КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Сананы тұрмыс билеген бүгінгі заманда адами қасиет емес, ақша табудың жолдары көп айтылатын тәрізді. Өз дәуірінде «адамшылықтың – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болатынын» айтқан Абайдың ұлт мінезіндегі кемшіліктерден арылу тетіктерін іздеуі бүгінгі бізді қаншалықты толғандырады? Осы туралы интернет сайттарының бірінде жарияланған қысқа әңгімеде: «3000-шы жылы кісілік қасиетті бойға сіңіру операциясы бөлімінен шыққан адамның ауру тарихы кітапшасына «ағза кері реакция бергені себепті, тән адамшылықты қабылдамады» деген сөздер жазылғанын аңғармағаны» туралы айтылған.
Жалпы, «Адамның жақсы жағына емес, кемшілігіне көбірек ден қою – қазаққа тән қасиеттердің бірі», – дейді психолог мамандар. Бұған жағымды оқиғалардан гөрі, дау-дамай, қылмыстар жайын әңгіме етуге әуестігіміз, өзгенің бойындағы жақсы мінезінен сабақ алуға емес, осалдық табуға асығатынымыз дәлел бола алатын сияқты. Қалай десек те, біз ұлттық мінез, ұят, намыс туралы сөз еткенде адамгершілік, елге, жерге, тілге, ділге деген сүйіспеншіліктен бұрын қонақжайлылық сияқты жақсы тұстарымызды алға тартамыз. Бұл қаншалықты дұрыс? Адамгершіліктен, Отанға деген сүйіспеншіліктен ажырап бара жатқан жоқпыз ба? Осы тақылеттес сауалдарымызбен философ мамандарға жолыққан едік.
– Ел, жер, ұлт, тіл, діл мәселесін жал­пы, қазақ қаншалықты сезінеді? Жайбасар халықпыз дегенге саятын сөздерді айтқанда біртүрлі қиналмайтынымыз қызық. Отанды сүюге, адамгершілікке баулу, ана тілін құрметтеу мәселесі тым кеш айтылып жатқан сыңайлы. Қазіргі таңда отбасы, Отан, жалпы ұлтты сақтап қалудың емес, ақша табудың жолдары көп айтылады. Осындай кеш білу, кеш түсіну, кеш айтудың салдары қандай болмақ?
Бақытжан САТЕРШИНОВ:
– Ел, жер, ұлт, тіл – бұл ең іргелі, фундаменталды, тіпті қасиетті құндылықтар. Осылардың қатарына дәстүр, діл, дін мәселелерін де қосар едім. Бұл мәселелердің шешімінде ширақ болу керек. Жалпы, қазіргі кезеңде, әсіресе, бүгінгі нарықтық қатынастармен сипатталатын тұтынушы қоғам мен заманда руханият кейінге ығыстырылып, ақша мен пайда табудың көлеңкесінде қалып қойды. 
Ия, біздің қазақ ақкөңіл, кеңпейіл, сабырлы, төзімді халық. Бұл адамға тән өте жақсы қасиеттер. Одан адам жаман болмайды. Бірақ жайбасарлық, ынжықтық, жалқаулық, көнбістік дегендер аталған қасиеттердің теріс жағы. Бұған бой алдырмау керек. Әйтпесе, біздің қымызды, ет тамақты неміс кәсіпкерлерінің патенттеп алғаны сияқты, ұлттық құндылықтарымыз ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетеді. Оның арты елден, жерден, тілден, құндылықтардан айырылуға алып келуі бек мүмкін. Бұл сіз айтып отырған кеш айтудың, кеш түсінудің, кеш білудің салдарынан болып жатады. 
Бірақ барлығы кеш айтылып жатыр деу­ге тағы болмайды. Бұл мәселелер тәуелсіздік алған тұстан бері көтеріліп келе жатыр. Қазіргі таңда айтуды азайтып, амалға көшкен абзалырақ. Сондықтан бізге қазіргі технологиялық жетістіктерді пайдалана отырып, өзіміздің дәстүрлі құндылықтарымызды қайта жандандыру қажет. Сондай-ақ біздің қазақы дәстүріміз исламның құндылықтарымен астасып жатқанын міндетті түрде ескеруге тиіспіз. Яғни әрбір адамға, тұтастай алғанда, қоғамға имандылық керек. Сонда айтылған сөз бен істелген іс шынайы болып шығады да, жасандылықтан, өтірік айтудан, көзге түсуге тырысушылықтан, жағымпаздық пен мақтаншақтықтан, т.б. жағымсыз қасиеттерден арыламыз. Егер адамдардың жүрегінде иман болса, қоғам да түзеледі. Шешілмей жатқан мәселелерді шешу үшін қарапайым халықтың қалауымен қатар, елдің тізгінін ұстап отырған басшылықтың да шынайы ниеті мен еркі болуы тиіс. Сонда ғана көптеген мәселелер өз шешімін табатын болады. Қазір «Көш жүре түзеледі» дегендей, шүкір деуіміз керек, басқалардан озып кетпесек те, кеш қалып жатқан жоқпыз деп ойлаймын.

Күлпаш ҚАЛИЕВА:
– «Қазақ – жайбасар халық» дегенге қосылуға да, қосылмауға да болады. Кешегі бодандық санадан әлі құтыла қойған жоқпыз, «мықты білетін үлкендер шешсін» деп жайбасарлық жасайтын кезіміз бар. Ұлтжандылықты ұлтшыл деп түсініп, қисық көздерімен қарап қала ма деп те алаңдап қимылдаймыз. Отанды сүю, адамгершілік және өнегелік мәселелері Кеңес дәуірінде жаман болды деу дұрыс емес. Отанды сүю сезімі болмаса, кешегі 1941-1945 жылғы қан төгісте соғыс ардагерлері не үшін соғысты, не үшін жандарын қиды. Ол кездегі Отанды сүю сол кездің тарихи болмысымен және тарихи логикасымен бағалануы тиіс. Қазіргі жағдай басқаша: әлеуметтік болмыс түпкілікті өзгерді, қоғамдағы адамдардың әлеуметтік жағдайы әр түрлі. Байлар қазір өздерінің жағдайлары жақсы болған соң ұлттың, тілдің, ділдің, т.б. мәселелерді ойлап, басты ауыртпайды. Интеллигенцияны алып қарасақ, олар да әр түрлі әлеуметтік жағдайда: біреулері ғылыммен айналысып қолы тимей жүрсе, енді біреулері жұмысынан айырылып қаламын деп қорқады. Сөйтсе де, бұл мәселелерді көтеріп жүргендер – көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар. Естір құлақ болса, ана тіліміз туралы аз айтылып жүрген жоқ .
Адамгершілік мәселесіне келсек, ке­зінде ата-аналарымыз: «Ар-ұяттарыңды кішкентай кезден бастап сақтаңдар, үлкенді сыйлаңдар, өтірік сөйлемеңдер, біреудің ала жібін аттамаңдар, ол өліммен тең, адал болыңдар, әділетті болыңдар» – деп, осындай тәрбиелік маңызы зор ақылдарын үнемі еске салып айтып отырушы еді. Отанды сүю жағына келсек, от­басында болсын, мектепте болсын, өте ерекше сезіммен ҰОС-ның ардагерлерінің жа­саған батырлығын мақтан тұтып, «Болмасаң да ұқсап бақ...» – деп, Абай атамыз айтқандай, елімізге, халқымызға тек жасаған жақсылығымызбен танылсақ деген арман жетелеуші еді. Бүгінгі күні мектептің берер тәрбиесінің көрінісі сырт көзге дұрыс сияқты, сөйтсе де оң нәтижесін көре алмай отырмыз. Ал енді отбасының тәрбиесі әр түрлі. Біреулері бала тәрбиесіне қатал қараса, енді біреулері тіршіліктің қамымен балаға қарауға уақыты жоқ болғасын тәрбиені толығымен мектепке міндеттеп қояды.
– Бүгінгі ұрпақтың бойынан қандай кемшіліктер байқайсыз? Намыссыздықты пайызға шағар болсақ, үлес салмағы қанша болар еді? Жастардың намысын ояту жолында қандай іс-шаралар нәтиже берер еді деп ойлайсыз? Жалпы, ұлттық намыс категориясы қандай? Және оны өлшеп жатқан кім бар?

Бақытжан САТЕРШИНОВ:
– Бүгінгі жастардың бойында прагматизм, рационализм бар. Олар алдыңғы буын сияқты ішкілікке, құмар ойындарына құштар емес, тағы басқа пайдасыз нәрселерден бойын аулақ ұстауға тырысады. Олар ақпараттық технологияны игеруге талпынады. Бір қарағанда, жастардың осы қасиеті аға буын өкілдеріне «майда мінез» сияқты. Жомарттық, серілікті жақсы көру, осыдан алыстаған сайын ұсақталып бара жатқандай болып көрінеді. Бәзбіреулер: «Намыссыздық – қазіргі жастарға тән» – деп, олардың қазақтың сұлтан, сері ұғымдарына сай еместігін айтады. Мен ол пікірмен келіспеймін. Намыс категориясы сындарлы сәттерде көзге көрінеді. Мысалы, Желтоқсан оқиғасында анық байқалды. Ұлттың бойында ең соңғы өлетінге мінез-құлықты жатқызатыны бекер болмаса керек. Намыс қанша дегенмен адамның қанында, бойында сақталады. Оны өлшеп жатқан ешкім жоқ. Әрі ол өлшеуді қажет етпейтін категория. Кемшіліктер бар. Кезінде оттан да, оқтан да қорықпаған Б.Момышұлы өз қорқынышын былай білдірген екен: «Бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспегеннің көкірегі қор бола ма деп қорқам. Ал көрдің қолына балта берсең шаба салады, бақыр берсең ала салады, найза берсең сұға салады, намыстанбай бұға салады. Мен табиғатынан, тағдырынан болған соқырлықты айтып отырғам жоқ, тауып алған соқырлықты айтам. Егер ондай соқырлықтан жазылмасақ, халық болудан қаламыз ба деп қорқамын!». Жастардың жігерін, намысын ояту жолында қандай іс-шаралар нәтиже береді дегенде, жаңағы айтқан имандылықтан бастап, ұлттық дәстүрді қайта бағалау қажет деп ойлаймын.

Күлпаш ҚАЛИЕВА:
– Жоғарғы жақтан патриоттық сезім туралы айта бергеннен нәтиже көріп отырғанымыз жоқ. Өйткені, ұлттық намыс, ұлттық сана, ұлттық ар-ұждан туралы жастардың 60-70 пайызында түсінік жоқ сияқты. Қазіргі жастар жаһандық мәдениеттің жағымсыз дүниелерін бойларына сіңіру жағынан алдарына жан салмайды, оны өздеріңіз де көріп жүрсіздер. «Ештен кеш жақсы» дегендей, әлі де болса адамгершілікке баулу, Отанды, ана тілін, елін, жерін сүйе білуге тәрбиелеуге болады. Менің ойымша, «Ұлттық этика» және «Ұлттық мәдениетті тану» пәндерін мектеп бағдарламасына енгізу қажет. Қытай халқы жас ұрпағының санасына Конфуцидің этикалық ілімін мектептен бастап құяды екен. Біз де Абайды ұлы ақын, философ десек, ол тек қана ақын деп дауласатындар бар. Намыссыздық тек қана жастардың ортасында деп айтуға болмайды. «Ағаны көріп, іні өсер» дегендей, қазіргі ұрпаққа үлгі боларлық қылық көрсеткеннің орнына, керісінше, іс-әрекеттерімен ұялатын тіршілік жасап жүрген үлкендер көбеймесе, азайып тұрған жоқ. Біз сыған халқын ұрлықшы, өтірікші дейміз, сөйтсек те мені олардың мына бір қылықтары таңқалдырды. Олар көршісінің көлденең жатқан бір сабақ жібін алмайды. Көршіні қатты сыйлайды екен. Ал енді өзіміздің қазақ ауылдарында бірінің қорасындағы малын бірі ұрлайды, көздеріне түсіп, ұнаған зат болса, соны ебін тауып қағып кетеді. Ұят деп ойламайтын сияқты, «ұлттық намыс» ұғымы туралы түсінік саналарында мүлдем жоқ қой деп ойлаймын.
– Міржақып Дулатов: «Ар-намыс, махаббат болмаған жерде адамшылық тұра ма?! Бұл сипаттардың болуы үшін адам баласы азат, тәрбиелі болуға тиіс», – деген. Осы тұрғыдан алар болсақ, біздің ұлттық тәрбиеміз қай жерден ақсап тұр? Сонау заманда айтылған сөз неліктен өміршеңдігін жоғалтқан жоқ?

Бақытжан САТЕРШИНОВ:
– Міржақып Дулатов ХХ ғасырда өмір сүрген ұлт көсемдерінің бірі. Өте орынды, жақсы айтылған сөз. Көптеген ойшылдар – Абай, Шәкәрім, Батыс философтары да ар-намысты алдыңғы орынға қояды. Бұл қасиетті Шәкәрім «Ар ілімі», Иммануил Кант «Категорический императив» арқылы қарастырады. Ол – адамшылықты анықтайтын ең басты ұғымдардың бірі. Махаббат немесе сүйіспеншілік те сол сияқты. Ол да ең маңызды қасиеттердің бірі. Абай «адамды сүй» деп бекер айтпаса керек. Яғни сүйіспеншілік адамшылықтың негізін құрап тұрған өзегі десе де болады. Ал осы сипаттар болу үшін адам баласы еркін, азат болуы тиіс. М.Дулатов осыны айтып отырып, адамның еркі болмаса, тәуелді болса, онда ол сипаттар мүмкін еместігін жеткізеді. Барлығы отбасыдағы тәрбиеден басталатыны дау тудырмайды. Жуырда ғана Елбасы отбасы күнін арнайы белгіледі. Бұл жәйдан-жай емес, бұл мерекенің қоғам үшін маңызы зор. Қазір статистика мәліметтеріне қарасақ, жылына жүз алпыс мыңнан астам отбасы неке қиса, елу мыңға жуық адам ажырасуға арыз береді екен. Біздің ақсап жатқан тұсымыздың бірі – осы. Тәрбиенің бәрі отбасынан басталады. Сондықтан отбасылық институтты нығайту бағытында жұмыстар атқарып, қайта жандандырып, тірілтуіміз керек. Қазір ажырасу, некесіз сәбидің дүниеге келуі, суицид сияқты көптеген жағдайлар орын алып жатуының да басты себебі, отбасыдағы ұлттық тәрбиенің ақсауынан. Сол себепті де, жастар үйленер алдында дәстүр мен исламдағы неке және отбасы құндылықтарына терең көңіл бөлсе, ерінің әйелі алдындағы немесе керісінше, әйелінің ері алдында қандай міндеттері мен құқықтары бар екенін жақсы білсе, бәрі ойдағыдай болар еді. Мысалы, үйленетін жігіт қалыңдықтың өзіне – қандай жар, ата-анасына – қандай келін, балаларына – қандай ана болатынына ерекше мән беруі тиіс. Ал ажырасу Құдайдың ең жақтырмайтын істерінің бірі екенін білгені абзал. Сонда қазіргідей келеңсіз жағдайлар орын алмас еді деп ойлаймын.

Күлпаш ҚАЛИЕВА:
– Міржақып Дулатов – халқымыздың ұлыларының бірі. Оның ұлылығы айтыл­ған сөзінің шындығында. Біз сол ұлы кісіміздің айтқандарының барлығын толық өмірімізден таба аламыз деу қиындау сияқты. Адам баласы саналы болмыстың өкілі болғандықтан тәрбиелі болуға тиісті. Бұл жерде де әттеген-ай дейтін жағдайлар жетерлік. Жастарды тәрбиелеуге жауапкер адамымыздың өзі тәрбиелі болуы керек. Бұрынғы зиялылардың айтқан сөзі мен ісі бір жерден шыққан, олар ар-ұятты қатты сақтаған, намысын өзінің істеген ісіндегі адалдығымен қорғаған. Жан дүниемізді кірлетпейік деп, даналарымыздың айтқан асыл сөздерін, ортамызда жүрген бүгінгі ұлт қамын ойлайтындар жас ұрпаққа жеткізуге тырысады. Сондықтан да сонау заманда айтылған сөз өміршеңдігін жоғалтқан жоқ.
– Бүгінгі ұлттық ұят өлшемі қай дәрежеде тұр? Ұятқа оралудың жолы қандай? Әдебиетте ұят, намыс мәселесі жеткілікті дәрежеде қаузалып жүр деп санайсыз ба?

Бақытжан САТЕРШИНОВ:
– Егер ислам тұрғысынан қарастыратын болсақ, иманның басты шартының бірі – ұят дейді. Қазір біздің күнделікті өмірде, теледидарда, интернетте, т.б. сырттан келген мәдени экспансияның әсері анық байқалады. Және ол тікелей бұқаралық санаға жол тартып отыр. Соның салдарынан болар, ұяттың өлшемі қоғамда біршама төмендеген түрі бар. Ұятқа оралудың жолы дәстүрлі құндылықтар арқылы жүзеге асады. Өмірдің барлық саласында, әдебиетте, ғылымда, ақпарат құралдарында болсын, ұят мәселесі, әдеп мәселесі алдыңғы орынға қойылуы тиіс. «Әдебиет – ардың ісі» деп бекер айтпайды. Ғылымда плагиаттың орын алып отырғаны ешкімге жасырын емес.

Күлпаш ҚАЛИЕВА:
– Ұяттықты сақтау қиынға түсіп бара жатыр, оны күнделікті өмір көрсетіп отыр. Бұл да ұлттық намыстың не екенін түсінбегендіктен болар. Ұят, намыс мәселесін қаншалықты көп айтса да, ол көптік қылмайды. Бірақ соны қабылдайтын, тыңдайтын құлақ, ұғатын сана болсын деңіз. Күнделікті шенеуніктердің жасап жатқан ұрлығын әшкерелеп айтқан кезде «билікті жаны ашымайтын тоғышарларға неге береді екен» деген ой туындайды. Қазіргі кезде ұятты жиып қойып, қимылдайтын адамдарымыз көп, ал адалдық, достық, шынайылық деген азайып барады.
– Бүгінде шетелден білім алған жастар Отандық ғылымға үлес қоса алып жүр ме? Жалпы, «Үлкен ой айтылмай, ұлы ұлт болмайды» деген сөздің астарына үңілсек, нені аңғарамыз? Шын мәнінде, неліктен қазіргі жастар Абайдың немесе Шоқанның дәреже­сіне көтерілмейді? Оқымысты болу, ұлтқа үлес қосуды қалай түсініп жүрміз?

Бақытжан САТЕРШИНОВ:
– Қазақтың белгілі қаламгері Ақселеу Сейдімбектің «Еліктеуден қайталау шығады», – деген сөзі бар. Еліктеушілік жастарға қатысты да айтылады. Көптеген жастар шетелде білім алды, отандық ғылымға, көптеген салаларға үлесін қосып жүргендері де бар. Ал бірақ тұтастай алғанда, «ғылымға үлес қоса алмай жүр» деген пікір де айтылып жүр. Оның себебі, шетелде білім алған жастардың көпшілігі өз тілін, дәстүрін білмейді. Барған жеріндегі жат өркениеттік жайлылыққа бойын үйретіп, сол жаққа тұрақтап қалып жатқандар да баршылық. Олар елге, халыққа қызмет ету, ұлтжандылық сынды қасиеттерден ада.
Жалпы, кез келген ұлт ұлы болу үшін үл­кен ой айтатын көсемдері мен шешендері болуы керек. Оқымысты болу – бұл зиялылықтың бір үлгісін көрсетеді. Қазіргі таңда өмірдің барлық саласы мен адамдардың санасы еуропацентризммен уланған. Оның себебі, көптеген ғасырларға созылған отаршылдықтың, тоталитаризмнің салдары деп есептеймін. Сондықтан ең алдымен, қоғамдық өмірден бұрын санада әдіснамалық, ұғымдық өзгерістер керек. Мысалы, қарапайым тіл мен ғылыми тілдің арасы жер мен көктей. Қарапайым халықтың арасында ғылыми тілмен сөйлегеннен қоғамға, халыққа не пайда? Соның себебінен халықтың оқымыстыларға деген сенімі азаятын болса, одан не қайыр? Ғылым саласында академизмге бой ұрамыз да, қағаздан бас көтермей, сілтемеге сүйенуді әдет қыламыз. Ал бұрынғы қазақтың билері, шешендері, көсемдері суырып салып сөйлейтін болған. Шындықты даналықпен, асқан шеберлікпен жеткізетін. Осындай көптеген мәселелерге мән беру қажет. Сол арқылы ұлтқа үлес қосуға болады деп ойлаймын.

Күлпаш ҚАЛИЕВА:
– Абайдың, Шоқанның дәрежесіне жету үшін санамызды солардың қалдыр­ған рухани мұрасымен сусындатып, «Абайтану» сабағын мектептен бастап дұрыс оқыту қажет. Өйткені, кейбір мектептерде аты бар, заты жоқ қылып өткізеді. «Баланы жастан...» дегендей, санасына жас кезінен құйған дүние жадында мықтап сақталмай ма? Қысқасын айтқанда, ұлтжандылығын іс-әрекетімен дәлелдейтін азаматтар көбірек болса, сонда ғана халқымыздың санасын ұлттық намысты қорғайтын, ұяттың не екенін түсінетін деңгейге көтере алатын шығармыз. Тағы да бір көңіл аударатын нәрсе – жастардың кітап оқуға құлығының жоқтығы. Жақсы кітап – ол жақсы адаммен дос болғандай, пікір алмасқандай, ақылдасқандай әсер беруші еді біздерге. Қазіргі жастар кітап оқымағандықтан ойы таяз, тілі шорқақ келеді. Кейде ойларын жеткізе алмай қиналып жатады. Бүгінгі жастардың оқымысты ғалым болуға, ғылым үшін қызығып, тіршілік жасауға ұмтылатындары жоқ деуге болмайды, бірақ олар аз. Көбінің ойы жақсы еңбекақы алатын қызметке орналасып, тыныш өмір сүру.

– Карл Маркс: «Өзі тұрып жатқан елдің тілін қонақ, есалаң немесе өз тілін күштеп үйреткісі келетін басқыншы ғана білмейді» – деген екен. Өкінішке орай, әлі күнге дейін аға, орта, жас буын орысшаға судай болғанымен, қазақшаға келгенде екі сөздің басын құрай алмай қиналады. Есесіне, дамыған және дамушы мемлекеттер тіл мәселесін әлдеқайда шешіп алған. Мысалы, өз тілін білмейтін шешен, өзбек, ұйғыр ұлты өте сирек. Жалпы, қазақ тілінің қолданыс аясының кеңей­гені немесе керісінше, кемігені туралы қандай да бір зерттеулер, ақпараттар бар ма?

Бақытжан САТЕРШИНОВ:
– Карл Маркс өте жақсы айтқан. Бұл құбылыс біздің қоғамда бар. «Жаман үйдің төрін қонағы билейді» дегендей, ашықтығымыздың арқасында өзіміздің төрімізге шығарамыз деп, төбемізге шығарып алдық деген де ойлар айтылады. Біздің қазақтың бойындағы мінездерді айттық қой, оның ішінде, жаңашылдыққа, инновацияға деген ашықтығының салдары да бар. Көпшілік өзге елдермен, ұлттармен салыстырады. Қазақ тілінің бүгінгі жағдайы тарихи жағдайларға да байланысты болуы мүмкін. Мысалы, столыпиндік реформа, тың игеруге байланысты Ресейден орыстардың көптеп қоныс аударуы. Соның салдарынан біз мәдени, тілдік тұрғыдан әртекті қоғамға айналдық. Өз жеріндегі қазақтардың пайыздық үлесі азайып, осындай жағдайға алып келді. Өзінің тілін білмейтін ұрпақ қалыптасты. Тіпті, олардың арасында өзінің мәдениетінен жеритіндер де кездесті. 
Дегенмен, қазір мұның барлығы бірте-бірте ретке келіп жатыр деп ойлаймын. Мысалы, бүгінгі күні қазақтардың барлығы дерлік тұрмыстық деңгейде қазақша сөйлей алады. Алматы қаласының өзінде қазақтардың үлес салмағы көп. Қазір қоғамдық көліктерде көбісі қазақша сөйлейді, қазақ мектептері ашылып жатыр. Өзекті мәселелерді қозғап, көрермендерді өзіне тартып ала алатын қазақ тіліндегі ток-шоулар көбейді. Осының барлығын көз көріп жүрген соң, болашақта қазақ тілінің қолданыс аясы кеңи түсетініне сенемін.

Күлпаш ҚАЛИЕВА:
– Қазақ тілінің жанашыры аз, оны өздеріңіз де көріп жүрсіздер. Көп жерлердегі құжаттар орыс тілінде толтырылады – ол құпия емес. Мектептерде, жоғарғы оқу орындарындағы қазақ тілінде білім алып жүрген жастардың өзара орыс тілінде неге сөйлесетінін сұрағанда, менің алған жауабым былай болды: «Апай, қазақша сөйлессек, басқалар бізді менсінбей қарайды, сондықтан ұяламыз». Биылғы бірінші курстың балаларының айтуынша, қазақ бөліміне өте алмаған балмен орыс тобына өтіп кетті дейді. «Қазақша оқысаң, орысша бітіргендермен өзіңді тең ұстай алмайсың, сондықтан соңғы інім мен сіңлімді ата-анама телефон соғып, орыс мектебіне беріңдер дедім», – дейді Ақтөбенің бір қызы. Қазақтың тіл жағынан жауы – қазақтың өзі дер едім. Басқа ұлттар қазақ тілін үйреніп, таң қалдырып жатыр. Сол баяғы ұлттық намыстың жоқтығынан қазақтар өздері өзара шүлдірлеп, орысша сөйлесіп жүр. Әрине, мен орыс тіліне қарсы емеспін, ата-бабаларымыз «жеті елдің тілін біл» деген, одан біз ұтпасақ, ұтылмаймыз. Бірақ өз тіліңді өгейсітпе, қадірле, құрметте. Біз өзімізді-өзіміз сыйлай білсек, сонда басқалар да бізді сыйлайды. Ұлттық мәдениетімізді, әдебиетімізді, тілімізді, дінімізді бұрмаламай, санамызды бірінші ұлттық жетістіктерімізбен сусындатып қалыптастыруымыз керек. Басқаның жақсысын үйреніп, жаманынан жиренуге тиіспіз. Санамызды сауықтырып, рухымызды шынықтыратын кез келді.

Қазақ әдебиеті

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика