THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Тарих тағылым мен тәмсіл алу үшін табылған дейді. "Өткенді білмей, болашақты болжай алмайсың", – дейді Әл-Фараби бабамыз. Тарих – өткеніміз, өткенді біле отырып болашаққа байыппен қараймыз. Алайда, тарих өткеннен тағылым алмайды деген ащы шындық та бар. Тарих неге қайталанады? Одан тағылым-тәлім, өсиет-өнеге алмағаннан кейін тарих тарантастың табанындай қайталанады да. Мәселенің барлығы да, кілтипаны да осы тұста. Асылында, тарих дегеніміз – ұлттық рух қой. Ұлттың "мені" ғой бұл тарих. «Мен» дегеніміз – рух. Әйтпесе, Махамбеттер "Мен, мен, мен едім" деп өршелене жыр өрмес еді. Ал ұлттың соңғы "Мені" – М. Мағауинның "Мені" болмақ па?! Жоқ, олай болмаса керек, ұлттың "мені" әлі өз атойын орнатар... Ол үшін тарих керек қой. Бірақ тарихты ол тұрғыдан танып жатқанымыз жоқ... Жазушы Нұрқасым Қазыбекұлы: "Тарих адамға не үшін керек? Әрине, өткенді ұмытпау үшін. Алайда ол біріңнен бай да, биік те болған емес. Тек білген адамның биіктеуіне табан тас, баспалдақ қана бола алады. Демек бұл екеуінсіз биіктеу мүмкін емес қой", – дейді. Міне, біздегі тарихтың шын бейнесі. Жеке адамға жеке мансап үшін болса да, бүкіл ұлтқа тағылым үшін керек қой, ең болмағанда...
Басқа ұлт өкілдері өзін өзгеше өктем рухтандырады: орыстар өзін мәдениетті халықпыз, неміс – философпыз, ағылшындар – аристократ халықпыз деп мақтанады, ал еврейлер өзін әлемді басқарар халыққа балайды. Жамбастай емес, жамбыдай ғана жері бар Жапония өзін "Ұлы Жапония" десе, американлықтар өзін ең өркениетті халық ретінде көреді, түріктер өзін айбыны ататүріктің ұрпағымыз деп мақтанса, өзбектердің өзі барлық түркі дүниесін өзінің жекеменшік байлығына балап, еуропаның көзін ашқан біз деп езеурейді. Ал еуропалықтар біздерді көшпенді, тағы, мәдениет бұзушылар деп қалауынша кемсітеді. Өркениетке жетті деген халықтардың өзі жасап отыр осынау рухани теңсіздікті. Шындап келгенде, индустриалды-шаруашылық жағынан ғана дамыған елдер еді олар, мәдениет-менталитет межесімен емес. Ал даласында дарбаза етіп түрме, үйіне үймерет етіп құлып салмаған бірден-бір халық – қазақ қой. Тіпті, 1945 жылы Қытайда ұлт-азаттық көтеріліс жеңіске жеткенде, қазақ ең бірінші болып түрмені құртуға асыққан болатын. Осындай далалық демократияны да гректерге әкеліп берген осынау көшпенділер еді. Ал батыс халықтарының көбі капиталистік кезеңде ғана жеке ұлт болып қалыптасты. Біздің ұлттың ұлт болып ұйысуы сан ғасыр бұрын болды. Ұлттығымыздың белгісі де сол – мынау алып дала...
Еуропаның төсінде ен таңбадай етіп Альпіні де (Алып Атилла, Еділ патшаның құрметіне қойылған дейді), гот-герман эпостарында "Күн перзенті" Атилла туралы 17 эпикалық жыр, британ аңызында Артур қас батырды (Артур сармат тайпасынан еді), грек аңыздарында кентаврлар туралы мифологиялық желілерді қалдырған да, Балқанды Балқан еткен де құдіретті көкжал-көшпенділер, біздің бабаларымыз еді. Римді бір ғасыр бойы Еділ өз уәдесінде тұрып, варвар-вандалдардан қорғаған болатын. Бұл қараңғы Еуропаға жойымпаздықты емес, жасампаздықты орнатқан еді. Библияда "Құдайдың жіберген зауалы" ретінде сипатталатын бұл қауым Еуропаны зиялы еткен болатын. Еуразияны ен жайлап, еншілеп жатқанда осынау ержүрек халықтан жасқанып, Еуропа байқаусызда теңіз жолдарын ашып, "Ұлы ашылулар" үрдісін жасады. Грек амфитеатрларын жобалауға негіз болған көшпенділердің киіз үйі еді, ал көшпенділер "кешенінің" элементтерін грек-эллиндіктер алған болатын.
Алайда, ақберен аруақты осынау алып халық өзгелерге өзінің көптеген мәдениет үлгілерін бергенімен, өзгелердің еш мәдениетін қабылдамаған-тұғын. Қабылдамағандықтан да елден ерек өмір салтымен өзектес болған болар. Ұлы дала ерекше рух пен дүниетанымды қалыптастырды.Қайран бабаларымыз бұл дүниеден еш барқадар таппай өз ділі мен діні, тілі үшін күресіп өтті ғой...
Ислам өркениетінде де өзгеше орын алған, ислам ренессансына рухани үлес қосқан да түркі қауымы болды. Әлі күнге дейін батыс руханияты осынау түркі халықтарының ғұламаларының туындыларынан тағылым алып, рухани дүниесін түгендеді. Әл-Фараби еңбектері Еуропаға ренессанстық революция алып келген кемел туындылар болатын. Ғылымда Ибн Сина Ньютонның заңын 5 ғасыр бұрын ашып кетсе, Ұлықбек бек Николай Коперниктен бұрын күн жүйесі молделін жасап кеткен еді. Осылайша, бұл халық Еуропаны екі рет қараңғылықтан құтқарды. Бірі – Еділ қағанның тұсы болса, екіншісі - Әл-Фараби тұсындағы ғылым еді. "Тәңірінің сүйікті сарбазы" аталған осынау халық хақ діннің де рухани әрі мәрт сарбаздары еді. Көшпенділер өзінің жауынгерлік қасиетін Алланың семсері ретінде түсінген. Сол себепті де кешегі күнге дейін монотеизмді сақтап қалған. Жәдігөйлік пен сиқыршылық белең алған Египетке де мұсылмандықты орната білген қыпшақтар еді. Кешегі әлемдік картаны жаңадан сызып берген моңғол-түрік әскерлері жаулаған жерлерінде барлық гомосексуалдық былапытханаларды жойып отырған.
Мәдениетті түлетуші мәрт те, нарт бабаларымыз Сақлаптың жерін де рухани сүрлеуге салып кетті. Көшпенді қыпшақтардан соғыс тактикаларын, елді басқару механизмдерін үйренген славян халықтары ұсақ княздіктерінің басын қосып, біртұтас орталықтанған орыс мемлекетін құрды. Бату қаған барып, орыстың бытыраңқы басын біріктіріп, өзіне бағындырған, сол бірліктен басталған славян халқы отарлық пиғылға басып «адам қылған» адал иелеріне қарсы шапты, енді біріккен олар түркі бірлігін бұзуға бекінді және түркі жұрты бүлінді де... Христианның келуімен қалыптасқан славян кириллицасына негіз болған да түркі сына жазуы еді...Кейбір деректерде Мәскеу Кремлінің құрылысы Сарай-Бату үлгісінен алынғаны туралы жазылады. Ал Мәскеудегі Қызыл алаң Сарайшық қаласының сәулет үлгісімен жасалған екен. Бұл ұқсастықты жасыру үшін князьдар Алтын Орданың бұл ұлы астаналарын жер бетінен жоқ еткен. Көшпенділердің тарихы қашан да меншіктеліп, не құртылып кетіп отырды. Тарихи жадымыз осылай өшумен болды. Ұлы халық ұлылығын басқаға табыстап өзі тарих төрінен сусып кетті. Даңғыл көкірегімен өзгеге даңғыл жол салып беріп отырды.
Өзінің бірлігін белуардай бек бекітіп тұтпаса да, Батыс пен Шығысты біріктірген әлем еді бұл көшпенділер. Әлемді біріктірудің біртұтас жүйесін жасаған Шыңғыс хан да, Әмір Темір де бүкіл әлемді біріктіруді мақсыт тұтты. Алайда, Шыңғыс хан Шығысты шымдай қалыпқа салып біріктірсе де, немересі Бату Батысты бапқа салып біріктіре алмады. Әлемді біріктіру осылайша аяқталмай қалды... Әлемді алғаш біріктіру идеясын жүзеге асырған осынау асау көшпенділер еді. Бұл идея тек бұл ғасырда ғана орындалып жатқан сияқты. Жаһандану принципі де әлемді біріктіру ғой. Көшпенділерге қарсы тек көшпенділер ғана тұра алмақ.
В. Радлов қазақ тілін әлемдегі ең ұлы 3 тіл қатарына жатқызған: орыс тілі, француз тілі, қазақ тілі. Бүгінде қазақ тілін қастерлемегендерге, ұлттық сананың, ұлттық құндылық ретінде көрмегендерге айтарымыз осы. Сан ғасырлық ғаламат тарихы бар, тамаша тағылымы мен ұлы істер, соны сабақтарға толы сарабдал тарихы бар осынау ұлы халықтың ұлы істерін айтып та, жазып та бітіру мүмкін емес. Осындай ұлы халқыңның ұлылығына куә бола отырып, қалайша ұлттық рухқа ұйымасқа, әлемге мақтанбасқа, егер олай болмаса сорлылық мен тармаңдайлық болар еді. "Сен ең жауынгер, ержүрек халықтың ұрпағысың, сенің тегің – тарпаң текті түрік, ұраның – Алаш, құраның – бірлік, түйсігің – ерлік. Елдігіңнің берекесі - бірлік пен ерлікті сақтауың керек" деп ұлағат ұйытар күнге үкілеп жетсек екен. Аңсар бар, енді адуын болса екен...
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ