КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Error 404

404 - Ештеңе табылмады.

Кешіріңіз, сіз іздеген ақпарат бұл жерде жоқ.


«Қазақ тілі, біздің мемлекеттік тіліміз өсіп-өркендеп келеді. 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгергендердің қатары 95 пайызға дейін жететін болады.

Еліміздегі барлық мектептер мен оқу орындарында қазақ тілінде оқыту үрдісі жүріп жатыр. Осының бәріне депутаттар мен мемлекеттік қызметтегілер өз үлестерін қосулары керек. Мәселені осылай шешу қажет».

Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында осылай деген болатын. Президент айтқандай, барлық мектептер мен оқу орындарында ана тіліміз оқытылуда. Тек оқытумен тіл білушілердің үлес салмағын 95 пайызға жеткізу қаншалықты шындыққа жанасымды?

Қазақстанда 7514 орта бiлiм беретiн мектеп бар. Қазақ мектептерінің саны - 3845, орыс мектептері - 1673. Аралас мектептер (қазақ-орыс) - 2083 . Сондай-ақ 65 өзбек мектебі, ұйғыр тiлiнде тәрбиелейтін 14 мектеп бар.

Қазақ мемлекетіндегі қазақ мектептерінің пайыздық үлесі өзгетілді және аралас мектептерден басым болғанымен, жалпы алғанда 50-ге жетпейді. Тарихқа үңілсек. Аралас мектептің түп негізі XIX ғасырдың аяғында ашыла бастаған орыс-түзем мектебі. Қазақ елінде 1937- 1938 жылы 478 аралас мектеп болған. 1940-1941 жылы елімізде аралас мектеп саны 841 болып, екі есе өссе, 1954-1955 жылдары 1228-ге жетіп, үш есе көбейді. КСРО-ның дәуірлеп тұрған кезеңі ХХ ғасырдың 70 жылдары Қазақстанда 1689 аралас мектеп болса, қазір оның саны 2083-ке жетіп отыр. 1937 жылдан бері аралас мектептер санының 4,5 есеге өскендігі байқалады.

Қазақстанда 63 пайыз қазақ тұратынын ескерсек, орыстілді мектептер мен аралас мектептердің шәкірттерінің басым бөлігі қазақ балалары. «Аралас мектеп ада қазақтар мен шала қазақтардың жыл асқан сайын еселене көбеюінің фабрикасына айналып кетті», - деп ғалым Мекемтас Мырзахметұлының дабыл қағуы орынсыз емес.

Қазақстанның қай аумағын алсақ та, аралас мектептердің басымдығы байқалады. Әсіресе, әлі де қазақ тілі ақсап тұрған Солтүстік, Орталық Қазақстанда айқын көренеді. Мәселен, 1999 жылы Ақмола облысы­ның аумақтық-әкімшілік орталығы Көкшетау қаласына көшірілген кезде облыс көлемінде 694 мектеп, оның ішінде 161 қазақ мектебі, 216 қазақ және орыс тілді мектептер, 317 орыс тілді мектептер болған. Ал Астанадағы 61 мектептiң 16-сы – орыс мектебi, 19-ы – қазақ мектебi, ал ең көбi, 26-сы – аралас мектеп. Қарағанды облысына қарайтын Теміртау қаласында 32 мектеп бар. 32 мектептің төртеуі қазақ мектебі, орыс мектептері – 16, аралас мектептер – 12. Теміртау қаласында 18 200 оқушы болатын болса, соның 5400-і қазақ тілінде білім алады (2 145 оқушы қазақ тілді мектептерде, 2 899 оқушы аралас мектепте), қалған 13 156 оқушы орыс тілінде оқиды.

2012-2013 оқу жылында Алматы қаласы бойынша 163 478 оқушы білім алған. Оның ішінде қазақ тілінде білім алған оқушылардың саны 73 782 болса, 85 956-сы орыс тілінде білім алған. Ал мектептер санына келетін болсақ, Алматы қаласы бойынша жалпы саны 185 мектеп болса, оның 59-ы – қазақтілді, 62-сі – орыстілді, 61-і –аралас, 3-еуі – ұйғыр мектебі.

«Қазір елімізде қазақ мектептерінің саны жеткіліксіз. Әйтсе де қазақ мектептеріне деген сұраныс күн өткен сайын өсіп барады. Баласын қазақ мектебіне бергісі келетін ата-аналар санының өсе түсуі де қуантып отыр. Біз халықтың осы ынта-ықыласына сай қимылдап, дер кезінде қазақ мектептерінің санын көбейтуге, оларды сапалық тұрғыдан жақсартуға күш салуымыз керек. Бірақ дәл қазір осыған батыл бет-бұрыс жасау жетіспей тұр. Мәселен, Риддер қаласында 17 мектеп бар екен. Оның біреуі ғана – таза қазақ мектебі. Қалғанының барлығы – орыс мектептері. Ал жалғыз қазақ мектебіне қазір балалар сыймай жатыр. Жергілікті атқарушы билік өкілдері «жаңадан қазақ мектебін саламыз» деген құр уәдемен ғана құтылуда. Өз басым есептеп көргенімде орыс мектептерінде 5 мың оқушының орны бос тұрғанына, сол орыс мектептерін біріктіру арқылы 16 мектептің ең болмағанда бірекеуін қазақ мектебіне айналдыруға болатынына көз жеткіздім. Тіпті кейбір орыс мектептері 30-40 пайыз ғана толық. Демек, бізге жаңадан мектеп салудан гөрі әлгі жартылай бос тұрған орыс мектептерін қазақ мектебіне айналдыру әлдеқайда арзанға түсер еді. Мен өз бетімше орыс мектептерін біріктіру арқылы қазақ мектебіне айналдыруды бала санына қарай есептегенімде жеті қазақ мектебін ашуға мүмкіндік барына көз жеткіздім. Бұл – бір ғана Риддер қаласындағы жағдай. Еліміздің басқа да облыстарындағы мектептерде осын­дай өзгерістер жасасақ, қазақ мектеп­те­рінің санын арттыруға мүмкіндік туар еді. Қазір елімізде балаларын қазақ мектебіне бергісі келетін ата-аналар қатарының артуына орай, осындай батыл шаралар жасалуы керек және ата-аналардың өтінішіне қарай қазақ сыныптарын толассыз аша беруіміз керек», - дейді «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшім «Алаш айнасы» газетіне берген сұхбатында.

Сандарға назар аударсақ, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2020 жылға дейін қазақ тілін білетіндердің санын 95 пайызға жеткіземіз деп айтуы қаншалықты іске асатындығы күмән тудырады.

Бұл сандармен қоса, биылғы жылы орыстілді сыныптардағы қазақ тілі мен әдебиеті пәні 2 сағатқа қысқарғаны, 1 сыныптан бастап ағылшын тілі қосылғандығы белгілі. Ал қазақ сыныптарындағы сағаттар санында өзгеріс жоқ.

Қазақ ана тіліміздің аясын қалай кеңейтеміз деп бас ауыртса, орыс лингвистері ТМД елдерінде орыс тілінің қолдануын қалай тарылтпай сақтап қаламыз деп жанталасуда. 10 жылдан бері орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің біліктілігін арттыру мақсатында «Орыс тілі» федералдық бағдарламасы аясында Ресей үкіметі семинар өткізеді. Семинарға Мәскеуден арнайы келген филология ғылымдарының кандидаты Хуршеда Хамракулова пост-советтік кеңістікте орыс тілін алмастыратын тіл жоқ деп санайды. Хуршеда Хамракулова Азаттық тілшісіне «Орыс тілі» бағдарламасының «жемісті жұмыс істеп жатқанын», орыс тілінің еуразиялық аймаққа ортақ халықаралық және экономикалық қатынастарды реттеуші тіл екенін айтады. «Осы жоба бойынша бірқатар елдерге барып жүрміз. Өзбекстанда, Қырғызстанда болдық. Міне, енді Қазақстандамыз. Осыдан 7 жыл бұрын Қырғызстанда болғанымда ТМД аумағынан келген мұғалімдер орыс тілінің аясы тарылып бара жатқанын айтқан еді. Ал қазір орыс тілі өз позициясын қайта орнықтыра бастады. Әрине, таралымы бұрынғы совет өкіметі кезіндегі деңгейге жете қойған жоқ. Дегенмен, Қазақстан мен Тәжікстанда орыс тілі бірінші сыныптан бастап мектеп бағдарламасына енгізілген. Тіпті түпкірдегі ауылдарда да орыс тілі оқытылады», – деді ол.

Семинарды ұйымдастырушылардың бірі, Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалы директорының орынбасары, Астана қаласының тұрғыны Тамара Катлерова ТМД-да, оның ішінде Қазақстанда орыс тілін оқып-үйренуде және қолдануда даму бар деген пікір айтты.

«Қазақстанда орыс тілін оқытуға көп көңіл бөлінеді. Осындай қысқа мерзімді курстар ұйымдастыру арқылы орыс және қазақ мектептерінде орысша оқытатын мұғалімдердің біліктілігін көтереміз. Мақсат – орыс тілі мен әдебиетін оқытуда қандай әдістер қолданудың дұрыс екенін байқау, - дейді Тамара Катлерова.

Қазақстанда 2006 жылдан бері кең насихаттала бастаған «үш тұғырлы тіл» саясаты бойынша қазақстандықтардың қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгеруі құп көріледі. Кейбір қазақстандық тіл саясатын көтерушілер Ресейдің ықпалды тіл саясаты мен өзге де әлеуметтік-мәдени факторлардың әсерінен Қазақстандағы «үш тілдің» тұғырлары әркелкі болып тұрады деп қауіптенеді.

Тіл саясатына назар аударсақ, арнасы әр жаққа тарап кеткен жүйесіз өзен секілді. Бірінде 2020 жылға дейін 95 пайыз қазақ тілін меңгертеміз десе, бірінде үш тілді қатар дамытып, «үш тұғырлы тіл» саясатын жүзеге асыруды мақсат етеді. Оның аясында 1-сыныптан бастап ағылшын тілін оқу бағдарламасына енгізсе, 95 пайыз мәселесінде көзге көрініп, нәтиже беретін істің жасалып жатқандығы байқалмайды.


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика