THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Айдос Әбдіхалықов: Әлі күнге министрлер қазақ тілін меңгеру бойынша тест тапсырған жоқ
Авторы: MTDI
19/05/2017 09:46 0 47216 0
Қазақстанда мемлекеттік тілді білу әрбір азаматтың парызы ғана болғандықтан ба, оған міндет ретінде қарап жүрген адам көп деп айта алмаймыз. Содан болса керек, мемлекеттік қызметкерлер де мемлекеттік мәртебедегі тілімізді меңгеруге асықпайтындай. Басқаны былай қойыңыз, үлкен жиындарда сөз сөйлейтін спикерлердің өзі «сәлемін» қазақша бастап, негізгі ойын өзге тілде жеткізіп жатады. Оны былай қойыңыз кейбір жағдайда министрлер, сол деңгейдегі шенеуніктер мемелеттік тілдегі дайын баяндаманы оқи алмай, тілі күрмеледі. Бұл мәселені Қазтест жүйесін енгізу арқылы шешуге бола ма? Бүгінде әрбір лауазым бойынша кім қанша сөз білу керектігі анықталған. Алайда ол жүйе неге енгізілмей жатыр? Оған кім және не кедергі? Осы жайында «Алаш айнасы» интернет-порталының тілшісі Ұлттық тестілеу орталығына қарасты отандық ҚАЗТЕСТ жүйесін әзірлеп, енгізумен айналысатын басқарма жетекшісі Айдос Әбдіхалықовты аз-кем әңгімеге тартқан еді.
- Айдос Тұрсынбайұлы, оқырманға түсінікті болу үшін алдымен «Қазтест» орталығының негізгі мақсат-міндеттері жайында қысқаша айтып берсеңіз?
- ҚАЗТЕСТ – бұл TOEFL, IELTS, TÖMER сияқты тіл білімін бағалаудың халықаралық талаптарына ұқсас қазақ тілін білу деңгейін анықтайтын жүйе. Ресейде ТРКИ (орысша - тест по русскому языку как иностранному), яғни орыс тілін шет тілі ретінде қабылдайтын тест бар. ҚАЗТЕСТ те осының үлгісінде әзірленген. Әрине, оны тапсырған өз қандастарымыз үшін қазақ тілі шет тілі болып кетті деуден аулақпыз. Дегенмен, отандастарымыздың, соның ішінде мемелекеттік қызметкерлердің арасында ресми тілде сөйлейтіндердің өте басым екенін мойындау қажет. Оған қоса, Қазақстанда тұрып жатқан өзге этностар тағы бар. Сондықтан өзінің күнделікті тұрмысында өзге тілдерді пайдаланатын азаматтарға мемлекеттік тілді меңгеруге ықпал ету (көмектесу емес – авт.) ҚАЗТЕСТтің негізгі мақсаты ретінде белгіленді. Біз ересек адамдарға негізгі басымдық беріп отырмыз. Неге десеңіз, бүгінде өзге тілде оқитындар үшін практикалық қазақ тілін оқыту сабақтары мектепте де, университетте де бар. Сондықтан көбісі мектепті орысша бітіріп, жоғары оқу орнын да сол тілде тәмамдайды. Міне, осы азаматтарға арнап елімізде тегін түрде мемлекеттік тілді оқыту курстары ұйымдастырылады, ал Ұлттық тестілеу орталығы ҚАЗТЕСТ жүйесі арқылы еліміздегі ересек азаматтардың қазақ тілін білу деңгейін анықтауға ден қойып отыр.
- Иә, мемлекеттік қызметкерлер арасында ондай азаматтар аз емес. Ал олардың мемлекеттік тілді меңгеруге деген қызығушылығы бар ма?
- Елімізде үш тұғырлы тіл саясаты жүргізіліп отырғандықтан, қандай-да бір тілді міндетті түрде білуің қажет деп міндеттеу дұрыстау болмас. «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі, ал орыс тілін ресми тіл ретінде пайдаланамыз» деген қағидат болғандықтан, біз тілге қатысты маңызды бір мәселені, жағымсыз үрдісті байқап отырмыз. Мемлекеттік мекемелердің көбісінде басқосу-отырыстар қазақ тілінде басталса да, ары қарай орысша жалғасып кете береді. Сосын сөз соңында қазақша сәттілік тілеп қоя салады. Мемлекеттік құжат айналымы да солай болып кетті. Негізгі хат қазақ тілінде жазылса да, оның барлық қосымшалары орысша «сайрап» жүр. Немесе хат орысша дайындалады, сосын аударылады. Нәтижесінде қазақ тілі аударма тіліне айналды. Сондықтан дәл қазір бәрі керемет болды деп айта алмаймыз. Дегенмен бетбұрыс бар.
- Білуімізше, ҚАЗТЕСТте қазақ тілін білудің бес деңгейі бар. Біздің мемлекеттік қызметкерлеріміздің білімі қайсысына сай келеді?
- Мемлекеттік қызметшілердің А корпусы үміткерлерін қалыптастыру ережесінде мынадай мазмұнда жазылған: «А» корпусына үміткер ҚАЗТЕСТ тапсырады. Ал оның мемлекеттік тілді қарапайым деңгейде (ҚАЗТЕСТтің 1-деңгейі – авт.) меңгермегендігі келесі кезеңге өтуіне кедергі болмайды. Бірақ іріктеу кезінде ол ескеріледі». Мен өзім заңнаманың осы бір бабын сынағым келіп тұрған жоқ. Дегенмен, бұл жерде әлі де сол біздегі саясаттың жұмсақтығы, «толерантылық-төзімділік» деген сипатымыз басым болып тұр. «Қазақ тілін қарапайым деңгейде меңгермегендігі үміткердің келесі кезеңге өтуіне кедергі болмайды» дегеннен кейін ол адам қазақ тілін оқып-білуге салғырт, жауапсыз қарайды. Былайша айтқанда, оған білдің не, білмедің не бәрібір.
- Сіздің ойыңызша, мемлекеттік қызметшілердің қазақ тілін білу деңгейі оның мансабына әсер етуі керек пе?
- Міндетті түрде! Міндетті түрде әсер етуі керек! Мәселен, қазір біз «А» корпусына кіретін мемлекеттік қызметшілердің қазақ тілін білу деңгейін бағалаймыз. Ол топқа орталық мемлекеттік органдардың жауапты хатшылары, комитет төрағалары, сот пен прокуратураның бөлім басшылары, қала мен аудан әкімдері кіреді. Енді, сол аудан әкімі аптасына, кем дегенде, бір рет жиналыс өткізеді. Айына бір рет болса да, аудан тұрғындарымен жүздеседі. Сол жерде ол өз ойын мемлекеттік тілде жеткізіп, үкіметтің саясатын жан-жақты түсіндіре білуі тиіс. Ал қазақ тілін қарапайым деңгейде меңгермеген, яғни 500 сөзді білмейтін аудан әкімі мемлекеттің саясатын қалайша жеткізеді? Осындай олқылықтар бар. Меніңше, бұны ескере отырып, тиісті заңнамаға өзгеріс енгізу керек.
- Сонда сізде әрбір мемлекеттік қызметке сай кім қанша сөз білу керектігі анықталған ба?
- Жалпы еліміздегі барлық азаматтар үшін олардың кәсіптері, мамандықтары мен лауазымдарына сәйкес кімнің қай деңгейде мемлекеттік тілді меңгеру қажеттігін анықтайтын тізбе жобасын әзірлеп, барлық орталық, жергілікті атқарушы мемлекеттік органдармен ол тізімді келісіп те қойғанбыз. Басым көпшілігі келісімдерін беріп, қолданысқа енгізілуін мақұлдап отыр. Мемлекеттік қызметшілердің ең төменге лаузымы, айталық, жай ғана хат тасушыдан бастап, Қазақстан Республикасының Президентіне үміткерге дейін қазақ тілін білу деңгейлері жіктеп қойылған. Бүгінде аталған тізім толығымен дайын. Онымен барлық министрліктер, орталық және жергілікті атқарушы органдар да келісіп, қолдануға дайынбыз деп отыр.
- Осы біздің кейбір министрлеріміз жазып берген баяндаманы да оқи алмай жатады. Тілдері күрмеліп, шет тілде сөйлеп жатқандай болады. Олар өздері қазақ тілінен тест тапсыра ма?
- Президент Әкімшілігі мемлекеттік қызметкерлерді «А» және «В» корпусына бөлген кезде «ҚАЗТЕСТті міндетті тапсыруды енгізсек, ол бізді қандай нәтижеге алып баруы мүмкін?» деген сұраққа жауап іздеп, байқау сынақтарын өткізіп көрді. Сол кезде барлық мемлекеттік органдарының жауапты хатшылары тест тапсырды. Бәрі керемет тапсырды деп айта алмаймын. Дегенмен, содан бастап олар жақсы нәтижеге жетуге тырыса бастады. Министрлерге келсек, әлі күнге дейін бірде-біреуі тест тапсырған жоқ.
- Енді, не істеу керек? Мемлекеттік тілді меңгеруді заңмен міндеттеу керек пе? Алдымен оқу орталықтарының әдістемелік жағын ретке келтірген жөн бе? Жоқ, әлде бәрін баяғы патриоттық сезімге жабамыз ба?
- Өте орынды сұрақ...Меніңше, біз оның бәрін кешенді түрде қолға алуымыз қажет. Әрине, саясат пен идеология біздің құзыретімізге жатпайды. Алайда менің жеке пікірім сол, бәрін бір уақытта жасау керек. Мәселен, қазір Тіл комитеті қазақ тілін оқытудың бірыңғай әдістемесін әзірлеп, оны нақты стандарттармен бекітіп қойды. Енді, сол бойынша мемлекеттік қызметкерлерді оқытып, артынан ҚАЗТЕСТті міндетті түрде тапсырса ғой. Сосын олар қолдарына куәлік алып, тиісті лауазымдарын атқара алатын еді. Бірақ осының барлығы нақты бір заңмен бекітілмегеннен кейін әркім өз бетінше әрекет жасайды. Ашығын айту керек, заң жағынан тосқауыл болмағандықтан, басым бөлігі бұл мәселе атүсті қарап жүр. Мәселен, қазір мемлекеттік қызметке қабылдаған кезде бір тестті тапсырады. Оның нәтижесі ешбір жерде ескерілмейді. Ол – бір. Екіншіден, аталған тест қазақ тілін білуге арналмаған. Оны кімнің дайындайтынын да білмейміз. Ал ішіндегі сұрақтардың басым бөлігі «Закон» деген сөздің қазақшасы қалай?» деген тапсырмалардан аспай жатады. Сондықтан ол тесттерді ҚАЗТЕСТпен алмастыру қажет деп санаймыз.
- ҚАЗТЕСТті міндетті емтихан ретінде енгізіп, оның нәтижесін бірден ескеретін болсақ, мемлекеттік қызметшілердің біразы жұмыссыз қалатын шығар?..
- Меніңше, шектеу қоюға әлі ерте. Уақыт өте келе, осының бәрі реттеледі. Мәселен, қазір «А» корпусына енгіздік, ертең «Б» корпусына да енгізейік. «Мемлекеттік қызметке үміткердің қазақ тілін білу деңгейі ҚАЗТЕСТ» бойынша бағаланады. Ол тыңдап-түсіну, оқи білу, жаза білу, айта білу қабілеттерін бағалу негізінде анықталады», - деп қойсақ, әзірше осы жетеді. Алдағы бес жылға жетеді. Одан кейін ойлансақ та болады. Ал егер бірден бас салып жаппай міндеттеуге көшсек, онда өзіміз үшін өте ыңғайсыз нәтиже алып қалуымыз да ықтимал.
- Сонда қазір мемлекеттік қызметшілердің қазақ тілін білу көрсеткіші қарапайым деңгейден аспайды деуге бола ма?
- Енді, барлығына топырақ шашудан аулақпыз. Еліміздегі ересек адамдардың мемлекеттік тілді білу деңгейіне арналған соңғы әлеуметтік зерттеуге сәйкес, Атырау, Маңғыстау мен Қызыорда облыстарында қазақ тілін меңгеру бойынша ешқандай кедергі жоқ. Себебі мемлекеттік қызметшілер арасындағы байқау сынақтары өте жоғары нәтиже көрсетті. Сол жақта облыс орталығына барыңыз, қала орталығына барыңыз, мемлекеттік тілді меңгеру жағынан ешқандай мәселе жоқ. 100 пайыз болмаса да, 90 пайыздан астамы қазақ тілін біледі. Ал еліміздің солтүстік, орталық пен шығыс облыстарында мемлекеттік тіл мәселесі өткір болып тұр. Оны байқау сынақтары да растап отыр. Мемлекеттік қызметшілер базалық деңгейден (ҚАЗТЕСТтің 2-ші деңгейі – авт.) аса алмай жатады. Мәселен, олар 150 тапсырманың ішінен тек 50-55 ұпай ғана жинайды.
- Мемлекеттік тілді меңгеру саласында әлі де психологиялық тосқауыл бар сияқты. Жоқ, әлде саяси бір кедергілер бар ма?
- Бұл менің құзыретімдегі мәселе де, әңгіме де емес. Сондықтан ол сұраққа жауап бере алмаймын. Біз тек әдістемелік жағын ғана қамтамасыз етеміз. Қазір нақты жүйе, былайша айтқанда, мемлекеттік тілді оқыту мен бағалау механизмдері бар. Енді, Үкімет, я болмаса, мемлекеттік органдар осыны енгіземіз десе, біз дайынбыз.
Әңгімеңізге рақмет! Осы бастаманың сәтті іске асуына тілектеспіз!
Cұқбаттасқан Арман АСҚАР
alashainasy.kz
ПІКІР АЛМАСУ
01/06/2017 16:43
Орыс тілді мектептерде тіл дамыту жұмыстарының әдістемелік ерекшеліктері
|
ТЕКСТ