THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Наурыз мерекесі - жай той емес
Авторы: Ләззат ТЕМІРТАСҚЫЗЫ, Баянауыл ауданы, Сарыарқа самалы
14/03/2017 12:01 0 48710 0
Құдайға шүкір, ежелден қонақжай, пейілі кең қазақ халқының дәстүрлі тойлары аз емес. Әрине, толып жатқан той түрлерін тізбелесек, үлкен бір тақырыпты қаузауға жетіп артылар еді. Әйтсе де, салыстырмалы түрде зерделесек, сол мереке - мейрамдардың арасында Наурыз мейрамының жөні бөлек. Өйткені, Ұлыс күн бүкіл шығыс халқының қанына сіңіп, кәрі тарихтың талай сынынан өтсе де, халық жадында жатталып, жүрек тереңінен орын алған, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлық мереке. Әсіресе, отаршылдық бұғауын сыпырып тастап, дербестік алған еліміздің ұлттық санасында қайта жаңғырып, шырқау биікке көтеріліп келе жатқандығы - тіпті, қуанышты. Айтайын дегенім, мемлекеттік мәртебесі бар осындай ұлы мерекені шын мәнінде ой-санамызға көңіл құсындай қондырып жүрміз бе? Жалпы, біздің елімізде, аймағымызда Наурыз мейрамы қалай ұйымдастырылып жүр? Киелі Ертіс-Баянаула төңірегіндегі Ұлыс күннің мерекеленуі қай деңгейде? Шынымды айтсам, әйтеуір бір кемшін дүние көкірегімді мазалайды да тұрады.
Бәрін айт та, бірін айт дегендей, Наурыз мерекесін жарнамалау жағы көңіл көншітпейді. Олай дейтінім, Наурыз тойын өткізу жөніндегі жұмыстар қолға тым кеш алынады. Ал әбден санаға сіңіп кеткен Жаңа жыл қарсаңында екі-үш ай бұрын қоғамдық орындарда, көшелерде шырша тұрғызылып, мекемелер мен ғимараттардың терезе, маңдайшалары жасындай жарқырап, әшекейленеді. Ендеше, неге Наурызға келгенде жайбасарлық танытамыз? Наурыз мейрамында мүлдем мерекелік нышан байқалмайды деген ойдан аулақпын. Ең болмаса, бір-екі ай бұрын ұлттық мерейлі мерекенің жақындап қалғанын жұрттың санасына сіңіретін құттықтау жазулар неге жоқ? Бір өкініштісі, Наурызды әлдебіреу үшін тойлайтындай «Қайтеміз?», «Кезінде көре жатармыз» деген енжарлық ойымызды жайлап алған.
Жаңа жылда Аяз ата сыйлық әкеледі деп соншалықты дәріптелінеді. Осы орайда Ұлыс күнінде мифтік бейне Қызыр атаны неге балаларға таныстырмаймыз? «Қызыр ата адамдарға бақ-дәулет әкеледі, жақсылық жасап, ауру-сырқаудан аман сақтайды», деп сыйлықтар ұсынып, бата берсе, отбасыларды аралап жүріп, балалар көңіліне осылай ізгілікті сезімдерді ұялатсақ, жас ұрпақтың дәстүр-салтымызды құрметтеп өсуіне ықпал болар еді ғой.
Бізде Наурыз мерекесі жыл сайын биліктің жасаған жоспарымен таңертеңгілік басталып, түсте апыл-ғұпыл аяқталады. Басшылар кетісімен Наурыз күні тігілген киіз үйлер жығылып немесе есіктері тарс жабылып, киіз үй тіккен ұжымның мүшелері оңаша қалады. Сайып келгенде, бұл әншейін басшылардың көзін алдау үшін жасалған әрекет екені өзінен-өзі түсінікті сияқты. Сондай-ақ, аудан орталықтарында тігілетін киіз үйлердің сән-салтанатынан гөрі санына назар аударылатын тәрізді. Кейбір сырты ұсқынсыз үйлерді көргенде көңіліміз пәсейіп-ақ қалады.
Наурыз - бұқаралық сипаттағы ерекше мереке. Сондықтан да, Наурыз күнін жұртшылық таң сәріден бастап сол күні жасалатын үрдістерді қолға алып, «Шырақ жағу», «Селт еткізер», «Ұйқы ашар», «Күнге сәлем беру», «Ағаштарға ақ бүрку», «Жас көшеттер отырғызу» сияқты ертеден бар дәстүрлерді көрсету керек.
Шығыс халықтарының Наурызды қалай тойлайтыны жөнінде талай тамаша деректер бар. Мәселен, ирландықтар Наурызды бірнеше күн тойлаған. Олар бұл күндері әр жерге алау жағып, отқа май құйып, жаңа өнген дәнге қарап, келешек молшылықты болжаған. Жеті ақ кесемен ұлттық көже «саумалық» ұсынған. Ат шаптырып, жамбы атып жарысқан. Көнетоз киімдерін тастап, үйдің ескі шыны аяқтарын сындырған. Бір-біріне гүл шоғын ұсынған. Үйлерінің қабырғасына күн шапағын салып, тіреу ағашына гүл еккен. Бұл ырымдардың төркінінде үлкен философиялық ырымдар жатыр.
Біздің ұлттық тағамдарымыздың қай түрін алсақ та, аса дәмділігімен, қоректік құрамының маңызымен ерекшеленеді. Ал «Наурыз көже» болса, жеңсік асқа айналып бара жатқан тәрізді.
Міне, осы «Наурыз көжені» неге біз тек Наурыз мерекесінде ғана ішуіміз керек? Ет жемейтін қазақ жоқ. Ет асылған күні мол сорпа да дайындалады. Сондайда әр отбасы дайын сорпадан «Наурыз көже» әзірлеп отырса, нұр үстіне нұр емес пе?! Көктем келісімен ұзынсарының да есікті қағатыны белгілі. Қыстан қалған сүрді асып, көрші-қолаңға, туыс, дос-жарандарға «Наурыз көже» жасап, «ағымыз арылмасын», «көкке аузымыз тезірек ілінсін», «пейіліміз кеңейсін» деген ниетпен қымызмұрындыққа шақырған сияқты, дәмге шақырысып жатсақ (бұл дәстүр әлі қалыптаспаған) керемет емес пе?! «Қымызмұрындық» демекші, жазда ауылға асығып, қымыз ішеміз деп баратын кездің өзі көрген түстей болып барады. 10-15 бие сауып отырып, қымыздан дәм татыра алмайтындар да баршылық.
Бала кезімізде Шоманкөлдің (Баянауыл ауданы) ақжаулықты әжелері мен қариялары «Қымызмұрындық» жасап, ойнап жүрген балаларды үйге жиып алып, қымыз беріп: «Бір кесе ішпе, өспей қаласың, тағы бір кесе іш, сонда азамат боласың», - деп қант-кәмпитін қалтамызға толтырып, баталарын беретін. Сондай қариялар бүгінгі күні сиреп кетті.
Елбасының кемел саясатының арқасында Наурыз мейрамы ресми мәртебеге ие болды. Соның арқасында Ұлыс күні қатарынан үш күн мерекеленеді. Олай болса, осы үш күнде атқарылатын мәдени шаралар тізбегін жергілікті жерлерде ертерек ойластыру қажет. Бұл күні, тіпті, ұлттық спорт ойындарының спартакиадасын ұйымдастырса да артықтық етпес еді.
Осы мерекеде ел ішіндегі он саусағынан өнер тамған шеберлерді насихаттау, жастарға таныстыру, көпшілік алдына шығарып, тәжірибелік тағылымдарды тарата білсек, бұл тәсіл, сөз жоқ, Наурыз шырайын енгізер еді.
Сондай-ақ, жыл бойғы атқарылған істердің қорытындысын Наурыз күнінде жариялап, өнерлілерді марапаттап, қолөнер шеберлерін іріктеп алып, жыл бойғы еңбектерінің нәтижесін шығарып, халық алдында әйгілеу де мереке мәртебесін биіктетер еді. Наурыз тағамдарын ұлттық брендке айналдырып, асханаларда ұлттық тағамдар мәзірінің ұдайы болуына көңіл бөлу де - аса маңызды іс.
Көңілге түйген осы мәселелер қаперге алынып, Наурыз мейрамын көпшіліктің тойына айналдыра білсек, ұтарымыз көп болар еді...
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ