THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Біз, жалпы «қоғам» дегенді қалай түсініп жүрміз? Қарапайым халықтың ол турасындағы түсінік-ұғымының деңгейі қаншалықты дәрежеде? Әлеуметтанушы Есет Жемісбекұлы қоғамдық құбылыстарды маман-ғалымдардың қалың бұқараға өз деңгейінде түсіндіріп бере алмай отырғанын айтады. Және қазақ қоғамының даму мүмкіндіктері көптеген ішкі факторларға байланысты екенін тілге тиек етіп, соның ішінде қазақы менталитет, ұлттық болмысымызға сын көзбен қараудың жөніне тоқталып өтті. «Ұлы ұлт болу үшін, ең алдымен, руға бөліну, өзгені менсінбеу сияқты балаң ұлтқа тән мінезден арылуы қажет», – дейді ол тағы да. Сіз, қалай ойлайсыз, құрметті оқырман?!
– Қазіргі заманда қоғам туралы түсiнiк ғылыми тілмен айтқанда әрекеттiлiк, қатынастық, институтционалды тұрғыдан қарастырылады дейді ғалымдар. Қоғам дамуының әр түрлі концепциялары да бар екені белгілі. Ал қарапайым халықтың қоғам туралы түсінігі қандай?
– Қазақстанда қоғам туралы түсінік әлі толық қалыптасқан жоқ. Кеңес одағы тұсындағы кезеңмен немесе оған дейінгі уақытпен салыстырғанда Қазақстан қоғамында үлкен өзгерістер болды. Әрине, барлық жағынан және толық өзгеріске түсті деп айта алмаймыз. Алайда, мәселе бүгінгі ғалымдар мен зиялы қауым өкілдерінің халыққа «қоғам және оның дамуы» туралы мән-жайдың басын ашып, түсіндіріп бере алмауында. Бұл мәселенің маңыздылығы әзірше бұқара халықты да алаңдатпайды, интеллигенция арасында да талқыланбайды. Жалпы, кез келген адам өзінің кім екенін, қандай қоғамда өмір сүріп отырғанынан, даму мүмкіндіктерінен хабардар болуы аса маңызды десек, оны ғалымдар мен интеллигенция айтпаса, қарапайым халық қайдан білсін. Әрине, оның өз «концепциялары» бар. Бірақ отандық мамандар көп ойланып жатпастан «капитализм», «олигархия», «демократия», «нарық» деп жіктей салады. Бұл тым қарапайым, кедей ұғымдар. Ал қоғам – ғасырлар бойы қалыптасатын күрделі құбылыс. Жалпы, қоғамды «капитализм», «нарық» немесе «демократия» деп қарасақ, біз оны терең түсіне алмаймыз. Қоғамды қазіргі әлеуметтануда құрылым, негізгі қатынастар – «дәстүрлі» және «қазіргі заман» концепциялары арқылы, яғни қоғамды бір себепке ғана сүйеніп емес, керісінше көпжақты қарастырады. Ал біздің мамандар үйреншікті тар мағыналармен қоғам деген үлкен құбылысты түсіндіруге талпынады да, нәтижесінде оның ауқымын тарылтып алады. Осылайша қоғам туралы түсінікті әлі толық қамти алмай отырмыз. Ол біздің әлеуметтік білім салаларының мүмкіндігінің төмендігін көрсетеді. Мысалы, ақпарат құралдарында аналитикалық, сараптама жасайтын мақалалар жоқтың қасы. Дамыған елдердің қай-қайсысын алсақ да, оларда осы тақырыпта мыңдаған кітаптар мен мақалалар жарық көргеніне көз жеткізуге болады. Соның арқасында оларда қазіргі заманға сәйкес қоғамдық-әлеуметтік сана қалыптасып, нәтижесінде даму мүмкіндіктері мол болып отыр. Егер халықтың «қоғам» туралы түсінігі, білімі таяз болса, онда тек даму қиыншылықтары ғана емес, сонымен қоса көптеген қайшылықтар тууы мүмкін. Осындай интеллектуалдық, моральдық қиындықтар туындағанда ғалымдар белгілі аксиомаларға сүйене отырып, концепция арқылы мағынасын ашып бермесе, онда экстремистік ілімге үлкен мүмкіндік туады, жол ашылады. Сондықтан пікірталастар өткізіп, дүниежүзіндегі жағдайларды талқылап отыру өте маңызды. Бірақ әзірге біз осы мәселе төңірегінде талдап, таразылап, қорытынды шығаратындай жағдайға келе алмай отырмыз.
– Қоғамның дәстүрлi, индустриалды, постиндустриалды деп бөлінетінін және олардың өзіндік ерекшеліктері бар екенін көпшілік біле бермейді. Бір сөзіңізде «қоғамның сипаты әлеуметтік институттарды реттеуге байланысты» деп едіңіз. Осы туралы таратып айтып берсеңіз. Өзге елдердің тарихына зер салар болсақ, қандай артықшылық я кемшілік байқауға болады және біз одан сабақ ала алдық па?
– Қоғамның ерекшелігі және мүмкіндіктері әлеуметтік институттарына байланысты. Мысалы, қоғамда отбасы, еңбек, гендер, экономика, саясат, т.б. институттар бар. Олар ғасырлар бойы қалыптасып келген тұрақты әлеуметтік-мәдени қатынастар. Ол адамдардың қоғамдағы орнын анықтауға септеседі және қалай өмір сүру керектігін көрсетеді. Дәл осы институттардың өзара байланысы қоғам сипаттамасын айқындайды. Мысалы, марксистік, постиндустриялдық концепциялар да бір негізгі фундаментке сүйенеді. Сол арқылы институттардың жұмысын түсіндіреді. Ал жаңа айтып кеткен «дәстүрлі және қазіргі заман» концепциясында қоғамның құрылымын әр түрлі әлеуметтік-мәдени институттардың бір-бірімен қалай ұштасатыны арқылы анықтайды. Ол байланыстың екі түрі бар екен... Йерархиялық және плюралистік. Екеуі де ұзақ уақыт бойы қоғамның мүмкіндігіне қарай қалыптасқан. Ол жоспар бойынша жасалмайды және оны алып тастауға да ешкімнің құзыреті жетпейді. Институттар ғана емес, оның құрылымын өзгерту де өте қиын. Оған көп уақыт және қоғамдық мүмкіндіктер керек. Әрине, 100 пайыз иерархиялық немесе плюралистік, яғни идеалды модель болмайды. Зерттеу арқылы мына қоғамда көбінесе плюралистік екен немесе иерархиялық бір-екі институт бар, қалғаны соған бағынышты деп айтамыз. Мысалы, қазір солтүстік Кореяда өте қатаң бағынышты, ал кей қоғамда бұндай тәуелділік төмен. Жалпы, зерттеу кезінде екі модель деп бөліп қарастыру ыңғайлы.
Дәстүрлі қоғамға сай иерархиялық институттар құрылымы саясат пен дін негізінде қалыптасады. ХХ ғасырдағы дәстүрлі құрылымын сақтаған көптеген елдерде діннің орнын авторитарлы идеология басты. Мұндай құрылымда институттарды саясат пен идеократия бақылауда ұстайды. Ал институттардың плюралистік моделінде үстемдік ететін орта болмайды және автономиялық институттар бір-бірін толықтырып отырады. Бұл құрылым өнеркәсіпті, білімді, мәдениетті дамытуға өте қолайлы. Сондықтан иерархиялық модель плюралистікке қарағанда бәсекеге қабілетсіз болып шыққанын сенімді түрде айта аламыз. Сондай-ақ, қоғамды дәстүрлі сипатынан ажыратпай дамыту ұзақ уақытқа жеткізбейтінін тарихтан көз жеткізуге болады. Оның жарқын мысалы – Кеңес одағы. Ол кезде ғылыми-техникалық даму қарқынды түрде жүзеге асқанымен, институтционалдық құрылым артта қалғандықтан, барлық жетістіктер нәтиже бермеді. Дәл осылай екіге бөлінген кейбір елдерде институтционалдық құрылымы әр түрлі болғанының салдарынан олардың жетістіктерінде де үлкен айрмашылықтар бар. Мысалы, Кореяның бір бөлігі кедейшілікте өмір сүріп жатса, Оңтүстік Корея мен Тайвань алдыңғы қатардағы елдердің санатына қосылды. Өзімізге келетін болсақ, бізде иерархия да, плюрализм де бар. Бірақ біз плюралистік күрделі білімдерді қазіргі заман талабына сәйкес деңгейге жеткізе алмай отырмыз.
– Ал оған, яғни плюрализмге көшу үшін бізге не керек немесе не кедергі?
– Себептер көп, соның ішінде біздің қоғамда оған қажетті тарихи шарттар әлі жеткілікті қалыптасқан жоқ. Плюралистік иституттар құрылымына көшу үшін, ең алдымен, қоғамда қазіргі замандық әлеуметтік-мәдени білім дамуы қажет. Мысалы, біздің қазақ туысқандық, дәстүр-салт жағынан келгенде өте білімді. Мақал-мәтелдерді айтқанда алдына жан салмайтын халықпыз. Өйткені, ол ғасырлар бойы қалыптасқан және халықтың жадында жатталып қалған. Ал өндіріс саласында, қалалық өмірде біз соншалықты білімді емеспіз. Мысалы, когнитивтік социалогияда П.Бергер мен Т.Лукман: «Егер белгілі бір ортада әлеуметтік-мәдени білім көп жиналса, оның қоғамдағы адамдарды мәжбүрлейтін күші арта түседі және соған сәйкес адамдарды қалыптастыра алады», – дейді. Қазақта «адам білгенін істейді» деген сөз бар. Оны көбінесе оғаш қылық көрсеткен адамға қаратып айтады ғой. Бірақ бұл сөздің тура мағынасын алсақ, мысалы, адам білмеген ісіне араласа алмайды емес пе. Сондықтан жаңа заманға сәйкес адамдар пайда болуы үшін халыққа жаңа білім қажет. Егер сондай білім кең қалыптасса, онда қоғамда көп жинақталған, күнделікті өмірде жиі айтылатын ілім адамға тез дариды.
Жалпы, қазақ қоғамында қазіргі заманға сай қалалық сана, жаңа адамның түрлері пайда болуы керек. Мысалы, Абай атамыз өзінің он төртінші қара сөзінде: «Қазақтың жүректі кісі дегені – батыр кісі дегені. Жүректің басқа қасиеттерін анықтап біле алмайды», – дейді. Абай қазақ қоғамында адам түрлерінің аз болғанын уайымдаған.
Қазір бізге қоғам туралы ақпарат пен насихат жетіспейді. Сол үшін бұқаралық ақпарат құралдары: «Дәстүрлі қоғамға байланып қалмайық. Оны тарихи жадымызда қалдырып, енді күрделі білімдерді дамыта отырып, қазіргі қоғамдық қатынастарды қалыптастырайық» – деп, мәселе көтеруі тиіс. Мысалы, жапондар өзінің ішкі мәдениетін, дәстүрін сақтай отырып, қоғамдық қатынастарды жаңа деңгейге көтеріп, технологиялық лидер болып отыр.
– Қазақ «дәстүрлі» қоғамнан ажыраған жоқ дейсіз, осындай жағдайда өзіміздің даму мүмкіндіктерімізді мөлшерлеп айтуға бола ма?
– Егер дәстүрлі және модернизацияланған қоғам деп бөлсек, бізде екеуі де бар екенін айтып өттік. Кеңес одағының көп кемшіліктерін айтсақ та, ол кезде қоғамның, қалалардың, өнеркәсіптердің дамығанын, орта, жоғары білім алуға мүмкіндіктер мол болғанын жасыра алмаймыз. Байқап қарасақ, олардың сапасы кейде жеткіліксіз болса да, бұның барлығы жаңа заманға сай қасиеттер екен. Бірақ, сонымен қатар, біздің қоғамда рушылдық, жүзге, жерге бөліну, маманның еңбегін емес, туысқандығын алдыға қою сол кезде де белең алған болатын. Әрине, әркім өзінің руын білуі тиіс. Алайда қазіргі заманда жұмыс барысында туысқан емес, кәсіби маман қажет екенін ұмытпайық. Қай елде болсын, қандай қоғамды алып қарасақ та, кәсібилік туралы сана қалыптаспаса, қоғамның алға жылжуы қиын. Барлық қоғам қауымдық кезеңнен өтіп, жаңа заманға сай деңгейге жеткен. Енді біз де туысқандыққа, жолдастыққа тым көп көңіл бөлмей, тәртіпке, жұмысқа жете мән беруіміз керек. Адам, ең бірінші, өзінің адал еңбегімен ғана қоғамға пайда келтіре алады. Ал тек қана жақындық қарым-қатынастарға сүйену – балаңдықтың белгісі. Ондай адам ұлтына, қоғамға, еліне қызмет ете алмайды. Әрине, бұл ұзақ уақытты қажет етеді және оңай шаруа емес. Алайда оны қазіргі заманның талабы деп білген жөн. Ресейдің даму қарқыны тым баяу жүріп жатқанының бір себебі оларда да жаңа заманға сай институттар дұрыс қалыптаспаған. Сондықтан болар, соңғы кездері казачество туралы жиі айта бастады. Казачество орта ғасырларда және XX ғ. басында өз миссиясын орындады, ал қазіргі қоғамда оған орын жоқ. Олар жаңа заманға сай әлеуметтік институттарды қалыптастырудың жолдарын таба алмағандықтан, ескіге жүгінуді жөн көріп отыр. Бірақ бұл қате шешім. Біз де білім мен қатынастарды туындата алуымызға қарай өзгеріп отырамыз.
– Қазір көп адам Кеңес одағы тұсында бай мен кедей болып бөлінбегенін, барлығы тең болғанын, жалпы артықшылықтарын айтып, сол кезді көксейді. Және еліміз туралы айтқанда тәуелсіздікке дейінгі және кейінгі кезбен салыстыру қалыпты жағдайға айналған. Өзіңіз де Ресей мен Қазақстанның даму мүмкіндіктеріндегі ұқсастықтарды айтып өттіңіз. Жалпы, осындай салыстырулардың нәтижесі қандай?
– Бай, кедей болып бөліну көп жағдайда наразылыққа ұласып кетіп жатады. Бұндай таптық бөліну нарықтық қатынастарға көшкен барлық қоғамның тарихында болған. Өткенді сағыну, ойлау, аңсау, мақтау, т.б. біздің халықтың бойынан да байқалатыны жасырын емес. Кезінде Кеңес одағы тұсында өздері қарсы болған кей құбылысты уақыт өткеннен кейін мақтап шыға келетіндер бар. Дұрыс айтасыз, көп адам ол кезде бәріміз тең болдық дейді. Бірақ ол кезде де бай, кедей болып бөлінді. Мысалы, «Волга» немесе «Жигули» маркалы жеңіл автокөлігі бар адамдар бай болып саналса, қара жаяулар кедейлер санатына жатқызылды. Бірақ «жигулидің» құнын бүгінгі миллионер мен миллиардердің материалдық игілігімен салыстыруға болмайды ғой. Мәселе осыда. Ол кездегі теңсіздіктің арасы қазіргідей тым алшақ болған жоқ. Жалпы, тарихқа зер салсақ, кез келген қоғам төмен, орта және жоғары тап болып бөлінетініне көз жеткізуге болады. Тіпті, материалдық тұрғыдан тең болғанның өзінде беделі, билігі жағынан бөлінген. Қазіргі қазақ қоғамында бай мен кедей арасының тым алшақтап кетуі, біріншіден, адамдардың белсенділігіне байланысты деп ойлаймын. Социология заңы бойынша егер бай мен кедейдің арасы тым алшақтаса – қоғамда наразылық туып, барлығы тең болса – қоғам дамуы баяулайды, ең дұрысы – теңсіздіктің орташа болуы екен. Санмен мысал келтірсек, төменгі мен жоғары таптың арасы 15-20 есе болса, ол – орташа саналады. Сонда 20-дан асып кетсе – наразылық туады да, 10-нан түсіп кетсе – даму бәсеңдейді. Және маңызды мәселелердің бірі, ол – біздегі жаңа элита мен орта таптың пайда болуы. Ол тек материалдық критерийлерге ғана емес, әлеуметтік-мәдени процесстерге де байланысты. Орта немесе жоғары тап пайда болуы үшін олардың табысынан бұрын соған сәйкес мәдениеті болуы қажет. Бізде кей жағдайда материалдық игілік мәденилікпен қатар жүрмейді. Американдық социолог Ульям Огборн: «Материалдық тұрғыдан жоғарылау мәдени өзгеріске қарағанда жылдам болатын процесс. Бірақ ол қалыптасу үшін, ең алдымен, мәдени өзгерістер орын алуы керек», – деген екен. Мысалы, жоғары және орта таптың тілі, құндылығы, қарым-қатынасы төменгі таптарға қарағанда жоғары болуы тиіс. Кейбір адамдар тез байып кетіп жатады. Бірақ өзі төменгі таптың санасында қалып қояды. Бұл да – үлкен мәселе. Сондықтан, біздің әдебиет және өнер элита мен орта таптың мәдениетін дамытуы керек. Осы тақырып төңірегінде жазылған Т.Драйзердің, Томас Манның еңбектерін ерекше атап өтуге болады. Бізде де егер осындай шығармалар, көркем әдебиет, кино, аңыздар пайда болса, қоғам ілгерілеп, жаңа құрылымдар пайда болатын еді.
– Кезінде К.Маркс тұжырымдаған «қоғамдық сана» мен «қоғамдық болмысты» бүгінгі күнмен бағамдасақ, қандай сипаттама берер едіңіз? Жалпы, материалдық игілік рухани байлықты ысырып тастаған жоқ па?
– К.Маркстың «қоғамдық болмыс» туралы түсінігі Кеңес одағы кезінде кең таралды. Біз әлі де болмысты, яғни материалдық игілікті алдыңғы орынға шығарамыз. Ал тарихты қарасақ, кей елдер қоғамдық санаға, дінге қатты ден қойған және сөйте тұра материалдық тұрғыдан қарқынды дамыған. Меніңше, қоғамның дамуы, ең алдымен, білімділікке байланысты. Әрине, болмыс, материалдық даму кез келген қоғамда маңызды, алайда ол рухани құндылықтарға тәуелді болып келеді. Мен Кеңес одағын жамандағым келмейді. Ол кезде жетістіктердің де болғанын мойындауымыз керек. Бірақ бір кемшілігі – техникалық білімдерге көбірек ден қойылып, философия, әлеуметтану ғылымдарының дамымай қалуы. Соның салдарынан біз рухани құндылықтарды жеткілікті түрде игере алмадық. Қазір нарықтық қатынастарға көштік те, руханилықты шеттетіп, материалдық құндылықтарға көбірек ден қоя бастадық. Әлеуметтану пәнінен сабақ беріп жүргенде студенттерден: «Сендерге біреу мың доллар берсе, оның қанша ақшасын кітапқа жұмсайтын едіңдер?», – деп сұрайтынмын. Сонда студенттердің тоқсан пайызы ақшасын кітап алуға емес, киімге, ұялы телефонға, қыдыруға жұмсайтынын мойындайтын. Материалдық игіліктің алдыңғы орынға шығу себебі қоғамның тарихы мен құрылымына да байланысты. Социология тұрғысынан қарасақ, тұрақты кездесетін процестер қоғамның өзінен туындайды екен. Ал оны өзгерту үшін қоғамда білімге және рухани байлыққа ұмтылыс болуы керек.
– Рушылдық – «дәстүрлі» қоғамның белгісі деген екенсіз. Жалпы, осыдан шығар жол бар ма? Бүгінде әдебиет, өнер салаларында адамды бағалау жершілдікке ұласып кетіп жататыны жасырын емес. Осындайда адамаралық қатынастағы адалдықтан, еңбекті бағалаудағы әділдіктен алыстап бара жатқан жоқпыз ба деген ой келеді. Егер қазақы менталитет «дәстүрлі» қоғамға тән болса, ол жақын болашақта өзгеруі мүмкін бе?
– Меніңше, бұл – қазақтың ерекшелігі емес. Рушылдық құрылымы жағынан әртүрлі болады. Қазақ рушылдығының өзіне тән мазмұндық сипаты болғанымен, рушылдық принципі көптеген елдерде, мысалы, Францияда да, Германияда да болған. Әлі де, мысалы, Африка тайпаларға бөлінеді. Ол – тарихи сипаттама. Қазір рушылдықты ұлтымыздың жетістігіне балап, одан ажырамаудың жолдарын іздеп жүргендер баршылық. Әркім жеті атасын білуі шарт. Бірақ қазіргі заманда біз, ең алдымен, қазақ екенімізді ұмытпауымыз керек. Ал оның жойылмай, сақталып келе жатқанының бір себебі – қазіргі заманғы білім мен қатынастарды дамыта алмай отырғанымызбен астасып жатыр. Бүгінгі жағдайда қазақ басылымдары беттерінде жазушылар, зиялы қауым өкілдері өз пікірін білдіріп, оны қоғам талқысына ұсынуы тиіс.
Менің бір танысым: «Рушылдық – біздің жетістігіміз. Кеңес одағы кезінде рушылдықтың арқасында Патша өкіметі бізге жолай алмаған», – дейді. Бұл, өкінішке орай, бір адамның ғана ойы емес. Пікірлес адамдар көп.
Тағы бір айта кететін мәселе, қазір өнерде, музыкада өзінің қазақы түп негізін сақтаған жаңа бағыттар пайда бола бастағаны қуантады. Қазақтың рок музыкасы, джазы, жаңа мәдениеті болуы тиіс. Сондай-ақ, айтайын дегенім, бізде әлі күнге дейін қазақ образдарын жылқымен, киіз үймен байланыстырады. Біз далалық өмірді қалалық өмірге айырбастап, ХХІ ғасыр қазағы атанғанымызға біраз жыл болды. Сондықтан қазіргі заманға сәйкес жаңа образдарды ойлап, табуымыз қажет. Өйткені, оның қоғамға ықпалы өте жоғары. Мысалы, жарнамалық әлеуметтік билбордтарды шығарғанда «Қазақстан, алға!» деп ұран жазады да, аттың шауып бара жатқан суретін бейнелейді. ХХІ ғасырда біз атпен қайда барамыз?
Негізінен даму – жаңа, күрделі формалардың жасалуына байланысты. Қазір дамыған елдердің өмірі күрделеніп барады. Бұл қалыпты жағдай. Жаңа технология күрделі мәдениеттік қатынастар болғанда ғана дамиды. Мысалы, араб елдерінде байлық көп болғанымен, технология дамымаған. Өйткені, олардың әлеуметтік құрылымы, мәдениеті, өркениеті күрделі емес, көп жағдайда артта қалған. Әл-Фараби кезінде араб мәдениетін зерттеп, ол бүкіл дүниежүзіне әсер етті. Бірақ кейін қоғам дамымай, бір орында қалып қойды. Мәдени-әлеуметтік капиталсыз тек ақшаның күшімен жаңа технологияны дамытуға болмайтынын осы мысалдан-ақ байқауға болады.
– Соңғы кездері көші-қон ел халқының жалпы санын арттырғаны анық. Алайда, сырттан келген қандастарымызды бауырымызға басудың орнына жатсына қарайтынымыз рас. Еліміздегі өзге ұлттар қазақша үйреніп жатса да қуанбаймыз. Жалпы, мықты елдер бірінші кезекте халқының менталитетін түзеуге талпынады екен. Ал біз үшін ұлы ұлтқа айналудың жолы қандай?
– Оралман деп көп адам менсінбей қарайтын қандастарымыздың (мәдениетінде біраз айырмашылықтар болса да) ұлтты сақтап қалуға үлкен себепкер болып отырғаны жасырын емес. Біздің бір кемшілігіміз, өзіңіз айтқандай, не сырттан келген қазақтарға бауырмалдық танытпаймыз, не өзгенің тіл үйренуге деген құлшынысын қолпаштамаймыз. Біз болашақ жүз жылда таза қазақ ұлтынан тұратын ел болмаймыз. Сондықтан қазақтың тіліне, діліне ден қоя бастаған өзге ұлт өкілдерін қолдай отырып, оларға мәдениетімізді насихаттауымыз керек. Мүмкіндігінше телеарналарда қазақтілді өзге ұлт өкілдері диктор болса, бұл – тілдің қолданылу аясын кеңейту жолындағы үлкен насихат болар еді. Мемлекеттік және жеке ұйымдарға да қазақ тілін білуді талап етіп қою қажет. «Егер қазақ тілін білсең, саған барлық есік ашық» десек, басқа орталықтар да тіл білуге талпынады. Ұлты басқа болса да Қазақстанды өз елім деп санайтын және кем дегенде қазақша жүз сөз білетін болса, ол адамға «Жарайсың! Ары қарай үйрене бер! Біз сені қолдаймыз!» – дегеніміз абзалырақ. Біз кейде өзгелер қазақ тілін таза білсін деп айтамыз, ол аз уақытта мүмкін емес нәрсе. Себебі қазақтардың өзі жүз пайыз білмейді. Әдеби сөздердің мағынасын түсінбейтіндер көп. Сондықтан тіл үйренуге деген қандай да бір талпыныс болса, біз оған қуануымыз керек. Әрине, егер қазақ мәдениетіне, тіліне, діліне қарсы шықса, біз үнсіз қалмаймыз. Алайда, бұл қақтығыс арқылы емес, мәдени биіктігімізбен жүзеге асуы тиіс. Егер біз мәдени мықты болсақ, өзімізді мойындата аламыз. Тәуелсіздік алғалы бері өткен жиырма жылдан аса уақыт ішінде көптеген елдердің бізді мойындағанын көріп отырмыз. Сондықтан егер мықты, ұлы ұлтқа айналамыз десек, ең алдымен, руға бөліну, өзгелерді менсінбеу сияқты балаң ұлтқа тән мінезден арылу қажет.
– Кезінде Абай өзінің екінші қара сөзінде «қазақтың өзге ұлттарды кемсітетінін» айтып, соңында өзгелердің бізден озып кеткенін тілге тиек еткен еді. Кеңестік кезеңде орыстар да өзге ұлттарды менсінбеген. Соның салдарынан олардың өзге ұлт қолынан қаза табуы жиілеп кеткен көрінеді. Жалпы, тәкәппарлық пен адамды алалаушылықтың соңы қайда апарады?
– Біреуге күлген адам – өзінің кемшілігін көре алмайды. Жалпы, адам тым мақтаншақ та болмауы керек, өзін қатты жамандауға да болмайды. Халық та сол секілді. Мақтаныш та, сын көз де орташа деңгейде болуы тиіс. Дүниеде кемшілігі жоқ адам болмайтыны секілді мінсіз халық жоқ. Адамның мінезін өмір тәрбиелесе, халықты тарих жазалайды. Мақтаншақтық – даму стимулын азайтады. Ал өзгенің жетістігін көре алмау – өте жаман қасиет.
Бір қарағанда, қазіргі таңда қазақ халқының мақтанатын жөні бар. Жиырма жылда посткеңестік елдердің көбінен озып кеттік. Алайда, кемшіліктер де жоқ емес. Оның көбі дәстүрлі құндылықтардың орын алуы – білімге, рухани байлыққа халықтың, әсіресе жастардың құлықсыздығы, бізге аса қажетті техникалық, әлеуметтік-мәдени мамандықтардың, тарихшылардың тапшылығынан туындап отыр. Жақында өткен жиында тарихқа қатысты мәселелер жәйдан-жәй көтерілген жоқ. Біз әлі сапалы тарих жаза алмай отырмыз. Онсыз халық қалай дамиды? Қоғам туралы түсінік беру мүмкіндігіміз де тым төмен. Қазір диплом алып жатқан жастар көп, ал терең білім игеріп жатқандары шамалы. Білім алуға, білуге деген құштарлық жетіспейді. Оның қаншалықты қажетті екені жеткілікті түрде насихатталмайды. Сондықтан бізде жетістіктер де, кемшіліктер де бар. Біз енді тек өзімізді мақтай бермей, бір уақ кемшіліктерімізді түзеуге талпынғанымыз дұрыс. Абай атамыздың бізге айтып кеткен ақылы бүгінгі заманда өте орынды. Шын мәнінде, біз күлетін басқа ұлттардың жетістіктерін алып қарасаңыз, бұны түсіну оншалықты қиын емес. Өзгелер кемшіліктерін өздері шешсін, біз, ең алдымен, өзімізді түзеп алайық. Қазақстанның жаңа деңгейге көтерілуіне, еліміздің бір қадам алға жылжуына әрқайсымыз өз үлесімізді қоса алатынымызды сенінуіміз керек.
Қазір бұқаралық ақпарат құралдары «Біз қай жерде тұрмыз? Даму мүмкіндігіміз қандай?» деген сауалдар төңірегінде өте аз жазады. Бізге барлығын мемлекет шешіп беру керек сияқты көрінеді. Бірақ ол дұрыс емес. Қарап отыруға болмайды. Нақты мүмкіндіктер, бағыттар бар, біз соларды пайдалануымыз қажет. Бұл – қоғамдық мәселе. Сондықтан газет-журналдар мәселе көтеріп, зиялы қауым өз пікірін білдіріп отырса, қазіргі заманға лайықты мамандықты игеру туралы көп айтылса, нұр үстіне нұр болар еді. Қазір өз ісінің бүге-шүгесін толық меңгерген мамандар тапшылығы анық сезіледі. Егер өз ісіне берілген адамдар қарасы көбейсе, қоғамдық деңгейіміз де өсетін еді. Бұл – үлкен ресурс. Дамыған елдер осы жағына жете мән береді. Сондықтан біз де білімді, білікті, кәсіби маман болуға талпынып, осы бағытта талмай еңбектеніп, ізденіп, жұмыс істейік.
– Әңгімеңізге рахмет!
Қазақ әдебиеті
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ