КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Жыр туралы қысқаша мәлімет:

«Ер Сайын» жыры алғаш рет В.В.Радлов (1870) жинағында басылған. Жыр кеңес дәуірінде өз дәрежесінде зерттелмей, теперіш көреді. Ер Сайын тарихта болған адам. Жырда:

Бұрынғы өткен заманда,

Дін мұсылман аманда,

Үш шарбақты, үш кентті,

Ноғайлы деген жұрт өтті – деп, ноғайлы дәуірі суреттеледі.

Ер Сайын батырдың қай дәуірде өмір сүргені туралы тарихи деректер жоқ. Алайда жырда Қобыланды батыр жігіттік жастан өтіп ел ағасы атана бастаған шақта Ер Сайынның аты шықты делінген. Ғалымдардың «Қобыланды 15-інші ғасырда өмір сүрген, елуге келген жасы шамамен 1480 жылдар» деген болжамын ескерсек, Ер Сайынның өмір сүрген уақыты XV ғасырдың аяғы мен ХVI ғасырдың ортасы болып шығады.

Жырдың бір нұсқасында Ер Сайынның аттанып шыққан жері Ойыл мен Қиыл деп көрсетіледі. Ол бұл күндегі Орал (Қазіргі Ақтөбе облысына қарайды) облысының бір ауданы. Сол мезгілде қыпшақ және ноғайлы жұрты көршілес қонған дейді ғалымдар.

 

Бозмұнай

 

Бозмұнай – Ер Сайынның әкесі. Жырдағы:

Жортақыға мінбеген,

Түстік жерге жүрмеген,

Кірлі киім кимеген,

Алдаға тілі тимеген,

Бес намазын қоймаған,

Бір Құдайды ойлаған,

Қара басы хан болған,

Байлығы жұртқа аң болған,

Малы Алашқа таң болған,

Боз Мұнай атты бай болған -  түрінде келетін сипаттан Бозмұнай туралы көп жайтты аңғаруға болады.

  «Арқаннан атын алдыртты,

Алтынды жүген, ер-тұрман,

Тоқымменен салдыртты.

Қара түнде белсеніп,

Қас патшадай теңселіп,

Жорға мініп найқалып,

Келе жатқан жылқының

Алдынан шықты шайқалып» - деген жолдар оның сән-салтанаты жарасқан бай екенін көрсетеді. Алайда, оның бір басына жетерлік зары бар. Ол – баласыздықтың зары.

«Сол Боз Мұнай қартайып,

Алпыс жастан өткенше,

Құдай қосқан қосағы,

Елу жасқа жеткенше,

Бір перзентке зар болған» делінеді.

Бозмұнайдың да мыңғырған малы бар. Сол малын тоқсан қара құл бағады. Күндердің күнінде Бозмұнай қартайып, бойынан күш-қайраты кете бастайды. Сол кезде тоқсан қара құлға жаман ой түседі. «Бізге бұл бай қалың төлеп қатын да әпермеді, енді мұның малын құрдан-құр бағып қайтеміз. Одан да малын талап алайық. Артынан іздеп келетін баласы да жоқ. Бізге не қылар дейсің» деген оймен тоқсан құл Бозмұнайдың жылқысын талауға кіріседі.

Бір күні бай Бозжорға жылқысына барса, жылқы шетінде жүрген құлы иіліп сәлем бермейді.

Сонда бай тұрып бұрсанды,

Мұздай темір құрсанды.

Ашуыменен Боз Мұнай:

«Қырармын!» – деп ақырды,

Шетте жүрген бір құлды,

Бай келіп ұстап алады,

Қолға түскен сол құлды,

Ашумен бай сабады.

Бірін сабап жатқанда,

Басқасы келіп қамады:

Бай үстіне жан-жақтан

Құрық келіп жауады, - деген жолдар Бозмұнайдың ер сипатты, қарулы кейпін береді. Дегенмен күші қайта бастаған байды тоқсан құлға қарсы тұрарлық шама жоқ. Басын сауғалап, қашуына тура келеді. Құлдан қорлық көрген Бозманай екі көзінен жасы моншақтап, Құдайға жалбарынып, бала тілейді.

Құлдан қорлық көргенше,

Тезінен өлім бермедің!

Кең сарайға бармады,

Көтеріп басын алмады,

Сол жылаудан танбады.

Жылауменен бай жатты,

Қызарып барып күн батты.

Байдың зарлағанын естіп, ақ шалмалы бір адам оған аян береді.

«От жағалай отырып,

Оттың басын толтырып,

Үйің базар болғандай,

Көп пе саған керегі?

Бірін мыңға балаған,

Құдай өзін қалаған,

Жұртқа қорған болғандай,

Бір ме саған керегі?» - деп сұрайды. Сонда Бозмұнай:

Берсең, маған қалап бер!

Мың кісіге балап бер!

Өмір жасын ұзақ қып,

Асқар таудай талап бер!» - деп, ер тұлғалы бір ұлды қалайды. Осының өзінен Бомұнайдың қандай жан екенін аңғаруға болады.

           Бозмұнай қолы ашық, мырза адам.

Баланы көріп қатындар,

Боз Мұнайды қамасты;

Бәрі бірдей жүгіріп,

Сүйіншіге таласты;

Бірін-бірі сабасты;

Мұрындары қанасты.

Таластан соң қатындар,

Жүгініске барысты;

Жүз жылқыны бай берген,

Бәрі бөліп алысты, - дегендей сүйіншіге жүз жылқы берген бай малының жартысын бөліп, ұлан-асыр той жасайды. Баланың атын қойған кедей қарияға тоқсан торқа кигізіп, тоғыз бие мінгізеді.

           Бозмұнайдың астамшылыққа бой алдыратын тұстары да аз емес. Аюбике сұлуды Ер Сайынға айттыра барған тұста, ол өктем сөйлеп, қыз әкесі Көбіктінің ашуына тиеді. Қызды бермеймеймін дегеніне:

«Осынан елге бармасам!

Айғай сүрен салмасам!

Үш шарбақтың адамын,

Мінгізіп атқа алмасам!

Ер Сайынды жіберіп,

Бәріңді де қырмасам!

Айттырса бермес қызыңды,

Ат саурына салмасам!

 Боз Мұнай болып жүрмейін,

Бозжорғаға мінбейін!» - деп кектенеді.

           Ер Сайынның ашуынан қорқып, ел-жұртының тыныштығын ойлап, соңынан адам жібергенде де Бозмұнайдың ашуы тарқамайды.

«Шақырса да, бармаймын;

Бұл сөзіңе нанбаймын;

Малға берсе сол қызды,

Бір тайға да алмаймын» - деп тулайды.

 

 

 

 

Бәйбіше

 

Жырда Ер Сайынның анасының аты аталмайды.   

Сен жетпіске жеткенде,

Мен елуден өткенде,

Біздей екі сорлыға,

Енді берсін не Құдай!? – деген жолдарда оның жас шамасы сипатталады. Ал жырдағы:

Бермесе де қайтесін?

Малыңды айап не етесің?

Айағанда бұл малдың,

Қай түбіне жетесін?

Болмаса да, барайын;

Алып келіп шалайын».

Екі етегін түрініп,

Қойға жетіп барады,

Ай мүйізді қошқарды,

Алып келіп шалады, - деген жолдар оның ішкі дүниесін де, сыртқы кейпін де береді.

           Сайын батырды өмірге әкелу де оңай емес. Ол белгілі бір дәрежедегі күш-қуатты талап етеді.

«Шалқасынан жатқанда,

Ұмтылғанда тұрмады.

Мерзімді күні толғаны,

Батыр Сайын тумады.

Туғанынша бейшара,

Кемпірдің жанын қинады.

Тоғыз айға толғанда,

Шамалы күні болғанда,

Бейсенбінің кешінен

Ұлы жұмаға ауғанда,

Боз кемпірді қозғалтты,

Ыңыранды, толғанды.

Ноғайлының үш кентін

Жиып алып орнатты – деген жолдарға қарап, Боз кемпірдің қайраттылығын, шыдамдылығын байқаймыз.   

 

 

Ер Сайын

 

Ер Сайын – Бозмонай байдың зарыққанда көрген жалғыз ұлы. Ол елдің ырысы үшін туған батыр.

Басында ақ сәлдесі бар әулиенің берген аянынан-ақ болашақ батырдың қандай болатыны байқалады.

«Жаста Құдай демдеген,

Қылған ісін жөн деген.

Өзге жұрттың тілегін,

Ол секілді бермеген;

Оның көрген қызығын,

Һеш пендесі көрмеген;

Белін шешіп жатпаған,

Аңсамай сау мал татпаған.

Ертең мінген атынан,

Кешке дейін түспеген;

Сансыз дұшман батпаған,

Бет алдынан қайтпаған.

Бабасына сыйына,

Дұшманнан ағат тақтаған.

Жұрттың сөзін сөйлеген,

Ұлттың жауын көздеген:

Батыр Сайын болсын дед,

Басына дәуір қонсын дед.

Қысылғанда сыйынар,

Іші нұрға толсын дед.

Осылайша, Ер Сайынның батырлық тұлғасы жырда ол өмірге келмей тұрып-ақ беріледі. Сондай-ақ, оның есімін тапқан кәрі шалдың аузымен айтылатын:

«Беліндегі бес қару,

Тал бойына жарасқан.

Екіталай жерлерде,

Ерлігі асқан Алаштан,

Батыр Сайын болмас па?

Үстіне әруақ қонбас па? – деген жолдар да батырдың болашағын меңзейді.

Көптеген батырлар жырында кездесетіндей Ер Сайын батыр да ерекше туылып, өзге балалардан бөлек бітімде өседі.

«Бет біткенде сұлу жоқ

Ол сықылды сымбатты» – деп суреттеледі. Ер Сайын «алды-артына қарамай, жау көрсе қыран бүркіттей шүйіліп» тап береді. Әрине, жыр Ер Сайынның толық прототипін бере алмайды. Себебі жыр сюжеттерінің қайталанып келуі, мотивтердің бір-бірімен ұқсас келуі бас қаһарманның бейнесін бізге анық жеткізбейді. Батырдың ерекше туылып, өсу мотивтері барлық эпоста бірдей десек еш қателеспейміз. Мәселен, Ер Сайын да әр жасында өзгелерден бөлек туады.

«Бір жасына келгенде,

Балалықты қылмады;

Екі жасқа келгенде,

Елеулі ермен тең болды;

Үш жасына келгенде,

Үш шарбақты ноғайдың,

Бәрі-дағы таң қалды;

Бір түрлі туған жан болды.

Төрт жасына келгенде,

Төрге таман ұмтылды.

Бес жасына келгенде,

Бес қаруды сайлады;

Жасыл оқтай ойнады;

Әр талапты ойлады;

Алты жасқа келгенде,

Ертең мінген атынан,

Кешке дейін түспеді,

Ердің ісін істеді.

Жеті жасқа келгенде,

Жеке жұртын күзетті;

Ноғайлының үш кентін,

Түгелімен түзетті.

Ғаріп менен міскіндер,

Панасында күнелтті.

Сегіз жасқа келгенде,

Секіртіп ат мінгендей.

Балдағы алтын ай болат,

Ал беліне ілгендей.

Алты қырлы ақсүнгі,

Оң қолына алғандай.

Ел шетіне жау келсе,

Айқай сүрен салғандай.

Ноғайлының үш жұрты,

Бәрі бұған таң қалды-ай!

Байқап отырғанымыздай жыр мәтіні оның болмысын тұлғаландырып, батыр етіп суреттейді. Әкесінің жылқысын алып кеткен тоқсан құлдың соңынан қуып кегін алады. Ер Сайынның алғашқы ерлігі осы тұста танылады. Әкесі мен шешесіне жасаған қорлығын кешіріп, өткенді еске алмай жүрген баланың ашуына құлдардың өзі тиеді.

Сайынның ерлігі көрінетін келесі тұс – іздеп келген Қобыланды батырға ілесіп қалмақты шабуы.

Жалпы, зерттеушілер «Ер Сайын» жырын Қобыланды батыр жырындағы кейіпкерлер есімімен салыстыра қарастырады. «Қобыланды батыр» жыры сияқты бұл жырда да тарихилық белгілер көп. Жырда Қобыланды батыр  Ер Сайынның жауға аттанар сәтіндегі үгітші серігі ретінде көрінеді. Сайын мен Қобыландының замандас болғаны жырда анық суреттелген.

Батыр Сайын сен болсаң,

Қобыланды ағаң мен болам.

Ел шетінде жүргенде

Іздеп жүріп кез болсам.

Жарқылдатпа қылышың!

Мың кісілік туысың.

Ашулансаң, шығарым,

Бәрімізді қырарсың;

Жаушылығым жоқ саған – дейді.

   Қалмақты шабуға көмектесуін сұрай келген Қобыландыға Бозмұнай бай баланың әлі тым жас екенін ескертіп, үш жылға мұрсат сұрайды. Осы үш жылда Ер Сайынды үйлендірмек болып оған Көбік байдың қызы Аюбикені айттырады. Көбік бай алғашқыда Ер Сайынның тентек мінезі бар екенін желеу қылып, Бозманаймен құда болмайтыны жөнінде айтқанымен, кейін райынан қайтып, әрі Ер Сайыннан сескеніп қызын береді.

Уәде бергендей үш жыл өткен соң Қобыландымен бірге Ер Сайын қалмақты шауып келуге аттанады. Қаншама жол жүріп, арып-ашып жау шетіне келгенде жауырыншы оған жаудың тым көп екенін ескертеді. Қобыланды батыр сарбаздардың текке қырылғанын қаламай кері шегінеді. Бұл ойын Ер Сайынға жеткізген тұста бойында күші тасыған жас батыр оған келіспей жауға жалғыз аттанады. Соңынан ерген қырық жігіт жау қарасын көргенде қатты сасады. Ер Сайын оларды жолортадан қайтарып, жауға жеке шығады.

Ер Сайын намысшыл батыр. Оның Қобыландының тілін алмай, жауға жалғыз баруы намысқойлығы.

– Аттанған жаудан қайта алмаймын,

Бұл көрген жаудан қорқынып,

Алғанымның қойнында

Күлкі болып жата алмаймын – деп намысқа тырысып, жауға жалғыз шабуы осы бойдағы асаулықтың, намысқойлықтың көрінісі. Қобыланды батыр оны ақылға шақырып, «әлі талай жауды аларсың» деген сөзіне де құлақ аспайды.

«Қарала атты борбайлап,

Ұмтылды батыр айғайлап,

Жалғыз өзі Ер Сайын,

Соғысқа кірді Аллалап.

Бөлек-бөлек қылып жүр,

Бөлген қойдай қырып жүр.

Еламан мен Жоламан,

Тау тасалап қашып жүр.

Көрінер күнің бар ма деп,

Азуын Сайын басып жүр, - деген жолдардан қас батырдың жаумен алысқан сипатын көреміз.

           Қобыланды батыр жырында Көбіктінің жылқысын айдауға барғанда піріне сыйынбай Қобыланды қолға түссе, Ер Сайынның да пірін ұмытқан сәтінде қайраты кемиді.

Кешке таман болғанда,

Көбін қырып салғанда,

Қайратына мас болып,

Алланы еске алмады.

Бабасына сыйынып,

Жалбарына қалмады.

Пірі үстіне қонбады,

Баяғы қайрат болмады;

Оймақ құрам сау жері,

Тал бойында қалмады.

Тұс-тұсынан оқ тиіп,

Жарадан батыр жаурады.

Әр жерінен аққан қан,

Су секілді саулады – деген жолдардан халықтың наным-сенімін көреміз. Қаншама жауды жер жастандырған Ер Сайын қапыда өледі.

 

Аюбике

 

Аюбике – Көбік байдың ақылына көркі сай сұлу қызы.

«Бөтен үйге кірмеген,

Аюбике сұлу нар,

Беті жерге тимеген.

Қиғаш қара қасы бар,

Қолаң қара шашы бар.

Сырты сұлу, сымбатты,

Кер құландай керілген;

Ішкен асы сұлудың,

Тамағынан көрінген – Аюбике сұлудың даңқын естіп, Бозмұнай оны Ер Сайынға айттырады.

              Жырда Аюбикенің сән-салтанатын «Тал шыбықтай бұралтып, Тотықұстай таранып, Бәйшешектей түлентіп» деп суреттейді.

           Аюбике сезімтал жан. Ол Ер Сайынның басына іс түскенін, қапияда қаза тапқанын түсінде көреді. Сайын тірі келе жатыр деген қырық жігіттің сөзіне сенбей:

«Әй, қырық жігіт, қырық жігіт! Неге бүйтіп жаурайсың? Ақсақалды атамды, Өтірік сөзбен алдайсың! Келе жатыр дегенде, Жан берсең де нанбаймын. Сайын өлді десең де, Біріңді ұстап қалмаймын» - деп шындықты айтуын сұрайды.

«Мен тұл үйіңде тұра алман,

Күнде дауыс қыла алман.

Жер жүзінде бар болса,

Өзім іздеп табармын.

Жаралы болса, бағармын.

Дүниенің төрт бұрышын,

Тексеріп қағармын.

Сол сықылды батырды,

Іздемей нағып тұрармын? – деген жолдардан Аюбикенің жарына деген адалдығы, тәуекелшілдігі, сондай-ақ өзіне деген сенімділігі мен күш-жігері көрінеді. «Бұрын түзге жүрмеген, Түстік жерге бармаған сұлу Қоскүреңмен алысып, Күні-түні қарасып» жолға шығады. Жаугершілік заманда жалғыз әйелге сапарға шығу оңай іс емес. Десе де, Аюбике сұлу Ер Сайын үшін қауіпті сапарға жалғыз аттанады.  

        Анасы берген ақ аюдың дәрісімен өлген жолдасын тірілтіп алу, әрине қиялдан туған. Дегенмен, осы сюжет арқылы жырда Аюбикенің тұлғалық қасиеттері асқақтай түседі.

Аюбике – алтын құрсақты ана. Ол өмірге елім деп еңіреген ерлерді әкеледі. Екі егіз батырды өмірге әкелу арқылы да ол басқа әйел образдарынан ерекшеленеді. Аюбикенің балалары туралы жырда:

«Аиубике сұлудан,

Екі бала көрерсің.

Бірінің аты Бөкембай,

Бірінің аты Киікбай;

Сол Киікбай туғанда,

Дұшманға салар бүлікті-ай.

Алмаған жауын қоймайды,

Әруағы сенен биікді-ай!» - деп баяндалады.

 

 

 

Қара ала ат

Ер Сайынның да жауға алдырмас, жолда қалдырмас серігі -  Қара ала ат. Қара ала аттың құлын, тай күні жырда сипатталмайды. Оның жүйріктігі Ер Сайын қалмақтардың қоршауында қалғанда көрінеді.

«Ерден қуат кеткен соң,

Жығылар мезгіл жеткен соң,

Атының басын бұрмалап,

Жөнелді батыр Аллалап.

Егесіп тұрған көп қалмақ,

Соңына түсті ынтығып.

Қырық мың кісі қуса да,

Жеткізбей кетті құтылып.

Қара ала ат сол шапқаннан мол шауып отырып бір күн бұрын жеткен қырық батырды қуып жетеді.

«Ертең кеткен қырық жігіт,

Қарасын Сайын көреді;

Қарала атпен тезірек,

Қуып жетіп келеді.

Ер Сайын Қара ала атпен ақыреттік серік. Сол себепті де ол:

«Әй, қырық жігіт, қырық жігіт!

Маған бола өлмеңдер!

Сендер бейнет көрмеңдер!

Қарағайдан табытым,

Бекем қылып сайлаңдар!

Таңдап мінген Қарала,

Басыма мықтап байлаңдар! – деп атын жанында қалдыруды сұрайды. Бұл жерде сонау сақ дәуірінен қалған атын иесімен қосып жерлеу рәсімінің елесін де байқауға болады.

           Қара ала ат жүйрік қана емес, қысылғанда сөйлейтін ерекше қасиетке ие.

Ер Сайын үстіне ер-тоқымын салғанда, айылын тартып алғанда, ауыздығын шайнап, адамдай боп сайрайды:

«Батыр Сайын, саспашы!

Көп екен деп қашпашы!

Құдай берген қуатың,

Осы жолы басташы!

Қатарланған қамалды,

Қақ жармасаң, саған серт!

Оқ жеткізсем, маған серт! деп батырды қанаттандырады.

 

 

Киікбай

           Киікбай – Ер Сайынның ұлы, әкесінен аса туған қас батыр. Әкесі Ер Сайынды жау қолына қалдырдың деп Қобыландының алдында оның батырлығынан тайсалмай, батырып сөйлейді.

           Жырда Киікбайдың аңғалдығы да көрінеді. Ол өз әкесі Ер Сайынды танымай қалып, жауы деп ойлап, найзасымен жаралы етеді. Ер Сайын аман-есен келеді деп сүйінші сұрағанда Қобыланды батыр:

Тұрымтайдай түйіліп,

«Қуантқан үшін сүйіншіге,

Тартып пішкен торсықтай,

Өзі сұлу Тайбурыл,

Ырас болса келгені,

Ал, сыйладым мен сізге!» - дейді. Қобыландының Тайбурылды сүйіншісіне беруі теген емес. Ол Киікбайдың нағыз ер екенін көрсеті. Тайбурылдай тұлпарға лайық ер екенін аңғартады.

           Жырда Киікбайдың болмыс бітімі, түр-сипаты айрықша суреттелмеген. Дегенмен оның батыр екендігі бірнеше мәрте толғанады. Батырлардың ұлдарын портреттеуде оларды өз әкелеріне ұқсату керек деп ойлаймыз. 


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика