КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қазақ тілі мемлекеттік тіл болғасын сан-салада, түрлі деңгейлерде, түрлі-түрлі әдіс-тәсілдермен оқытылады. Бірақ олардың арасында біртұтас жүйе жоқ, сатылы байланыс жоқ, мемлекеттік тілді қай деңгейде қалай білудің заңдастырылған талабы жоқ.

Осыны ескеріп жаздың басында «Qazaq tili» Халықаралық академиясы орта мектептегі қазақ тілі мәселесін талқылап, тиісті орындарға ұсыныстар енгізген болатын (мәтіні төменде). Бұдан тарс еткен кері хабар болмады. Айтары жоқ болар. Тек Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясынан хабарласып, қазақ тілін қазақ мектептерінде оқытуға қатысты тұжырымдама жасау жұмысы басталғанын хабарлаған еді. Аяғы сиыр құйымшақтанып кеткен соң оның өзі шығарып салма жауап болар деп түйдік. Білімдарлардың тамыз жиыны қарсаңында қарарымызды БАҚ-қа көпшіліктің назарына жариялауды жөн көрдік.

Осының мына жерлеріне өзгеше айтарым бар дейтін бағдарлама авторлары, тіл мамандары, практик мұғалімдер болса тыңдауға, талқылауға әзір екендігімізді мәлімдейміз. Академия мамандары өз ұстанымын кез-келген деңгейде, тіпті парламент қабырғасында қорғауға дайын. Академия қабырғасында мемлекеттік тілді оқытудың әр деңгейіне, әр сатысына қатысты мұндай ғылыми-әдістемелік талдаулар әлі де жалғасатын болады. Өйткені қазақ мектебіндегі қазақ тілінің бағдары қате!

   

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі
Басшысының орынбасары Балаева Аида Ғалымқызына!

 

«Орта мектептердегі қазақ тілі» атты республикалық ғылыми-практикалық дөңгелек үстелдің

 

ҚАРАРЫ

 

 «Qazaq tili» Халықаралық академиясы мен Мемлекеттік тілді дамыту институты бірігіп 2023 жылдың 8 маусым күні «Орта мектептердегі қазақ тілі» атты республикалық ғылыми-практикалық дөңгелек үстел өткізді.

Жиынға Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, оқулық және бағдарлама авторлары, жоғары оқу орындарының профессорлары мен оқытушылары, мектеп мұғалімдері, ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлері, әдіскер ғалымдар, докторанттар мен магистранттар, БАҚ өкілдері шақырылды.

 

1.      Қазақ тілі пәні бойынша жаңартылған бағдарламаның кемшіліктері:

 

а) Жаңартылған бағдарламадағы басты кемшілік: мақсат жеткіліксіз қойылған, грамматика туралы айтылмаған. «Қазақ тілі» пәнін оқытудың мақсаты – ана тілін қадірлейтін, қоғамдық мәнін түсінетін тұлға қалыптастыру, сондай-ақ қазақ әдеби тілі нормаларын сақтап, дұрыс қолдана білуге, еркін сөйлесуге және сауатты жазуға үйрету дегенді толықтыру керек.

ә) Жаңартылған бағдарламаның өзегі – лексикалық тақырыптар. Бірақ олардың берілуінде жүйе жоқ:

2 тарау. ЖАСТАР МӘДЕНИЕТІ ЖӘНЕ МӘСЕЛЕСІ.

3 тарау. ҚАЗІРГІ ҚОҒАМ. МИГРАЦИЯ. ЗИЯТКЕРЛІК МИГРАЦИЯ.

4 тарау. ӘЛЕМДІ ӨЗГЕРТКЕН ӨНЕРТАБЫСТАРЫ

5 тарау. БЕЙБІТШІЛІК, ҚАУІПСІЗДІК ЖӘНЕ ЖАҺАНДЫҚ ЭКОНОМИКА.

9 тарау. ЕҢБЕК НАРЫҒЫ ЖӘНЕ СҰРАНЫС.

(11 сынып, Қазақ тілі)

Біздіңше, лексикалық тақырыптар:

- Грамматикалық тақырыптармен байланысты мәтіндер болу керек;

- Тілдің анықтамасына (200 анықтама) қатысты болу керек;

- Семантикалық категориямен байланысты болу керек;

- Публицистикалық және ғылыми стильдегі мәтіндерде грамматикалық тақырыптардың өзі түсіндірілуі керек;

- Әлемнің қазақ тіліндегі бейнесін көрсететін мәтіндер болуы керек.

б) Жаңартылған білім бағдарламасында ортақ кемшілік – оқу мақсаттарын топтастыруда тыңдалым мен айтылымның балама сипатында берілуі. Бұл – қате. Дұрысында мәтін тану (оқылым-тыңдалым) мен мәтін тудыру (айтылым-жазылым) параллель берілуі тиіс.

в) Грамматикалық тақырыптар жаңартылған бағдарламада қате, жүйесіз, шашыраңқы, ең бастысы лексикалық тақырыппен байланыссыз берілген. Жаңартылған бағдарламалардың мақсат-міндетінде орта мектепке сай лингвистикалық білім беру көзделмеген. Оқу мақсаттарында қай тақырып қайсысынан кейін меңгерілуі керектігі нақты көрсетілмеген. Алда грамматикалық материалдарды бағдарламаға берудің жүйесі жасалуы керек. Бұл біз төменде көрсеткен мақсатта үшінші тармақ болып тұр.

г) Мәтін тудыру (жазбаша, ауызша) жүйесі реттелмеген. Жайдан күрделіге қарай шиыршық әдісін сақтай отырып, сөйлеу дағдысын қалыптастыру оқу мақсатында нақтыланбаған. Бес стильдің барлық жанрында сөйлеу дағдысын қалыптастыруға жүйелі түрде көңіл бөлінбей, жаңартылған бағдарламада тек эссе жазу дағдысын қайталай берген. Мәтін тудыру дағдысы қалыптасу үшін қай стильдің қай жанрын қай сыныптан бастап үйретудің ғылыми-әдістемелік негізі жасалуы керек.

 

2.      Қазақ тілі пәнін оқытудың мақсаты бойынша ұсыныстар:

 

а) Қазақ мектебіндегі қазақ тілі пәнінің мақсаты:

1. Дұрыс, шебер сөйлеуге үйрету (барлық стильде ауызша мәтін тудыру дағдысын жетілдіру);

2. Сауатты жазуға үйрету (барлық стильдің жанрларында жазбаша мәтін тудыру дағдысын қалыптастыру);

3. Қазақ тіл білімінің метатілін орта мектеп деңгейіне сай меңгерту (орта мектепке сай лингвистикалық білім беру, тіл бірліктерін тану, талдау, мәтінтану, мазмұнын, құрылымын, стилі мен жанрын ажырата білу);

4. Ұлттық дүниетанымын қалыптастыру (тіл арқылы ұлттық құндылықтарды сіңіру, аялық білімді меңгерту, әлемді қазақ тілі арқылы тану).

ә) Осы мақсаттардың әрқайсысынан үш-төрт міндеттер айқындалып шығуы керек. Әрине, басты мақсат – шебер сөйлеу мен сауатты жазуға үйрету. Сондықтан олар алғашқы болып бірінші және екінші басымдылықта тұруы тиіс.

б) Қазақ тілі пәнінің мақсатын Ақымет Байтұрсынұлы әліппе жазу кезінде анықтаған. Бұған сөйлеу және тыңдай білуді қосып, осы төрт негізден тұратын мақсатты сақтау керек. Яғни әліппенің мақсаты – керек сөзді жаза білу, жазылған сөзді оқи білуге үйрету болса,  жаза білуге сөйлей білуді қосып, қазақ тілінің мақсатын 1 сыныптан 11 сыныпқа дейін өзгеріссіз сақтау  керек.

 

3.      Қазақ мектебінде грамматиканы оқытудың ұстанымы:

 

а) Орта мектепте лингвистикалық білім беру бұрынғы деңгейлік грамматикамен жүруі керек пе? Әлде жаңартылған бағдарламадағыдай грамматика жүйесіз шашылып жатуы керек пе? Біздіңше, дәл қазір екеуінің бірін тұтас сол күйі алу мүмкін емес. Қазіргі басты мәселеміз – бесінші сыныптан он бірінші сыныпқа дейін баланың дұрыс сөйлеуі мен сауатты жазуына қажетті грамматиканы шиыршықтау әдісімен жайдан күрделіге қарай орналастырып шығу керек. Қазіргі ғалымдардың алдында тұрған басты мәселе осы.

ә) Қазақ тілі пәні республикада бірнеше сатыда оқытылады (балабақша, бастауыш мектеп, орта мектеп, колледж, ЖОО, мемлекеттік қызметкерлер және т.б.). Бұндағы оқытудың мақсаты екеу-ақ:

1. Коммуникативтік дағды қалыптастыру;

2. Академиялық білім беру.

Осының ішінде орта мектептегі (орыс сыныбы болсын, қазақ сыныбы болсын) қазақ тілінің мақсаты – коммуникативтік дағды қалыптастыру. Яғни орта мектепте берілетін лингвистикалық білім де мәтін тудыру кезіндегі тілдік норманың сақталуын қамтамасыз етіп тұруға жарамды болуы тиіс.

 

4.      Мәтін тану (оқылым-тыңдалым) мен мәтін тудыру (айтылым-жазылым) дағдыларына қатысты ұстанымдар.

 

а) Тыңдалым мен айтылым дағдысын бірдей қарау қате екендігі айтылды. Бұл мәселе жоғарыдағы тақырыптағыдай жүйеленгені жөн. Оқушы мәтінді таниды, оның жанрын, стилін ажыратады. Онда қолданылған тілдік бірліктерді талдайды. Не үшін? Мәтін тудыру кезінде өзі де тап сондай мәтіндерді тілдік нормаға сай тудыра алу үшін. Мақсаты – қазақ тіліне бөлінген мың сағатта оқушы соларды тудырып (айтылым, жазылым) дағдылануы керек.

ә) Мәтін талдауға қандай мазмұндағы мәтіндер (бес түрлі саладан) алынуы керек екендігі жоғарыда айтылды. Мәтін түрі шексіз. Сондықтан біз оны типтейміз. Оның стилін, жанрын анықтаймыз. Не үшін? Тап сондай стиль мен жанрда мәтін тудыру дағдысын қалыптастыра алу үшін. Яғни сәт сайын эссе жаз, эссе жаз деген мақсатты азайту керек. Қазақ тілінде бес стиль, бес стильде бірнеше жанрлар бар. Алдағы бағдарламаларда осы жүйе сақталуы керек.

 

5.      Қазақ тілін меңгерудің құқықтық талаптары

 

а) Біз функционалдық сауаттылық дегенді көп айтамыз, жиі айтамыз. Қазақ тілі пәні нағыз функционалдық сауаттылықты сөйлеу мен жазуды үйрететін пән. Сөйлемейтін, жазбайтын адам жоқ. Яғни бұл пән керек болғанда бәріне тегіс керек пән. Мектепте оқытылатын пәндердің ішіндегі ең бастысы, негізгісі. Сондықтан негізгі пәннің бағдарламасын да соған сай етіп қатаңдату керек.

ә) Орта мектептегі қазақ тілі пәні жалпы республикадағы мемлекеттік тілді оқыту жүйесінде негізгі орында. Өйткені оған мыңнан аса сағат бөлінген. Болашақта мемлекеттік тілді дамытатын, оның стилін жетілдіріп, жанрларын жаныйтын осы қазақ орта мектебін бітіретіндер. Сондықтан оны мектеп қабырғасында білудің деңгейлік талаптары нақты белгіленеуі керек. Мектепте сыныптан сыныпқа аттау емтихандарын тапсыру және мектеп бітірген кездегі жаппай тестілеу нәтижесінің шектік деңгейі заң (ереже) жүзінде талап етілуі керек.

 


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз