THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Моңғолия қазақтарының тұңғыш романын жазған авторды білесіз бе?
Авторы: Baq.kz
02/06/2017 12:04 0 8045 0
Монғолиядағы қазақ әдебиетінің тарихында роман жанрын әкелген жазушылар қатарына Мағауия Сұлтанияұлы, Елеусіз Мұқамәдиұлы, Ислам Қабышұлы, Қауия Арысбайұлы, Жәмлиқа Шалұлы, Шерияздан Нығышұлы, Сұлтан Тәукейұлы сынды жазушылар бар дейді зерттеуші Қуандық Шамахайұлы. Ол өзінің «Моңғолиядағы қазақ әдебиеті» атты еңбегінде Бай-өлкедегі қазақ әдебиетінің түрлі жанрда дамығанын жазады дейді baq.kz-ке сілтеме жасаған mtdi.kz. Ал Бай-өлкеде алғаш роман жазған қандасымыз Елеусіз Мұқамәдиұлы елеусіз қалып кеткен жоқ па деген оймен автор туралы жазғанды жөн көрдік.
Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы ұйытқы болып жақында ғана атажұртта қаламгердің «Жоғалған қыз» романы жарыққа шықты. Айтыстың аламанында талай бәйге алған Дәулеткерей Кәпұлы Елеусіз Мұқамәдиұлының туған жиені. Дәулеткерей ақынның анасы Егеухан да айтыс ақыны. Бірнеше жыр кітаптарының авторы. Ал Елеусіз ақсақал Моңғолия қазақтарының тұңғыш романын жазған адам. Оның бізге жақсы таныс шығармасы ол жетпісінші жылдары Моңғолияда болған лаң туралы жазылған «Өрікті көл» повесі. Атақты жазушы Мұхтар Мағауин бұл оқиға кейін «Кесік бас һәм тірі тұлып» деген атпен шығарма жазды. Атажұртқа көшіп келгенімен, әдеби ортаға көп сіңісе алмады. Екі мыңыншы жылдардың басында дүние салды. Елеусіз Мұқамәдиұлы – 1938 жылы туған. Ең сүбелі шығармасы – «Қобда қойнында» романы 1976 жылы жазылған. Бұл Моңғолия қазақтарының тарихындағы тұңғыш роман еді. «Жоғалған қыз» романы Моңғолияда жұмысшы табының қалыптасу процесін сай көрсеткен шығарма. Тілі жеңіл, оқиғасы қызықты. Роман оқиғасы біртіндеп шиеленісіп сюжетті желі құрады да сол желі төңірегінде өрбиді. Романға өзек болған оқиға – Моңғолия қазақтарының тұңғыш рет астана Уланбатырға жол тартуы, көлік жүргізуді үйрену жолындағы тынымсыз еңбегі – жұмысшы адамның қалыптасу жайы.
Ең қызықтысы сол – төрт жасында жоғалған Бағиласын іздеген әке сағынышы сарыла шығарма оқиғасының шиеленісуіне түрткі боларлық кездейсоқтықтарға жетелейді. Әкесі мен баласының жиі кездесе беруі сөйте тұра ондаған жылдар бойы бірін-бірі білмеуі оқырманды баурап, қызықтыра түседі. Автор сюжетті картиналар жасауға зейін қойып ықшамдылықты мұрат тұтқан. Кейіпкерлерінің өз арқалаған жүгі бар. Олардың психологиялық тартысында табиғилық байқалады. Басты кейіпкерлері – Ертай мен Очирбаттың бейнелері тартымды да шебер суреттелген. Ертайдың қайынатасы Құттыбайдың Очирбат пен Тогтохқа кезінде пана болып бас сағалауларына көмектесуі, кейіннен шоферлікті Очирбаттың Ертайға үйретуі де оқиға сабақтастығын дамыта түседі. Романдағы Ертай образы біршама жанды. Ол – адал жанды, жақынына мейірімді, досына қайырымды жігіт. Баласынан тірідей, сүйген жарынан өлідей айырылса да жаны жасып жігері қайырылмайды. Оның айналасындағы ақкөңіл жандар – Буянжав шешейдің аналық меірімі, Тогтох Мэндээ Ганжуур сияқты адал достарының кіршіксіз көңілмен қолдап-қолпаштауы жаралы жанына қам көңіліне рухани жігер беріп шарапатты шұғыласын төгеді. Сонымен қатар Ертайды болашаққа зор сенім-үміт жетелейді. Ол – жоғалған қыз – Бағила – Байгалмаамен әйтеуір бір кездесу үміті. Оның әкелік махаббаты әсте суымайды. Қайда жүрсе де көңілінде көлеңкедей еріп қызының бейнесі жүреді. Ол қызын балған күнінде талай жолықтырып танымай кетсе бойжеткен тұлғасын көріп сүйген жары Нұрғайыпты көз алдына елестетеді. Сол арқылы қызының соңына түседі. Алайда үлкен қаланың қалтарысы мол. Бағила әкесін жер соқтырып кете береді. Ал, Бағиланы бағып-қаққан қарт Минчиннің Ертайды жолықтырған сайын үрейленіп еркінен тыс қылықтарға баруы да Минчиннің ішкі жан дүниесін аша түседі. Қарттардың балаға деген мейірім шапағаты, одан айырылып қалу қаупі аса нанымды суреттелген. Дүниемен қоштасып көз жұмар алдында қызына шындықты айтып өлуді өздеріне парыз санайды. Алайда Дашиймаа ананың жүрегі бұған шыдай алмай жан тәсілім етеді.
Романның негізгі мақсаты – кейіпкерлер тарихын жететін жеріне дейін жетелеп отыру. Елеусіз Мұқамәдиұлының «Жоғалған қыз» романында бұл мақсат айқын. Оның құрылымдық ерекшеліктері мен көркемдік бейнелеу құралдары тақырыптық-идеялық мазмұнымен қабысып тұтаса түседі. Баянөлгийлік қаламгерлердің романдарының ішінде «Жоғалған қызды» баса айтатынымыз оның идеясының тосындығына байланысты. Шығарма тақырыбының өзгешелігі оның басты кейіпкерлерінің сомдалуына да әсер еткен. Бұл қаламгердің роман жазу жолындағы ізденісінің көркемдік идеяны айқындауда тың құбылыстарды таңдауға құлаш ұрандығының дәлелі. Автордың романға тосын оқиғаны таңдауы қуантады. Ол – Астанада адасып, әке-шешесінен көз жазып қалған – Бағила. Көркемдік шиеленістің өзі Бағиласын іздеп сарылған әке – Ертайдың басындағы халімен жақсы шешімін тауып отырған. Біз автордың идеясын кейіпкерлер мен оқиғалар арасындағы байланыс арқылы байқаймыз. Мәселен жағымды кейіпкерлер қатарына жататын Ертай Тогтох Бағила Емей Буянжав шешей Минчин қарттардың жаңа қоғам жасаудағы жасампаздығы, Малтабар Зейнеп Ринчин сияқты бұл жолға оралғы болған арамшөптердің тамырына балта шабу идеясы айқын аңғарылады. Жасампаз өмір құруға шын ниеттерімен сенген еңбекші қауымның келешекке деген үміті әрбір жақсы жаңалықтар арқылы ақталғандай. Сондықтан да жұмысшы табының еселі еңбек етуде зор табыстарға қол жеткізетіні нанымды. Тіпті ат өртеңнің автор өртеңмен ауыстырылуы аймақ өміріндегі ірі жаңалық. Мұнда Ертай Малтабар ағасы мен Зейнеп жеңгесінің соққысын көтере беретін көнбіс қарасирақ қалпында емес, есейген, егделеген шағында оралады. Есейіп егделеп қана қоймайды саяси жағынан да, адамгершілік тұрғысынан да тұлғаланып өсіп келеді. Жан жары Нұрғайыптан айырылғанымен талай жылғы сағынышы болған Бағиласын жолықтырып масайрай келеді. Ал «Жоғалған қыздағы» кейіпкерлердің толғанысын ішкі ой-иірімдерін автор сезім арпалыстары арқылы беруге талпынған. Жеке кейіпкерлер психологиясын да бас характерлер психологиясын да талдай жазу Баянөлгейлік қаламгерлердің шығармаларында кездеседі. Бұл олардың көркемдік идеялық ізденісіндегі жетістіктері еді. Шығармаға қажетті жетекші идея кейіпкерлердің шынайы характерлері мен типтік жағдайларының сырын ашуға керекті тартыстар ұтымды детальдар өмірден алынады. Көркем шығармада шынайы көріністерсіз харакетсіз тартымды штрихтарсыз адам образын жасауға болмайды. Әдетте әдеби тип белгілі бір ортадағы бір топ адамның басындағы қасиеттерді бір адамның басына жинақтау деп ұғылады. Әдеби типтегі кейіпкердің өмірдегі моделін өзгерте құбылта-құлпырта келгенде суреткердің шығармасындағы әр кейіпкердің болмыс-бітімінде бір адамның емес көптеген адамның сыр-сипаты жатады. "Жоғалған қыз” романындағы кейіпкерлердің бойындағы әдеби типке қатысты осы бір қасиеттер айқын көрініс тапқан. Романның өн бойынан әлеуметтік мазмұнды табу қиынға соқпайды. Шығарманың басты идеясы да жұмысшы табының қалыптасуы сол кездегі қоғамдық-әлеуметтік жағдайды қамтуға саяды. Замана лебі жаңалыққа ұмтылушылар мақсатына қарсы тұрған күштер түрлі әлеуметтік топтар мен типтер әрекеті жан-жақты суреттеледі. Көркем мазмұнында әлеуметтік қайшылық басты орынға ие болады. Өйткені жаңаны жасаушы мен оған қарсы күштер арасында бітіспес идеялық күрес жатады. Сонымен роман қарапайым еңбек адамдарының шынайы бақытын, жаңа қоғамның қолайлы көріністерін суреттеумен аяқталады.
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ