КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

 

Жұмыстан жаппай кету жайлы фактілер бұрын да басқа БАҚ-тарда тіркелген. Мәселен, «Қазақстан» ұлттық телеарнасын өздерінің түпкі саяси мақсаты үшін пайдаланып келген аса қауіпті радикал бағыттағы сопылық сектаның жетекшілерін қолдап 120 журналист жұмыстан босап кеткені жайлы естеріңізде болар. Әрине, бұл журналистердің басым бөлігі сол сектаның мүшелері еді. Ал кейінгі жылдары «ҚазАқпарат» агенттігінің журналистері де дау көтергені бар. Ондағы түпкі себеп жалақыға келіп тірелген еді. Дәл осындай «Айқын» газеті де есепшоттағы қаржыны басқа мақсаттарға бұрып жіберіп, журналистер бірнеше ай жалақы ала алмай шу шығарады. Әрине, алғашқы топтағы журналистердің түк те маңызы болмаса, кейінгі екі топтағы журналистердің бас көтеруін еңбек дауына жатқызуға болады. Ал «Алматы» телеарнасында журналистердің жаппай жұмыстан босауы мүлде басқаша сипат алады. Олар секта деп емес, не ақша деп емес, сөз бостандығы мен шығармашылық еркіндік үшін қызметтерінен кетті. Бұл оқиғаның маңыздылығы да осында.

Басқа сарапшылардың пікірін білмедім, бірақ менің өз пікірім бойынша «Алматы» телеарнасы ұлттық рухани бағытта хабар тарата алған еліміздегі жалғыз телеарна. Қазақ ұлтының тарихтағы болған оқиғаларға қатысты туындаған қарама-қайшы пікірлерді таразылайтын «Тарих таразысы» бағдарламасы, бүгінгі елге танымал азаматтармен сыр-сұхбат жасай отырып көптеген мәселелерді қозғайтын «Тұлға мен тағдыр» бағдарламасы, ұлт иманын ұйытып, рухани байытатын «Бес парыз» бағдарламасы, өткір ойлар мен қоғамды толғандырған сан пікірлерді сарапқа салатын «Пікірлер пирамидасы» бағдарламасы т.б. ұлт тағдырына алаңдайтын бірнеше бағдарламалар эфирден шығып тұрды. Парламент те ұсына алмаған, Үкімет те жасай алмаған, басқа ешбір арнадан элементтері тіркелмеген «Тіл сақшысы» бағдарламасы «Алматы» телеарнасында эфирге шығып тұрды.

«Ұлт» порталында «Тіл тақырыбындағы сюжеттен кейін «Алматы» журналистері жаппай арыз жазды» деген тақырыппен мақала шығады. Әрине, мақала көлемді емес сұхбат түрінде берілген, бірақ маңызды бір сөз айтылады. Самал атты тілші былай дейді: «Сергей Леонидович Куянов деген баспасөз хатшысы бар. Жақында Петр Своиктің мемлекеттік тілге қатысты айтқан пікірі журналист сюжетіне арқау болды. Своик мырза өз сөзінде «Қазақ тілін екінші сортты тілге» жатқызған. «Алматы» телеарнасының тілшісі Акчурин даярлаған бейнематериалда сол сөздің авторын айыптайтын әртүрлі пікірлер айтылған. Осыдан кейін материалды әзірлеген тілшіні Сергей Куянов әкімдікке шақырған. Айтпағанды айтып, жерден алып, жерге салады. Сол кездесуден кейін журналист жұмыстан кету туралы арыз жазды» - дейді. Расымен, тілшінің бұл сұхбаты бәрімізді ойландырып қойды. Акчурин қай ұлттың өкілі екенін біле алмадым, бірақ оның даярлаған материалы өте маңызды болған сияқты. Кез келген басқа телеарналардың тілшілері бүгінгі күнде дәл осылай бейне сюжет даярлай алмасы анық. Осы порталға «Алматы» телеарнасы бас директорының бірінші орынбасары Серік Әбікенұлы түсініктеме береді: «Иә, ондай материалдың әзірлегені рас. Материал авторы, айтпақшы ол орыс редакциясының журналисі, әкімнің баспасөз хатшысымен әңгімеден кейін жұмыстан кету туралы шешім қабылдайды. Оны әріптестері қолдайды. Бұл жерде журналистің тақырыпты көтеруі орынды. Ол Петр Своиктың тіл туралы пікіріне қатысты әзірлеген сюжет. Мүмкін, Куяновқа Своиктың пікірі ұнайтын шығар. Бірақ бүкіл журналистер менің пікіріммен жүрсін деген тәртіп болмайды ғой, солай емес пе?» - деп, Акчурин атты орыс бөлімі журналисінің әлгіндей материал дайындағанын растайды. Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Сергей Куяновтың: «Ол сюжеттің көшірмесі қазір менің қолымда. Сюжет расымен де Своик мырза туралы. Бірақ ол эфирге шыққан жоқ. Шығармау туралы шешімді мен қабылдадым. Арқау болған тақырып - Кеден одағы. Тіл жайында емес. Осыдан кейін журналисті шақырдым. Түсініктемесі бар. Тілші тақырыпты иіп әкеліп, ұлттық мәселеге тіреген. Менің ойымша, бұл кәсібилікке жатпайды. Ал осы жағдайда мені ұлтшыл деп айыптау ол барып тұрған арсыздық, жала. Менің кім екенімді достарымнан сұраңыздар» - деп қарсы сұхбат береді.

«Алматы» телеарнасы соңғы жылдары сапасы жақсарып, мемлекеттік деңгейде біраз жетістіктерге жеткені белгілі. Арнаның бұл деңгейге жетуіне С.Әбікенұлы мен Е.Грюнбергтің үлестері өте зор екенін көпшілік халық мойындайды. Екеуі де журналистерге шығармашылық еркіндік пен сөз бостандығын берді. Сол арқылы арна журналистері сапалы қызмет жасай білді. Алайда, әкімдік биылғы жылдың басынан бастап арна ісіне жиі араласуды бастаған. Қала әкімдігінің «Алматы» телеарнасына қатысты жаңаша бағытта ұстанымдар қолданған. Телеарна материалдары жиі тексеріске түсетін болған. Бір есептен әкімдіктің Грюнберг пен Әбікенұлы бастаған шығармашылық тобынан айырылғысы келмеген. Себебі, телеарнаның деңгейін түсіріп алудан қорықты. Осылайша тұйыққа тірелген қала әкімі Ахметжан Есімовтің баспасөз хатшысы Сергей Куянов ерекше қулық ойлап тапты. Ол «Алматы» арнасының басшылығын тізеге салып, мәжбүрлеп өзінің бірнеше адамын жұмысқа алдырады. Соның бірі – бұған дейін «Хабарда» жұмыс істеп келген журналист Байзақ Асылбеков. Ол эфирден қандай сюжет кеткелі жатқанын «жоғарыға» жеткізіп тұрады. Жедел хабар алған Куянов өздеріне жағымсыз материалды дер кезінде эфирден алдырып тастауға күш салады. Осындай аңдысу соңғы кезде тіпті күшейіп кеткен болатын. Дегенмен, қанша қадағаласа да, «қазақ тілін екінші сортты тілге» теңеп жүрген Петр Своикке қарсы айтылған пікірлері бар сюжет эфирге шығып кетеді. Міне, осы түрткі арқылы журналистер жаппай жұмыстан босайды. Алайда, журналистердің қызметтен кетуінің негізгі себебі шығармашылық еркіндік пен сөз бостандығы еді. Тіл туралы сюжет тек себеп қана.

Осылайша арнаның қызметтен босаған журналистері Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовке, Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттарына, «Алматы» телеарнасының жұмыстан кеткен журналистері «Ашық хат» жолдаған-ды. Онда «Алматы» телеарнасының қазақ бөлімі тұтастай, орыс редакциясының бір бөлігі қызметтен кеткенін баяндайды. Жұмыстан кетуінің негізгі себебі Алматы әкімдігінің баспасөз хатшысы С.Л.Куяновтың журналистерге қысым жасап, тұтас телеарнаның қожасы болып алуында деп айқындаған. Куянов пен Бас директор Е.Грюнберг әуелі орыс редакциясында жік шыққанын, қазақ бөлімі соларды қолдағанын жасырып қойып, жағдайды ұлттық бағытқа бұруға барын салғанын ашық хатта айта кетеді. «Қазірде ойын ашық айтуға талпынғандарға ҰЛТШЫЛ, ОППОЗИЦИОНЕР деген сынды айдар тағып, өзін Қазақстанның тұтастығы үшін күрескер есебінде көрсетіп, «екі жеп биге шығу» сәнге айналған. Ұлтшыл десе, өздері білсін. Ұлтын сүймеген, ұлты үшін қызмет етпеген адамды құр сүлдер деп есептеген жөн. Ал оппозиция десе, бұл ұғымның анықтамасын оқысын. Оппозиция - мемлекеттік билікке балама саясат ұстанушы. Егер мемлекет деген ұғым Куянов деген фамилияның синонимі болса, жеткен жеріміз осы екен!» - деп мәселені теріс бағытта көрсетіп жатқан баспасөз басшысының қылмыстарын әшкере қылады. Бұл жағдайды мәселе етіп көтеруде орыстілді БАҚ-тар қызығушылық танытпай жатқанын, оған себеп Куяновтың пиғылдары екенін айтып, тек 31-арна, 7-арна осы жағдай туралы екі тілде ақпарат беріп, Абай.кз , Ұлт.кз сайттары ғана жанайқайларын халыққа жеткізіп жатқанын баяндайды. Сөйтеді де, бүгінгі қазақ журналистикасының осындай төмен күйге түскенін, сөз бостандығына шектеу қойылғанын айтып, бұл мәселелерді шешуін жоғарғы басшылардан талап етеді. «Ал біз... жақсылар санатында жүрген біреулерге ұқсап артынып-тартынып, шетелге тайып тұратындай дүниеміз де, пиғылымыз да, бөтен атамекеніміз де жоқ. Еліміз аман болсын... Осы елде тудық, осы елде, осы ел үшін өмір сүреміз....» деп ашық хатты аяқтайды.

P.R: Иә, десеңші... Бір орыс ұлттың қамын жеп жүрген жалғыз арнаны ірітіп бітті. Әрине, көпке топырақ шашатын ойымыз жоқ. Акчурин сияқты өзге ұлттық тілшілердің іс-әрекеті маған ұнады. Оның бұл ісін ерлік деп те бағалаймын! Бұл өзге ұлттықтардың мемлекеттік тілге деген сыйластығын білдіреді. Еліміздегі өзге ұлттарда да мемлекеттік тілді құрметтейтіндер бар деген сөз. Тек араларынан бір құмалақ бір қарын майды шірітетін Сергей сияқты сұмырайларды ажырата біліп, аузын жабуымыз керек... Айтпақ болғаным осы...


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз





31/05/2017 10:11

Бұлтартпас ақиқат
0 48854 0










14/06/2017 15:56

Фейсбукте
0 6899 0


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика