THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:

404 - Ештеңе табылмады.
Кешіріңіз, сіз іздеген ақпарат бұл жерде жоқ.
Қолданыстағы жаңартылған бағдарламаның басты кемшілігі
Авторы: Қапантайқызы Шынар
05/06/2025 18:04 0 536 1
Қапантайқызы
Шынар
Педагогика
ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің
қазақ тіл білімі кафедрасының профессоры
Қазіргі
білім беру үдерісінде қолданыста жүрген «Қазақ тілі» пәнін оқыту бағдарламасына
сын-пікірлер көп айтылуда. Олар: пәннің білім мазмұнының құрамына сөйлеу
әрекетінің түрлерін (тыңдалым, оқылым, айтылым, жазылымды) енгізуге болмайды,
білім мазмұнына тек қана сол пән сүйенетін ғылымның, яғни тіл білімінің
негіздері енгізілуі керек; ортақ лексикалық тақырыптар тілдік тақырыппен
байланыста берілуі керек, PIZA тестіне дайындау география, астрономия,
экология, экономика, т.б. тақырыптардағы мәтіндер беру арқылы шешілмейді деген
пікірлер.
Бағдарламаның
тағы бір басты кемшілігі – оқу мақсаттарының
мәтінмен әр сабақта кешенді жұмыс жүргізуге бағытталмауы және мәтінге
тілдік талдау жасау мақсатының болмауы. Оқу мақсаттарын түзетіп алмайынша,
грамматикалық білімді жүйелі түрде беру де, лексикалық тақырыптарды
құндылықтарға негіздеп ұсыну да қазақ тілін сапалы оқыту мәселесін шеше
алмайды.
Қазіргі
тәжірибеде оқу мақсаттары пәннің ұзақ мерзімді жоспарына сәйкес оқу жылы
бойында араласып келіп отырады. Пән мұғалімі оқу мақсаттары жүйесінің ішінен
сабақтың тақырыбына сәйкес келетін мақсатты анықтап алып, қысқа мерзімді
жоспарына (ҚМЖ) әкеліп қояды. Қысқа мерзімді жоспардың «оқу мақсатынан
туындайтын сабақтың мақсаты» деген бөлігіне де тура осы оқу мақсаты көшіріліп
әкеліп, баяндауыштары ғана өзгертіліп қойылуына келсек, мұғалімге дайын дүниені
«көшіріп әкеліп қою» мүмкіндігін ғана беретін, артық ойландырмайтын,
шығармашылығын тежейтін мәселе екені анық.
Оқу
мақсаттарында тыңдалым мен айтылым дағдыларын біріктіріп берудің қате екендігін
ғалымдар да айтып жүр (https://abai.kz/post/199594). Оқушы тек тыңдаған мәтін
бойынша ғана емес, оқыған мәтіні негізінде де ойын ауызша, жазбаша түрде
жеткізетіні белгілі. Сондықтан айтылым әрекетін дамыту мақсаттары өз алдына
жеке берілуі тиіс.
Жаңартылған
бағдарламада «Тыңдалым және айтылым» 6 бөлімшеден тұрады. Оның ішіндегі
«болжау» мақсаты 5-9 сыныптар арасында тақырыпты болжаудан көтерілген мәселені
болжауға дейінгі аралықта дамытылып
беріледі. Орындалуына ең ұзағанда 2-3 минут қана уақыт жұмсалатын, күтілетін
нәтижесі де, бағалану мүмкіндігі де төмен мақсаттардың бірі. Келесі «әртүрлі
жанрдағы мәтіндерді талдау», «мәтіннен ақпаратты анықтау», «негізгі ойды
анықтау», «тыңдалым материалы бойынша жауап беру және бағалау» деген
бөлімшелерінің барлығы бірін-бірі қайталайды, тек мәтін мазмұнына қатысты
жұмыстармен ғана шектеледі.
«Оқылым»
бөлімінің «ақпаратты түсіну», «мәтіннің стильдік ерекшелігін тану», «мәтіннің
жанрлық ерекшелігін ажырату», «мәтіндерге салыстырмалы анализ жасау» деген
бөлімшелері де мәтін мазмұнын талдауға бағытталған. Оқылым бөлімінің 7
бөлімшесінің ішіндегі «мәтін бойынша сұрақтар құрастыра білу» деген мақсат қана
оқушының тілдік, коммуникативтік құзыреттілігін дамытуға бағытталған. Алайда
оның өзі де мәтінде көтерілген мәселені, яғни мазмұнын анықтауға бағытталған
сұрақтар құрастыруды ғана көздейді. Бағдарламадағы «оқылым стратегияларын
қолдану» деген дағдының жеке мақсат ретінде берілуі дұрыс емес, себебі іріктеп
оқу, зерттеп оқу немесе талдап оқу деген дағдылар - әр оқушының жеке мүмкіндігі
мен қажеттігіне қарай жүзеге асатын әрекеттер, олар оқу үдерісін тиімді
ұйымдастыру мақсатында, Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «қолданылатын орнының
қажет қылуына қарай» жұмсалады.
Бүгінгі
тәжірибе көрсетіп отырғандай, осындай мақсаттарға құрылған мәтінмен жұмыс түрі
тек қана оның мазмұнын талдаумен шектеліп келеді. Соның нәтижесінде «Қазақ
тілі» пәнінде оқушыға жол жүру ережелері бойынша БЖБ тапсыртып, туризм бойынша
ТЖБ тапсыртып, биоалуантүрлілік пен ғарыш әлемін қаншалықты білетінін бағалап
жүрміз.
Мақсаттар
жүйесінде мәтіннің құрылымын, типін, түрін талдауға байланысты дағдыларды
дамыту мүлде қарастырылмаған. «Қазақ тілі» пәні болғандықтан, ең алдымен
мәтіннің тілін талдау жұмыстары жүргізілуі керек екені белгілі. Мәтіннің тілін
талдау жұмысы өз дәрежесінде жүргізілген кезде ғана жаңа білім функционалдық
тұрғыда меңгеріледі. Тыңдаған немесе оқыған мәтін тіліне талдау жасау кезінде
оқушы жаңа сабақта меңгерілетін тілдік бірліктің мәтінде қалай жұмсалып, қандай
қызмет атқарып тұрғанын, автор қолданысында қандай ерекшеліктері бар екенін
анықтайды. Тілдік бірліктің мәтін ішінде қолданылуына талдау жасап, өзі
байқаған мағыналық, құрылымдық ерекшеліктері жайлы болжамын айтып, өз
анықтамасын ұсынады. Содан кейін барып оқулықта берілген ережені оқып, өз
болжамының дұрыстығын тексереді. Келесі кезеңде жаңа меңгерілген тілдік
бірлікті қолданып, тапсырмалар орындайды, мәтін үлгісімен өз мәтіндерін
құрастыра бастайды. Мәтін бойынша осындай кешенді жұмыс істеу дағдысын
меңгеріп, тілдік бірліктерін тани білген оқушы ғана кез келген сынақта, кез
келген тақырыпта берілген мәтінді оңай талдай алатын болады.
Қолданыстағы
бағдарламаға сәйкес ҚМЖ құрастыруда оқу мақсаттарының ішінен әр сабақта бір-екі
мақсат таңдалып алынады. Мысалы, мұғалімдер жиі қолданатын
https://elorda-mektep.kz/ сайтынан алынған мына бір ҚМЖ-да тілдік мақсат
көрсетілмеген, екі мақсат та сөйлеу әрекетінің түрлері бойынша берілген:
«7.2.6.1 (О) – оқылым стратегияларын қолдану, комментарий жасау, іріктеп оқу,
зерттеп оқу; 7.3.4.1 (Ж) – эссе құрылымы мен даму желісін сақтап, тақырыпқа
байланысты берілген мәселенің оңтайлы шешілу жолдары немесе себептеріне өз
көзқарастарын жазу». Сонда оқушы өзі дағдыланған әдетімен оқыған мәтіннің
мазмұны бойынша ойын айта бастаса, мұғалім: «Жоқ, бүгінгі сабақтың мақсаты –
оқылым стратегияларын қолдану ғана, басқа жұмыстар орындалмайды, бағаланбайды»,
- деп айта ма? Ресми құжатты заң деп қабылдайтын жас мұғалім келді делік, ол
көрсетілген мақсаттан аса алмайды ғой? Тәжірибелі мұғалім, әрине, мәтін бойынша
күнделікті атқаратын жұмыстарын жүргізе береді, олай болса, ҚМЖ-да белгіленген
мақсат жұмыс істемей, өтірік тұрғаны ма?
«Қазақ
тілі» пәнінде мәтін тілдің табиғатын, қолданыстағы ерекшелігін анықтауға
мүмкіндік беретін тілдік материал ретінде ұсынылады. Сондықтан оқылым, тыңдалым
мәтіндерімен жұмыс әр сабақта кешенді түрде
жүргізіліп, мазмұнын, құрылымын, тілдік құралдарын тануға бағытталуы
керек. Өкінішке қарай, қазіргі ҚМЖ-лардан бір сабақта тек стилін анықтап, бір
сабақта тек жанрын талдап, енді бір сабақта тек негізгі ойды анықтауға
бағытталған мақсаттарды көреміз.
Өзге тілде
оқытатын мектептердегі «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің қолданыстағы
бағдарламасының оқу мақсаттарында да осыған ұқсас кемшіліктер бар. Оқу
мақсаттарының аталған мәселелері жаңадан қабылданатын үлгілік оқу
бағдарламаларында ескерілуі тиіс. Ол мәселе шешілмесе, мәтін мазмұнын қайталап
айтумен және лексикамен еш байланыссыз грамматикалық ережені құрғақ қайталаумен
шектелетін сапасыз сабақтар орын алатын болады.
ПІКІР АЛМАСУ
08/04/2025 14:46
Орал қаласында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен республикалық олимпиада өтті
|
08/01/2025 17:32
Қазақстан халқының тілдері күніне арналған «Ана тілім – ардағым» атты мерекелік іс-шара өтті
|
ТЕКСТ