КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Error 404

404 - Ештеңе табылмады.

Кешіріңіз, сіз іздеген ақпарат бұл жерде жоқ.

Аңдатпа. Автор мақалада белгілі бір этникалық қауымдастықтағы тіл проблемаларын шешуді саналы түрде жоспарлау мен реттеу, алдымен, сол аумақтың өзіне тән қалыптасқан әлеуметтік-коммуникативтік жүйесін сипаттап, ондағы тілдердің қызметтік жүктемелері мен өзіндік орнын анықтауды қажеттігін айтады. Осы бағытта статисикалық материалдар негізінде Алматы облысының этнолингвистикалық жағдаятына әлеуметтік лингвистикалық зерттеу жүргізеді. Облыс аумағында тұратын этностардың ана тілін, мемлекеттік тілді және өзге тілдерді меңгеруін талдайды. Өз ұлтының тілін меңгеру – бұл ұлттық сана-сезімнің өсу деңгейінің көрсеткіші және әрбір адамның қасиетті борышы. Ал өзге ұлт тілін меңгеру - және күнделікті өмірде қолдану әлеуметтік қажеттілік, өмір шындығы деген тұжырым жасайды.
Түйінді сөздер: этникалық қауымдастық, әлеуметтік-коммуникативтік жүйе, әлеуметтік лингвистика, тілдердің қызметтік жүктемесі, тіл меңгеру деңгейлері, тілдік жағдаят.
Белгілі бір этникалық қауымдастықтағы тіл проблемаларын, оның ішінде, мемлекеттік тіл мәселелерін шешуді саналы түрде жоспарлау мен реттеу, алдымен, сол аумақтың өзіне тән қалыптасқан әлеуметтік-коммуникативтік жүйесін сипаттап, ондағы мемлекеттік тілдің орнын анықтауды қажет етеді. Бұл жүйе әр алуан этнолингвистикалық және тілдік жағдаяттардан тұрады.
Әлеуметтік лингвистикалық әдебиеттерде этнолингвистикалық жағдаят деп белгілі бір әкімшілік аумақта тұратын этностар құрамы мен олардың тілдерінің сол аумақ шегінде таралуының жай-күйін айтады [1, 31].
Алматы облысындағы этнолингвистикалық жағдаятын сипаттауға жалпылай және нақтылай қатысы бар қолдағы мәліметтерді есепке алсақ, одан жалпы Қазақстанның және оның өзге аймақтарындағыдай көпэтносты екендігін көруге болады.
Қазіргі қоғамды демократияландыру кезеңінде адам факторының белсенділігі тілдік өмірімізде де байқалуда. Республикамызда тіл дамуын жоспарлау ісін, тіл құрылысын тиімді жүргізу үшін халық санағы қорытындыларын пайдаланудың мәні зор.
Халық санағының материалы – бүкіл елді әрбір адамына дейін қамтыған жалғыз құжат. Онда, әрине, әрбір адамның өзін-өзі бағалауында психологиялық тосқауылдар кездесіп, кейбір субьективті қателер жіберілуі мүмкін, бірақ ол бүкіл халықтың санына шаққанда елеулі қате бола алмайды. Соңғы 4-5 жылдан бері республиканың әртүрлі аймағында әлеуметтік лингвистикалық зерттеулер жүргізіп келеміз. Оның алғашқы қорытындылары мен халық санағы мәліметтері арасында ауыз толтырып айтарлықтай алшақтық жоқ десе де болғандай.
Алматы облысында соңғы халық санағының мәліметінде қарастырылған тіркеу бойынша 105 ұлт, ұлыс өкілі тұрады. Олардың ішінде облыс көлемінде өтіп жатқан әлеуметтік және тілдік процестерде қомақты рөл атақаратын этностар бар. Бұл облыс тұрғындарының 67,7 пайызын құрайтын қазақтардың өзі, 16,9 пайызын құрайтын орыстар және үлес салмағы 8,0 пайызға жететін ұйғырлар. Облыс тұрғындарының қалған бөлігін әртүрлі этностар құрайды. Олардың ішінен сандық үлесі жағынан алағашқы ондыққа кіретіндерге: түріктер – 2,0 пайыз (35599 адам), кәрістер – 0,9 пайыз (16627 адам), әзірбайжандар – 0,8 пайыз (14881 адам), күрдтер – 0,7 пайыз (13517 адам), татарлар – 0,7 пайыз (13513 адам), немістер – 0,5 пайыз (8709 адам) және украиндар – 0,4 пайыз (6458 адам) жатады. Облыс тұрғындарының қазақтардан өзгесінің барлығы бұрынғы одақтық республикадан келгендер, ал кейбіреулері сырт елдердегі ірі және аз санды халықтардың өкілдері болып табылады [2].
Алматы облысындағы осы көрсетілген біршама ірі этностардың сандық динамикасына қарасақ, 1970 жылы облыстағы барлық тұрғын 1272,5 мың адамды құрады. Соның ішінде 38,3% қазақтар, 37,9 % орыстар 7,0 % ұйғырлар, 6,6 % немістер, 2,3 % украиндар, 1,3 % татарлар, 1,3 % кәрістер, 0,6 % шешендер, 0,4 % гректер, 0,3 % күрдтер, 0,3 % белорустар және 1,9 % өзге этностар болған.
Ал кеңес үкіметінің 1989 жылғы санағында облыстағы 1642,9 мың тұрғынның 45,2 % қазақтар, 31,6 % орыстар, 7,8 % ұйғырлар, 5,7 % немістер, 1,8 % украиндар, 1,2 % татарлар, 1,2 % әзірбайжандар, 1,1 % кәрістер, 1,1 % түріктер, 0,6 %п шешендер, 0,6 % күрдтер, 0,3 % белорустар, 0,3 % гректер, 1,7 % өзге этностар құраған.
Тәуелсіз Қазақстанда жүргізілген 1999 жылғы санақ мәліметі бойынша Алматы облысының аумағында 1558,5 мың адам тұрды. Оның 59,4 % қазақтар, 21,8 % орыстар, 9,0 % ұйғырлар, 1,8 % түріктер, 1,2 % немістер, 1,1 % кәрістер, 1,0 % татарлар,1,0 % әзірбайжандар, 0,9 % күрдтер, 0,9 % украиндар, 0,4 % шешендер, 0,1 % белорустар, 0,1 % гректер, 1,4 % өзгелер құрады.
Осыдан көріп отырғанымыздай, егер 1970 жылы қазақтар мен орыстар саны жағынан бір-біріне шамалас болса, 1999 жылы бұл этностардың арасындағы айырмашылық қазақтардың пайдасына екі есеге дейін өзгерген [3, 167-168.].
Соңғы 2009 жылғы халық санағының мәліметі бойынша Алматы облысындағы барлық халықтың саны 1 807 894 адам, бұл республика халқының 11,7 пайызын құрайды. Оның ішінде 886 365 ер адам, яғни облыс халқының 49,0 пайызын құраса, 921 529 әйел адам, облыс халқының 51,0 пайызын құрайды. Облыс халқының 76,9 пайызы (1 391 036 адам) ауылдық жерде, 23,1 пайызы (416858 адам) қалада тұрады.
Белгілі бір әкімшілік-аумақтың этнолингвистикалық жағдаятын сөз еткенде ондағы этностар саны мен қоныстану процесін көрсетумен қатар олардың тілдерінің сол аумақта таралуын, атқарып отырған қоғамдық қызмет деңгейін де қарастыру керек. Қазақстандық социолингвист-ғалымдар Ресубликадағы тілдерді сөйлеушілерінің саны мен атқарып келе жатқан қоғамдық қызметінің көлеміне қарай шартты түрде үш топқа бөліп көрсетеді:
1.Қоғамдық қызмет ауқымы кең тілдер.
2.Қоғамдық қызметінің ауқымы тар тілдер.
3.Қоғамдық қызметі нашар дамыған тілдер [4,159.].
Тілдерді осылайша жіктеушілік зерттеу нысаны болып отырған Алматы облысына да тән. Мұнда да республикадағыдай, алғашқы топқа қазақ және орыс тілдері жатады. Ал екінші топтағы тілдерге, яғни қоғамдық қызметі біршама көлемдіректері облыстағы ұйғыр, түрік, кәріс, әзірбайжан, күрд, татар, неміс, украин, шешен, өзбек, қырғыз т.б. тілдер (бұл тілдер жайында толық мәлімет кейінгі тарауда арнайы беріледі).
Ал үшінші топтағы аз санды жазуы жоқ, тек өз этникалық қауымдастық өкілдері арасында ауызша түрде ғана, соның өзінде сирек қолданылатын біршама тілдер бар.
Соңғы халық санағының мәліметі бойынша Алматы облысында 1223181 қазақтұрады. Қазақ халқы осы Қазақстан жерінде ерте заманнан өзінің «ел» деп аталатын төл мемлекетін құрып, оның тәуелсіздігі мен дербестігін сақтауда «мың өліп, мың тірілген» бірден-бір ұлт болып табылады. Қазақтар бүгінгі таңда көпэтносты республика халқының жартысынан астамын ( 63,1 пайызын) құрайды, яғни кең байтақ Қазақстан жерінде қазақ кездеспейтін жер жоқ. Айталық, зерттеу нысаны болып отырған бір ғана Алматы облысының өзінде қазақтар 16 ауданның 15-інде және облысқа қарайтын 3 қаланың 2-інде басым көпшілікті құрайды. Тек бір қалада (Текелі қаласында орыстардан кейінгі екінші орынды алады. Орыстар – 48,8 пайыз, қазақтар - 43,2) және бір ауданда (Ұйғыр ауданында ұйғырлардан кейінгі екінші орынды алады. Ұйғырлар – 55,5 пайыз, қазақтар – 42,3 пайыз.). 
Осыдан көріп отырғанымыздай, қазақтілді орта облыстың кез келген жерінде кездеседі. Қазақтардың 98,7 пайызы өз ұлтының тілін ана тілім деп санаса, қалған 1,3 пайызы өзге тілді ана тілім деп көрсетеді. Бұл – 16 364 қазақ, оның 7 884-і еркек, 8 480-і әйел. Олардың 4 705-і қалада тұрса, 11 659-ы ауылда тұрады. 
Соңғы халық санағының мәліметінде облыс тұрғындарының 15 жас және одан жоғары жастағыларының 1 131 094-і (83,7 %) қазақ тілін ауызша түсінемін, 981202-і (72,6 %) еркін оқи аламын және 939180-і (69,5 %) еркін жаза аламын деп көрсетеді. Оның ішінде қазақардың 97,1 пайызы өз тілін ауызша түсініп, сөйлей алады, 94,6 пайызы еркін оқиды және 92,3 пайызы еркін жаза алады.
Облыста саны жағынан екінші орында алатын ірі этнос - орыстардың 37,2 пайызы ауызша түсінемін, 10,4 пайызы еркін оқи аламын және 7,7 пайызы еркін жаза аламын деп мәлімдейді. Саны жағынан үшінші басымдыққа ие ұйғырлардың 96,7 пайызы ауызша түсінетінін, 75,3 пайызы еркін оқи алатынын, 65,7 пайызы еркін жаза алатынын көрсетеді.
Осыған қарағанда, қазақ тілін меңгеріп, оның мемлекеттік мәртебесін жүзеге асыруда барынша ат салысып, тікелей көмекті қазақ халқына туыстас этнос өкілдері көрсетеді. Олардың ішінде бірінші кезекте қарақалпақтарды (100%), қырғыздарды (98,3%), түркімендерді (96,3%), түріктерді (97,7%), өзбектерді (93,9%), башқұрттарды (92,9%) айтуға болады. 
Ал орыстар, сондай-ақ славянтілдес украин, белорус, поляк т.б. мемлекеттік тіл - қазақ тілін меңгеруге әлі де ден қоймағандығы байқалады. Айталық, жоғарыда айтқандай, орыстардың 62,8 пайзы, украиндардың 64,9 пайызы, белорустардың 69 пайзы, поляктардың 54,2 пайызы оы уақытқа дейін қазақ тілін аузекі сөйлеу түрінде де меңгермеген. 
Орыстар облыстың барлық аумағында кездеседі, алайда қоныстану жағдайлары біркелкі емес. Алматы облысында жалпы қазақстандық орыстардың 8,1 пайзы тұрады. Олардың басым көпшілігі, яғни 60,6 пайызы ауылда тұрса, қалған 39,4 пайызы қалада тұрады. Орыстардың ең шоғыр орналасқан жерлеріне Текелі қаласы жатады, онда олар барлық тұрғындардың – 48,8% құрайды. Талдықорған қаласында –25,3 %, Қапшағай қаласы – 34,5 %. Сондай-ақ Қаратал ауданында -23,4 %, Талғар ауданында – 22,5 %, Ескелді ауданында – 20,5 %, Сарқанд ауданында - 18,0 %, Қарасай ауданында – 17,5 %, және Еңбекшіқазақ ауданында - 15,6 % орыс этносы тұрады. Ал ең аз қоныстанған жерлері Райымбек ауданы, онда олар барлық халықтың небәрі 0,2% құраса, Ұйғыр ауданында– 1,9 %, Ақсу ауданы – 3,9 % Панфилов ауданы -4,4 % құрайды.
Соңғы санақ мәліметінде орыстардың 95,5 пайызы (292962 адам) өз ұлтының тілін ана тілім деп санаса, 4,5 пайызы (13691 адам) басқа ұлттың тілін ана тілім есептейді. Оның 6454-і ер адам болса, 7237-і әйел кісі.
Халық санғының мәліметінде 15 жас және одан жоғары жастағылардың ішінде орыс тілін аузша түсінемін дейтіндер 91,6 пайызды құраса, соның 84,3 пайызы еркін оқи аламын, 80,5 пайызы еркін жаза аламын деп көрсеткен.
Ал орыстардың өз этносының тілін сол жастағылардың 96,4 пайызы ауызша түсінемін, 95,4 пайызы еркін оқи аламын, 93,6 пайызы еркін жаза аламын деп мәлімдеген.
Орыс тілін орыстардың өздерінен де жақсы меңгерген этностарға алдымен марийлер - 100% (барлығы 76 адам), лезгиндер – 99,3 %, болгарлар – 99,1 %, гректер – 98,7 %, армяндар – 98,7 %, грузиндер – 98,5 % т.б. жатады.
Ұйғырлар - халықтың 8,0 пайызын құрайтын облыстағы үшінші ірі этностардың бірі. Олардың 87,4 пайызы ауылдық жерлерде қоныстанған, соның ішінде басым бөлігі Ұйғыр ауданында -55,5 %, Панфилов ауданында -27,1 %, Еңбекшіқазақ ауданында – 18,6 % тұрады. Қалалы жерлерде ұйғырлардың небәрі 12,6 % орналасқан.
Ұйғырлардың 83,7 пайызы өз ұлтының тілін ана тілім деп санаса, 16,3 пайызы өзге ұлт тілін ана тілім деп қабылдаған.
Соңғы халық санағының мәліметінде ұйғырлардың 15 жас және одан жоғары жастағыларының қазақ тілін ауызша түсінемін дегені 96,7 %, оның ішінде 75,3 %еркін оқи аламын, 65,7 % еркін жаза аламын деп көрсеткен. Ал орыс тілін осы жастағы ұйғырлардың 95,5 % ауызша түсінемін, 86,4 % еркін оқи аламын, 79,6 % еркін жаза аламын деп мәлімдейді.
Түріктер - облыс халқының 2,0 пайызын құрайтын көп санды диаспоралардың бірі. Түріктер де ұйғырлар сияқты ауылдық жерлерге қоныстанған. Олардың ауылда тұратыны – 76,7 % болса, қаладағысы – 23,3%. Олар облыстың барлық аймағында бірдей кездесе бермейді. Олардың біршама тығыз қоныстанған жерлері – Еңбекшіқазақ ауданы -5,0 %, Қарасай ауданы – 5,0 %, Талғар ауданы – 3,0 %, Жамбыл ауданы – 2,0 %, Іле ауданы – 1,5%. Қалған аудандар мен қалаларда олар өте сирек, санаулы түрде кездеседі.
Түріктердің 91,7 % өз ұлтының тілін ана тілім деп санаса, 8,3 % ғана өзге тілді ана тілім деп есептейді.
Санақ қорытындысында түріктердің 15 жас және одан жоғары жастағыларының 89,0% қазақ тілін ауызша түсінемін десе, соның 45,1 % еркін оқи аламын, 38,4 % еркін жаза аламын деп көрсеткен. Ал орыс тілін осы жастағылардың 97,6 % ауызша түсінемін, 92,7% еркін оқи аламын, 90,0% еркін жаза аламын деген.
Кәрістер облыс халқының 0,9 пайызын құрайды. Олардың 50,3 пайызы ауылдық жерде тұрса, 49,7 пайызы қалада тұрады. Қалалықтар мен ауылдықтар шамалас. Кәрістер көп шоғырланған жерлері: Қаратал ауданы (8,3 %), Талдықорған қаласы (3,1%), Қапшағай қаласы (2,4 %), Текелі қласы (1,3 %), Көксу ауданы (1,3 %), Ескелді ауданы (1,1%).
Облыстағы кәріс диаспорасының 42,4 % өз ұлтының тілін ана тілім деп санаса, 57,6% өзге тілді ана тілім деп есептейді.
Халық санағының мәліметінде 15 жас және одан жоғары жастағы кәрістердің қазақ тілін ауызша түсінетіні – 40,4 %, еркін оқи алатыны – 12,0% және еркін жаза аламын дейтіні – 9,4 % екен. Ал орыс тілін осы жастағы кәрістердің 97,5% аузша түсінемін, 96,4 % еркін оқимын, 95,2 % еркін жазамын деп көрсеткен.
Әзірбайжандар облыс халқының 0,8 пайызын құрайды, барлығы – 14 881 адам. Олардың басым көпшілігі ауылдық жерлерге қоныс тепкен, яғни 82,2 % ауылда тұрады. Қалада тұратыны -17,8%. Әзірбайжандар облыстың санаулы ғана аудандарында кездеседі. Олар: Көксу ауданы (3,3 %), Қарасай ауданы (1,6 %), Талғар ауданы (1,5 %), Іле ауданы (1,5 %), Еңбекшіқазақ ауданы (1,3 %).
Әзірбайжандардың ішінде өз ұлтының тілін ана тілім деп санайтыны – 81,2%, ал 40,8% өзге этнос тілін ана тілім деп қабылдаған.
Облыстағы әзірбайжандардың 15 жас және одан жоғары жастағыларының ішінде 81,2% қазақ тілін ауызша түсінетіндігін, 41,9 %еркін оқи алатынын, 35,8 % еркін жаза алатынын санақ қорытындысында мәлімдеген. Ал орыс тілін сол жастағы әзірбайжандардың 97,3 % ауызша түсінемін, 91,1 % еркін оқи аламын, 88,4 % еркін жаза аламын деп көрсетіпті.
Күрдтер облыс халқының 0,7 пайзын құрайды. Олар Іле ауданында (2,3 %), Қарасай ауданында (1,3 %), Еңбекшіқазақ ауданында (1,2 %) шоғыр қоныстанған. Басым бөлігі аулдық жерде – 87,3 %, қалған бөлігі – 12,7 % қалаға орналасқан. Күрдтер ана тілін жақсы сақтаған этносқа жатады. Облыстағы күрдтердің 84,9% өз тілін ана тілім деп санаса, 15,1% ғана ана тілін өзге тілге ауыстырған.
15 жас және одан жоғары жастағы күрд азаматтарының 71,4 % қазақ тілін ауызша түсінеді, 27,6 % еркін оқи алады, 23,1% еркін жаза алады. Олардың ішінде орыс тілін осы жастағылардың 97,0 % ауызша түсінемін десе, 91,7 % еркін оқи аламын, 89,1 % еркін жаза аламын деп көрсеткен санақ мәліметінде.
Татар диаспорасы да күрдтер сияқты облыс халқының 0,7 пайзын құрайды. Жалпы саны – 13 513 адам. Татарлардың 38,1 % қалада, 61,9 % ауылдық елді-мекендерге қоныстанған. Олар облыс қалалары мен аудандарына шашырай қоныстанған, барлық жерлерде жалпы тұрғындардың ішінде шамамен 5-6 орындарды алады.
Татарлардың жартысынан астамы, яғни 57,4 % өз ұлтының тілін ана тілім деп санаса, 42,6 % ана тілін өзге ұлт тіліне ауыстырған.
Соңғы халық санағының міліметінде 15 жас және одан жоғары жастағы татарлардың 83,2 % қазақ тілін ауызша түсінемін десе, 52,7 % еркін оқи аламын, 45,6 % еркін жаза аламын деп көрсеткен. Ал орыс тілін сол жастағы татар этносы өкілдерінің 97,7 % ауызша түсетіндігін, 95,1 % еркін оқи алатынын, 93,1 % еркін жаза алатынын мәлімдеген.
Немістер облыс халқының 0,5 пайызын ғана құрайды. Барлығы -8709 адам. Облыстағы неміс диаспорасының басым бөлігі, яғни 65,8 % ауылдық жерде, қалған 34,2 % қалалы жерде тұрады. Немістер зерттеліп отырған облыста, жалпы Қазақстанда өз ана тілін жоғалта бастаған диаспораларға жатады. Бұгінгі күні Алматы облысындағы барлық немістің ішінде небәрі 30,1 % ғана өз ұлтының тілін ана тілім деп санайды. Ал қалған 69,9 % өзге тілді ана тілімен ауыстырған.
Санақ мәліметінде 15 жас және одан жоғары жастағы немістердің қазақ тілін ауызша түсінемін дегені – 38,3 %, еркін оқи аламын дейтіні – 12,4 %, еркін жаза аламын деп көрсеткені – 9,5 %. Дәл осы жастағы немістердің 97,6% орыс тілін ауызша түсінемін, 96,4 % еркін оқимын, 95,1 % еркін жазамын деп көрсеткен.
Украиндар - облыс халқының 0,4 пайызын құрап, жалпы есепте оныншы орынды алатын диаспора. Олардың да басым бөлігі 63,3% ауылдық жерде, қалған 36,7 % қалалы жерде қоныстанған. Украиндар да немістер мен белорустар сияқты өз ана тілін жоғалтып, орыс тіліне қарай біржола ауыса бастағандар қатарына жатады. Мысалы, облыстағы украин этносының небәрі 28,1 % ғана өз ұлтының тілін ана тілім деп санаса, 71,9 % өзге тілді (соның ішінде орыс тілін) ана тілім деп есептейді.
Санақ міліметтеріне сүйенсек, украиндардың ішінде (15 жас және одан жоғары жастағы) қазақ тілін ауызша түсінетіні – 35,1% болса, соның 8,8 % еркін оқи аламын, 6,1 % еркін жаза аламын деп көрсетеді. Осы жастағы украиндардың орыс тілін меңгеруіне келер болсақ, олардың орыс тілін ауызша түсінетіні – 97,5 %, еркін оқи алатыны – 96,3 %, еркін жаза алатыны – 94,7 % екен.
Міне, бұл санамаланып сипатталған он этнос – жоғарыда айтып өткеніміздей, облыс көлемінде өтіп жатқан әлеуметтік және тілдік процестерде қомақты рөл атақаратын этностар. Сондықтан оларға жекелей тоқталдық.
Облыстағы этнолингвистикалық жағдаят шеңберінде қамтылып өтуге тиісті мәселелердің біріне ана тілін және екінші тілді білу деңгейлерін қарастыру жатады. Өз ұлтының тілін меңгеру – бұл ұлттық сана-сезімнің өсу деңгейінің көрсеткіші және әрбір адамның қасиетті борышы. Ал өзге ұлт тілін меңгеру - және күнделікті өмірде қолдану әлеуметтік қажеттілік, өмір шындығы.
Алматы облысындағы этнос тілдерінің меңгерілуі әр алуан. Жалпы алғанда мынадай: өз ұлтының тілін ана тілім деп санайтындар барлық тұрғындардың 94,4 пайызын құрайды. Ал өзге ұлт тілін ана тілім деп санайтындар – 1,7 пайыз.
Облыста өз ұлтының тілін ана тілім деп санап, оны меңгеруге барынша ден қойған этностарға қазақтар пен орыстан басқа этностар ішінен: түріктерді (91,7 %), күрдтерді (84,9 %), шешендерді (84,6 %), ұйғырларды (83,7 %), балқарларды (77,7 %), дүнгендерді (76,2 %), қырғыздарды (70,7 %), өзбектерді (68,8 %), инуштарды (67,6 %), лизгиндерді (64,9 %) т.б. айтуға болады.
Облыста ана тілін ауыстырып, өзге тілге біржола көше бастаған оннан аса диаспора өкілдері бар. Олар: қырым татарлары -100 % өзге тілді ана тілім деп санайды, еврейлер -80,9% өзге тілді ана тілім деп көрсеткен, марийлердің 79,8 % ана тілін жоғалтқан, белорустардың 77,4 % ана тілін ауыстырған, сол сияқты мордвалардың 75,8 %, удмурдтардың 75,8%, литвалықтардың 75,3 %, поляктардың 72,1 %, украиндардың 71,9 %, немістердің 69,9 %, молдавандардың 69,0%, башқұрттардың 61,3 %, қытайлардың 60,5 %, түркімендердің 59,6 %, болгарлар дың 55,2 % өзге тілді ана тілім деп санайды.

Әдебиеттер 

1.Никольский Л.Б. Язык в политике и идеологии стан зарубежного Востока. -Москва: Наука, 1986.
2.Алматинская область. Итоги Национальной переписи населения Республики Казахстан 2009 года. Том 2. Статистический сборник. /Под ред. Смаилова А.А./ Астана, 2011. -162 с.
3.Алтынбекова О.Б.Этноязыковые процесы в Казахстане. Монография. -Алматы: Экономика, 2006. – 416 С.
4.Хасанұлы Б. Ана тілі – ата мұра (қазақ тілінің жер жүзі тілдері жүйесіндегі алатын орны). –Алматы: Жазушы, 1992. -272 б.

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


28/04/2017 12:30

Біз іздеген ертегі
0 208164 0


02/05/2017 12:29

Қостілділік мәселесі
0 194693 0




26/06/2017 12:02

Жалындаған жастық шақ
0 127750 0










ТЕКСТ

Яндекс.Метрика