КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ


Жақында қазақ тілін зерттеп жүргеніне 50 жылдай уақыт болған филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты Байынқол Қалиұлы Қалиевтің «Түсіндірме сөздік жасаудың теориясы мен практикасы» деген монографиясы жарық көрді. Кітапта автор 15 томдық «Қазақ әдеби тілі сөздігіне» ғылыми тұрғыдан сараптама жасап, сөздік жасауда жіберілген біраз кемшіліктерді көрсеткен. Бұл іске кіріскендігін ғалым былайша түсіндіреді: «Тіл білімі институтының ғылыми қызметкерлері 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» деп аталатын түсіндірме сөздікті жасап шығарды (2011 ж). Оқып қарасам, «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» деген атына қарамастан бұл сөздікке енген сөздердің біраз бөлігі жатжұрттық сөздер (варваризмдер) екендігіне, бір талай қазақ сөздерінің сөздікке кірмей қалғандығына, атау сөздерге берілген анықтамалардың біразы қате екендіктеріне көзім жетті. Бәрін көріп, біліп отырғаннан кейін жаның шыдамайды екен. Сол олқы тұстардың орнын толтыруға, кеткен кемшіліктерді түзетуге адал ниетпен, өз еркіммен дереу кірісіп кеттім.

Бірінші кезекте 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» (ҚӘТС) жоқ, онда қамтылмаған сөздер мен сөз тіркестерін жиып-теріп, бір том түсіндірме сөздік жасадым. Ол «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі (15 томдыққа қосымша)» деген атпен 2014 жылы басылып шықты. Көлемі – 59,1 баспа табақ. Таралымы 4 мың дана. Онда 10 мың 690 сөз бен 2 мың 645 сөз тіркесі – барлығы 13 мың 335 тілдік бірлік қамтылды.

Ал енді 15 томдық сөздікті жасаушылардың бір ғана мақсаттары болған сияқты. Ол – қайткен күнде де сөздіктің көлемін үлкейтіп, сол арқылы оның том санын 15-ке жеткізу деген мүдде. Расында жөнсіздігіне қарамастан олар өздерінің бұл мақсатына қол жеткізген.

Осындай арзан амбицияның, даңғаза мақтаныштың кесірінен сөздікте бұлардан басқа да кемшіліктерге жол берілген. Олар:

– ҚӘТС-те басы артық жатжұрттық сөздер (лат., грек, араб., парсы, орыс т.б.) мен ғылыми-техникалық терминдер, жергілікті сөздер мен бірқолданым сөздер көптеп алынған.

– Бір мағыналы бір сөзге екі түрлі: бірі – жалпыхалықтық, екіншісі – ғылыми анықтама берілген;

– Сөздерге, сөз тіркестеріне берілген анықтамалар көп жерде дәл, анық, айқын емес. Кейде тіпті мүлде қате берілген анықтамалар да жиі кездеседі.

– 15 томдықтың өзінде де, ондағы атау сөздердің жазылуында да орфографиялық қателер молынан ұшырасады;

– Сөздіктегі атау сөздердің, тұрақты тіркестердің әліпбилік жүйесі дұрыс сақталына бермейді;

– Жатжұрттық сөздердің этимологиясын көрсетеміз деген желеумен ондай сөздердің латынша, грекше, ағылшынша, французша, арабша жазылуларын көрсеткен. Бұл, әрине, артық. Өйткені оларды қарапайым халық оқи да, түсіне де алмайды; олардың ұлттық түсіндірме сөздікке қажеті де шамалы. 

Әдетте 15 томдық сияқты үлкен сөздікке кіріспес бұрын сөздіктің мақсаты мен міндеттері, кімдерге арналатындығы, сөздікте қай ғасырлар аралығындағы тілдік бірліктер қамтылатындығы, ол сөздік әдеби тілдің сөздігі ме, жоқ, жалпыхалықтық тілдің сөздігі ме, оған қандай сөздер алынады, қандай сөздер алынбайды, көлемі қанша том болуға тиісті, сондай көлемді сөздік жасауға тілдік мәнбілер жеткілікті ме? – деген сияқты принципті мәселелер түгел шешіліп (келісіліп), соған орай сөздіктің нұсқаулығы (инструкциясы) жасалуы керек болатын.

15 томдық сөздіктің ондай нұсқаулығы болды ма, болмады ма? Біз оны көрген жоқпыз. Көргеніміз – бірінші томның алдына берілген, бір-бірімен байланысы жоқ «Сөз байлығын саралаудың негіздері» және «Сөздіктің құрамы мен құрылысы» деген екі түрлі жөнеу ғана. Бұл жөнеулерден жоғарғы сұрақтарға толық жауап іздеп табу қиын.

 

Рас, он томдық ТС-тің нұсқаулығынан алынған кейбір жөнеусымақтар бар. Бірақ олардың барлығынан не пайда, егер ол қағидалар сөздік жасау барысында сақталмаса. Айталық, 15 томдық ҚӘТС-тің «Құрамы мен құрылысы» деген жерде «Сөздік әдеби тілдің сөздігі болып табылады» делінген (1,8). Олай болса, 15 томдықта варваризмдер мен диалектизмдер, фонетикалық варианттар неге қаптап жүр?

Сол жерде (құрамы мен құрылысында): Тар өрісті терминдер, сала мамандары ғана қолданатын терминдер сөздікке алынбайды, - делінген.

Алынғанда қандай! Егер 15 томдықтағы салалық терминдерді бір жерге жинақтасақ, олардың көлемі он бес томдықтың бір томының көлемін құрайтындығы анық.

«Құрамы мен құрылысында»: - Әдеби тілдің нормасына қайшы келетін диалектизмдер сөздікке алынбайды, - делінген. Қайсы алынбағандығы? 2005 ж. шыққан «Қазақ тілінің аймақтық сөздігіндегі» 22 мың жергілікті сөздің бәрі болмаса да, көпшілігі 15 томдыққа түгелдей көшірілген.

Онда: - Вариант сөздердің жұртшылыққа танымалдары ғана алынады, - делінген. 15 томдықты оқып көріңізші, фонетикалық варианттардан аяқ алып жүре алмайсыз.

«Құрамы мен құрылысында»: - Сөз мағыналары қысқаша, ықшам түрде беріледі, - делінген. Қайсы ықшам берілгендігі? Кейбір сөздерге берілген мағыналардың ұзындығы 20 жолға дейін жетеді.

Шындықты айтсақ, 15 томдықтың 10 томы сол баяғы 1966-1986 жылдары біз жасаған он томдық ТС-тің материалдары. Оған жаңадан қосылған 5 томның екеуі, рас, жаңа материалдар. Олар – 10 томда қамтылмай қалған сөздер мен сөз тіркестері және ғылыми терминдер. Ал қалған 3 томы, кешірерсіздер, қазақша айтқанда – бәлдір-батпақ, орысша айтқанда – халтурадан тұрады. Мен бұл жерде 15 томдықтың сапасы туралы айтып отырмын.

Ойымызды дәлелдей түселік:

Егер 15 томдағы барлық жатжұрттық сөздер мен салааралық терминдерді, оларға қойылған этимологиялық белгілерді, берілген анықтамалары мен мысалдарын бір жерге жинастырсақ, бір томның көлемі шығады.

Барлық томдардағы жергілікті сөздер мен бірқолданым сөздерді, фонетикалық варианттарды мысалдарымен қосып, бір жерге топтастырсақ, он бес томдықтың екінші томның көлемі шығады.

Ал әдеттегі сөздер мен сөз тіркестеріне берілген артық және ұзын мысалдарды, артық омонимдер мен артық мағыналарды, артық реңктерді, бір емес, бірнеше рет қайталанып алынған жеке сөздер мен күрделі сөздерді, фразеологизмдерді, оларға берілген мысалдарды бір жерге топтастырсақ, сөздіктің үшінші томның көлемі шығады.

Артық алынған үш томды толтырып тұрған жоғарыда айтылған материалдарды 15 томдықтың құрамынан шегеріп тастасақ, сөздігіміз 15 том емес, 12 том болады. Бұдан біз ұтпасақ, ұтылмаймыз. Қайта ҚӘТС-ті қоқыр-соқырдан (қоқыр-қоқсықтан), бәлдір-батпақтан арылтамыз.

ТС-тердің ғылыми, сапалы, жақсы болып жасалуы көптеген мәнбірлерге (факторларға) байланысты. Солардың бірі – оны жасаушы мамандардың жеке бастарының тілді білу, меңгеру, түйсіну қабілеттері мен білім деңгейлері. ТС-ті ана тілін жақсы білетін, оның қыр-сыры мен мән-мағыналарын жастайынан бойына сіңіріп өскен, тілдің теориялық, практикалық жақтарымен қаруланған, лексикология, семасиология, фразеология салалары бойынша зерттеу жұмыстарымен айналысқан, академик, корреспондент-мүше, доктор, кандидат деген атақ-дәрежелері бар нағыз білімді, тәжірибелі ғалымдар жасаса, сөз жоқ, ондай ТС-тер сапалы болып шығады.

Ал бізде қалай?

Бізде тілдің (сөздің, сөз тіркестерінің) барлық қыр-сырын жетік меңгерген, лауазымды ғалымдар ТС сияқты ауыр да қиын жұмыстан бойларын аулақ ұстайды. Сондықтан ТС-ті тілдің қыр-сырын әлі толық меңгермеген, теориялық және практикалық тәжірибелері аз, жастар, лаборанттар, жұмыссыз жүргендер жасайды.

Олардың біразы – ауылда туса да, асфальттың үстінде өскен, ғылыми дәрежелері бар болса да, тілдік білімі таяз, оның әр қилы салаларынан хабарлары үстіртін шалапайлар. Соның салдарынан жасалып бітіп, басылып шыққан, аты дардай, көлемі үлкен ҚӘТС сапасыз болып, оған алынған тілдік бірліктердің дұрыс таңдалмағандығы, стильдік жағынан жөнді сараланбағандығы, мағыналарының анық, айқын, дәл ашылмағандығы көрініп тұрады. Әрине, мұндай сөздіктің халыққа тигізер пайдасы шамалы.

Дұрысын айтар болсақ, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында ТС жасаудың теориялық және практикалық мәселелерімен айналысқан, айналысатын мамандар жоқтың қасы. Соған қарамастан институт басшылары сөздік жасауды оңай көреді. Олар «сөздік жасауымыз керек» деп шешті ме? Бітті. Мамандықтары келсін-келмесін әр бөлімде, әр тақырыпта істейтін ғылыми қызметкерлерді, онда да сөздерін өткізе алатын жастарды, мұрындарынан тізіп тұрып жиып алады да, отырғыза қояды.

ТС жасау – техникалық жұмыс емес, ол – ғылым. Оны білімі толысқан нағыз ғалымдар ғана жасай алады. Ғалым болғанда, қазақ тілінің бір ғана саласының, айталық, грамматиканың, синтаксистің немес фонетиканың маманы емес, оның лексикология, семасиология, фразеология, стилистика, лексикография, этнолингвистика т.б. салаларының бәрін терең меңгерген ғалым болуы шарт. 15 томдық ТС-те кеткен кемшіліктердің бір парасы – осындай мамандардың жоқтығынан кеткен олқылықтар».

Редакциядан: Ақиқат ғылыми дискуссиядан туындайтыны белгілі. Сондықтан біз енді Тіл білімі институтындағы сөздік жасаушылардың уәжін күтеміз.


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз








08/04/2024 11:55

Хабарландыру!
0 635 0



26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 904 0







ТЕКСТ

Яндекс.Метрика