THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
«ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ТҮСІНДІРМЕ СӨЗДІГІНДЕГІ» КЕЙБІР КЕМШІЛІКТЕР
Авторы: МТДИ ақпарат
09/02/2024 22:49 0 2156 0
Біртілді сөздікті
жасаушылардың міндеті – атау сөздерді сөздікке әліпби ретімен тізіп беріп,
оларға анықтама бере салу ғана емес, оларға тілдік талдау жасап, қайсысы қай
заттың, қай ұғымның аты екендігін нақтылау болуға тиісті. Біздің ТС жасаушылар
сөзді саралаудың, даралаудың орнына оны сөздікке тіркеп қана қоя салады. Бұнда
сөздіктің көлемін көбейту мақсаты ғана анық байқалады. Мысал келтірейік.
Тұрмыста көп қолданылатын, көпшілікке жақсы таныс, бір нәрсені қысып ұстауға
арналған, 5-6 түрлі темір құрал бар. Олардың екеуінің сабы ұзын, үшеуінің сабы
қысқа, біреуі – кеспелтектеу. Бәрі де темірден жасалған. Бұлардың атаулары
ҚӘТС-те де, аймақтық сөздікте де, орысша-қазақша немесе қазақша-орысша
сөздіктерде де, тіпті «Шаңырақ» деп аталатын энциклопедияда да араласып,
айқасып, шатасып, «былығып» жүр.
Алдымен «кеспелтектеуіне» тоқталалық. Оны орысша
«тиски» деп атайды. Өңдеуге яғни
кесуге, егеуге арналған темірді қысып қоятын бұрандалы құрал 15 томдық ҚӘТС-те
бұл құрал іскенже, шаттауық, қысқыш,
қысқаш, атауыз деген бес сөзбен беріліпті.
Ал енді сабы ұзын екі
құралдың біреуін пеш жағуға пайдаланады. Онымен оттан шоқ алып, самаурынға
салады. Орысша аты – щипцы. Ол
ҚӘТС-те қысқаш, шымшуыр, шаттауық деген
үш сөзбен белгілепті.
Сабы ұзын екінші
құралды ұсталар пайдаланады. Онымен отта жатып қызған ыстық темірді қысып алып,
оны төске қойып, балғамен соғып, керекті формаға келтіргенше ұстап тұрады.
Орыстар мұны да щипцы деп атайды. ҚӘТС- те бұл құрал шымшуыр, қысқаш, шаттауық деген үш атаумен беріліпті.
Енді сабы қысқа үш
құралға келелік. Оның біріншісімен шеге суырады. Орысша – КЛЕЩИ. Бұл құрал ҚӘТС-те атауыз,
кемпірауыз, тістеуік, іскенже деген төрт сөзбен аталыпты. Екіншісі –
сымтемірді қиып түсуге арналған, жүзі (тісі) өткір құрал. Орысшасы – КУСАЧКИ, ОСТРОЗУБЦЫ. Бұл тістеуік деген
бір ғана сөзбен алынған. Үшіншісі – темірді қысып ұстауға арналған, басы,
таңдайы жалпақ құрал. Орысшасы – ПЛОСКОГУБЦЫ.
Мұның қазақша аты сөздікте көрсетілмеген. Ауызекі тілде оны балықауыз деп атайды. Егер өзімізді шын
мәнінде сөздікшіміз дейтін болсақ, жоғарғылардай бәрін араластырып,
былықтырмай, алты құралды алты сөзбен, атап айтқанда іскенже (тиски), қысқаш (шоқ салады; щипцы), шымшуыр (қызған темірді
ұстайды; шипцы), атауыз/кемпірауыз (шеге суырады; клещи), тістеуік (сымтемірді
тістеп, кесіп түсетін құрал; кусачки), балықауыз немесе шаттауық (темірді қысып
ұстап тұруға арналған, басы жалпақ, таңдайы тегіс құрал; плоскогубцы) деген
жеке-жеке атаулармен берсек (атасақ), ең дұрысы осы болған болар еді. Сонда
қысқыш сөзі – медициналық «ЗАЖИМ»
дегенге, кір қыстырғыш сөзі «ПРИЩЕПКА»
дегенге өзінен-өзі балама болып шыға келеді. Сөздіктерге осылай деп сараланып
берілгеннен кейін, оларды қолданушылар да солай даралап атаған болар еді.
Қанағат Жүкешов деген
философ ғалым бар. БАҚ-та, әлеуметтік желіде үнемі тілшілерді қазақ тілін
көркем әдеби тілден ғылым тіліне айналдыруға күш салмай жатыр, лексикалық
бірліктерді, термин сөздерді стандарттамай жатыр деп сөгеді. Мынадан кейін сол
кісінің осы айтқаны рас екен демеске лаж жоқ.
«Біртілді сөздік жасаудың ғылыми-теориялық негіздері»
(Б. Қалиұлы, Б.
Қапалбек, Алматы, 2023 жыл) кітабынан алынды
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ