КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Error 404

404 - Ештеңе табылмады.

Кешіріңіз, сіз іздеген ақпарат бұл жерде жоқ.

Біз бодан болдық деп қарғаған патшалық Ресей мен қызыл империя тұсындағы бодандығымызды өлшейтін құрал бар екен. Ол кәдімгі «бишпармак» сөзіне қатысты ұлттың реакциясы. Патшалық Ресей қаншама тықпаласа да, жазбаласа да «бишпармак» сөзі академиялық сөздік қорға кірмей қалды. Ал советтік қызыл дәуірде бас тағамды «қазақы ет»/ «мясо по казахски» деп қорған соғып алыппыз!  Бұл екі дәуірде де қазақтың бодандығы соншалықты сіңбеген, ұлттық сана қожырамаған, тәуелсіз болған 30 жыл бойғыдай құмалақтай ыдырамапты.

2000 жылы Астана қалалық әкімдігіне қарасты Тіл бөлімін басқарған марқұм, айтыскер-ақын Қонысбай Әбіл мейрамханасын «бешпармак» атауға талпынған кәсіпкерді тоқтатып, сотта жауапқа тартқан еді. Бұл өгей сөз ономастиканың урбоним саласына солай еніп кете жаздады, бірақ астанада «Бешпармак» аталатын дәмхананың бар екенін жоққа шығара алмаймыз.  Марқұм Қонеке, сіз уақытша жеңсеңіз де, біз әзірге жеңіліс таптық...

Сол сотқа қатысып, сарапшы ретінде сөйлеген белгілі жазушы, этнограф Ақселеу Сейдімбек «Бешбармак» қазақты қорлап, кемсітіп айтылған сөз. Бұл «калбит» деген сөздің екінші баламасы.Орыс отаршылары бізді мәдениетсіз, қалай тамақ жеуді білмейді,көрсоқыр, надан деп, етті осылай қолмен жегеніміз үшін келекелеп атаған. Мұндай отаршылар енгізген итаршы сөз Астананың төрінде тұрғаны құлдықтың айқын белгісі» деп шырылдап еді.

2017 жыл. «Бешбармақ» деген сөзден құтылу керек. «Бешбармақ» деу ұлттық тағамды қорлау. Бұл сөзді баяғыда бізді отарлаған кезде генерал-губернаторлар мен олардың жандайшаптары ойлап тапқан.

Қолмен жегенді «казахи бешбармачничают» деп мазақтаған.

Әбден қорлық көріп, отарлаудың зардабын тартқан қазақ бұл сөзге көне салған, оны қабылдай салған.

«Бешбармақ» деп айтуға да болмайды, жазуға да болмайды...Бірақ, бұл атау бәрібір қалмай келе жатыр. Неге? Себебі, оны отырыстарда өзіміз айтып жүрміз. Бұл дұрыс емес. Бұлай деп жазбаңыздар, айтпаңыздар. Бұл қазақша етімізді қорлау…» Жазушы Мархабат Байғұт.

2000 жылдар... Ол кезде зиялы қауымның иммунитеті мен қауқары бар кез екен. Бодандыққа қарсы күресті жалған намысқа баламайтын дәуір екен ғой. Бұны енді «құрғақ намыс, жалған күрескерлік» дейтін заманға келіппіз...

Сөйтіп, соңғы 20 жылда қайта «шапқан» Бишпармак әзірге жеңіске жетті. Келесі уәжге зер салыңыз.

2023 ж 31 қазан.

Babakumar Khinayat, тарихшы, этнограф:

«...Тіпті бесбармақ емес, бесбашпай деп атаса да, келіп-кетер не бар? Тамақты құралсыз жеу сол заманда әлемде кең таралған үрдіс еді. Иә, қазақта да солай болды, ол кешегі күн еді. Енді өзгерді, атауы қалды. Оны тіл тарихынан, дәстүрлі мәдениеттен ажыратып қарай алмаймыз. Себебі санитарлық-гигиеналық талаптарды қазақтар берік ұстанып келді. Солай да, солай біздің мәдениет сонысымен бірегей. Онда намыстанатын, арланатын ештеңе жоқ… Керісінше, қазақты даралайтын, айғақтайтын одағай атау».

2024 ж 12 ақпан.

 «ТАҒЫ ДА «БЕШБАРМАҚ ДАУЫ» ЖӨНІНДЕ

НЕМЕСЕ ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАН НЕГЕ БАС ТАРТАМЫЗ» деп фейсбукке арнайы пост жазған Nurzhan Zhetpisbay  «бишпармакты» ұлттық құндылық ретінде ашықтан ашық мойындауға көшіпті.

«Осындай халқымыздың көнеден келе жатқан құндылықтарының бірі, ұлттық тағамдардың ішінен басты тағам саналатын – бешбармақ (бесбармақ) еді. Алайда соңғы жылдары осы тағамның атауымен «күресушілер» көбейіп кетті. Әдетте бешбармақ десе бойлары құрысып-тырысатын, бұл атауды мүлдем жоққа шығаратындар кейбір жазушылар мен қарапайым халық өкілдері болатын... Олардың ойынша, бешбармақ деген атау қазақта мүлдем болмаған, бұл атауды «орыстар отарлау һәм қазақтарды кемсіту мақсатында қойып кеткен-мыс» (?!)...» - деп көсіледі Әл-фараби Универстиетін тәмәмдаған азамат.    Бұл немене?  Сауаттылық па? Намысқойлық па? Кеңпейілдік пе? Шешімталдық па?  Хронологиялық тәртіппен келтірілген уәждерді сараптай келгенде, бодандықтың бойымызға барған, сайын тереңдеп, бойлап бара жатқаны анық байқалады.

Бізді қинайтыны – тарихшы, этнографтың этнографиялық құндылыққа соншалықты бейжай қарайтыны, оны намыстың нысаны дейтіні... тарихи шынайы процесс көретіні.

Әрине, дәуірдің тепкісіне шыдамасқа амал жоқ. Шыдамағандай қайда барасың? Шыдадық қой. Ал енді азат елдің кебін кигенде, құндылығымызды түгендемей, сол бодандықтың кейпімен күн көре береміз бе?! Бұралқы сөзді тарихи-этнографиялық құндылық ретінде қабылдау ненің белгісі? Бұл жаппай бодан рухтың нышаны емес пе?!

Мойындай айтқанда, бодандыққа деген көнімпаздықтың заманауи көрінісі, басқа ештеңе де емес. Әйтпесе, бұдан 20-30 жыл бұрын бұндайлар неге болмады? Өйткені, ол кезде отарлық сана соншалықты сіңе қоймаған еді... Бұл бодан сана мен толеранттықтың щарпысуы ғана. Және бұндай әрекет барынша сауатты деген адамның бойынан табылады. Себебі, бодандық сауат талғамайды.

Қазақ енді өзінің «құндылығын» өгей ауыздан теріп жатыр. Бұрынғы «бас бармағы» да жоқ, бармағы да жоқ. Бүгінгі құндылық пен мақтанның көрінісі «бешбармақ» болып шыға келді.

Жарнама:  «Үйге әрқашан да жақын. Дәмді бешбармақ. Мұзды Coca cola.»

           

                 Әрине, бұл жайт намыстың тақырыбы емес, ұлттық сананың божырау мәселесі! Ұлттық құндылықтың тәрк етілуі. Тіпті, соны ақтауға айналған жаппай науқанның көзге түсуі - қазыр барлық желі мен медияда «бешпармакты» қазақ сөзі екенін жаппай дәлелдеуге көшкен қазақтардың материалынан көз сүрінеді.

Геббелстің «мың рет қайталанған өтірік, түбі шындыққа айналады» дегені осы екен ғой...

Бұны өтірік деп шыңғыратын қазақтың қарасы да азайды.

Бірақ, күресті тоқтатпаймыз. «Бишпармак» - қазақ рухының өлшеуіші, индикаторы, бодандықтың шекарасы. Бүгінгі бишпармакты қазаққа телігендер, ертең «киргиз-кайсақпыз» деп те шығады. Ал көзіқарақты, кеудесінде майшамы өшпегендер ештеңеге алаңдамай,алға баса беру керек.

Серік Ерғали

Abai.kz





ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика