THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
404 - Ештеңе табылмады.
Кешіріңіз, сіз іздеген ақпарат бұл жерде жоқ.
Жуырда Батыс Қазақстан облысының әкімдігінде Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық кеңесінің отырысы өтті. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, ассамблея мүшелері қатысқан алқалы жиында шенеуніктердің атқарған жұмыстары жөнінде есептері тыңдалды.
Орал қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Марс Сатыбалдиев өз есебін мемлекеттік тілде айтуға тырысып баққан еді, бірақ оның қазақ тілін білу деңгейіне көңілі толмаған Нұрлан Ноғаев шенеуніктің мектепті қай тілде оқып бітіргенін сұрады. Марс Сатыбалдиев орыс мектебін тәмамдағанын айтты.
«Мен, әрине, кешірім сұраймын, бірақ сіздің оқыған баяндамаңыздан мен түк түсінбедім. Сөздеріңізде не нүкте, не үтір жоқ, бейне бір жиынтық сөздер ғана оқып тұрғандайсыз. Егер де сізге орыс тілінде оқу ыңғайлы болса, онда орыс тілінде оқыңыз, ал егер де баяндаманы мемлекеттік тілде жасаймын десеңіз, мұндай деңгейде оқығаныңыз мүлдем жарамайды! Сіз қазақ ұлтының өкілі болғандықтан, мемлекеттік тілді өркендету міндеті ең алдымен сізге және бізге – қазақтарға тиесілі екенін ұмытпауыңыз керек. Бұл тұрғыдан алғанда мұныңыз үлкен кемшілік» деді облыс әкімі. Мемлекеттік тілді білу деңгейі, әсіресе қазақтар үшін талапқа сай болуы керектігін орынды қозғап өткен Нұрлан Ноғаев, әр қазақ тілді білуді өзінен бастауы керек екенін қаперге салды. «Қанша тіл білетін болсаң, соншалықты байсың. Мемлекеттік тілді білу әрқайсымыздың азаматтық міндетіміз болуы тиіс» деп атап өтті. Орынды айтылған сөз! Қазақ тіліне ең алдымен қазақтың өзі жанашыр болуы тиіс. Өйткені ұлттың өз керегі өзінде болғанда ғана, іс алға басады. Неліктен біздің арамызда өз тілін білмейтін қазақ азаматтары бар. Мұның бір себебі олардың ана тілдеріне деген көзқарастары әлі дұрыс жолға түспеген. Әрбір қазақ тілді білуді өзінен бастаса ғана өзгелерге үлгі болмақ. Бұл жалғыз бүгін ғана айтылып келе жатқан мәселе емес. Жақында Елбасы Ұлытаудағы сұхбатында «Өз тілімізді өзіміз бағалауымыз керек, «Тіл туралы» Заңды қолданып, өзімізбен өзіміз қазақша сөйлесуіміз керек. Тілдің майын тамызып сөйлеп, басқа жұртқа үлгі көрсетуіміз керек» деп тіл жауапкершілігі, ең алдымен қазақтардың өзіне байланысты екенін атап өтті. Елбасы бұл мәселені бұрын да айтқан. Сол кезде «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген сөзі көпшілігімізге ой салған еді. Бірақ содан бері қаншама уақыт өтсе де, «баяғы жартас, сол жартас» күйінде қалып келе жатқандай.
Қарап тұрсақ, мемлекеттік тілді шеттетіп, ана тілінің алдындағы жауапкершілігін сезінбей жүргендердің өзі қазақтар болып отыр. КСРО-ның үстем саясаты кезінде жойылып кетпей, сақталған тіліміздің еңсесін тәуелсіздігімізді алған соң одан әрі тіктей түсуге біз неге талпынбаймыз!? Ісімізде әлі де салғырттық, немқұрайлылық басым. Жауапкершілікті сезінбеуіміз – болашақты ойламауымыз. Біздің бар болмысымыз, жетістігіміз, жарқын келешегіміз өз тіліміз арқылы келуі керек. Басқа тілдегі бақыт та, байлық та ұлттың көсегесін көгертіп, бағын асырмайды. Тілде қасиет бар. Ұлтқа керекті қасиеттің бәрі тілде жатыр. Сондықтан тілді жоғалтсақ, бәрін де жоғалтамыз. Әрине, өмір жалғаса берер, бірақ тілсіз ұрпақ өзге елдің шылауында кетіп, өзге жұрттың жыртысын жыртып кетпей ме деп те ойланасың. Кеудеңе намыс отын жағатын, жүрегіңе жылылық ұялататын, алпыс екі тамырыңды қуалап, жігерің мен қайратыңды тасытып, елге, жерге деген патриоттық сезіміңді оятып, қалыптастыратын да өз тілің, Ана тілің! Бірақ осыны ескеріп, елеп жүрген «жаңа қазақ» табылсайшы. Қазір кейбіреулер үшін шет тілін білу – мақтан, ал өз ана тілін білмеу түк те ұят емес. Өйткені ұят та тіл арқылы қалыптасарын сол бауырларымыз ескермей жүр.
Anatili.kz
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ