THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Бұрын «Менің туған күнім» деп
айтатын болсақ, соңғы кезде «Олай айту қате, «Менің туылған күнім» деп айту
керек» деушілер шығып жүр. Тіпті, туған күнім деп айта беруді қолдаушылардың
ішінде де «Дағдыға сіңіп кеткені болмаса, негізі қате қолданыс қой» дейтіндер
бар. Туған күнім дегенді қате деушілер: «Баланы шешесі туады, ал бала туылады»
деген уәж айтады, яғни олардың ойынша туды сөзі шешеге қатысты айтылады. Сонда
біз туды сөзін қате мағынада қолданып жүрміз бе?
Бұған жауап беру үшін алдымен
бұл сөздің көне түркілік мағынасын қарастыралық. Махмуд Қашқаридың «Диуани
лұғат ит-турк» деген кітабында келтірілген көне түркі сөздігінде туғ деген
сөзге 1. күн (туу, шығу), 2. бала (туу) деген түсініктеме беріліпті және күн
туғды – күн туды, оғул туғды – ұл туды деген мысалдар келтіріпті. Бұл
мысалдарда туды сөзі күнге, ұлға қатысты
айтылып тұр. Яғни көне түркілік мағынасында туды сөзі шешенің баланы дүниеге
әкелгенін емес, баланың дүниеге келгенін хабарлайды.
Одан бергі кезде де қазақ
«туған» деген сөзді шешеге қатысты емес, балаға қатысты айтып келеді. Мысалы,
Абай Құнанбайұлы «Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер
денең ...» дегенде сөзді кісінің анасына емес, өзіне қарата айтып отыр. Бұл –
«туған» сөзінің анаға емес, балаға қатысты айтылуының бір дәлелі.
Абай тағы бір өлеңінде «Туғызған
ата-ана жоқ...» дейді. Мұнда айтылғандай ата-ана баланы туғызатын болса, бала
туады ғой. «Туғызған ата-ана жоқ» сөйлемін теориялық тұрғыдан да талдап
көрсетейік. Мұнда «мені» деген табыс септігіндегі толықтауыш жасырын тұр,
демек, туғызған сөзі сабақты етістікке жатады. Ал -ғыз деген жұрнақтың салт
етістіктен сабақты етістік жасайтыны белгілі, демек «туған» сөзі салт етістікке
жатады.
Енді «Менің туылған күнім»
дегендегі туылған сөзіне келетін болсақ, ол әрекет иесі белгісіз болғандықтан
ырықсыз етіске жатады. Ал ырықсыз етіс
сабақты етістіктен ғана жасалады. Бірақ «туған» сөзі сабақты етістікке емес,
салт етістікке жатады дедік. Олай болса, «туған» деген салт етістіктен
«туылған» деген ырықсыз етіс жасалмайды. Демек, «Менің туылған күнім» деген сөз
де болмайды. Соған байланысты шешенің баланы дүниеге әкелгенін «туды» демей,
«босанды» дейді.
«Туды» деген сөзден «туылды» ырықсыз
етістің жасалмайтынына сөздік қорымызда «ай туды», «ой туды» деген сөздердің
барлығы да дәлел бола алады. Өйткені ай да, ой да ештеңені тумайтындықтан,
бұларда табыс септігіндегі толықтауыш болмайды. Демек, бұлардағы «туды» сөзі де
– салт етістікке жатады, ал салт етістіктен ырықсыз етіс жасалмайды.
Дегенмен, бір айта кетер
жайт: бізбен туысқан халықтардың ішінде туылған деп айтатындар да бар. Мысалы,
қырғыздар мен өзбектер біздің туған күн дегеніміздің орнына туылған күн дейді.
Алайда әр халықтың белгілі бір сөз жөнінде қабылдаған өз түсінігі болады. Ал
қазақтың әу бастағы қабылдаған түсінігінде туған сөзі көне түркідегісінше
балаға айтылады. Және бұлай айтатын тек біз ғана емеспіз, татарлар мен түріктер
де біз сияқты туған күн дейді. Олай болса, «туған күнім деп айту қате, туылған
күнім деп айту керек» деген сөз орынсыз.