THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
«Таяуда Астанадағы Бизнес мектебі қазақ тілін оқыту
бойынша жұмысқа шақырды. Сұрастырып
қарасам аталған пәннің мұғалімі 80 мың теңге айлық алады екен. Дәл осы мектепте
ағылшын тілі пәнінің ұстазы 200 мың теңгеге жұмыс істейді.
Мұншалықты жер
мен көктей айырмашылық арқылы қазақ тілін қалай үйретеміз? Өз ана тілінен
алдымен қазақтардың өзі безіп жүр. Күні кеше ғана «Менің Қазақстаным» үгіт
поезімен еліміздің бірқатар аймақтарын аралап қайттым. Халықтың маған деген
қошеметі мен құрметіне айрықша тәнті болдым. Бұрындары ойлайтынмын, ел мені
домбырам үшін ғана жақсы көреді деп. Шындығына енді көзім жетті, халық мені
қазақтың шұрайлы да, құнарлы тілінде сөйлегенім үшін қадірлейді екен. Қазіргі
қазақтар өзінің бабадан жалғасқан ғажайып тіліне сусап, қатты сағынып жүр.
Олардың сағынышын кім басуы керек?».
Бұл кеше
Астанадағы Ұлттық музейде Мәдениет және спорт министрлігі өткізген «Тіл –
татулық тірегі» республикалық кеңесінде сөз алып, сахнаға шыққан белгілі әнші
Татьяна Бурмистрованың жанайқайы. Лауазымды шенді-шекпенділердің алдында ащы
ақиқатты айтады деп күтетін небір марғасқалары «майысып», мүжіліп қалатынын
көріп келеміз. Халықтың көкейіндегі сол сөзді орыс қызы осып айтты. Жүрек шымырлатар
әңгімені сәл кейінірек жалғастырайық, алдымен ресми жиынның жайына тоқтасақ.
Үкімет
басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев қатысқан кеңесте негізінен,
мемлекеттік тілді бүгінгі ахуалы және қолдану аясын кеңейту жолдары талқыға
түсті. Жалпы, аталған бағыттағы соңғы жылдары атқарылған шаруаны Мәденит және
спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы баяндап шықты.
Министрдің
мәлімдеуінше, Қазақстанда қазақ тілін меңгергендердің қарасы 72 пайыздың
төңірегінде. Орыс тілін – 86, ағылшынды 20 пайыз жұрт біледі. Ресми билік
орындарындағы құжат айналымы 88 пайызға жетіпті. «Алайда көрсеткіш ілеспе
хаттар мен орыс тілінен аударылған құжаттардың есебінен ғана көбейіп тұр, –
дейді министр А.Мұхамедиұлы. – Негізі, бұл мемлекеттік органдарда қазақ тілінде
құжат дайындай алатын мамандардың жетіспейтіндігін көрсетеді. Ең қиыны, экономика
салаларындағы құжат айналымы мен салалық бағдарламалардың басым бөлігі орыс
тілінде. Енді түйткілді түйінді шешу мақсатында жұмыс жүргізуіміз қажет.
Екіншіден, Мемлекеттік тіл оқыту орталықтарының сапасы тым нашар. Осы орталықта
оқығандардың көпшілігі мемлекеттік тілді меңгермейді. Оның бір себебі тіл
үйретудің ортақ әдістемесі жоқ».
Министрдің
әңгімесіне арқау болған алғашқы мәселенің төркіні түсінікті. Қазақ тілін жетік
білетіндерді көп ретте лауазымды қызметке ала бермейді. Негізінен, орыс және
ағылшын тілін меңгергендерге емен есіктерді айқара ашып қою жазылмаған заңға
айналып кеткені қашан. Мемлекеттік тілдің жайын аудармашылар арқылы оп-оңай
шешіп тастауды ойлайтын басшыларға бұл тұрғыдан нақты талап қойылмай, істің
оңға баспайтындығы айдан анық. Ал екінші түйткілдің түбірі де тым тереңде
жатыр. Арғысын айтпағанның өзінде, соңғы 10 жылда дәл осы мемлекеттік тілді
оқыту мен үйрету бойынша, бюджеттен миллиардтар бөлінсе де, жұмыстың еш
мандымай қоюында не құпия жатыр? Вице-премьер Бердібек Сапарбаевтың өзі 2014
жылдың өзінде тілді дамыту бойынша 7 млрд теңге бөлінгендігін мәлімдеді. Сонда
миллиардтар жұмсалса да үйретуге келмейтіндей, үйрене алмайтындай қазақ тілі
әлемнің ең күрделі тіліне жата ма? Сірә, мұның себебін кейінгі жылдары дәл осы
салада жемқорлыққа қатысты жиі-жиі істің қозғалуымен қабаттастыра қарасақ,
ақиқаттың ауылын табатынымыз анық.
Тіл туралы
заңдылықты телеарналардың бұзуы әлі де толастар емес. Министр кезеңдегі
мәліметті 2014 жылдың I тоқсанымен салыстырғанда 29 пайызға азайды деп көңіл
жұбатып қояды. Республикадағы 16 телеарна басшылығымен өзекті жайт турасында
әңгімелесулер өткізілгенінің өзі әжептәуір іс секілді. Шындығында солай ма?
Шенеуніктерге заңды сақтау жөнінде өткір сұрақ қойғыш телеарналардың өзіне
тиісті талапты бұзғанына байланысты неге шара көрмеске? Әрине, шама келсе...
«Егемен
Қазақстан» газетінің президенті Сауытбек Абдрахмановтың айтуынша, телеарналар
қазақтың сөйлеу тілін де бұзып барады. «Әлемде кез келген тіл жазылуы бойынша –
орфографиялық, айтылуы бойынша орфоэпиялық заңдылыққа бағынады. Ал бізде
соңғы он жылдықта сөзді жазылуына қарап айта беру қолданысқа еніп барады. Мұның
басында сол телеарналар тұр. Сөздің мәні мен мазмұнынан, жазылуына және айтылу
заңдылығынан мүлде бейхабарлар барлығын бұза отырып, эфирде күнделікті
қолданғандықтан, қоғам да соған үйреніп кетті. Дәл қазір жағымсыз үрдіс
театрдың өзіне де жетті. Егер орыс тілін жазылуы бойынша айтып көріңізші...
Түйсігі бар, түсіне білген адамға ана тіліміз де солай ғой. Егер орфоэпиялық
сөздіктерді көптеп, топтап шығарып, телеарналарға қатаң қадағалау қоймасақ,
алдағы 20-30 жылда қазақ тілі өзінің болмысынан айырылады» дейді
Абдрахманов.
Журналист
ағамыздың екінші ойы да тым салмақты. Оның түсіндіруінше, осыдан біршама уақыт
бұрын Үкімет қандай мамандық иелері қай жылдары мемлекеттік тілді толығымен
меңгеру жөніндегі арнайы бағдарлама түзген. Бірақ кейіннен оның да орындалуы
назардан тыс қалған секілді. Мысалы, егер сервистік сала қызметкері мемлекеттік
тілді белгілі бір деңгейде үйренбесе, оған өз кәсібі бойынша жұмысқа орналасу
тіптен қиынға түсуі керек. Бұл да қайта қарап, жүйелеуді қажет ететін іс. Кеңес
аясында өзекті тақырып бойынша сенатор, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы
Нұрлан Оразалин, Қазақстан халқы ассамблеясы Төрағасының орынбасары Анатолий
Башмаков өз ойларын ортаға салды.
– Бір замандары
менің төркінім қазақтарға тізесін қаттырақ батырып жіберді, сол үшін де кешірім
сұраймын, – деп терең мазмұнмен сөзін бастаған белгілі әнші, ұлт жанашыры
Татьяна Бурмистроваға зал толы жұрт аямай қол соғып, ықылас білдірді. – Егер
бейнелеп айтсақ, күннің нұры бойымызға жеткенімен, жүрегімізге жетпейді ғой.
Жүрекке жететіні – жетелі сөз, нәрлі тіл, ғибратты ой ғана. Адамның иманын тіл
оятады. Сондықтан да ана тілін, қазақ тілін білмейтіндерге үйретуден,
түсіндіруден жалықпауға тиістіміз. Анығында, елдің барлығы солай етіп жүр ме?
Әсіресе, қазақтар. Менің қызым 9-сыныпқа дейін қазақ мектебінде оқыды. Алайда
бірде Астанадағы танымал ағалардың бірінің өз аузынан шыққан қазақ тіліне
қатысты жағымсыз әңгімеден кейін мектепке деген ықыласы мүлде жоғалды, орыс
тобына ауысамын деген ойын да айта бастады. Ақырында колледжге түсірдік.
Негізі, бүгінгі қазақ қыздарының барлығы еуропашыл, тым батысшыл. Тәрбие үйден,
отбасыдан басталады ғой. Осы тұста қазақ әйелінің қолында зор құдіретті күш бар
– ұл-қызды ұлттық тілде, ұлттық танымда тәрбиелу. Сол тағылымға жауапты қызымыз
бен келіндеріміз Батыстың тілі мен мәдениетіне қарап аузы ашылып тұрса, келесі
ұрпақ тағдырының жауапкершілігін кімнен сұраймыз? Жақында ғана Қырғыз еліне
барып келдім. Олардың ахуалы біздікінен әлдеқайда төмен болғанымен, ұлттық
рухы соншалықты биік. Бұл барлық қазақ келініне ұят.
Қазақтың тілі
мен домбырасын Құдай маған ұлттың жоқ-жітігін түгендеп, кем-кетігін бүтіндеу
үшін бергендей. Домбыра демекші, кеше сапарға шыққанда байқадым, бір пойыз тола
жанның оратасында үш-ақ адам ұлттық аспапта ойнай алады екенбіз. Бәріміз
тілдейтін кеңестік кезеңде есіңізде ме, екінің бірі домбыра тарта білетін.
Мәселе жоғары деңгейлі әнші болу емес, домбыраға жақындаған адам ұлттың тілі
мен дәстүрінен, мінезі мен болмысынан ажырамайды. Қазіргі мәдениет саласының
басшыларынан сұрасақ домбыраны ескіліктің сарынына балап, жолатқысы келмейді.
Ол – өтірік. Осы орайда салаға жауапты министрге назым бар: домбыра мен қобызға
жаппай жұртшылықтың қызығушылығын оятатын үрдісті жандандыруымыз керек.
Заманында «қазақтың үш Татьянасы» ретінде аты шығып, Мәсекеуге барып қазақтың қара домбырасын күмбірлеткен Татьяна Бурмистрованың жан тебірентер жүйелі сөзіне жұрт ұялып та, қуанып та отырды. Ал жиынның тізгінін ұстаған вице-премьер республикалық кеңесте көтерілген бірқатар мәселелер бойынша жауапты министрлікке жаңа шаралар қабылдау бойынша тапсырма берді.
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ