КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА


Соңғы мақалалар:

Кезінде тағдырдың талайымен атамекенен жырақ, сыртта қалған қандастарымыздың мәселесі кімді де болса толғандырары анық. 
Нақты деректерге сүйенер болсақ, шекараның ар жағында 5 миллионнан астам қазақ әлемнің 44 мемлекетінде тарыдай шашылып жатыр. Олардың өмір сүріп жатқан ортасы қандай, қандастарымыз ата-баба тілін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын сақтап отыр ма? Әлде өзге ұлттарға жұтылып бара ма? Оларды елге шақыруда қазақ билігі қандай тірлік атқаруда? Сыртта қалған қаракөз бауырларымызбен қарым-қатынас қандай жолға қойылған? Олардың мұң-мұқтажына Қазақстан дипломатиялық жолдармен үн қатуда ма? Сұрақ көп. Жауапқа келгенде кібіртіктеп қаламыз. Неге?
Сыртта қалған қандастарымыздың ең көп шоғырланған мекені – Қытай. Ресми деректер аждаһа елінде 1 жарым миллион қазақ бар десе, бейресми деректер 2 миллионның төңірегі дегенді келтіреді. Өкініштісі, қазір ол елдегі қазақтар ассимиляцияға қатты ұшырауда. Ондағы қазақ мектептерінде қытай тілі ертеректе 7 сыныптан бастап оқытылса, қазір 3 сыныптан бастап оқыту жолға қойылған. Одан кейін дарынды, қолынан іс келетін қазақ жастары Бейжің, Шанхай Гуанчжоу секілді ірі шаһарларға барып оқуын жалғастырады. Ал ол жерде ешқандай қазақ тілінің исі шықпайтыны белгілі. Демек, қазақтың көзі ашық жастарының қытайлануы басталады. 
Сондай-ақ Ресейде 700 мыңнан 1 миллионға тарта қазақ тұрады. Мұнда осыншама қазақ өмір сүре тұрса да ол елде небәрі 2 қазақ мектебі бар. Оның өзі Қазақстанға таяу жерде – Алтай өңірінде. Бұл да қынжылтатын жағдай. Қаншама көген көз қазақ баласы өзінің баба тілінен, әдет-ғұрпынан, мәдениетінен мақұрым өсіп жатыр... 
Ал ана тілінің уызынан нәр алмаған бала сыртқы келбеті қазақ болғанымен жандүниесі өзге болып шығары хақ. Ондай жаннан иісі қазаққа не пайда? Не істеу керек? Сырттағы қазақты сақтап қалу үшін қайтпек қажет. Өкініштісі, елге оралған қандастарымыздың өзіне азаматтық беру мәселесі 5 жылға дейін шегеріледі деген заң Парламентте қаралуда. Бұған қарсы ұлтым дейтін азаматтар дау көтеріп, сырттан келген қандастарымызға азаматтықты тоқтаусыз беру керектігін айтып, жарғақ құлақтары жастыққа тимеуде. Өйткені шекараның ар жағында қалған қандастарымызды елге шақырып алмасақ, түбі олар өзге ортаға жұтылып кету қаупі төніп тұр. Белгілі қоғам қайраткері Әкім Ысқақ: «Жалпы, әлемде қандастарын шақырған үш ел бар: Германия, Израиль және Қазақстан. Ресей бұған былтыр қосылды. Путин орыстарды өз еліне шақыруда және барлық жағдайын жасауда. Дерекке сүйенсек, соңғы 6 айда Ресейге бұрынғыға қарағанда орыстардың оралуы күрт артқан. Бұл нені көрсетеді? Әрине, Путиннің өз ұлтына қамқорлығын. Бізде ше? Бізде бұған дейін де Отанына оралған оралман азаматтығын алып, жұмысын тауып жүріп жатты. Тіпті өзге ұлт өкілдері басым, Павлодар, Петропавл жақтарда қазақтың қарасы көбейіп, жақсы болып қалып еді. Ал 5 жылдан кейін азаматтық беру әлемнің 44 мемлекетінде шашырап жатқан қандастарымыздың елге оралуына бөгет қою деген сөз. Азаматтығы жоқ азамат қанатсыз құспен тең. Ол еш нәрсеге дауыс бере алмайды, қажет кезде несие де ала алмайды. Бұл дұрыс емес. 
Рас, әлемнің бірқатар елдерінде көшіп келгендер 5 жыл тұрады. Сосын барып азаматтық беріледі. Бірақ елімізге келіп жатқан оралмандар өзге емес, өз қандастарымыз емес пе?! Оларды елге шақырып алып, тағы бес жыл күттіргеніміз қалай болмақ?» десе, белгілі жазушы Смағұл Елубай өз ойын былайша өрбітті: «Қазақстан тәрізді жері кең һәм аса бай оның үстіне алып мемлекеттердің ортасында отырған жұрттың басты мәселесі ол – халқының аздығы. Бізге көзалартып отырғандар көп. Бұл жағдай кез келген қазақты ойландыруы тиіс. Амал қанша қызыл империяның пәрменімен жүзеге асқан аштық, қуғын-сүргін болмағанда иісі қазақ бүгінде 50 миллионға тақап, ұлы елдердің біріне айналып отырар еді. Ал бүгінгі санымыз небәрі 17 миллион. Бұл – Қытайдың шағын бір қаласындағы халықтың санымен бірдей. Егерде сыртта қалған 5 миллион қандасымызды көшіруге шамамыз келмесе, қаржымызды қимасақ, бұл тәуелсіздігіміздің алдындағы кешірілмес қылмыс болар еді. Өйткені тәуелсіздігі баянды, жері тұтас ел болу үшін халық санының көптігі қажет. Ал біз сырттан келетін қандастарымызға түрлі желеу айтып қаржы бөлуге енжармыз. Сол қазақ жерінің байлығын қотарып, миллиардтарын жат біреулердің қалтасына салып бергенге еш қынжылмаймыз. Өкінішті. Саяси элитаның арасында оралман десе , шашы тік тұратындар жеткілікті. Олар оралмандарға бола бас ауыртқысы жоқ. 
Рас, бір елден екінші елге қоныс аудару оңай емес. Баспана керек, жұмыс керек, тіркеу керек, азаматтық керек. Мұның бәрі біздің шенеуніктер үшін бас бермес асу секілді көрінеді. Бірақ еліміздің болашағын, тәуелсіздігіміздің мызғымастығын, сырттан келер қауіп-қатерді ойласақ, сырттағы қандастарымызды қалайда көшіріп алу үшін күш салған жөн. 
Бір өкініштісі – «Нұрлы көш» деп аталған ұлы көше пышырап тоқтап қалды. Енді келіп, келгендерге азаматтықты 5 жылдан кейін береміз деу де дұрыс емес. Бұл өз қандастарымызды қорлау деген сөз. Егерде Парламент осы заңды қабылдап жіберетін болса, бұл Парламент тарихта қазақ көшін тоқтатқан деген масқара атпен қалмақ. Бұған мен де, жалпы, зиялы қауым да қарсы. Әлі де ойланады, дұрыс шешім қабылдайды деген ойдамын». Бұған алып қосар ештеңе жоқ. Ел сенімін иығына артқан азаматтар қазақ көшіне бөгет болмайды, керісінше, иісі қазақтың қарасы молаюына жолды кеңірек ашады деп бек сенеміз. 

Айқын

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз