THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
ТҮРКІ ҮНДЕСІМІН ҰЛЫҚТАҒАН ҒАЛЫМ (А, 2023. 228 бет) АТТЫ КІТАП ЖАРЫҚ КӨРДІ
Авторы: МТДИ ақпарат
30/10/2023 14:43 0 3867 0
Кітапқа профессор Әлімхан Жүнісбектің ғылыми-зерттеу
еңбектері мен ой-тұжырымдарын талдаған әріптес ғалымдардың мақалалары мен көз
көрген, бірге қызмет істеген замандас аға буын, туған-туыс, дос, шәкірттерінің
естеліктері еніп отыр.
Әлімхан Жүнісбек – 1938 жылы 12 мамырда Шәуілдір
ауданында дүниеге келген. Қазіргі
әл-Фараби атындағы ҚазҰҰдың филология факультетін бітірген. 1964-1967 жылдары
А.Жданов атындағы Ленинград мемлекеттік университетіндегі академик Л.Щерба
атындағы Фонетика лабораториясында тағылымдамадан өткен. 1969 жылы «Қазақ
тілінің дауысты дыбыстары» такырыбында кандидаттық диссертация, 1989 жылы
«Түрік тілдерінің сөз құралымы мәселелері және қазақ сөзінің сингармонизмі»
тақырыбында докторлық диссертация қорғаған.
1964 жылдан Қазақстан ҒА А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында
кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі, кейінгі кезде
бас ғылыми қызметкер болып алпыс жылға жуық тапжылмастан жұмыс істеді. Сонымен
қатар Түркістандағы Йасауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті қазақ
тілі кафедрасында профессорлықты қатар атқарды. Қазақ тіліндегі «Үндесім заңы»,
«Байтұрсынов қисыны» («Эффект Байтурсынова») атты теориялық қағидалар ұсынған,
солардың нәтижесінде сингармонизм фонологиясынан туындайтын жаңа түркі жазуының
емлесі мен графикасын (әліпбиін) жасады. Академиялық жинақтың «Қазақ тілі
грамматикасының» (2001) қазақ тілі дыбыстарына арналған бөлімін жазған,
«Орфоэпиялық сөздікті» құрастырушылар ұжымының жетекшісі. Бірнеше ғылым
докторлары мен кандидаттарын дайындаған. Орыс мектептерінің 1-4 сыныптарына
арналған «Қазақ тілі» оқулығын дайындаған. Қазақ тілін оқыту бойынша басқа да
әдістемелік құралдар жасаған. Қазақ тілін оқытудың компьютерлік бағдарламасы
мен ойын-құралдарын жасады. Қолқанат қондырғыларды (оргтехника) қазақша сөйлету
проблемаларымен айналысқан ғалым. Түркі тілдерін талдаудағы көпжылдық теориялық
ізденістердің нәтижесінде үнді-европа тілтанымындағы «Фонология» пәніне балама
ретінде «Сингармология» пәнін қалыптастырды.
Әлімхан Жүнісбектің халық тарихына алтын әріптермен
өрілген тағы бір үлкен ерлігі – ұлттық әліпби мен емлеміздің жайына байланысты.
Отандық тіл саясаты майданында Ахмет Байтұрсынұлы туын биікке көтеріп, биліктің
ең жоғары сатысынан бұйрықпен енгізілген шикі әліпбилердің қолданысын
тоқтатуға, жоюға бар күшін салды, оның олқылықтарын тәптіштеп, байсалдылықпен
түсіндірді.
Бүкіл саналы ғұмырын қазақ тіліндегі дыбыстарды
зерттеуге, соның ішінде дауысты дыбыстарды талдауға арнаған ғалым, оның ішкі
болмысын – айтылу жолын, ерекшелігін, үндесім болуының себебі мен салдарын
терең меңгерген-ді. Ұзақ жылдардағы ғалым еңбегінің нәтижесі – «Сингармология
или неизвестный сингармонизм» әлемдік деңгейде түркі тілдерінің дыбыстық
табиғатын танытатын зерттеуі деп бағалаймыз.
Профессор Әлімхан Жүнісбек ғасыр ғұламасы Ақымет атадан
соң қазақ дыбысының табиғатын математикалық дәлдікпен таныған ғалым еді.
«Әліппеден» бастап таныған әріптеріміз бен дыбыстарымыздың айтылымы мен
жасалымын, естілімін туған тілінің үндесім заңымен шендестіре зерделеп,
түпсанамызда орныққан стереотиптерді бұза жарып, естір құлаққа есті сөзін
арнаған ғұлама еді.
Тіліміздің дыбыс жүйесін жаңа қырынан,
сингармофонологиялық бағытта, яғни үндесім зерттелім дәуірі, зерттеуші
ғалымдардың көш басында Ә.Жүнісбек есімі аталады. Ғалымның қазақ тіліндегі
сингармонизм заңдылықтары туралы
зерттеулері тек түркітану саласында ғана емес, жалпы тіл біліміне елеулі
өзгеріс әкелген ғылыми жетістігіміз болып саналады.
Жинақ филолог мамандарға, жоғары оқу орындарының
оқытушыларына, докторанттарына, студенттеріне және қызығушылық танытқан қалың
оқырманға арналған.
Ғалымның тұлғалық қасиеттерін оның ғылыми
шығармашылығынан ажыратпай сипаттайтын осындай жинақтар жас ғалымдар мен
зерттеушілерге тағлымы мол құрал болады деп сенеміз.
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ