КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

«Баяғы өткен заманда,

Дін мұсылман аманда,

Жейделі Байсын елінде,

Қоңырат деген жерінде... - деп басталатын батырлар жырын тыңдап, қиялында қылышын қынабынан сурып, «астыңғы ерні қыбырлап, үстіңгі ерні жыбырлап, қиналғанда адамша сөйлейтін» арғымағын мініп, жауға шабатын бала қазір қалмады десек, артық айтқандық болмас. Оның орнына қолынан жаңа үлгідегі қалта телефондары мен түрлі модельдегі гаджеттерді тастамай, ғаламтор кеңістігінен шым-шытырық мультфильмдер мен бейнежазбаларды қарайтын жеткіншектеріміз бен бүлдіршіндеріміз өсіп келеді.

Бүгінгі таңда балалардың басым бөлігін әлеуметтік желілер тәрбиелеп жатыр. Сондықтан да  кез келген қазақ баласының батырлық туралы ұғымы Алпамыс, Қобыланды, Ер Тарғын батырлармен, сұлулық туралы ұғымы Құртқа, Гүлбаршын, Ақжүніс бейнелерімен қабыса қоймайды.  Жаһандану дәуірінде жас ұрпақтың санасына ұлттық рух, ұлттық идеяны сіңіруге бағытталған «Фольклор кейіпкерлерін жеке тұлғаны қалыптастырудағы маңызды құрал ретінде пайдалану жолдары» атты жобаның авторы Сая Итеғұлованың сұхбатын ұсынамыз.

 

-        «Фольклор кейіпкерлерін жеке тұлғаны қалыптастырудағы маңызды құрал ретінде пайдалану жолдары» атты жобаңыздың өзектілігі неде? Неге бұл тақырыпты зерттеуді жөн көрдіңіз?

-        Мен үшін «Фольклор – халық өмірінің айнасы» деген пікірдің астары тереңде. Әр елдің фольклоры сол елдің наным-сенімінен, әдет-ғұрпынан, салт-дәстүрінен, өмірлік ұстанымынан хабардар етіп, басынан өткізген күйініш-сүйінішін, өмірлік тәжірибесін өрнектейді. Фольклорлық мұраларына қарап, сол халық туралы кең де толымды мағлұмат алуға болады. Ал ең бастысы, фольклорлық мұралармен танысу арқылы жас ұрпақ өткен ата-бабаларымен тілдескендей, сырласқандай болады. Фольклор – кеше мен ертеңнің арасындағы алтын көпір, ал бүгіннің бағдаршамы десек, артық айтқандық болмас.

          Ел тарихындағы танымал тұлғалардың өмір жолына үңілсек, олардың сәби кезінен фольклорлық мұралармен сусындап өскенін аңғарамыз. Шоқанның қиялын дамытуға әжесі Айғаным айтқан ертегілер, Абайдың жан жақты дарын иесі болып қалыптасуына әжесі Зереден естіген аңыз-әңгімелері әсер еткені анық.

          Кешегі кеңес дәуірінің өзінде мектеп бағдарламасында ауыз әдебиеті үлгілері, оның ішінде ертегілер мол оқытылды. Мақал-мәтелдерді жаттап, жыр-дастандармен сусындап өстік. Теледидардан «Ертегіде қонақта» хабары, ал радиодан «Ертегілер еліне саяхат» бағдарламасы үзбей беріліп тұратын. Кез келген жас бала сол хабарларды сағына тосып, қуана қарайтын, тыңдайтын еді. Ал қазір ше? Қазіргі мектеп бағдарламасында халық ауыз әдебиетінің жауһарлары жоққа тән. Қай сыныптың болмасын әдебиет оқулығына көз жүгіртсеңіз, басы бар, аяғы жоқ шығармаларды көресіз... Қарныңыз ашады..., шарасыздан жылағыңыз келеді...  

          «Қазір балалар кітап оқымайды» дейміз. Баланың кінәсі жоқ. Балаға кітап оқытпай отырған өзіміз.

          «Балалардың тілі орысша» дейміз. Баланың кінәсі жоқ. Олардың тілін орысша шығарып отырған өзіміз. Бұл сөзімді бір ғана мысалмен дәлелдеп берейін. Бала табиғаты ертегіге, қиял ғажайыпқа құмар. Соған тартылып тұрады. Ал біз баланың қажеттілігін қанағаттандырып жүрміз бе? Қазір бесік жырын айтып, баласын тербететін ана бар ма? Ертегі айтып баласын ұйықтататын әже бар ма? Бар да шығар, бірақ олар өте, өте, өте аз....

          Ал бала табиғаты не істейді? Ол өз қажеттілігін іздейді... және табады да. Тапқанда қайдан табады? Интернеттен, әлеуметтік желіден, қалта телефонындағы түрлі арналардан. Ал ондағы контент қай тілде? Әрине орыс тілінде... Қай елдің фольклорынан бағытталған? Әрине орыс фольклорына.

          Қазақ фольклоры зерттелмеген тақырып емес. Бұл ретте еліміздегі Әдебиет пен өнер институтының ұжымына мың алғыс. Бабалар сөзінің 100 томдығын дайындап, қолымызға ұстатты. Сол қымбат дүниені біз игере алмай отырмыз. Заманауи қондырғыларға салып, баланың қолына ұстата алмай отырмын. Жаңаша ойнатып, әрлендіріп, балаларды қызықтыратындай қалыпқа түсірмей отырмыз. Қысқаша айтқанда өз мұрамызды насихаттап, кейіптеп, виртуалды әлемге енгізу орнына, көршілердегі бар дүниені пайдалануға, сол арқылы қазақы тәлім-тәрбиеден алшақтауына, аталар мұрасынан алшақтауына жол беріп отырмыз. Сәби күнінен Маша мен оның аюын, орыс орманын, олардың ұлттық болмысын жаттап өскен бала хат таныған кезінде қазақ ертегілері мен дастандарын шаң басқан кітап ішінен іздеп оқиды дегенге сендіру қисынсыздау ма, қалай?!

          Міне, осы мәселелер бізге қазақ фольклорының кейіпкерлерін тірілту керек, оларды визуалдап, түрлі анимациялық фильмдердің қаһармандарына айналдыру керек, сол кейіпкерлермен шытырман ойындар құру керек, ең бастысы әр кейіпкерді әр қазақ баласы дөп басып танитындай күйге жеткізу керек, ол үшін қазақ фольклорының кейіпкерлерін БІРІЗДЕНДІРУ керек деген тұжырымға алып келді.

-        Жобаның мақсаты қандай? Мақсаттарыңыз қолжетімді ме?

-        Жобаның негізгі мақсаты – қазақ фольклорын ұлттық мәдениеттің бір бөлігі ретінде қарастырудың филологиялық негіздерін анықтай отырып, хaлық aуыз әдебиеті кейіпкерлерін біріздендірудің тәрбиелік маңызын көрсету. Көркемдік құндылығы жоғары Батырлар жырлары мен Ғашықтық дастандардың кейіпкерлерін визуалдау, оларды қатыстыра отырып сюжетті анимациялық фильмдер мен ойындарды құрастыру арқылы қазақстандық патриотизмді насихаттау, жас ұрпаққа ұлттық тәрбие берудің бір тетігі ретінде қолдану жолдарын көрсету.

          Жан жағымызға зер салсақ, фольклорлық дәстүрді жаңғырту мәселесі әлем елдерінде кең етек жайғанын айқын аңғарамыз. Ойыншықтар мен компьютерлік ойындар, анимациялық фильмдер мен кино арқылы заманауи кеңістікті «жаулап» алған өзге жұрттың фольклорлық қаһармандары сол елдердің дәстүрін насихаттап, жастарымызды баурап жүр. Қазақ ауыз әдебиетіндегі кейіпкерлердің бейнелері жас ұрпақтың санасынан алшақтап, Тазша баланың орнын Аватар, Мыстан кемпірдің орнын Ведьма, Су перісінің орнын Ариель басып қана қойған жоқ, жас сәбилердің бөлмесін сол елдердің стилінде безендіріп, сол кейіпкерлердің суреті жапсырылған киімдерді іздеп жүріп сатып алатын, жас қыздарымыз сол елдердің бозбалаларына тұрмысқа шығуды армандайтын (иә, армандайтын) халге жеттік.

Ал біздің Алпамыс батырды, Қобыланды батырды, сұлу Қыз Жібек пен, ақылды Ақжүністі жастар тани ма? Олардың біріздендірілген, визуалданған бейнесі бар ма? Олар жастар арасында насихаттала ма? Әрине жоқ! Тіпті, еліміздің әр өңірінде орнатылған батырлардың ескерткіштерін былай қойғанда, тарихи тұлғалар – хандарға қойылған ескерткіштердің бір-біріне ұқсайтындығы сонша, жұртшылық оларды нақты бір батырдың немесе ханның ескерткіші емес, типтік образ ретінде қабылдайды. Бірқатар ескерткіштердің суретін көрсетіп, нақты қай ханның немесе батырдың ескерткіші екенін сұрағанымызда жастар тұрмақ, оқу-ағарту саласында, мемлекеттік қызметте жүрген ересектердің өзі дөп басып атап бере алмады. Сондықтан қазақ фольклорындағы кейіпкерлердің өзіндік ерекшелігін анықтай отырып көрнекілендіріп (визуалдап), сол бейнені барлық салаларда бір ғана сипатта қолданса, жан-жақты насихаттаса, жас ұрпақ қазақ фольклорына қызығып, олардың бойына ұлттық құндылықтардың ұрығы себілер еді деген ойға келдік. Ұсынып отырған жобамыздың негізгі міндеттері осы мәселелерді көздейді. Фольклорлық туындылар баланы өмірге келген сәтінен бастап қарсы алып, ересек өмірге қадам асқан кезінде де бірге есейеді, тіпті адам өмірден өткен сәтте де жоқтау түрінде шығарып салады. Жобаның бір міндетіне адам өмірімен біте қайнасып кеткен заманауи виртуалды кеңістікті қазақша контентпен толтыру жатады. Бұл - бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің бірі.

Енді «мақсатыңыз қолжетімді ме?» деген мәселеге келгенде, көсіліп сөйлей алмай, кібіртіктеп қалатынымыз бар. Өткені бұл – Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі тарапынан көтерілуге тиісті ауқымды мәселе. Әрине, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан бөлінген гранттық жоба шеңберінде жоспарлы дүниелерді жасау – біздің міндетіміз. Дегенмен, фольклорлық кейіпкерлеріміз Маша мен аюдың немесе Нарутоның танымалдығындай деңгейге жету үшін жан-жақты қолдау қажет.

-        Жобаның ғылыми жаңалығы мен маңызына тоқталып өтсеңіз...

-        Фольклорлық  мәтіндерді көпшілік қауымға, кейінгі өскелең жас ұрпаққа насихаттау жұмыстары заман талабына сай өзгеруі тиіс. Орыс немесе шет ел фольклорына арнап шығарылған еңбектерде, көбіне персонаждар суреттермен беріледі. Ал бізде мұндай жинақтар саусақпен санарлықтай, тіпті жоқтың қасы. Ғылым мен техниканың жаңалықтарын оңтайлы пайдаланып, ертегі, аңыз, хикаяларымыздағы персонаждарды түрлі түсті суреттермен бейнелеп, бүлдіршіндер мен мектеп оқушыларына арналған жинақтарды шығару – уақыт күттірмейтін іс.

          Қазақ фольклорлық кейіпкерлерін визуалдау, оны паспорттау, бұл кейіпкерлер кездесетін барлық өнімдерде бірдей сипатта берілу мәселесі – елімізде жолға қойылмаған, тың дүние. Ғылыми жоба осынысымен де маңызды. Жоба барысында эпикалық жырлардағы бас қаһармандардың, атап айтқанда батырдың, оның ата-анасы мен баласының, сүйікті жарының, сенімді серігі – тұлпарының және дұшпандарының тізбесі жасалып, образдардың қалыптасу эволюциясы зерделенеді. Образдар тарихи-типологиялық, тарихи-мәдени байланыстар тұрғысынан қарастырылып, суретшілер үшін толымды бейнесі жинақталады. Суретшілер арасында арнайы байқау ұйымдастырылып, фольклорлық мәтіндегі сипаттаманы дөп басқан портреттер іріктеледі. Сәтті портреттер қазылардың шешімімен бекітіліп, көпшілікке таныстырылады. Кейіпкерлердің түрлі-түсті портреттері мен паспортын кітапша түрінде шығарып, балаларға арналған туындыларды шығаратын баспалар мен білім беру ұйымдарына, кітапханаларға жаппай тарату ісі де жоспарланған. Сондай-ақ визуалданған образдардың негізінде балаларға арналған анимациялық өнімдер (комикстер, электронды қосымшалар, танымдық ойындар) әзірлеу үшін сюжеттер желісін ұсыну мәселесі де күн тәртібінде.

-        Сұхбаттасқаныңызға рахмет!


https://abai.kz/post/179519


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз