КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА, композитор, 
Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық 
консерваториясының проректоры:

    – Қазақ музыкасының қоңсылас ұлттарға, түркі халықтарына, жалпы, дүниежүзіндегі ешбір елге ұқсамайтын ерекшелігінің сыры неде?

    – Жалпы, халық болып қалыптасуға геосаяси, тарихи, культурологиялық, әлеуметтік жағдайлардың әр түрлі алғышарттары әсер етеді. Қазақтың да, орыс, араб, ағылшын, көрші жатқан қырғыз, өзбек, қытай халықтары сияқты өзіндік ерекшелігі бар. Қазақ өте талантты халық. Қалыптасушы, дамушы ел болғандықтан жаңашылдықты бойымызға тез сіңіріп аламыз. Бірақ көпұлтты мемлекет болғандықтан, елімізде тұрып жатқан басқа ұлт өкілдерінің музыкасы да әсерін тигізіп жатады. Мысалы, түркмендердің ритмі Батыс Қазақстандағы күйлерден байқалады. Бізде «Түркмен күй» деген жанр да бар. Ал Шығыс жақтағы музыка сарынынан Қытайдың «пентатоника» негізінде айтылатын әуендер сезіледі. Сол сияқты Солтүстіктен Ресей әуенінің лебі ессе (бұл, әрине, жаппай өзгерген деген сөз емес. Әйтпесе Ақанның әндері қандай керемет екенін өздеріңіз де білесіздер), Оңтүстікте өзбек халқына ұқсас ойнақы әндер көбірек. Әрине, жалпы айтқанда, қазақ өнеріне өзге халықтардың ықпалы болуы заңдылық.

    – Дегенмен, таза қазақы сарынды сақтап қалудың қандай жолдары бар? 

    – Бұл қауіпті құбылыс емес. Музыканың арнайы өлшемі болмағандықтан, мынау таза қазақы немесе аралас деп те айта алмаймыз. Мысалы, қашықтыққа жүгірген спортшының бағасы секундпен беріледі. Немесе алысқа секіруден екі метр он сантиметрге жеткен – бірінші орынды иеленсе, екі метр бес сантиметрді бағындырған – екінші жүлдені алады. Бұл – объективті баға. Ал өнерде мүлде басқаша. Кәсібилігі көрініп тұрғанмен, талантты болмауы мүмкін. Қалай десек те, кейінгі ұрпаққа іріктеліп-іріктеліп, тек мықты шығармалар ғана жетеді.

    – Кезінде Нұрғиса Тілендиев ағамыздың бастамасымен қазақтың қос ішекті домбырасы алуан түрлі аспаптар дыбысымен үндесіп, үлкен оркестрге айналғанда ұлттық музыкамыздың дамығанына балаған едік. Жалпы, қалай ойлайсыз, оқиғаны күймен жеткізген, еркіндікті жыр-толғауларына арқау еткен бағзы бабаларымыздың асыл мұрасын дамытамыз деп, төл өнерімізден алшақтап кеткен жоқпыз ба?

    – Әрине, тарихтағы тұлғалардың орны бөлек. Мысалы, музыкада Нұрғиса ағамызға дейін фольклорлық ансамбльдер бір әуенді болатын. Оны да жаман деп айта алмаймыз. Құрманғазы оркестрі Батыс өңірі күйлерін орындап, өнердің бір саласын дамытуға үлес қосса, Нұрғиса ағамыз оркестрді түрлі аспаптармен толықтырып, басқаша қырынан келді. Бұған Болат Сарыбаев ағамыздың үлесі зор. Себебі, ол кезде «национализм», «космополитизм» деген айыппен «қазақта бұрын тек қобыз бен домбыра ғана болған» деген пікірлер айтылған. Болат ағамыз 1950 жылдардың соңы мен 1960 жылдардың басында домбыраның да, қобыздың да бірнеше түрлері, одан бөлек сырнай, жетіген, сыбызғы, үскірік сынды аспаптардың бар екенін ашқан. Ал оны дұрыс емес деп кім айта алады? Одан кейінгі жылдары шыққан музыкаға келсек, мысалы, марқұм Тілес Қажығалиев ағамыздың фортепьяноға, симфониялық оркестрге жазған музыкаларын, «Қыз қуу» сияқты күйлерін қазақтың музыкасы емес деп қалай айтамыз? Әрине, қазақтың бағзы заманда симфониялық оркестрі болмаған. Бірақ тыңдасаңыз, нағыз қазақы әуеннің ырғағы естіледі. Сондықтан ұлттық әуен емес деп, бөле-жаруға болмайды.
    Жалпы, өнер адамдарының екі міндеті бар – ата-бабамыздан қалған асыл мұрамызды сақтау және оны жалғастырып, ары қарай дамыту. Яғни өнер – қатып қалған қағида емес. Ол ақындық сияқты жүрек лүпілінен, терең ойдан шығатын тылсым дүние. Сондықтан оның жылдан-жылға, ғасырдан-ғасырға толысып, жаңарып, дамып отыруы заңдылық.
    Бізде қазір эстрадалық өнер де даму үстінде. Бір қырынан қарағанда, бұл да заман талабы шығар. Әр дәуірдің жаңаша өнері болары анық. Дегенмен, болашаққа тек ата-бабамыздан мұра болып қалған өнер негізінде жазылған шығармалар ғана жетеді деп ойлаймын.

    – Жалпы, «классикалық шығарма» деп атау үшін уақыт қажет екенін айтып өттіңіз. Десек те, ұлттық музыканың өміршеңдігі неге байланысты? Оның өлшемі бар ма?

    – Композиторлық тұрғыдан алатын болсақ, мысалы, Берлиоздың фантастикалық симфониялық әуені тұңғыш рет ойнағанда жиналған жұрттың жартысы: «Бұл не деген сұмдық?!» деп, құлақтарын жауып, залдан қашып шықса, енді біреулер музыканы тоқтатып, Берлиозды оркестрден шығартып тастаған екен. Бетховеннің симфониялары ойналғанда да осындай жағдай орын алған. Мысалы, Прокофьев Консерваторияны бірінші фортепьянолық концертпен бітірген. ХХ ғасырдың алғашқы жылдарында ритм бойынша классика, романтика емес, жаңа заман музыкасы белең ала бастаған. Сонда профессорлар Прокофьевтің дипломдық жұмысына екі қоя жаздапты. Кішкене кезінен опера жаза бастаған талантты азаматқа осындай баға берілгенімен, оның музыкалары кейін резонанс алып, қазіргі таңда – классик атанды. Бұл, менің ойымша, жұмбақ. Кейде бір тыңдаған музыка ұнайды, бірақ оның өміршең болмайтынын түсінесің. Ал кейбір музыка күрделілеу болғанымен, ғасырлар өтсе де тыңдала беретіндей әсерге бөлейді. Кейде суретшілермен салыстыруға да болатын сияқты. Олар тірі кезінде кедейліктің зардабын көріп, өмірінің соңғы кезіне дейін қиналып өтеді де, жылдар өткеннен кейін оның суреттері миллиондаған ақшаға сатылып жатады. Осындайда: «Неге дер кезінде бағаланбады екен?», – деп ойлайсың. Меніңше, музыкадағы кәсібилікке бірден баға беруге болады. Ал классикалық шығарма атануға уақыт қажет. Кейде жүректі, ой мен сезімді бір нүктеге тоғыстыратын әуенді естігенде ғасырлар бойы тыңдалатын музыка екенін түсінесің.

    – Ал сол, «болашақ классикалық шығармалардың» қатарына қай туындыларды қосар едіңіз?

    – Музыкадағы классика деген өте құпиялы, ешкім алдын ала дәл болжам жасай алмайтын дүние. Мысалы, Вердидің таңертең шыққан арияларын кешке адамдар далада айтып жүреді екен. Бірден классика болып кеткен. Ал кейбір композициялар көп жылдан кейін мойындалады. Мысалы, Иоганн Себастьян Бах. Ол көптеген шығармалар, прелюдиялар шығарғанымен, қатардағы мұғалім болып өмірден өтті. Феликс Мендельсон арада үш жүз жыл өткенде Бахтың музыкаларын тауып алып, жарыққа шығарған. Қазір ол – классика. Ал біз егемендігіміздің жиырма жылдығын кеше ғана атап өттік. Әлі классик деп айту ертерек. Әрине, ХХ ғасырдағы Ғазиза Жұбанованың опералық шығармалары, Н.Тілендиев, Е.Рахмадиевтің «Дайрабай» күйі, Тілестің «Қыз қууы», т.с.с. шығармалар классика болып қалады деп ойлаймын. Алайда, бұл уақытты талап ететін дүние.

    – Қазақ музыкасын тәуелсіздікке дейінгі және кейінгі кезең деп бөліп қарастыруға, артықшылықтары, кемшіліктерін айтуға бола ма? Бүгінгі ұлттық өнерімізден тәуелсіздік сарыны сезіле ме?

    – Марш, гимн, патриоттық жанрда жазылған шығармалар тәуелсіздік жылдары көбейгені рас. Бірақ Кеңес Одағы тұсында да коммунизм туралы әр түрлі кантаталар, патриоттық әндер болған. Дегенмен, патриоттық жанрда жазылған музыканы тәуелсіздікке дейін немесе кейін деп бөліп қарастыруға болмайды. Мысалы, «Коммунизм таңы» әнінің сөзін «Егемендік таңы» деп өзгертіп, айта беруге болады. Себебі, музыкасы жақсы. Ал музыкасы кәсіби тұрғыда нашар болса, ол өздігінен жоғалып кетеді. Жалпы, музыкадағы егемендік сарыны дегенде Бетховеннің Наполеонды қуана-қуана қарсы алғаны оралады ойыма. Ол Наполеонға арнаған ІІІ симфониясын Австриядан Германияға келген кезінде ойнайды. Ал Наполеон елге еш өзгеріс әкелмегенін көріп, демократия орнатады деген үміті сейілгеннен кейін симфонияны Наполеонға арнамайтынын айтып, оған «героикалық» деп ат қояды. Атауын ауыстырғанмен, бір нотасын да өзгерткен жоқ. Шын мәнінде мұндай әуен заман өзгерсе де, мәтіні өзгерсе де патриоттық сезіммен тыңдала береді.
    Соңғы кездері халық-аспаптар оркестрі көбейгенімен, репертуарында бүгінгі заманғы күйлер аз. Олар заманауи композиторлардың шығармаларына зәру болғандықтан, жаңа туындылар ұсыну жолында жұмыс істеудеміз. Әрине, егемендік уақытында жазылған шығармалардың барлығы дерлік ертең тарихта қалады деп айта алмаймыз. Олардың ішіндегі шыңдалмаған, кәсібилігі мен таланты жағынан нашар туындылар уақыт көшіне ілесе алмайды. Десек те, Ел тәуелсіздігіне арналған шығармалар қатары біршама толықты деп айтуға негіз бар.
    Патриоттыққа баулитын шығармалар қатарына Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде шыққан «Свещенная война» әнін жатқызуға болады. Өз заманының ғажайып туындысы саналатын бұл әнді Александров хоры айтқанда бүкіл Совет халқы орнынан тік тұрып тыңдайтын. «Вставай страна огромная» деген кезде әркім Советтер Одағын қорғауға тиіс екенін шындап сезінетін. Қалай болғанда да, егер музыка адамның ішкі жан дүниесін тебірентпесе, халық оны сезіммен қабылдай алмаса, ол қанша жерден кәсіби орындалса да, өміршең бола алмайды.

    – Кеңес Одағы тұсында: «Музыка сыны жұртшылықтың пікірін білдіруден қалып, жеке композиторлардың айқайшысына айналды. Кейбір музыка сыншылары принципшіл, әділетті сын орнына, тамыр-таныстарын барынша дәріптеп, оларға жағыну, жарамсақтану жолына түсті», – деген пікірлер қаулыға негізделіп айтылған. Ал қазір музыка сыншылары бар ма? Олардың жұмысына көңіліңіз тола ма?

    – Қай салада болсын сыншы өте білікті, кәсіби маман болуы шарт. Қазіргі таңда музыка сыншылары көп емес. Кеңес Одағы кезінде саясатқа қарсы келетін тұстары бар шығарма жақсы болса да мақталмай, керісінше, нашар туынды саясатқа жақса, керемет деп танылатын. Бұл мәдениеттің, әдебиеттің өркендеуіне кедергі келтірген еді. Бірақ бүгінгі күннің сыншылары шықты деп те айту қиын. Себебі, ол сыншының араласатын ортасына, оқыған кітабына, көрген киноларына, өмір мектебінен алған тағылымына да байланыс­ты.
    Күнделікті өмірде әркім өзіне сын көзбен қарамаса, әдебиет, мәдениет, өнер сыншыларының шығуы неғайбіл. Мысалы, Германияның сыншылары біреудің туысы, досы екеніне қарамайды. Президентпен, Корольмен қол алысып, жақын араласатын неміс сыншыларына жақындаудың өзі қиын көрінеді. Олар шақырған жерге бармай, күтпеген концертке қатысуы ықтимал. Германия жұрты Берлин филармониялық оркестрін Құдайындай көреді. Егер сыншылар сол оркестрдің концертіне барып, олар жаман ойнап жатса, «еліміздің намысы, мақтанышы» екен демей, сынап кетеді екен. Сондай-ақ, ешкім танымайтын музыканттың өнеріне тәнті болса, көкке көтереді. Мысалы, біздің Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваториясының симфониялық оркестрі Еуропаның беделді бір байқауына қатысты. Үш жарым мың көрерменге арналған керемет залда өткен байқау нәтижесінде жиырма екі оркестрдің ішінен қазақтар финалға өтті. Байқау шарты бойынша Батыс пен Шығыстың және өз еліңнің жаңа туындысы орындалуы тиіс. Сол кезде мен тапсырмамен «Дала сыры» деген симфониялық поэма жазып, оны неміс дирижерінің басқаруымен өзіміздің Ұлттық симфониялық оркестр мен «Тұран» этнофольклорлық ансамблі орындады. Халық «мировая премьера» деп, жақсы қабылдады. Шыны керек, біздің өнерпаздар Брамстың, Стравинскийдің шығармаларына қатты дайындалып, төл туындымызға аса күш салған жоқ. Сол үшін де «Қалай болады екен?» деп, іштей қатты уайымдаған едік. Алайда, ертесі күні Берлиннен шығатын «BerlinerMorgenPost» газетінің бірінші бетіне фестиваль туралы мақала шыққан екен. Оны әлгі біздің оркестрді бастаған неміс дирижер алып келіп, орысшаға аударып берді. Сонда Германияның ең беделді сыншысы: «Шыны керек, кештің нағыз жарқын туындысы – тамаша оркестрлік өнерімен, талантты музыкасымен ерекшеленген қазақстандық композитор А.Райымқұлованың шығармасы болды. Ол өзіндік бояуымен, көр­кемдігімен, кеңдігімен таңғалдырды», – деп жазыпты. Ол сыншы жиырма екі оркестрдің бәріне бармай, бізге келген екен. Бәлкім, «қазақ қандай халық» деп ойлаған шығар. Бірақ мақтап жазғанын көріп, біздің оған ешкім емес екенімізді ойлап, сыншыларының әділ екеніне көзіміз жете түскендей болды. Ал бізде қазір кейбір рецензияларды оқысаңыз, біреудің танысы екені байқалып қалады. Бұл, ең алдымен, өзін сыншымын деп санайтын адам­ның азаматтық және кәсіби ұстанымына байланысты. Біз сынның әділ болуы қажеттігін халық болып түсінбейінше, өзгеріс бола қоймайды. Мысалы, «Осындай жерде тамаша концерт өтті» деп жазады. Ол жақсы болсын, жаман болсын біз үшін керемет. Бір жағынан ешкімді ренжітпейік деген қазақы пейілімізге балап: «Е-е-е, жарайды, келесі жолы жақсы болады, бетінен қақпайық» – дейміз. Ол дұрыс емес. Егер кәсіби жағынан өсеміз десек, сын – туыс-бауыр, жора-жолдас шеңберінен шығуы керек.

    – Ал сыншылар бас қосатын орталық бар ма бізде? Музыкадағы ілгерілеу немесе кемшіліктер туралы пікір алмасулар болып тұра ма? Қазіргі жас сыншыларды тәрбиелеуде нені басшылыққа алу қажет?

    – Қазір Құрманғазы атындағы Консерваторияда сыншыларды дайындауға көп көңіл бөліп отырмыз. Жақсы мен жаманның ара-жігін ажыратуға ерекше мән берудеміз. Сыншылық – білімділікті, біліктілікті, талғампаздықты талап ететін қиын сала. Бірақ қазірдің өзінде жақсы қырынан көрініп жатқан жас сыншылар бар. Негізінен Консерватория мен Композиторлар одағының жасап жатқан жұмыстарының ортақ бір саласы – тәуелсіз елдің сыншыларын дайындау. 

    – Дауыс қоюға байланысты әртүрлі пікірлер айтылады. Итальян орындау техникасын қою дұрыс емес дейтіндер де бар. «Біз шетелдің классикалық әнін орындаған әншіні «классик» деп, дәстүрлі әншілерді «народник» дей саламыз. Бұл дұрыс емес», – дейді Жеңіс Сейдоллаұлы. Жалпы, классик дегенді біз қалай түсініп жүрміз?

    – Бұл пікір дұрыс емес. Мысалы, Майра Мұхамедқызы, Нұржамал Үсембаева, Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова сияқты әншілердің өнері де итальяндық деп аталады. Олар қазақтың әнін дүниежүзіне танытып жүр.
Шетелдің классикалық шығармаларын өзіндік шарттарына сай орындаймыз. Ол белгілі бір дауыс пен дәстүрге сай айтылуы тиіс. Мы­салы, қарапайым дауыспен операны, халық әндерін опералық дауыспен айту мүмкін емес. Сондай-ақ, Сырдың әні көмеймен айтылса, Арқаның, Жетісу әндерінің де өз ерекшеліктері бар.
    Негізі, дауыс деген өте нәзік нәрсе. Қойылмаған дауыспен кәсіби әнші бола алмайды. Мысалы, Италияның опера ариялары сияқты бізде де «Гауһартас», «Шама», «Япурай» сынды күрделі әндер бар. Даусы қойылмаған әнші осындай күрделі әндерді орындай алмайды. Мысалы, суретшілер итальяндық мектептен де өтеді, импрессионист, кубист, реалист болып көреді. Музыка өнері де сондай. Егер бала классикалық музыка өнеріне келсе, ол барлық классикалық шығармаларды орындай алатындай дәрежеге жетуі тиіс. Себебі, ауыл арасында айтатын әншілермен Консерватория түлектері А.Исатаева, Қ.Байбосынов, Ұ.Байбосынова, А.Қосанова­ларды салыстыра алмаймыз ғой. Орындаған ән жүрекке жетпесе, жай ғана даусы бар әнші болып қалатынын да ұмытпау керек.

Рамазан СТАМҒАЗИЕВ, 
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі:

    – Бұрнағы уақытпен салыстырар болсақ, кезінде Композиторлар ода­ғына жүйелі түрде тапсырмалар беріліп отырған. Мысалы, Кеңес заманында Отан тақырыбына, балаларға немесе қарт адамдарға арналған әндер жазу туралы, т.с.с арнайы нұс­қаулар жасалатын. Ал қазір ешқандай тапсырыс жоқ. Әркім ойына кел­генін жазып, қалағанын орындай береді.

    – Қазір эстрадалық әндер алдыңғы орынға шығып, дәстүрлі әндерді ығыстырып жіберді деп айта алмаймыз. Себебі, құлағында қазақтың әні, жүрегінде ұлттың үні бар қазақтар болған кезде дәстүрлі әндер ғасырдан ғасырға жалғасын таба бермек. Бізде тек қана дәріптеп, халыққа жеткізу жағы дұрыс жолға қойылмаған. Әйтпесе қазіргі таңда халқымыздың өткен ғасырлардағы әндерін орындап жүрген жастар баршылық. Қазір патриоттық әндер де аз жазылып жатқан жоқ. Әннің мәтінінде «тәуелсіздік», «ұлттық рух» деген сөздер кездеседі, бірақ жаппай жатқа айтатын патриоттық ән шыға қойған жоқ деп ойлаймын.
    Бір өкініштісі, қазір бірлі-екілі өнертанушы ғалымдар, Тұрсынжан Шапай сынды білікті мамандар ұлттық музыкаға қатысты сын-пікірлер ара-тұра айтып жатады. Ол сөздер айтылған жерде қалып қояды. Нәтижесі көзге көрінбейді.
    Ұлттық өнердің өміршеңдігі ұлтқа байланысты. Ұлтымыз қазақша сөйлеп, қазақша ойласа, болашақ ұрпақтың қазақы болуына қам жесе, төл өнердің өрісін кеңейтуге атсалысса, музыкамыз да өміршең болмақ. Қазақ­тың тілі, ділі мен діні талай тоқырауды, аумалытөкпелі заманды бастан кешіргенімен, әлі күнге дейін ұлттық музыкасынан ажыраған жоқ. Және ол болашақта да жалғасын таба береді деп сенеміз.
    Қазір бізде оқыған, білімді, нота танитын, бір шеңберде қалып қоймай, әлемдік деңгейдегі музыканы меңгерген кәсіби мамандар бар. Сондай-ақ, әнді өзіне жақын қабылдайтын, бірақ бір шеңберден шыға алмайтын әуесқой адамдар да жоқ емес.
    Аранжировка мәселесіне келетін болсақ, өңдеу жасайтын адамдардың дені жас жігіттер және басым көпшілігі сырттан келеді. Қазіргі қазақ әндерінен өңдеген ұлт өкілінің қолтаңбасы, әсіресе, өзбектік сарын анық байқалады. Яғни біз әнімізді өзге ұлт өкілдеріне өңдету арқылы өзгенің қолтаңбасы мен сарынын сіңіріп жатырмыз. Осындай қойыртпақ әндерді тыңдап өскен бала «қазақтың әні осындай» деп ойламасына кім кепіл? Ал бұл – өте қауіпті жайт. Ән өңдейтін мамандар қанша жерден талантты болғанымен, олардың ұлты, салты басқа болғандықтан, ой-өрісі, таным-түсінігі мүлде бөлек. Олар ұлттық өнерді жанжүрегімен сезіне алмайды. Қазіргі әндерде ұлттық сарынның азайып бара жатқанына да осы ән өңдеуші азаматтардың ішкі менталитеті әсер етуде. Бірақ эстрада өнерінде жүрген әншілердің басым көпшілігі солардың көмегіне зәру. Қазір жұрттың көпшілігі эстрадамен айтылып жатқан әнді – ұлттық ән деп ойлайды. Өкінішке орай, осының барлығын реттеп отыратын бір орталық жоқ бізде. Әр әнші әнін өңдеу үшін арзан әрі жақсы жұмыс істейтін азаматтарды іздейді.

Әлия САБЫРОВА, 
музыкатанушы:

    – Бүгінгі ұлттық рухты оятар патриоттық әндердің деңгейі қай шамада деп ойлайсыз?

    – Жоқ – деп айта алмаймыз, әйтсе де олар әлемдік деңгейде, жалпыұлттық мақтаныш дәрежесінде насихатталмай келеді.

    – Тәуелсіздік жылдары қазақтың музыка өнерінде қандай өзгерістер болды? Еліміздің егемендік алуы ұлттық өнерге қаншалықты ықпал етті?

    – Егемендік жылдары халықтың ой-санасы оянып, жастардың өткен тарихына деген қызығушылығы артты. Кезінде тұңғыш рет қазақ әнін Парижде орындаған Әміренің өнері қазіргі әртістерге таңсық емес. Деңгейі орташадан жоғары өнерпаздардың ішінде шартарапты шарламағаны аз.

    – Кезінде қазақ операсының алғашқы шығармаларының бірі «Қыз Жібек» қойы­лымына жиылған жұрт залға сыймай кетеді екен. «Абай», «Біржан-Сара» сынды опералар да сол кезден бері сахнадан түспей, төл өнеріміздің өміршеңдігін дәлелдеген. Десек те, «опера қазаққа жат» деген пікірлер сол кезде де, бүгін де айтылып жүр. Бұл туралы не айтар едіңіз?

    – Шынында да, тұңғыш музыкалық спектакльдер ХХ ғасырдың 30-шы жылдарында, тіпті бір маусымда 101 рет қойылғандары да болды. Е.Брусиловский шығарған опералардың композиторлық шеберлігінің деңгейі орыс сазгерлерінің ХІХ ғасырдың бірінші жарты­сын­дағы музыкасынан төмен, өте қарабайыр композиторлық техника. Алайда, Күләш, Қанабек, Ғарифоллалардың Е.Брусиловскийге көмектесіп, таңдаған халық әндері мен күйлерінің жауһарлары ұлттың жадында мәңгі сақталады әрі болашақта да халықтың ыстық ықыласына бөлене береді. Жастарға бұқаралық ақпарат құралдары арқылы төл өнеріміздің құндылығын түсіндіріп, насихаттау қажет.

    – Күләш Байсейітова Мәскеуде өткен қазақ өнерінің онкүндігінде Жібектің рөлін сомдағанда небәрі жиырма төрт жаста болған екен. Сол жылы «КСРО халық әртісі» атағын алғанын ойласақ, «бүгінгі жас өнерпаздар осындай дәрежеге көтеріле алып жүр ме?», – деген сауал туындайды. Мұндай құбылыстар байқала ма қазір?

    – Қазіргі өнерпаздарға қойылатын талаптар әлденеше өскен. Меніңше, қазір сахнаға шыққан өнерпаздың басым бөлігі қайталанбас көркем келбеті бар жеке тұлғалар. Ондай болмасаң, еленбейсің. Бәсекелестік аса жоғары деңгейде...

    – Қазіргі эстрадалық әндерден шетелдік ырғақ пен сарын байқалады. Бұл – өзіміздің төл өнерімізді менсінбеу емес пе?

    – Музыкалық болмыс пен сана оқу процесінен басталады. Эстрада артистерін дайындайтын Өнер академиясында қазақ музыкасын білсін деп емес, мұғалімге «қалай да жақсы баға қой» деген талаптар қойылғандықтан, жағдай өзгермейді. Себебі, өз өнеріне сүйіспеншілікпен қарау қажет. 

    – Ал ұлттық нақышқа толы туындылар неден бастау алады? Жалпы, ұлттық музыканың өміршеңдігі неге байланысты?

    – Меніңше, көпшілік тыңдайтын эстрада өнеріндегі ұлттық нақышқа толы туындылар дәстүрлі музыканың шеберлікпен өңделген нұсқалары. Ал ұлттық музыканың өміршеңдігі, ең алдымен оның ғасыр қойнауынан бұзылмай жеткен қазақтың музыкалық интонациясында, оның дабылмен соғылған квадрат емес, өзіне ғана тән еркін ырғағында.

    – Қазір музыканы зерттеп, елеп-екшеп, орындаушылар мен сазгерлерге сын-ескертпелер айтып отыратын орталық бар ма бізде? Өнердегі кәсібилік пен әуесқойлық туралы да айтып өтсеңіз.

    – Әрине, саясат жағынан емес, музыканың көркемдік деңгейін қадағалайтын ұйымның қажеттігі әлдеқашан туындаған. Сонымен бірге, кәсібилік пен әуесқойлық, ол өнерпаздың Консерватория немесе Өнер академиясының дипломымен өлшенбейді. Музыканың қазақилығы ана әлдиіне, үйдегі тәрбиеге және адамның талғамын қалыптастыратын теледидардағы хабарлардың сапасына байланысты. Меніңше, өнерлі болу – ол туа бітетін ерекше қасиет. Ал оны жетілдіру – еңбекқорлыққа байланысты. Ұлттық бояуы бар дәстүрлі музыканың насихаты мардымсыз. Дәстүрлі әншілердің эстрадалық өңдеулер арқылы танылып жатуы – ащы шындық. Қазақ зиялылары мен ұлттық өнердің жанашырлары жиналып, дәстүрлі музыканы биікке көтеруге, жаңғыртуға бағытталған бағдарлама жасап, оны заң жүзінде бекіту – кезек күттірмес үлкен мәселе. Екінші кезекте мектеп бағдарламаларында «Музыка» сабағын оқытатын пән мазмұнын дәстүрлі музыкаға бағыт алатындай түбегейлі өзгерту қажет.

Қазақ әдебиеті

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика