас. Сол үшін де, сол ұлттардың көңілінен шығатындай ұлтшыл болуымыз керек. Сол ұлттар мазақ етпейтіндей ана тілімізде сөйлеуіміз керек.

«Түрік ұлтының мінезі - асқақ. Түрік халқы - еңбекқор халық. Түрік халқы - зерек халық. Өйткені, түрік халқы ұлттық тұтастықтың және бірліктің арқасында басқа күштерді жеңе білді. Түріктің түріктен басқа досы жоқ. "Мен түрікпін" деген адам қандай бақытты!» - дейді өзінің туған ұлтына шын сезімін білдірген АтаТүрік. ХХ ғасырдың бас тұсында соғыстың өрті тұтанып, бүкіл жер жүзі қиын-қыстау кезеңде тұрған шақ. Осындай шақтың өзінде ұлтшылдығы жалындаған, ұлтына жан-тәнімен берілген «Мен Түрік болғаныма бақыттымын!» т.б. деп айтатын адамдар болған... Ал, біздің елімізде көп адамдар мынадай бейбіт заманда өмір сүріп жатқанның өзінде «Мен қазақпын» деген қандай бақытты!» сияқты сөздерді аузына алғанын көрген емеспін. Оның себебін ғылыми жолмен болсын, басқа жолмен болсын ешкім түсіндіріп бере алмайды...Мүмкін, көп адамдар еліміздегі саяси жағдайлардан қорқады...

«Әлем бізді құрметтесін десек, өз ұлтымызды және ұлттық бейнемізді алдымен біздің өзіміз бар сезімімізбен, ақыл-ойымызбен, ісімізбен, бүкіл қимыл-әрекетімізбен құрметтеуіміз керек. Өзінің ұлттық бейнесін таба алмаған ұлттардың басқа ұлттарға жем болатынын біліп қойғанымыз жөн!» - деген АтаТүріктің сөзі нағыз бүгінгі қазақ халқына айтылғандай... Соңғы жылдары өзге ел түгілі, өз елімізде туды таптау, әнұранды әжуалау, елтаңбаны күлсалғышқа бейнелеу сынды ұлттығымызды, егемендігімізді таптайтын оқиғалар жиілеп кетті. Ең сорақысы, оның басым бөлігін жасап жатқан өзіміздің қазақтар. Өзіміз өзімізді осылай қорлап жатқанда, басқа ұлттарға жол болсын?!.. 

АтаТүрік мемлекеттің бірлігі мемлекеттік тілде екенін түсінді. Ол өз уақытында Түрік тілін өте дамыта білген басшы. Олардың тіл революциясы ресми түрде 1928 жылы басталды. Көп ұзамай араб әліпбиін латын әліпбиіне ауыстыру жөнінде шешім қабылданды. Ұлттық жиналыстың көптеген мүшелері жаңа әріптерді бес жылдың ішінде бірте-бірте енгізуді жақтады. Алайда, Кемалдың тізеге салуымен әліпби реформасы үш айдың ішінде жүзеге асырылды! Бар болғаны 3 айдың ішінде (Тәуелсіз қазақ тілінің реформасы 30 жылға созылайын деп тұр. Егер, оның өзі орындалатын болса...)!.. Ұлттық жиналыс түрік әліпбиін енгізетін және 1929 жылғы 1 қаңтардан бастап араб әліпбиін қолдануға тыйым салатын заң қабылдады. 

Жаңа әліпби түрік тілінің ерекшеліктерін танытуға әлдеқайда бейімдірек еді. Жаңа ұрпақты араб әріптерін үйренуден құтқара отырып, әліпби реформасы оларды оттомандық өткен күннен, оның мәдениеті мен құндылықтар жүйесінен жұлып алуға тиісті еді. Түрік тілі араб-парсы кірме сөздерінен түбірлі түрде тазарып, олардың орнын түрікше баламалары алмастырды. Осы мақсатпен АтаТүрік 1932 жылы тіл қоғамын құрды. Қоғам тілден алынып тасталатын жат сөздердің тізімін жасап, жариялады. Зерттеушілер олардың орнына түрік диалектілерінен, өзге түркі тілдерінен, көне мәтіндерден баламалы басқа сөздер іздестірді. Сай келетіндей ештеңе табылмаған жағдайда жаңа сөздер ойлап табылып жатты. Екінші жағынан, еуропалық тілдерден терминдер тілге кеңінен кіріктіріле бастады. Тілдің демократияландырылуы түрік қоғамындағы әртүрлі әлеуметтік топтардың арасындағы мәдени-лингвистикалық айырымды жойды және ұлтты ұйыстыруға септігін тигізді. 

Мұстафа Кемал АтаТүріктің идеялары мен қағидаттары, оның реформалары бүгінгі Түркияның саяси, экономикалық, әлеуметтік өмірін мүлде оң бағытқа өзгертті. Кемалшылық қағидаттары түрік қоғамын жедел жаңғыртуда басты бағыт-бағдар болды. Бүгінгі Түркия өткен ғасырдың басында күлден көтерілген Феникс құстай болып тұрған ахуалдан атымен бөлек ел. Осыдан біраз уақыт қана бұрын құрлықтағы ең артта қалған елдің қарқынды экономикалық дамуы құрметпен қаратпай қоймайды. Ұлттық психологиядағы өзгерістер қайран қалдырарлықтай. Мәдениет пен спорттағы, сауда мен құрылыстағы, халықаралық саясат пен қызмет көрсету саласындағы жетістіктер тәнті еткізеді. Ең негізгісі, олардың Тіл реформасындағы жеңісі. Бүгінгі Түркия толық құқықпен экономикалық жағынан дамыған елдердің қатарына қосылуда. Олар әлемнің ең дамыған елдерінің қатарында 17-ші орынды ойып алады (біз әлі дамыған 50 елдің қатарына кіреміз деп жүрміз. Бірақ ана тілсіз, ұлтшылдықсыз бұған жете алмасымыз анық). Еуропа достастығына одан әрі кіріге түсуге дайындалуда және кеудешіл үмітпен болашаққа көз тастауда... Осының бәрінің бастаушысы бір ғана адам – Мұстафа Кемал АтаТүрік. Барша түріктердің Атасы!



ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз





31/05/2017 10:11

Бұлтартпас ақиқат
0 48651 0










14/06/2017 15:56

Фейсбукте
0 6890 0


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика