КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Error 404

404 - Ештеңе табылмады.

Кешіріңіз, сіз іздеген ақпарат бұл жерде жоқ.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Бұқаралық ақпарат құралдарының кемінде 50 пайызы қазақ тілінде болуы тиіс» деуінің ар жағында мемлекеттік тіл тағдыры туралы үлкен ой жатқан еді. Президент одан кейін де ешбір тәуелсіз мемлекет өзінің эфирлік кеңістігін өзге елге беріп қоймауы керектігін де айтқан болатын. 
Оның бер жағында телерадио хабарларын тарату туралы заңның орындалмай келе жатқаны туралы БАҚ беттерінде айтудай-ақ айтылып жүр. Бірақ соның бәрі, ең аяғы заң талаптарына шейін ескерусіз, елеусіз қалып келе жатқаны қынжылтады. Биылдың өзінде, анау-мынау емес, Үкімет үйінде Премьер-министрдің білдей орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған жиында да тілдер туралы, телерадио хабарлары туралы заңды бұзушылық орын алып отырғаны туралы сөз болды. Оның әртүрлі зерттеулер бойынша дәлелденген шындық екенін Бердібек мырза өзі айтып берді. Содан бері де жарты жылға жуық уақыт өтсе де, телеарналар оған «пысқырып қарағаны» байқалмай отыр. Баяғы орысшаның басымдығы – басымдық, баяғы шоу-концерттер, не әнінде, не сөзінде адам түсінер мағына жоқ «жұлдызсымақтармен» дәмсіз сұхбаттар, қозғап отырған тақырыптары отбасы, ошақ қасынан әрі аспайтын, жүгі жеңіл ток-шоулар, орнықты ойы жоқ, таным-түйсігі тайыз, сөйлеген сөзінен, қойған сауалынан сауаты, білім-білігі төмен екені анық көрініп тұратын, онысымен қоймай орысша қыстырма сөздерді де араластырып қоятын әнші-жүргізуші, актер-жүргізуші, тамада-жүргізушілер әлі жүр. Үкімет басшысының орынбасары еліміздегі телерадио компаниялар әлгі заңдарды «белшесінен басып келе жатқанын» да атап айтты.
Амал не, біз бұдан талай жыл бұрын қабылданған 50х50 деп аталып кеткен сол талапты да Қазақстанда қазақ ұлты 70 %-ға жақындаған күні бүгінге шейін орындай алмадық. Орындай алмадық емес-ау, негізінен орыстілдіге айналып кеткен телеарналарға ол талапты орындатуға күшіміз жетпеді. Ал 70% қазақты аз десеңіз тілі бір, діні бір, қазақша сөйлей де, жаза да алатын түркі тектес ұлттарды қоссаңыз, тіліміз еліміздің 90%-на қажет екенін неге ескермейміз? Яғни сол заңымыздың өзі дімкәс, алакөңіл сөздерден құралғандықтан, бұл мәселеге орай айтқан сөзіміздің бәрі желге ұшатын болды. Сөйттік те «бетбақ жеңдім дейді, бейшара көндім дейді» деп, бүгінде сол «50х50-дің» орындалуы үшін күресуді де қойдық. Қазір телеарналарда қазақшаға басымдық беру туралы мүлде айтылмайтын болды. Бір кезде «Алматы» телеарнасында «Тіл сақшысы» деп аталатын көріністі бір жоба бар еді. Осы арнадан жұмыстан кеткен 40 шақты қазақ журналистерімен бірге ол да құрдымға кетті. Бұның бәріне кім, не себеп болғаны туралы сөз қозғау да нәтижесіз екені белгілі болды.
Бұдан біраз жыл бұрын бір топ студенттер телеарналардағы қазақ тілінің үлес салмағы туралы «контент-анализ» жүргізді. Контент-анализ дегеніміз – әлеуметтік зерттеудің бір түрі. Сол зерттеулер әр телеарналарда 1 аптадан ғана жүргізілген еді. Қазақтың ең бір намысқой азаматтары олардағы қазақша берілетін хабарлардың үлесі түкке тұрғысыз екеніне сол кезде-ақ көз жеткізіп, сол кезде-ақ қазақтың «ақырып теңдік сұраған» жанайқайын жұртшылық «Ана тілі» газеті арқылы естіп отырды.
Енді қараңыз: Сол кезде «КТК» телеарнасына жүргізілген 1 апталық (20-26 желтоқсан, 2004 жыл) зерттеу нәтижесінде қазақ тіліндегі жаңалықтар мен өзге де хабарлар 9,4 % ғана болса, ал орысша 23,1% екенін көріп жүрегі түскіріміз зырқ ете қалғаны бар. Сосын айтыс-тартыс басталды. Екінші зерттеу қорытындысы арада 6 ай өткенде жарияланды. Осы аралықта қазақша хабарлар тарату 29,7%, ал орысша хабарлар 70,3% болғанын көріп, көңіліміз сәл-пәл орнына түскендей болды. «Ана тілі» бұл туралы «2004 жылдың көрсеткішіне қарағанда, 2005 жылы қазақ тілінде хабар тарату екі есе өскендігін байқаймыз. Бұл телеарналарда бақылау үрдісінің тиянақты бола бастағанын көрсетеді» деп жазды. Ал осы аралықта «31» арнада қазақша хабар тарату 16,2%, орысша 23,6% болса, кейін бір жылдан соң қазақшасы 40,9%, ал орысшасы 59,1% болғанын көрдік. Ал бұл кезде «НТК» телеарнасындағы қазақша мен орысшаны салыстырған К.Қаптағаевтың дерегі бойынша қазақша хабарлар бар болғаны 37,5% ғана болып шыққан еді. Бұл мағлұматтар «Ана тілінің» 2006 жылғы 18-мамыр күнгі санында жарияланды. Сол жарияланымда Е.Имамбекова, С.Төлебекова, А.Жаубасарова, Т.Аманкелдіқызы, М.Мақашева, Ә.Әшімбаева деген 1-курс шәкірттерінің, өндірдей ботакөздеріміздің Қазақстан телеарнасындағы тіліміздің тұлдыр тағдыры туралы ойға қалдырарлық деректері молынан келтірілді.
Содан бері де талай жылдың жүзі болды. Ол жылдары телеарналардағы қазақ тілінің отырар орнын, шығар биігін көксеп, көңіліне қайғы, көзіне жас алып жансебіл болып жүретін қазақ азаматтары қазір азайып кетті ме, әлде теледидарға қазақтың тісі батпайтынына көзі жетті ме, әйтеуір бүгінде осы мәселеге келгенде бүкіл қазақ атаулыда бір керенаулық, самарқаулық анық бар. Тіпті кейбір от ауызды, орақ тілді деген, бір кезде ана тілім – арым да, барым да, ардағым да сенсің, сенің жолыңда жаным құрбан деп айқайға аттан қосқандардың өзі қазір ұнжырғасы түсіп, жуасып қалды. Құдай кешірсін, олардың ішінде қазір «қазақ тілінің келешегінен енді үміт жоқ, бәрі өтірік, бәрі алдарқату» деп сенің өзіңді нағыз «үмітсіз шайтанға» айналдырып жіберуге шақ тұрғандары бар. Бұлардың сөзінде қаншалықты көрегендік бар екенін кім білсін, бірақ қазекемнің ана тіліміз үшін не нәрсеге де бел байлаған баяғы батылдығын соңғы жылдары самарқаулық басқаны рас.
Қазір тілімнің ертеңгі тағдыры – телеарнадағы бүгінгі жағдайына тікелей қатысты деп жанын жалау еткен Алматы гуманитарлы-экономикалық институтының жаңағы 1-курс шәкірттері сияқты жастарды табудың өзі қиын. Неден болғанын, қандай саясаттан болғанын қайдам қазір қазақ жастары ұлттық тіл, ұлттық намыс деген ұғымнан мүлде алшақ кетті. Бүгінгі ұрпағымыздың туған тіліне, өз ұлтына бұлайша самарқау қарауына да сол телеарналардағы ұлтымызға жат әртүрлі санасыздықты дәріптейтін «современный проектілер» кінәлі деуге де толық негіз бар. Қазір Қазақстан телеарналары арқылы қазақшаға берілген эфирлік уақытта бірыңғай қазақтың ұлттық рухын көтеруге арналған жоба жоқтың қасы. Оның орнына екі сөзінің бірінде «бірлігіміз жарасқан» деген тіркесті қайта-қайта айтып, алуан түрлі би билегендерді көрсететін желісіз, жүйесіз көрсетілімдер көп. Дұрыс делік. Бірақ бірлігі жарасқан ел екеніміз ең әуелі сол ұлттардың, әсіресе орыстардың бір тілде, мемлекеттік тілде сөйлеуінен көрінбей ме?! Ендеше, бұл қай бірлік?
Ал ара-тұра қазақы шапан мен бөрік киіп, атқа мініп, бүркіт пе, қаршыға ма қыран тектес бір құсты білегіне қондырып алып шоқытып келе жатқан галстукті шалды немесе сырмақ текеметке түр салып «әгугәй, әгугәйлап» отырған екі-үш кемпірді, қазақтың ұлттық киімдерін киіп алып аң аулауға шауып бара жатқан сақалды әнші мен гитарист депутат әншіні көрсету ұлттық үрдіс-салтты, дәстүрді ұлағаттау емес, жай жарнама десе болады. Бұл теледидарда жиі айтылатын «подача»-ның нашарлығын, ізденістің жоқтығын, екіншіден, қазақ теле-журналистерінің әрі дәстүршіл (традиционалист), әрі «жаһанданғыш» (глобализатор) боламын деп әр нәрсеге әуес, Абайша айтқанда, «әсемпаздарға» айналғанын көрсетеді.
Қысқасы, телеарналардан біресе осындай тиіп-қашпа тақырыптарды, біресе шетелдердің жын ойнағын, эротикасын, атыс-шабысын көріп және оның бәрін орысша тыңдап өсіп келе жатқан бүгінгі ұрпағымыз бірнеше діні, бірнеше тілі бар, таза қай ұлттың өкілі екені белгісіз, оған өзі де бас қатырмайтын ұлтсызданған ұрпаққа айналып барады. Өйткені біз эфирімізді басқа біреулерге беріп қойдық. Ал олар біз қазақ жерінің, қазақ елінің ас-суын ішіп, ауасын жұтып өмір сүріп жатырмыз-ау, сондықтан ең болмаса ара-тұра қазақ ұлтының да өзекті өртер мәселелерін қозғап тұрайық демейді. Қазақ телевизиясын жайлап алған Ресей медиаалпауыттары мен ақпаратшыларына да, өзге де орысша хабар тарататындарға оның көк тиын қажеті жоқ. Оның орнына қазақтың еңбектеген сәбиі мен еңкейген кәрісіне көрсететіні – бірін-бірі қанға бөктіріп жатқан, жан шошырлық көріністер, ар-ұяттан безгендердің тірлігі. Біз қазір осындай бассыздық, көргенсіздік көрсетілімдер, осындай қасиетсіздік, жабайылық жөнінен өзіміз аузымыздан тастамайтын Еуразия кеңістігіндегі елдерді шаң қаптырып, ең алдыңғы қатарға шықтық.
Жасырары жоқ, біз қазір теледидарда да ең ұраншыл Абай айтқандай: «…мақтаншақ, еріншек бекер мал шашпақ» жұртқа айналдық. Телебағдарламалар еліміздің экономикалық, сыртқы және ішкі саясатын бірыңғай қолпаштаудан аяқ алып жүргісіз. Ешқандай сын айтылмаған жерде мін мен кемшілік қоғам ағзасын буынқұртша білдірмей жей береді.
Иә, тележурналистика қандай замана ағымында да ешқашан бәсін түсірмейтін, қадір-қасиетін жоғалтпайтын нағыз шығармашылықты, мол ілім-білімді қажет ететін нағыз заманауи ғылым, нағыз заманауи өнер түрі, орасан зор идеологиялық, тәрбиелік маңызы бар өте қуатты қару. Амал не, ол бүгінде бізде көп ретте еріккеннің ермегіне, сайқымазақтардың санасыз, арзан әзіл-қалжыңына, өзін-өзі әрі композитор, әрі ақын, әрі әнші ретінде жарнамалайтын алаяқтар мен пысықайлардың ордасына айналды. Насихаттап жүрген ән-сымақтары өнерді орға құлатудың өзі емес пе? Сенбесеңіз, солардың мәтініне құлақ түріңіз:
Көктемнің сен бе таң нұры,
Сезімнің сені мен бірге мүмкін тағдыры.
***
Қайдасың гүлім тербелген,
Қайдасың күнім сән берген маған.
Жайнасын нұрың шуақ төгіп,
немесе
Тағдырымдағы теңімсің,
Арайым менің, арайым.
Көңіліңді сенің табайын,
Кетпеймін ешқайда.
Қасыңда мен болайын
Арайым менің шуағым.
Арналар саған бұл әнім,
Тұра бер мәңгілік
шың басында шынарым.
Келесі ән:
Өмірдің озғаны болар,
Көретін күнім бар екен
Жайдарлы күлкіңді сенің.
Жақсыға жар болдың ба, жаным?
Тағдырдың жазғаны болар?
Өмірдің озғаны болар,
Бақытыңды таптың ба, жаным?
Қаншама жылдар өтті,
Өзіңді көрмегелі.
Өзгермепті сол нәзік үнің,
Сағына нұр жамылған.
Басымдағы бағым да,
Қолыма қонған құсым едің,
Көретін күнім бар екен…
Әрі қарай:
Аясаңшы жүрегімді,
Арнасаңшы жанның жылуын.
Осындайларды көріп, тыңдап отырып телеарналарымызды бейбастақтық жайлаған жоқ дей аласыз ба? Міне, бүгінгі қазақ телевизиясы ұлттық өнерімізді, ұлттық мәдениетімізді, рухани қазынамызды осындай ауру, не есінен айырылған мас адамның сандырағы сияқты елірме, есалаң дүниелермен насихаттап жатса ол телевизия ұлтымыздың, еліміздің не бағы, не соры деген біржақты тоқтамға келуіміз керек шығар? Қаттырақ айтсақ кешіріңіз, бірақ мына заманда біз егер қазақ деген ұлт болып аман-есен сақталып қалғымыз келсе, телеарналарымызды отбасы – ошақ қасындағы ұсақ-түйекті «проблема» қып талқылау-сымаққа салатын, әнші еместерді әнші деп, сазгер еместерді сазгер деп таныстырып сұхбат жүргізетін, «Той бест стар», «Жеңіп көр», «Қыздар арасында», «Алтын таспа» сияқты және өзге де шоу деп аталатын арзанқол дүниелерден тезірек, дереу тазалауымыз керек. Бүгінгі қазақ телевизиясы қазақтың ұлттық рухына, ұлттық бет-бейнесіне мүлде кереғарлыққа айналғанын бұдан былай жасыру – ауруын жасырумен бірдей. Бұл – ұлттығымызға орасан зор қатер туғызуы мүмкін. Әңгімені әуелі теледидардағы тіл мәселесінен бастасақ, егер бүгінгі жағдайға қарап отырсақ, қазақ тілі өз телевизиясының ең басты тіліне айналмаса, тіліміз ауруы меңдеген адамдай бірте-бірте байқаусыз солып, байқаусыз семіп сөне береді. Өйткені теледидар – осы замандағы отаршыл, озбыр, алпауыт ұлттардың басқа елдерді арбап-алдауға, оқсыз басып алуға арналған ең күшті құралының бірі.
Иә, бүгінгі теледидар пайдалана білсең – досың, қателессең – сорың. Сорың дейтін себебіміз, өздері үшінші әлем деп ат қойып, сол үшінші әлемнің бүкіл байлығын берсе қолынан, бермесе жолынан алуан айлакерлікпен, қырық қатпар қулық-сұмдықпен тонап, байып отырған алпауыт елдер глобализация-жаһандану дегенді ойлап тауып, енді сол елдерді тілі мен дінінен, ұлттық атауынан айыруға жан сала кірісті. Теледидар – олардың да ХХІ ғасырдағы ең қуатты қаруы. Соны білген Өзбекстан, Түрікменстан, Әзербайжан секілді бізбен діндес, тілдес, көршілес елдер телеарналары күндіз-түні тек өз тілінде төл мәдениетін, ұлттық тәрбиесін, ұлттық салт-дәстүрін, ұлттық тілін, дінін, қысқасы, ұлттық мемлекет болып ұйысып отыруды насихаттайтын бағдарламалар ғана береді.
Ал әлгі алпауыт елдер үшінші әлемге жатқызатын, шикізат алудың көзі деп білетін елдердің бірі – Қазақстан. Сонда бүгінгі Қазақстан телеарналарының эфирлік уақыты негізінен орыс тілінде және дінімізге, ұлттық аман-саулығымызға қатер төндіретін шетелдік көрсетілімдермен өтетіні неліктен екенін өзіңіз түсіне беріңіз. Ресей басшылары Қазақстанда телеарналар, радио орысша самбырлап тұрғанда қазақ тілін он жерден мемлекеттік тіл деп жариялап, түрлі заң-зәкүн қабылдасаң да, неше түрлі тіл мерекелерін өткізіп, қаншама қор құрып ақша шашсаң да қазақ тілі Қазақстандағы ең қажетті, ең басты тіл бола алмайтынын жақсы біліп отыр. Солай екенін көшеде тәлтіректеп, аяғынан әзер тұрса да саған орысша сөйлеп тұрған жай орыс та жақсы біледі.Оның өз елінде тағдыры қатал жетім баланың күйін кешіп отырғанын жүрегі ұлтым деп соғатын, бірақ қолында не қаржысы, не билігі жоқ небір есіл азаматтар да түсініп отыр.
Шіркін, билік басында да солар сияқты жалпы қазақ ұлтының тілі де, діні де, ділі де, бүкіл ұлттық бақыты ашылуы да, қашуы да мына заманда телеарналарды қалай қазақшалауға байланысты екенін түсінетін жігіттер болса ғой дейсің іштей. Бірақ қалай дегенде де, бүгінгі қазақ өз еліндегі ұлттық аман-саулығы үшін күресті орыс отаршылдығына қарсы күресте әрдайым Жанғожаның жанында болған Төремұрат ақын айтқандай:
Екі жүзді семсердің,
Балдағы қолда қалғанша.
Ат басындай сом жүрек
От болып лаулап жанғанша,
Мөлдіреген қара көз
Жұмылып қанға толғанша
тоқтатпауы керек.

Ана тілі

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


28/04/2017 12:30

Біз іздеген ертегі
0 208358 0


02/05/2017 12:29

Қостілділік мәселесі
0 195196 0


26/06/2017 12:02

Жалындаған жастық шақ
0 150962 0












ТЕКСТ

Яндекс.Метрика