КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Осыдан 5-6 жыл бұрын баспасөзден 17-18 жастағы қазақ жастарының көпшілігі орысша сөйлейтіні туралы мағлұмат оқығанбыз. Ол кезде қазақтардың азаттық алдық дегеніне 17 жыл болған-ды. Сол орысша сөйлейтін жастар биыл 24-ке келді. Сонда дейміз-ау, енді соларды, яғни тілі орысшаланып кеткен қазақты қазақыландыру үшін тағы да 24 жыл керек болмай ма? Қазақстан азаттық алған бойда көршілес Өзбекстан, Әзербайжан, Түрікменстан, Тәжікстан, анау Латвия, Литва, Эстония сияқты бүкіл іс-қағаздарын бірден ана тіліне көшіріп, әсіресе теле-радио арналары қазақша сайрап тұрса, әлгі жастарымыз тәуелсіздік алдық деп жүрген 24 жыл ішінде тілі де, жан дүниесі де басқа тіл, ой-өрісі басқа бір салт-санамен араласпаған ұғым-түсінігі дүбәраланбаған таза өз ұлтының пәкизат азаматтары болды дер едік.
Ешқандай күлтіл-бүлтілсіз айтар болсақ, тілі орысша шыққан, бүгінде 24 жасқа келген жаңағы жастарымыз қанша жерден мен қазақпын десе де ешқашан таза өз ұлтының тіліне, өз ұлтының салт-дәстүріне қызмет ететін әрі әлемге әйгілі тұлғалар бола алмайды. Өйткені жер бетіндегі адамзат атаулы құрметтеп, қадірлейтін үлкен тұлға болу үшін адам баласы, ең алдымен өз ұлтының азаматы атануы керек екенін ғылым да, өмірлік тәжірибе де талай рет дәлелдеген. Тіпті өлеңдерін небір сүбелі еңбектерін қанша жерден орысша жазса да, сөйтіп атағы шықса да оларды ешкім орыс азаматы, орыстың әдебиетін өркендетті демейтінін, ал өз ұлты оған көп аса іші жыли қоймайтынын көзіміз көріп жүр. Қысқасы, қалай десеңіз де, кім-кімнің де бүкіл азаматтығының бағасы мен құны өзінің туған ана тілін қаншалықты меңгеріп, қаншалықты қадірлейтініне кеп тіреледі. Ал біз күн кешіп жатқан ХХІ ғасырда тілді өркен жайдырып, өрісін кеңейтетін де, шаңырағын шайқалтатын да телевизия екенін есі түзу адам мойындайды. Қысқасы, өзін тәуелсізбін дейтін ұлттың тілінің маңдайы ашылып, «бағы бес елі» болуы да, керісінше басқа тілмен араласып, шұбарланып, өз бояуынан, өз бет-бейнесінен айырылып, сөз саптауы бірде былдырақ, бірде сандыраққа түсіп соры қайнаған сорлы тілге айналуы да бүгінгі телевизияға тікелей байланысты. Ендеше, қазақ телеарналарындағы мына сорақылыққа, тілді қорлаудың мынадай алуан әдістеріне бір сәтке ғана көз салыңыз:

«Хабар» (27.01.2015):

Мүмкіндігі шектеулі азаматтар құрайтын жарна… Алаңдаушылық білдіріп отыр.
Өнерді де, жанұяны да алып жүру…
Транзиттік жүк ағынының көлемі…
Іркес-тіркес вагон шықса зауыттан
Мүлдем жаңа фанер шығады.

«24 KZ» (23.01.2015):

Кедендік бақылаудан жылдам тәртіпте өткізілді.
120 мың тоннаны құраған (көкөніс)…
Тексерулердің саны азайған.
Қарыздары 37 млр. теңгені құрайтын…
…үй жабдықталады деп күтілуде.
Бір қызығы жұмыс берушілер де заңды белшеден (дұрысы белшесінен–М.К.) басқан.
Аса үлкен танымалдылыққа ие болды.
Киан өз кезегінде қоғамдық тұрақтылықтың жоғары екеніне баға берді
«Қазақстан» (28.01.2015:
Болат Аманбаев кеңірек…
Қобалжулар кеткен шығар (30.01. 15).
Қазақстан үшін аса көкейкесті…

«СТВ» (30.01.2015):

Дәрігер аурудың жағдайын тұрақты ауыр деп бағалап отыр.
Шағын блоктар сервисі аударып береді.
Шекілдеуікпен кино көр! (жарнама).
Аксессуар қарапайым мойынорағыш болып табылады.
Мойынорағыш қашан өндіріске жіберілетіні ашық күйінде қалып отыр.
Тышқанмен жұмыс істетті (PRO).
Еуропа экономикасы 5 пайыздық ауқымды өсім байқатқан.

«Астана»:

Сәйкесінше олардың зауытқа кіруге рұқсаты болмаған.
Жаппай көлік апаты туындаған…
Қолдану сәтімен түсіндіруде.
250-ге жуық отбасы апатты үйде тұрып жатыр.
Апатты жағдайдағы тұрғын үй…
Апатты үйлердің тұрғындары…

КТК:

Басым бөлігіне ота жасап… (27.01.15)
9 класс оқышысы мектепке газ балонын шашқан.
Жылдамдығы 400 километрді құрайтын…
«КТК»-ның намысын қорғап жаңалықтарды оқып шықты.

«Қазақстан»:

Көлік құралдарының ішінде трамвайдың орны ерекше (27.01.2015)
Барлық дәрігер компьютермен қамтылмақ (17.02.2015).
Сужаңа универсал чемпион (спорт)
Жерлестеріміз 7-нші нәтиже көр­сет­ті.
Абай ауылының тұрғындары осындай мүмкіндікке ие болып отыр.
Мұндай мүмкіндікке ие бола­тын­дардың саны…

«31» канал:

Мектеп мәселесі әлі өзекті болып қала бермек.
Жолдағы сервисті жолға қоюымыз керек (2.02.2015).
Біраз танымалдылыққа ие болған (30.01.2015).

«Алматы» арнасы (27.01.15):

Алмалы аудандық ішкі істер қызметкерлерімен сараланады.
Өкінішке орай, тіршілік белгісінсіз жатқан адамды көршілері бірден таныды.
Өрттің аумағы 47 метрді құрайды
…жұмысшылар құрамы сұрауға алынды.

«Евразия–1» (1.02.15):

Мұның бір артықшылығы мұны сіз қалтаңызға тасып жүре аласыз
Телеарналардағы мұндай сапырмай сөздерді тыңдап отырған есі дұрыс қазақ қандай күйге түседі деп ойлайсыз? Бұлайша сөйлеу әлемдегі ең бай тілдердің бірі саналатын қазақтың тілін қорлаудың бір түрі демеске лажыңыз бар ма? Сол шырайлы да шұрайлы бай тілдің екі сөзінің басын құрап айта алмайтын, сөйте тұра өздерін журналиспін деуден жаңылмайтын мұндайларды кімдер, қалай республикалық телеарнаға жұмысқа қабылдап жүр?
Әйтпесе, астын сызып көрсеткен сөз тіркестері дені сау қазақ қолданатын сөздер ме? Ұтыры келгенде айта кетейік, осының бәрі біздің бүкіл жазу-сызуымыз әлі де әуелі орысша жазылатынының кесірінен болып отыр. Сондықтан да қазақтың тілі өз бояуынан, өз бет-бейнесінен айы­рылып орысшаның көшірмесіне, аудармасына айналуда. Ал тілі бұлайша өзге бір тілдің аудармасына айналған ұлттың ұрпағы бара-бара бүкіл ұлттық болмысынан айырылып, әлдебір дүбәра ұлттың өкіліне айналатынына таласып, дау айтпай-ақ қойыңыз. Қазір қазақ сөз саптауын телеарналарда өте жиі қолданылатын «құрайды», «құрауда», «құрап отыр» деген бір ғана сөздің өзі-ақ әбден ластап тастады. Бұл орыстың «составляет», «составил» дегендерінің тікелей аудармасы. Сана сезімі орысшаға бейімделмеген адам жоғарыда біз келтірген «Хабардың» тілшісіне ұқсап «120 мың тоннаны құраған» демей-ақ, «120 мың тонна болды», «120 мың тонна», «қарыздары 37 млрд. теңгені құрайды» демей-ақ «…120 мың теңге» дей салар еді ғой. «Алаңдаушылық білдіріп отыр», («проявляет озабоченность»), Киан «өз кезегінде» (в свою очередь), «тексерулер саны азайған» (число проверок уменьшилось) деген елірмелер де дәл сол тайыздықтың тәлкегі деп батыл айта аламыз. О заманда, бұ заман қазақтың «көлік құралдары» дегенін «Қазақстан» арнасының тілшісінен басқа адамнан естімеген шығарсыз. Бұл тілші осыны айтып отырғанда орыстың «транспортные средствасын» түгел айтпай-ақ «көліктің тәуірі трамвай ғой», «көліктің ішінде трамвайдың орны ерекше ғой» деуге болады ғой.
Егер тілшінің не журналистің тілі кедей, яғни сөз білмейтін болса, бұл сол ұлттың журналистикасының қасіреті. «СТВ» тілшісінің жоғарыдағы «Аксессуар қарапайым мойынорағыш болып табылады» деуі сауатсыз сөйлеудің бір мысалының бірі. Бұл, біріншіден, «аксессуар» сөзін араластырмай-ақ мүлде басқаша құрылуға тиісті сөйлем. Екіншіден, оның «мойынорағыш» деп отырғанын қазақ «шарқат» дейді. Ал «Хабардың» тілшісінің «фанер» деп (француз сөзі) отырғаны қазақша «шіре», «шере». «Евразиялық» тілшінің «мұны сіз қалтаңызға тасып жүре аласызы» өзінің не сөйлеп тұрғанына мән бермейтін адамның әләуләйі! Әйтпесе, сөз парқын білетін адам «можете таскать (носить) в кармане» деп тұрған орысқа тілмаш ­болмайын деп аз да болса ойланар еді ғой. Біз қазақтың тілін ғана емес, сана-сезімін өзгертіп, басқа жаққа бұрып жіберуге болатын жоғарыдағы қиқы-жиқы, балдыр-батпақтарды теледидар алдында бар болғаны 10-20 минут тыңдап отырып-ақ жазып алдық. Ал бұл шатпақтар телеарналардан күніге он, жүз мәрте қайталанып, жұрттың құлағына, санасына сіңуде. Бұл өсіп келе жатқан жас ұрпақтың тілін де, ділін де, бүкіл болмысын да бүлдірудің ең оңай жолы. Теледидарды көріп отырып, естіген сөз адам миына тура ұрады. Қазір жастар түгіл дап-дардай ақсақал-қарасақалдарымыздың отбасы, шаңырақ, үй-іші дегенді «жанұя» дейтін болғаны соның бір ғана мысалы. Жо­ғарыдағы «Алматы» телеарнасынан ай­тылған «ішкі істер қызметкерлерімен сараланады», «47 метрді құрайды», «та­ны­малдылыққа ие болған» (31-арна), «ие болатындардың саны» (Қазақстан) сияқты сөз тіркестері ана тілімізге орысшадан аударып сөйлеу арқылы жасалып отырған әрекет деуге болады. Қазір осылай орысшадан тәржімалап сөйлеуді кейбір елікпе лепірмелер «модаға» айналдырып барады.
Қазір қазақ телеарналары пәленбай пайыз қазақша сөйлейміз дегенін дәлелдеу үшін ондағы жүгіртпе жолды да (титр) қосып есептейтін «қулық» ойлап тауыпты. Бұл да қазақ тіліне доспейіл адамның сөзі емес. Біріншіден, жүгіріп бара жатқан сөздерді жас бала түгіл үлкендер де оқып үлгере алмайды. Екіншіден, әр ұлттың даусында, үнінде өзіне тән ерекшелік (тембр) болады. Ал жүгіртпе жолда ол жоқ. Яғни қазақтың үні, қазақтың әуезі жоқ, ол мылқау адамға арналған жазу ғана. Бұны қазақша пәленбай пайыз хабар тарату деу бір ұлттың өзін де, тілін де қорлаудың бір тәсілі. Міне, теледидардағы біз айтып отырған өрескелдіктерге қазақтың үлкен-кішісі, айтулы азамат атаулысы ақырып қарсы шықпасақ біз өте кеш қаламыз. Өйткені, екінші бір ұлттың тілінің аудармасына айналған тіл тәуелсіз тіл емес, ал тілі тәуелсіз бола алмаған ұлт ешқашан тәуелсіз бола алмағаны былай тұрсын, жер бетінен жойылып кетуі де мүмкін.

Мырзан Кенжебай
anatili.kz

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


28/04/2017 12:30

Біз іздеген ертегі
0 208529 0


02/05/2017 12:29

Қостілділік мәселесі
0 195608 0


26/06/2017 12:02

Жалындаған жастық шақ
0 153708 0












ТЕКСТ

Яндекс.Метрика