КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Error 404

404 - Ештеңе табылмады.

Кешіріңіз, сіз іздеген ақпарат бұл жерде жоқ.


ҰЛТ МҮДДЕСІ

 … Менің балдызымның есімі – Света. Қайын жұртымның ауылында Катя мен Колялар да жетерлік. Бәрі – қазақ, бірақ орыс жеріне жақын жатқандықтан (Батыс Қазақстан облысы) орыс есімдері сыналап кіріп кеткен болуы керек. Жақында сол жердегі бір ауылға құда түсіп бардық. Болашақ құдалар өздерінің туған-туысқандарын таныстырғанда, «мынау – Әскерсват», ал мынау – «Маратсват» деп, қазақ-орыс тілін қосақтаған, жаңа біріккен сөз қолданып, біздерді бір мәз қылып тастады.

Ал Зайсан жақтағы тағы бір құдаларымның жап-жақсы Төлеубек деген аты Толя болып кеткен. Әрине, қатар жатқан екі ұлттың тілі бір-біріне әсер етіп, кейбір сөздерінің ауысатыны – табиғи құбылыс. (Бірақ қазақпен қатар жатқан орыс ұлтының аттары неліктен Сарыбай не Дүйсенкүл болмайтыны таң қалдырады…). Меніңше, бұл жерде табиғи заңдылықпен қатар нақты саясат, еліктеушілік пен басқа ұлттың мәдениетін, құндылықтарын қабылдау да бар. Сондықтан болуы керек, сібір халықтарының көпшілігінің аты-жөндері толық жойылып, орыстанып кетті. Көздері сығырайған, жалпақ бет саха, чукчілеріңіздің барлығы — Николай Петрович пен Иван Степановичтер.

Мүмкін, орыстың қол астында тағы он, жиырма жыл тұрғанда біздер де «Маша» мен «Саша» болып кетер ме едік. Қысқасы, отар елдердің, басқа халыққа бағынышты елдердің ұлттық ерекшеліктерінің, салт-дәстүрінің уақыт өткен сайын жойылуы табиғи құбылыс емес, қоғамдық саяси астары бар, ұлттың негізіне әсер ететін, халықты іштен бөлетін аса қауіпті құбылыс.

Ұлттық құндылық «жабайылық» емес

Ең қызығы, бұл құбылысты қазақ ұлтының салт-дәстүрлері мен ұлттық құндылықтарының жоғала бастауын, олардың басқа ұлттық құндылықтарымен ауыстырылуын бәріміз көріп, біліп отырмыз, бірақ қарсыласқымыз келмейді (Қарсыласу деген сөз артықтау болар, бұл жердегі «қарсыласу» — өзіңнің құндылығыңды бағалай білу, ұстана білу). Білмеймін, басқалардың мәдениеті біздің мәдениеттен артық сияқты, ақылға қонымды сияқты көрінеді ме, қалай…

Ұлттық құндылықтардың, салт-дәстүрдің жойылу жолы да сан түрлі; бір жағдайда, өздерінің мәдениетін жоғары санайтын, ал басқа елдердің, оның ішінде өзінің отары болып отырған елдің ұлттық құндылықтарын – «жабайылық», «тағылық» деп қабылдап, оны өзгертуге күш салатын мемлекеттік саясат жүргізіледі.

Бұндай отар елдерді «мәдениеттендіру» саясатын испан конкистадорларынан бастап, ағылшын, француз, орыс, т.б отаршылдар белсенді түрде жүзеге асырды. Ұлт зиялылары, кейде дін басылары бұл саясатқа қарсылық көрсетсе, басқыншы биліктің жанында жүрген конформистер метрополияның мәдениетін жарыса қабылдап, өздерінің ғасырлар бойы қалыптасқан, атадан-балаға беріліп келген құндылықтарына мұрындарын шүйіріп қарайтын болды. Метрополия отар халықтың ұлттық құндылықтарының бір түрі болып табылатын билік жүйесін де өзгертуге де күш салды. Сан ғасырлар бойы келе жатқан Қазақтың хандық жүйесін жойып, сұлтандар мен болыстар жүйесін құру да осы саясаттың салдары.

Қазақтың отаршылдық жағдайындағы ұлттық құндылықтардың жойыла бастауы бәрімізге түсінікті мәселе болса, тәуелсіздік алып, өзінің мемлекетін құрған халықтың ұлттық құндылықтарының өзгеруі немесе жойылуы – терең талдауды талап ететін, сирек кездесетін құбылыс. Бұл жердегі ұлттық құндылықтарды өзгертуші күш біріншіден, бұрынғы орыс мәдениетін қабылдаған, солардың құндылықтарын қазақ халқының құндылықтарынан жоғары қоятын адамдар болса, екіншіден, орыстанған мемлекеттік биліктің өзі болып табылады.

Біріншілері өздерінің ана мәдениеттерінен бас тартып қана қоймайды, өз ұлтының өкілдеріне өздерінің түсініктеріне сәйкес, басқа ұлттың мәдениетін таңуға күш салады. Ең қорқыныштысы, бұлардың көпшілігі мемлекеттік билік орындарында, мемлекеттік идеологияны дайындау бағыттау, жүргізу және тарату орындарында отыр. Олардың басым көпшілігі, өкінішке орай, — қазіргі қазақ қауымының зиялыларының тобына жатады. Сондықтан бұндай адамдар үшін қазақтың еті – «бешбармак», ал оны, шанышқы мен қасықты жинап қойып, қолымен жеген адам – нағыз «мәдениетсіз», этиканы білмейтін мәмбет. (Жапон, қытай, кәріс сияқты ұлттар да, өздерінің ұлттық мәдениетінен айнымай, шанышқы мен қасықты жинап қойып тамақты екі таяқшамен жейді). 

Сондықтан да олар орыстардың қазақтың етті қолмен жегенін мазақтау үшін қойған «бешбармак» атауын қазақ тілінің сөз байлығына кірген төл сөз есебінде телехабардың аты етіп қоюды ыңғайсыздық деп таппайды. Бұл – олардың бітімі мен болмысы. Меніңше, олар қазақтың ұлттық құндылығына, мәдениетіне қарсы жұмыс істеп отырғанын білмейді, керісінше, біздерді, қазақшылықты сақтаған, ұстанған адамдарды «жоғары мәдениетке» үйретіп отырмыз деп ойлайды. Бұл – кейде біздердің ашу-ызамызды тудырса, енді бірде өзімізді өте ыңғайсыз сезініп, аңтарылып та қаламыз.

 

Қазақ дәстүрін сақтау міндет

 Осы айтып отырған мәселенің нақты, классикалық мысалы алдыңғы жылы Парламентте болды: Депутаттардың алдында сөйлеп тұрған министр Ерболат Досаевтың аузынан «Уәке» деген сөз шығып кетіп еді, Парламент мәжілісінің төрағасы «дастархан басындағы «Уәке», «Бәке» дегенді қойып, депутаттарға аты мен әкесінің атын қосып айтыңыз» деген, ескерту-тілек-ұсыныс беріп, барша қазақты бір тіксінтіп тастады (Осы оқиғаға байланысты қазақ тілді интернет-сайттардағы пікірлердің 100 пайызы төрағаға қарсы айтылыпты!).

Қазақ дәстүрі – адамдардың теңдігін сақтайтын, жағымпаздық пен лауазымға жалпақтаушылыққа жібермейтін қатаң жүйе. Жасы үлкен адамдарға, отырған орны мен қызметіне қарамай, «Мәке», «Бәке» деу, ал одан да үлкен адамдарға «Мақсат аға», «Болат аға» деуіміз де соның көрінісі. Бұл біздің тілдік заңдарымызға («Қаратпа сөз») кірген, барлық қазақ тілділердің қатаң ұстанатын ережесі. Бұқар жыраудың Абылай ханға «Ей, Абылай, Абылай…» деп сөйлеуі де осы тамаша дәстүріміздің арқасы болар. Айта кету керек, кезінде Швеция мемлекеті де «бір мекемеде қызмет істейтін адамдар бірімен бірі «сен» деп сөйлессін» деген қазақтың сөйлеу мәдениетін қабылдапты.

Сонда ғана шен-шекпенге құлдық ұрып, билік орындарында жұмыс істеген жандарды ерекше «құрметтеуге», демек, жағымпаздыққа тосқауыл қоюға болады деп есептепті. Қысқасы, швед елінің генералдары мен қатардағы жауынгерлері, парламент депутаттары мен көмекшілері, университеттің ректорлары мен студенттері бір — бірімен «сенге» көшіп, бауырластық, сыйластық орнапты (Осы жерде Пушкиннің «Сердечный – Ты, пустое – Вы…» деген өлең жолдары есімізге түседі. Шындығында да, «сен» деген «өзім» деген сияқты адамдарды жақындатады да, «сіз» деп сызылған – адамдарды алшақтады емес пе). Өкінішке орай, Мәжіліс төрағасы өзінің қателігін түсінбеген болуы керек, Көкшетаудағы студенттермен кездесуінде: «Әрине, ата-бабамыздан келе жатқан дәстүріміз бойынша үлкен адамдарға, туған-туысқандарға, жақын жолдастарға «Әбеке» немесе «Сәке» ден сыйлап сөйлеген өте орынды. Мен өзім де солай жиі сөйлеймін. Бірақ, Парламент сияқты ресми органдарда ресми сөйлеу мәдениетін сақтау керек деп ойлаймын» деген пікір айтыпты.

 

Қазақтың ұлттық мәдениетін білмейтіндер көбейді

 Менің білуімше, қазақтың ұлттық мәдениеті деген бар да, «ресми сөйлеу мәдениеті» деген тарау «Қазақ тілі» ғылымынан кездестіре алмадым. Әр елдің өзіндік сөйлеу салты бар, егер орыс халқы өзінен дәрежесі жоғары не жасы үлкен адамдарға «Иван Иванович» десе, бұл – орыс тіліндегі қаратпа сөздің үлгісі, орыс халқының салт-дәстүріне негізделген тілдік заң. Қазақ тіліне бұл қаратпа сөздің ешқандай қатысы жоқ. Әңгіме, Парламент Мәжілісінің төрағасының білместігінде емес, қазіргі кезеңде қазақтың ұлттық мәдениетін білмеу, түсінбеу жалпылық сипат алуда (Балабақшадағы менің 5 жасар немерем өзінің тәрбиешісін «Маржан Әбішқызы» деп атайды… Өткен ғасырдың 60-70-жылдарында қазақ мектептеріндегі мұғалімдер «Маржан апай» деп аталса, орыс тілді мектептерде, сол тілдің заңына орай, «Маржан Әбишовна» деп аталар еді), меніңше, басты мәселе – басқа елдің ұлттық құндылықтарын қабылдау. Ол тек қана өзіміздің құндылықтарымызды құрту, жою арқылы ғана жүзеге асады.

Ұлттық құндылықтарымызды жоятын тағы бір күш – біздің мемлекеттік биліктің өзі сияқты. Сөзіміз дәлелді болу үшін, бұған да мысал келтіре кетейік. Осыдан екі-үш жыл бұрын елімізде «Қазақ күресі» деген …жаңа күрестің түрі пайда болды. Иықтарына қасқырдың терісін ілген (Бұл не көне грек аңызындағы Гераклге еліктеу де немесе Шота Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған батырынан» көшірме. Қазақтың қасқырдың не түлкінің терісінен ішік тігіп кигенін бәріміз білеміз, бірақ ешқашан басы салбыраған аң терісін иығына жауып күреске шықпаған сияқты) палуандар қазақша күреске ешқандай қатысы жоқ, дзюдоның негізінде өзгертіліп жасалған дүбәрә күреске шығады және оны «Қазақ Барысы» деп атайды.

Біріншіден, қазақтың палуандарына «түйе палуан» деп ат беретінін естігеніміз бар, ол қара күшке қатысты берілген болар, ал «барыстың» күреске қатысы шамалы сияқты. Екіншіден, қазақ күресінің басты ерекшелігі, өзегі, белгісі – қарсыласыңның жауырынын жерге тигізу! Қазақта «жауырыны жер иіскемеген палуан» деген тұрақты сөз тіркестері бар. Бұл күресте ешқашан ұпай берілмейді, ұпай саналмайды. Менің шетелдік достарым: «Қазақтардың күресі қазіргі күрестен аумайды екен ғой» деп таң қалса, оларға бұл күрестің қазақ күресі емес екендігін түсіндіремін деп шаршадым. Мен үшін, мемлекеттің жасаған бұл "жаңалығы" қазақтың ұлттық спортының, демек ұлттық мәдениетінің басты бір түрін құрту болып табылады.

Әлем өзінің әр түрлілігімен қызықты. Сан түрлі халықтың сан түрлі мәдениеті, салт-санасы, дәстүрі, спорт түрлері бар. Оны сол күйінде әлемге таныстыру – сол халықтың, сол ұлттың, демек, біздің міндетіміз. Егер оны халықаралық деңгейге көтере білсек нұр үстіне нұр. Монғол халқының күресі қандай тамаша; барлық ереже, киім үлгісі ғасырлар бойы өзгеріссіз келе жатыр. Ондай киім, ондай ереже монғолдардан басқа еш жерде кездеспейді. Жапондықтардың сумосын әлемдегі барлық ел мойындайды, теледидардан көз алмай көреді, сол күрес түріне қатысқысы келгендер Жапон еліне барып, бақтарын сынайды. Сумоға қатысатын палуандардың жекпе-жекке шығу рәсімі ғасырлар бойы өзгермеген жапон халқының ұлттық ерекшелігі, палуандардың шаш қою ережесі, киімі, сәлемдесуіне дейін таза жапондық дәстүрдің сақталуының үлгісін көрсетеді. Ал біз өзіміздің тамаша қазақша күресімізді жасанды күреспен ауыстыруға күш салудамыз. Егер біз бірнеше күрес түрлерін араластыра отырып, ерекше бір басқа күрес шығарсақ, соны ойлап тапқан адамның есімімен-ақ атауға болады. Ал қолдан жасалған күреске қазақ күресінің атын беру біріншіден, қазақтың ұлттық күресін жою болса, екіншіден, «қазақша күрес» дегеніміз — осы», деп барлық әлемді алдау сияқты.

Кейде біз өзімізді еліктегіш халықпыз деп ақтауға тырысамыз. Сондықтан болуы керек бір ақымақтар «жұп гүлдерді сыйлауға болмайды, тек қана тақ гүлдерді сыйлау керек» десе (жапондықтар екі не төрт гүл сыйлай береді), бұл заңдылық қай атамыздан келді деп басымызды ауыртып жатпаймыз, ақиқат есебінде қабылдаймыз. Алдарынан қара мысық кесіп өтсе, түрлері бұзылып, түймелерін ұстап, тұрып қалатын талай қандастарымызды көрдім. Енді біреулеріміз «көз тимесін» деп, ағашты үш рет тықылдатып әлек боламыз… Сол уақытта көз алдыма кока-коланың бос қалбырын мұрындарына іліп алып, соған мәз болатын жабайылар келеді. Демек бұл еліктеушілік емес, нағыз надандық не бейшаралық болар.

Менің қорқатыным — «уәке-мәкені» айтқан министрге (Ереке, Сізге рахмет!) ескерту берген не болмаса «қазақ күресін» ойлап тапқан адамдар емес. Орыс тәрбиесі, орыс мәдениетінің әсері өтіп кеткен жандар қазақ жерінде жеткілікті болар. Мен Қазақтың ұлттық құндылықтарын жойып жатқанда, ғасырлар бойы келе жатқан қаратпа сөзімізді айтқан адамға ескерту беріп жатқанда ауыздарын ашпай, үнсіз отырған Парламенттегі қазақ азаматтары мен «Қазақ Барысына» барып, еліре қол соғатын бейшара халқымыздан қорқамын.

Cаясаттанушы

kazakia.kz


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика