КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ


Ақтөбе-Астана бағытындағы «Батыс» жүрдек пойызы Алматыдан күн ұясына қонуға жақындағанда аттанды. Іс-сапарда жүргенде бірер-жарым кітап ала шығатыным барды. Сапарластарым сайдың тасындай іріктелген жастар екен. «Әңгімелеріне үйірсектемей-ақ, кітаптың біраз бетін парақтап тастайын» деп ой қорытқам. Расында, олардың менде шаруалары болмады. Азын-аулақ жол дастарқанынан дәмауыз тиген соң, әркім өз қамдарына кірісті. Ақтөбелік екі жігіт «Дурак» деген карта ойнай бастады. Қызылордалық қыздың ешнәрсеге де зауқы жоқ. Оған тыныштық керек. Пойыз қозғалысымен-ақ төсегін қамдап, ұйқыға кетті. Ауық-ауық қалта телефонымен әлдекімдермен күбірлескені болмаса, пәлендей кедергісі де, көп сөзі де жоқ. – Ағай, кітап оқудан жалықпайсыз ба? Көзіңіз талмай ма? – деген сауалдан еріксіз бас көтердім.

Осы сәт Ф.Бэконның: «Кітап – заманалар толқынында тербеліп, үстіндегі қазынасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан ой кемесі», А.С. Пушкиннің: «Кітап оқу – міне, үйренудің ең жақсы түрі», А.Я. Коменскийдің: «Кітап – ақылды қуаттандыратын құрал», М.Горькийдің: «Өз бойымдағы барлық ең жақсы қасиеттер үшін кітапқа қарыздармын», М.Әуезовтің: «Кітап аяулы досы бола бастаған шақтан былай ғана әрбір жан өзін интеллигент бола бастадым деп санауына болады» дегендері ойыма тырнадай тізіліп келе қалғаны.

Айтпақшы, япыр-ай, күз де келіп қалыпты ғой.

Осы қоңыр күзін өткізіп жатқандар арасында ғана кітапқа деген қызығушылық бар. Көктемнің сарыауыз балапандары кітап бетін ашпайды десем, мен-ақ қателескен болайын. Көбісінің компьютер алдында көгенделіп отыратынына бәс тіге аламын. Қазіргі жастар рухани құндылықтарға, эстетикалық әсемдікке, көркем дүниелердегі кең тынысты психологиялық талғам мен талдау бояуларына, бай тіліміздің жаһұт-жауһарларына терең мән бере білмейді. Ұлттық рух, ұлттық мәдениет деген оларға ойыншықтай көрінеді. Осы ретте Роллан Сейсенбаевтың: «Рухынан айырылған ел – ел болмайды, рухынан айырылған мәдениет те еш уақытта қайтып тірілмейді» дегені есіме түсіп, денем тоңазығандай болды.

М.Шаханов аға айтпақшы, бүгінде компьютербасты адамдар көбейіп барады. Ойы тұйықталған, миын мәңгүрттік мүжіген жастар тоқырамағанда қайтеді? Жастар арасындағы қылмыстың өршіп бара жатқанына да осы ойсыздық себепші емес пе екен? Жан сұлулығына ұмтылмаған ұрпақтың ажары солғын тартып тұратыны ойлаудан тыйылғандықтан да шығар-ау.

Бір сауалдың төңірегінде тентіреуік көңілдің шарлап кеткен әлемі осыларға барып тірелді. Мен кітаптың азаматтың болашаққа қарап ілгері басқан жолында қандайда болсын кедергілерді жеңуіне көмектесетінін түсіндірмек болдым. Оның ішінде көркем әдебиеттің адам жан дүниесінің қатпар-қатпар құпиясын ашуға жетелейтінін аңдатпаққа ұмтылдым.

– Керектінің бәрін кітаптан алуға болады дегеніңіз астамшылық. Қазір ком­пьютер деген құдірет бар ғой, – деп қасарысты қоңсым.

Мен бүгінде адамдардың құлтемірге айналып бара жатқанын ойлап, ауыр күрсіндім.

– Жалпы, рухани құндылықтарымыздың орны айтарлықтай құлдилады. Оған өзіміз де кінәліміз. Өзгелердің көз бояғыш жылтырақтарына әуеспіз. Жастардың санасын есірткідей улаған киносымақтар бәрімізді де жындандырып бітетін шығар. Кеше Шымкентте жоғары сынып оқушылары колледж студентін пышақтап өлтіріпті. Бұл ненің салдары? Зұлымдыққа, аярлыққа, алаяқтыққа, нәпсіқұмарлыққа үндейтін кинолардың «жемісі». Шетелдердің шикілі, күлдібадам кинолары, әпербақан дүниелері ойсыздарды қақпанына оңдырмай іліктіріп жатыр. Еліктеп – солықтаушыларды оң жолға салар орта және жоқ, – деді көршілер купеде келе жатқан сапарлас сөзімізге араласып.

Әлгі екеуі әлі картадан бас көтерген жоқ. Дәлізде тұрмыз. Көрші купедегі қыз ноутбукты ашып қойып, өз-өзімен әуре.

«Жол қысқарсынға» баққандағы әңгіме төркіні төмендегідей болып шықты. Ұзақбайдың (сапарластың аты) пайымдауынша, Кеңес үкіметінен соң біз көп керектігімізден айырылып қалдық. Соның бірі – жаппай кітап оқу үрдісі. Қоғам бір формациядан екінші формацияға өткен үргіншілік кезінде мәуелі мәдениетімізді қысқы үскірікке үсітіп алдық. Келіншектер қап арқалап, үш бұтты ошақ қамымен тентіреп кетті. Ебедейсіз еркектер бала тәрбиесін ұмытып, ермек іздеп елірді. Осындай аумалы-төкпелі кезеңде тәрбие деген қадір-қасиетті уысымыздан шығарып алдық. Ел экономикасы еңсесін тіктеген соң адамдар эстетика әлеміне қайта оралады деген біржақты ұғым. Рухы құлаған ұлттық мәдениетті қайта қалыптастыру мүмкін бе? Қазір адамдардың санасын материалдық құндылықтар фашистерден бетер жаулап алған. Бұл бұғаудан шығу мүмкін емес. Өйткені, мәңгүрттенген мақаупестер миына май құйғанмен санасы сілкінбейді. Ал, сананы сілкіндіру үшін сталиндік сұс керек!

Сонда, рухани құндылықтарды қалпына келтіру үшін не істемек керек? «Бір ел – бір кітап» амалы қалай дегенде де кітап­құмарлық қызығушылығымызды арттырып кете алмасы анық. Белгілі ортада, кітапханаларда ғана бұл акция жалғасын табар. Ал, басқа жерлерде ше? Бәлкім, кітапқұмарлар қоғамын қайта жаңғырту керек шығар? Сонда жұрттың барлығы қолдарына кітап ұстап шыға келе ме? Бұл жағы да дүдәмал.

Қазір көпшіліктің жылдам хабар алғызатын электронды ақпарат құралдарына көңілдері ауған. Кез келген ақпаратты интернет арқылы алады да осыған қанағат тұтып жүре береді. Сөйлесіп көрсеңіз, әлемнің түкпір-түкпіріндегі жаңалықтарды суша сапырып сырғып тұр. Ал, кеудесі ше? Ішкі әлемі ше? Бос. Мұндай қуыскеуде жастар мемлекет тізгінін ұстай ала ма? М.Әуезовтің, Ғ.Мүсіреповтің, Ж. Аймауытовтың, С.Сейфуллиннің, М. Жұмабаевтың психологиялық, терең тамырлы тарихи әңгімелерін, Т.Әлімқұловтың қарасөздің майын ағызған сөз өрнегін, А.Сүлейменовтің оқшау ойларын, І.Есенберлиннің тарихтан тамыр тартқан еңбектерін, Б.Майлиннің қарапайымдылыққа суарылған көркем шығармаларын оқымаған жастардың көңіл көздері бітеліп қалмас па? «Абай жолын» оқымаған қазақ қазақ па?

– Қазір бізде шедевр суреткер аз. Балалар әдебиеті мүлдем өлген. Кешегі Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесіне тең түсетін бір дүние жазылды ма соңғы кезде? Жоқ. Ендеше, татымсыз туындыны кім оқиды? Оданда түріктердің ұласпалы, шұбырмалы киносериалдары жақсы, – деді қатарымызға қосылған және бір жолаушы.

– Сонда түріктердің түсірілімдерін малданып отыра береміз бе? Қазақтың кинолары қайда қалмақ? – деп Ұзақбай оған қарсы сұрақ қойды.

– Қазақтың киносы – «Келін», «Сталинге сыйлық», «Ақырғы аялдама» болса, жетіскен екенбіз, – деді Бақытбек Есқараұлы. Қатарымыздағы су жаңа әңгіме­шіміздің бірі осы жігіт.

– Сонда, «Жаужүрек мың баланы» қайда қоясыз?

– Мойындаймын. Бұл қазақ киносындағы үлкен жетістік. Алайда, адамды имандылыққа, адалдыққа, отан­сүйгіштікке тәрбиелейтін жаңа да жақсы фильмдер бізде әлі де аз ғой.

Бұл – Ұзақбай.

– Тақырыбымыздың тұздығы кітап оқымайтын жастар төңірегінде еді. Қай жаққа ауа жайылып барамыз? – деп сыр-сұхбатты арнаға салып жібермек болдым.

Осы кезде купесінен шыққан келіншек әңгімеге араласты. Жөн сұрастық. Созақ ауданы Құмкент ауылының кітапханашысы көрінеді. Аты – Күләйша.

– Бұрын аудан орталықтарын, былай қойғанда әр ауылда кітап дүкені болушы еді. Қазір облыс орталығынан кітап дүкенін зорға табасыз. Біздің ауылдық кітапханаға мемлекет тарапынан қаржы аз бөлінеді. Сондықтан кітап қоры бізде жеткілікті емес. Тіптен, жерлес жазушыларымыздың кітаптарын ала алмаймыз. Кітапханаға келушілер М.Әуезовтің, Ғ. Мүсіреповтің, Ә. Кекілбайдың, О. Бөкейдің, М. Мағауиннің, Д. Исабековтің, Б.Нұржекеевтің, Т.Әлімқұловтың, Н.Ораздың кітаптарын сұрайды. Бұл авторлардың кітаптары ескірген. Жаңасын алуға қаржы аз, – деді ауыл кітапханашысы.

Кітап былай тұрсын, күнделікті баспасөз басылымдарын түгел жаздыртып ала алмайды екен.

– Қазір жазушылардың тілі жұтаң. Шеберліктері тар шеңберде. Көбіне публицистикалық сарында жазады. Қазіргі кезеңде оқырмандарымыз қалың-қалың, том-том кітаптарды оқуға уақыты да, зауқы да жоқ. Сондықтан жазушылар ендігі жерде новелла үлгісінде жазуға машықтанулары керек. Сонда ғана оқушы кітап парақтайды, – деді манадан бері әңгімеге араласпай отырған Ынтымақ атты жолаушы.

– Меніңше, алдағы 10-20 жылда газет-журнал да, кітап та керек болмай қалады, – деді қарта ойнаушылардың бірі.

– Мына өркениетті елдеріңізде техника соншалықты қарыштап дамыған сайын газеттердің таралымы соншалықты ұлғайып жатыр. Адамдар рухани жұтаңдыққа жол бермейді, – деп Ынтымақ қасарысты.

Мен жазушысы, ақыны жоқ қоғамды көз алдыма елестете алмадым. «Алла тағала тіліне от салып, жүрегіне мейірім төгіп, халқының жалғыз жанашыры қып қара жерге жазушыны жіберген. Халқының қорғаушысы да, қамқоршысы да, жанашыры да сол – жазушы. Суреткер-жазушының жер бетінде үш міндеті бар, ол адамзаттың адалдығы үшін күрес. Қара жердің тазалығы үшін күрес. Ел билеуші пенденің ойының адаспауы үшін күрес» деген жазушы Р.Сейсенбаевтың сөзі есіме түсті. Біреулер кітаптың ендігі жерде керегі жоқ деп сандырақтайды. Сонда қарапайым халықтың қамқоршысы кім болмақ? Ел билеуші пенденің адасқақ ойын түзу жолға кім бағыттамақ?

– Жарайды, жігіттер. Ойнасақ та біраз жерге барып қалыппыз. Жұрттың барлығы дерлік жатып қалды. Жолаушылардың тыныштығын бұзбайық, – деді Ұзақбай.

Қытай вагонындағы жайлы төсек-орын жауырыныма тақтайдай батты. Дөңбекшіп ұзақ жаттым. Көз ілінбеді. Кітап оқымайтын қазақтың ертеңі не болады деп қамықтым. Ойыма қай-қайдағылар келді. Ғылыми-техникалық негізге сүйеніп шығарма жазудың хас шебері, атақты қиялгер-жазушы Ж.Верн өткен ХІХ ғасырда жүзге жақын роман жазып, жүзден астам болжам жасаған. Жазушы қиялдарының көпшілігі ХХ ғасырда жүзеге асырылғаны тарихтан белгілі. Осы Ж.Верн: «Ендігі ғасырда жазушылардың ең көлемді шығармалары-әңгімелері болады» депті. А.Чехов айтпақшы, расында қысқалық таланттың белгісі болып қалар ма екен? Сонда, М.Әуезовтің «Абай жолы», Ғ. Мүсіреповтің «Ұлпаны», Ғ. Мұстафиннің «Шығанағы», І.Есенберлиннің «Алмас қылышы», Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тері», Т.Әлімқұловтың «Ақбоз аты», С. Мұқановтың «Мөлдір махаббаты», Ә. Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдары» шаң басып архивтерде қала бере ме? Пойыз доңғалақтарымен бірге жүрек те дүрсілдейді.

Адамды маймылдан өрбітіп, Айды аспанға бір-ақ шығарған Ч. Дарвин ақсақал: «Көркем кітап оқуға әуестігім азайып бара жатыр. Сондықтан, осының өзі менің жан дүниеме келген жамандықтың белгісі ме деп қорқамын» депті. Бүгінде ілімі көзге ілінбей жатса да, бұл шалыңыз босқа қорықпапты. Кітап оқуға деген құмарлықтың азайып бара жатқаны бүкіл қоғамға келген жамандық болып жүрмесін.

Менің осы ойымды құптағандай пойыз доңғалақтары да дүкі-дүк, дүкі-дүк деп атой салып келе жатты.

***

Алматыдан арқалап әкелгенім екі-ақ кітап еді. Базарлығымның пошымына қараған келіншегім күлімдей қойған жоқ.

Мен әлі де тұман ой тұтқынында едім.

Ақиқат

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз








08/04/2024 11:55

Хабарландыру!
0 635 0



26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 903 0







ТЕКСТ

Яндекс.Метрика