КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы қазақтың төл әліппесін жасап, 1912 жылы төте жазуға негізделген, тіліміздегі барлық дыбысты қамтыған сауатты жаңа Әліппені құрастырғаны баршамызға аян. Әліппе – әліпбидегі дыбыс әуезділігіне құралатын ретке, тәртіпке, жүйеге үйрететін, білім жүйесінің негізі. Әліппе – балалықтан даналыққа дейінгі алтын көпір. Бір жылдары ғасыр жасаған Әліппені қолданыстан алып, орнына Сауат ашуды енгізді, араға жылдар салып тарихи оқулығымыз қайта оралып, бөркімізді аспанға аттық. Десе де, оқулықтың оқыту жүйесі өзгертілген, заманға сай жаңартылған. «Әліппенің атасы Ахмет Байтұрсынұлы салған арнаға қайта оралуымыз керек» - деген ф.ғ.к. Мемлекеттік тілді дамыту институтының атқарушы директоры  Бижомарт Қапалбек  бүгінгі әліппенің де, бағдарламасының да шикі екендігін алға тартады.

- «Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының бастауыш мектепке қатысты ұстанымдары ұлттық әліпбиі мен бүгін қолдануға жарамды әліппесінің ғылыми әдістемелік және лингвистикалық негізі» атты жобаңыздың өзектілігі неде? Неге бұл тақырыпты зерттеуді жөн көрдіңіз?

-         Ахмет Байтұрсынұлы өткен ғасырдың оныншы жылдары әліпби түзіп, әліппе шығарды, онымен Қазақ газетіне басып таратты. Ол кісі Алаш қозғалысы қайраткерлерімен бірге 1929 жылы Алматыда тұтқындалып, еңбектерін зынданға тастаған соң кеңестік жүйенің өзі тәрбиелеген мамандары бірнеше әліппе жазды. (Әліпбиіміз де қайта қайта өзгеріп жатты). Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары да әліппе бірнеше рет шықты. Бүгінгі қазақ мектебі қайта-қайта белесебет ойлап шығара бермей, 28 таңбадан тұратын Ақаңның әліппесіне, еңқұрмаса ондағы принциптерге қайта көшуі керек. Ақаңнан кейін бүгінгі «Сауат ашуды» қосқанда қырық түрлі әліппе жазылса да, тұрақталмай тұр. Міне, осыны зерттеп, қарап өзекті мәселе деп  сенеміз.

-         Жобаның мақсаты не?

-         Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының бұдан бір ғасыр бұрын бастауыш мектепке қатысты ұстанымдары мен айтқан пікірлері және  тұжырымдарының бүгінгі күні де өзекті және әліппесі мен әліпбиінің әлі де  қолдануға жарамды екендігін ғылымның бүгінгі жеткен деңгейінен бағалап, лингвистикалық тұрғыдан негіздеу. Ахаңның тұсында 28 дыбыс болса, қазір де солай. Оны үйретудің тәсілі қазір  қанша жетілді дегенмен де, Ахаңнан артық айтқан ешкім жоқ. Өйткені, ол кісінің әліппесімен кезінде балалар төрт аптада-ақ хат танып кететін болған. Ол дегеніміз біздің тілдің жүйелі түрде дамуы, Ахаңның тілдің жүйесін, деңгейлерін тап басып, соған арнап әдістеме жазуы.

-         Ұлт ұстазының әліппесі мен әліпбиінің әлі де  қолдануға жарамды екендігін ғылымның бүгінгі деңгейінен бағалап, лингвистикалық тұрғыдан негіздеу мүмкін бе? Одан бері бір ғасырдан астам уақыт өтті, ғылым дамыды, әдістемелер мен мектепте оқытудың жүйесі дамыды дегендей...

-         Менің ойымша, мүмкін. Егер оны түсінетін болса. Ахаңа дейін де, Ахаңнан кейін де бірнеше әліппе шығарылғанымен, ол кісінің деңгейіне жете алмады. Ұлт ұстазы сияқты мұғалімдерге әліппе, баяншы, тіл құрал сынды кешенді дүние жасап бере алмадық. Сондай-ақ тіл 100 жыл өтсе де, өзгермейді. Базалық жүйесі, дыбыстары, морфемалары, морфологиясы сақталып қалады. Синтаксисінде (сөйлеуінде) өзгеріс болуы мүмкін. Бірақ базалық, парадигмалық жүйелер сақталады. Бұрын 28 дыбыс болса, қазір де сол.

Ахмет Байтұрсынұлының әліпбиіне қайта оралуымыз дұрыс деп білемін. Біріншіден, Ұлт ұстазының әліпбиін 100 жыл өтсе де әлі қолданады екен деген көрші Түркі және басқа да елдердің таңданысы мен қызығушылығы артады, екіншіден, Ақаңның жасап кеткен еңбегі араға бір ғасыр уақыт салса да, жарамды екендігін ел мойындайды. Ол кісі сол кездің өзінде сауат ашудың бірнеше әдісін талдап, зерттеп кеткен. Дұрысы «дыбыспен жаттығу» әдісі екендігін дәлелдеген.

-         2015 жылы бұрынғы Білім және ғылым министрі Е. Сағадиев Ұлт ұстазы негізін қалаған «Әліппенің» соңғы парағын жауып, оның орнына «Сауат ашуды» енгізген еді. Алайда, араға 4 жыл уақыт салып тарихи оқулығымыз қайта оралды. Бір ғасыр бойы бағытынан ауытқымаған «Әліппені» бір күнде алып тастап, уақыт өте қайта енгізуде ұтқанымыз не, ұтылғанымыз не? Жаңа Әліппеде  қандай өзгерістер бар?

-          Әліппе - балалық шақтың тәтті естелігі. Бүгінгі кез келген саналы азамат сол Әліппемен өсті, есейді. Иә, әупірімдеп жүріп Әліппені қайтардық. Мемлекет тапсырмасымен 2020 жылы тілші ғалымдар мен әдіскерлер жаңа оқулықтың бағдарламасын әзірлеп, бағдарлама ғалымдардан, қоғам қайраткерлерінен құралған комиссияның отырысында бірнеше рет талқыланып, пысықталып, 2021 жылы қайта бекітілген. Бағдарламаның негізгі құрылымы мен мазмұны А.Байтұрсынұлының ұста­нымдары негізінде айқындалып жазылды десе де, жаңа оқулықта кемшіліктер аз емес. Ал, Ақаң жазып кеткен «Әліппенің» ерекшелігі, ол кісі ғылыми негіздерге, тілдің төл табиғатына сүйеніп жазған. Ұсынылып отырған жобам арқылы (Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының бастауыш мектепке қатысты ұстанымдары ұлттық әліпбиі мен бүгін қолдануға жарамды әліппесінің ғылыми әдістемелік және лингвистикалық негізі) тарихи оқулығымызды қайтару жөн екенін барынша дәлелдеп, тиісті орындарға қарар хат арқылы ұсынамын. Тағы да айта кететіні, жекеменшік мектептерге бағдарламасын жасап, әліппесін түзіп беруге де даярмыз. Өйткені өткен ғасырдың басында пайда болған Әліппе қаншама тарихи кезеңнен өтіп, бүгінге жетті. Әліппе – тек оқу құралы ғана емес, қоғамның құндылығы және мемлекеттің деңгейін көтеретін құрал. Ақаңның Әліппесін оқыған бала жаман болмайды. Жалпы, тарихи оқулығымыздың атауын Сауат ашу деп өзгерткенімен, екеуінің мақсаты бір. Ұлт ұстазының Әліппесі жазуға және жазылған сөзді оқуға үйретуді көздейді. Төрт дағдыға салатын болсақ, айтылым, жазылым, оқылым және тыңдалым. Әліппе оқу мен жазуға үйрететін болғандықтан айтылым дағдылары көп іске қосылмайды. Алғаш мектеп табалдырығын аттаған баланың сөздік қоры көп болады, ал сауат ашуды көздейтін Әліппенің лексикалық қоры аз болады. Сол себепті Әліппе жазуға және оқуға ғана бағыттайды. Ал, Сауат ашудың бағдарламасын сол кездегі министрлік Еуропадан көзсіз көшіріп алып келген. Онда алдымен мәтінді оқыту, тыңдау, тану және мазмұнмен жұмыс жүреді де, одан кейін барып әріпті тануға кіріседі. Бұл жүйе дұрыс емес. Әліппенің мақсатынан ауытқып кетіп отыр. Ұлт ұстазының әліппесін бүгінгі оқу жүйесіне қайтару керек.

-Сұхбаттасқаныңызға рахмет! 


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз




29/04/2024 14:05

ХАБАРЛАНДЫРУ!
0 465 0







08/04/2024 11:55

Хабарландыру!
0 885 0



26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 1080 0




ТЕКСТ

Яндекс.Метрика